Уақтың шығу тегі туралы нақты мәліметтер жоқ болғанымен, әртүрлі шежірелік әпсаналар баршылық.
Солардың бірі – бұрынғы Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Өндіріс ауылының тұрғыны, уақ рулы ақын, шежіреші Заһидолла Қауменұлының (1890-1989 жж.) уақтар туралы жазып қалдырған шежіресі. Ол кісінің әкесі де шежіреші болған екен. Бұрыннан ел аузында жүрген, қағазға түскен он шақты шежірені оқыған. Осылайша, өзінің естіген, оқыған шежірелеріне сүйене отырып, уақтың шығу тарихын толықтай өлеңмен өріп, дастан қып қалдырған екен.
Көнекөз қарияның баяндауы бойынша, Жаубасардан Уақ, Ойшыбайдан Керей туған. Жаубасар мен Ойшыбай ағайынды адамдар болған. Батыр, Сардар болған Ер Жаубасар кезекті бір шайқаста қаза тауып, әйелі екіқабат қалады. Сосын босанып, ұл туады. Оны Жаубасардың ағасы Ойшыбай қолына алып, денесі нәзік болған соң атын Уақ деп қойыпты делінеді. Ойшыбайдың өзінің әйелі бұрынырақта қайтыс болып, одан Керей деген ұл қалған екен. Ойшыбай бұрынғының салты бойынша Жаубасардың әйелі Айтолқынды әмеңгерлік жолымен өзіне қаратып, Уақты баласы болғызып алады. Керей Уақты әскери жаттығуларға баулиды. Уақ әкесінің Жаубасар батыр екенін білгеннен кейін, бір соғыста ту ұстап, «Жаубасарлап» жауға атой салып кіріп, жеңіске жетеді. Содан бастап Жаубасар Уақтың ұраны болып қалған екен.
Осыдан кейін Уақ пен Керей бір одақ болып, туыстық қатынасын нығайтып, бір тудың астында бас қосып, рулық таңбалары да бірдей болған. Уақ Керейдің інісі болып өсіп, ер жеткен.
Этнограф ғалым М.С. Мұқанов («Из исторического прошлого» кітабында) Уақ пен оның нәсілі Еркөкше арасында 16 буын бар деген есеп жасаған. Демек, Керей, Уақ тайпаларының тарих сахнасына шыққан уақыты ІХ-Х ғасырлар деген болжам айтады. М. Мұқановтың келтірген тағы бір дерегі бойынша, «Біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген қаңлы хандығынан кейінгі заманда одан жапа шеккен Уақ руынан қалған деген мынадай өлең бар екенін келтірген:
Қаңлыдан алтау келді деп,
Уаққа зорлық қылмаңыз.
Уаққа зорлық қылсаңыз,
Бұрылға көшсе, жат болар,
Қылыш шапса, мерт қылар.
Осы сөзді айтқан уақтар Арал теңізі маңынан көтеріле көшіп, Арқадағы Обаған, Ертіс өзендеріне қарай кеткен екен. Бұған қарағанда Уақтар ІХ ғасырдан бұрын да тарих бетінде болғаны аңғарылады.
Лев Гумилев «Көне Түріктер» кітабында оңғұтты шато түріктер деп атаған. Мұны орыс ғалымы Л.Л. Викторова құптап: «Уақ пен Керейдің арғы тегі оңғұт-ғұн, беріректе шато түрік», - деп жазған.
Сөйтіп, Керей мен Уақтың туыстық байланысын VII-VIII ғасырлар қойнауына жеткізеді. Оңғұттар ХІV ғасырдан бастап-ақ Батыс Сібірдің кең байтақ даласына ауып, XV-XVI ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағын мекендеп, «Уақ» деген тың атауға ие болғаны жайлы 2009 жылы шыққан «уақ шежіресі» кітабында жазылған. Сол кітапта Монғолияның мәдениет қайраткері, доктор, профессор, уақ Сұлтан Тәукейұлы уақтардың миграциясына шолу жасап қорытындылауы бойынша, Алахуш Дигитхуруйдың інісі Жүнгүйұлы Буюух бастаған 5000 сарбаз Хорезм үшін шайқаста Шыңғысхан жасағында болып, олардың кейбір бөлігі Алтын Орда билігіне қарағанын, Алтын Орда ыдырағаннан кейін Ноғай ордасына қарағанын, Ноғай ордасы ыдыраған соң, Уақтар Батыс Сібір мен Көкшетау арасына шоғырланып, Арқаның бас-аяғы, Алтай, тарбағатай жерін мекендегенін айтады.
XVIII ғасырдың 70-жылдарында Уақтардың саны 6 мың түтін, ХІХ ғасырдың соңғы жартысы-ХХ ғасырдың басында Ресейге қарасты уақтар жеті бағытта орналасқан уақ болысы таратылып, бірнеше губерня, соларға қарасты уезд, округтарға бөлінген, жалпы түтін саны 10 мыңнан асқан.
Уақтар туралы Қазақ ССР энциклопедиясында уақтың негізгі 11 атасын белгілеген. Олар: Шоға, Сарман, Байназар, Еренші, Сарыбағыс, Сіргелі, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шайкөз. Соңғы төртеуі Ергенекті Уақ деп аталады.
Қазіргі жағдайда Уақтардың жалпы саны 450 мыңдай адамға жетіп, іргелі елге айналды.
Оңғұт есімімен шыққан уақтар ІХ-ХІV ғасырлар аралығында Шын (Цзинь) мемлекеті мен Шыңғысхан империясы тұсында әйгілі болып, «Моңғолдың құпия шежіресі», Юань әулеті тарихы», «Цинь әулеті тарихы» сияқты дереккөздерде аталған. Қорыта айтқанда, ғалымдардың пікірі бойынша қазіргі Уақ – Оңғұт тайпасының жұрнағы екені анық. Уақты ұсақ тайпалардың бірігуінен шыққан деген пікірлер де айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Керейдің інісі болып есептелген Уақтан тараған ірі тайпа болғаны ақиқат. Олай болмаса, Орта жүздің 6 арысының біріне кіре алмас еді.
Оңғұттар кімдер?
Гай Шань Линнің (1936 ж. туған, ұлты – манжур) «Иншань Оңғұттары» кітабында (аударған Қалбан Ынтыханұлы, Сарман Уақ) автордың алғы сөзінде жазғаны бойынша:
Оңғұттар қытайдың Жинь, Юань замандарында Инь Шань тауының шығысын бірнеше ғасырға дейін мекен етіп, бектік құрып, мәдениетін қалыптастырып, тарихта өзіндік ерекше із қалдырған тайпа. Алтын патшалығы жойылып, оның орнына Монгол империясы орнағаннан кейін, олар Шыңғысханның сеніміне кіріп, тайпа басылары бек (князь) мәртебесін алды. Өзін өзі билейтін бектік болып құрылды. Шыңғысхан Оңғұттардың әскери күшін басым пайдаланды. Батыс пен Шығысты жалғаған сауда керуендері осы оңғұт жерін басып өтетін. Оңғұттың астанасы Анда қамал деген қала болған. Фын Жоу (Теңдук) деген үлкен қаласында 6 түрлі тіл қолданылған, мәдениет дамыған қала болды.
Жұрты қазіргі Ішкі Монголияның Хөххот қаласына 20 шақырым жерде, Қарасу өзенінің сол жағалауындағы жазықта. Оңғұттар ежелгі Сирия жазуын пайдаланып, түрік тілінде сөйлеген. Кейін қытай жазуын да пайдаланған.
Оңғұт сөзі қытай жылнамалары бойынша Алтын патшалығы дәуірінің соңғы мезгілінде жазылған тарих деректері мен естеліктерінде кездеседі.
Алтын патшалығын (Жинь патшалығы) 1115 жылы жүржүндердің ванян тайпасының көсемі Агуда құрған. 1234 жылы монголдар жағынан жойылған. Құбылай хан бүкіл қытайды өз билігіне алғаннан кейін 1271 жылы мемлекетті Юань деп атаған.
Қарахан мемлекеті кезінде Қытайдан Жинь мемлекетінің басшысы Алтын хан 4000 үй Оңғұтты көшіріп, өзінің батысындағы «Ұлы ақ қамалды» күзеттіруге әскер етіп тағайындаған. Оңғұттың ол кездегі билеушісі Бануй Алтын ханға беделді болған. Оңғұттар батыс түріктің он оғынан тарайтын Чоңұттардың ұрпағы. Чоңұттар Жинсо (Боғда) тауының оңтүстігінде қоныстанған. Кейін қытай жылнамаларына өздері тұратын жердегі құм төбеге байланысты шато (құм төбелік) түріктер деп аталған.
Бұлар Таң империясы үшін ерен еңбек сіңіріп, алтын хан патшалығынан бұрын да қытай қорғанын күзеткен.
Оңғұт атауы қытай тарихнамаларында Вангу (Уаңгу) деген иероглифпен белгіленген. Автордың жазуынша, бұл атаудың шығуы туралы әртүрлі пікірлер айтылады.
Біреулер Иншань тауының бір сілемі Оңғұт тауын мекендегендіктен Оңғұт атауы сол таудың атына байланысты дейді. (Вангу атауы иероглиф бойынша Оңғұт тауының атауымен бірдей жазылады).
Енді біреулер оңғұт атауын Қытай қорғанының монголша атауынан шыққан, монголдар қытай қорғанын «онгу» деп атайды дейді.
Автордың өз пайымдауынша, оңғұт атауын «Оңғұн» дегеннен шыққан, татарлар ағаштан, киізден жасалған құдайларын «Оңғұн» деп атайды. Ойраттар да «Оңғун» дейді. Шамандар қасиетті жерлерін «Оңғұн» деп атаған дейді.
Әйгілі парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин түркі тілді Оңғұт тайпасы Оң және Ғұн сөздерінен шыққан, көпше түрінде «Оңғұт» болып айтылады деген ой айтады.
Тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы өзінің «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары» еңбегінде «Алтын хан билікке келісімен… шекара шебін бөгденің ат тұяғы баспайтын «Онгон нутаг» (қорық жер) деп жариялап, онгон мекенді қорғау міндетін сонда мекендейтін жергілікті көшпенділерге тапсырады. Олар ақ татарлар деп аталатын, шато ұрпақтары еді. Тұнғұс-шүршіт, монголша онгон сөзі «қорық» деген мағына береді. Ал «т» немесе «ууд», «гууд» деген көптік жалғауы. Оңғұт атауы осыдан шыққан деген болжам жасаған.
Сенімді дерек көздеріне қарағанда, Оңғұттар сол заманның әлді тайпасы «теле» деген жұртпен тізе қосып, Теле-Оңғұт одағын құрған. Бұл қытайдың кірісуімен іске асып, Ұйғыр қағанатын күйретуге бағытталған. Олар ІХ ғасырдың басында Енисей қырғыздарымен бірлесіп, Ұйғыр қағанатын құлатқан.
Марко Поло «Шығысқа саяхат» кітабында Оңғұт тайпасының Ұлы қорғанның солтүстігінде 7-ғасырдан бастап мекендеген деп жазған.
Оңғұттардың арғы тегі түріктер екені дәлелденген. «Монгол тарихы: түсті көзділер шежіресінде»: «Оңғұттар ұйғырлар еді. Олар ұйғырлардың ішіндегі шатодан тарайды» - деп жазылған.
Қытайдың Таң империясынан кейінгі жазылған тарихнамаларында жан-жаққа бытырап кеткен түрік тайпаларын түгелдей ұйғырлар немесе ақ татарлар деп атау әдетке айналған.
Оңғұт тайпаларын 4 үлкен әулетке бөлуге болады.
1. Теңдук оңғұттары. Теңдук өңірін мекендеген оңғұттар барлық билікті өз қолдарына алған, шатолардан шыққан. Ли Кы Юаңның ұрпақтары. Шатолар Батыс Түрік қағанаты кезіндегі ұйғырлардан бөлінген Чоңұттар болатын.
2. Жинжоу оңғұттары. Атбегі әулеті болып та аталады. 1124 жылы Басамаелису тайпасының басын қосып, Жинжоу өңірін мекендеген. Юань дәуірінің атақты ақыны Ма Зу Чаң (оңғұтша аты Баян) осы атбегі әулетінен шыққан.
3. Юнь Жондағы Джау әулетінен тараған оңғұттар. Инь Шаньның оңтүстігін мекендеген Юань патшалығы заманында орданың хатшысы болған әйгілі ақын Джау Шы янь осы Джау әулетінен шыққан.
4. Сиромолүн өзені бойын мекендеген Елүй әулетінен тараған оңғұттар.
Оңғұттар Алағұстегіннен бұрын Алағұс әулетін ұйытқы еткен тайпалық одақ болатын. Оңғұттар арасында алағұс әулетінің үстемдігі ұзақ уақыт жалғасып келді. Ертедегі Оңғұттардың тайпа көсемдерінің лауазымы «саңғұншоғыр» деп аталған. Оңғұттар туралы алғашқы деректерде «Мейсаңғұн», «Иосаңғұн» деген екі тайпа көсемінің аты айтылады.
Оңғұттардың тарих сахнасынан ығыстырылуы
Шыңғысханның алтыншы ұлы Ебұғамен бірлесіп, патшалықтан дәмелі Шыңғысханның немерелері 1287 жылы Үлкен ордаға шабуыл жасап, жеңіліс табады. 1298 жылы Шағатайдың шөберелері Юань еліне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Юань әскерлері үлкен шығынға ұшырайды. Сол кезден бастап, Юань мемлекетінің ішкі жағдайы күрделеніп, өз ішінен екіге жарылған бүлік шығып, Юань мемлекетінің заңды мұрагерлеріне қарсы қытай көтерілісшілері пайда болып, ақыры көтірілісшілер жағы жеңіске жетеді. Ал Оңғұт билеушісі Мазахан бек мұрагерлер жағына көмектескен еді. Сол кезден бастап Оңғұт пен Юань мемлекеті арасындағы қатынастар кері айнала бастайды. Ақыры 1368 жылы монголдар құрған Юань патшалығы құлап, оған қоса, оның құрамындағы Оңғұт бектігі де жойылып, 160 жылдан артық тарихын аяқтайды.
Юань патшалығын құлатқан қытай көтерілісшілері өздерінің құрған мемлекетін Миң деп атайды. Миң патшалығының шешімімен 1410 жылы Миң Чизу қол бастап, терістік далаларға жорық жасайды. Олар бұрынғы Оңғұт даласының қаңырап бос қалғанын көреді. Бір кездегі шалқыған Оңғұттардың қайда кеткені бүгінге дейін шешуін таппаған тарихтың жұмбағы.
Юань дәуірінен кейінгі Оңғұт тайпасына Миң патшалық ордасының қалай үстемдік жүргізгені туралы мардымды ештеңе жазылмаған. Тек Миң патшалығының Яңичин деген адамының жазған кітабының «Көне ат-шай түзімін толықтырып, көшпенді тайпаларға қарайласу» деген тарауында «Патшалық құрылғанның алғашқы жылдарында бағынған көшпенділер және олардың құрамындағы ру-тайпалар түгелдей патша жарлығы бойынша жер аударылады немесе бытыратылып орналастырылады» делінген.
«Ми Тайзу» шежіресінде «Хонудың бесінші жылы (1372 ж.) сәуір айында бұрынғы Юань патшалығының Джауван бектігінің бегі Оңғұт және сол қол уәзірі Жауюдылар ордаға келіп, патшаға бағынғандықтарын жариялады» деген дерек келтірілген. Олай болса, Оңғұттар да бытыратылған немесе жер аударылған деген пайым жасауға болады. Оған жауап іздеп көрсек: қытай тарихында ХV ғасырдың 60-жылдарынан (1460 ж.) бастап Туда деген атау пайда болған. Юань патшалығынан кейін Миң патшалығына бағынған Оңғұттар «Ұлт сарқыншақтарына» айналып кетті. Осындай әрбір ұлттан құралған «сарқыншақтар» Миң дәуірінде қытайдың Ганьсу, Ниңшия, Чинхай провинцияларына топтастырылып, «тудалар» деп аталды. Бұларды осы өлкеге 1468 жылы орналастыруға тапсырма берілген. Бұлардың құрамында түстікөзділердің барлығы да болған.
Яңичиннің жазған «Гуаң Жоң Чиң туралы түсініктемеде» «Лиңжоудағы Туда жасақтарының 600 түтіні бар. Айтуларынша, олар Хону жылдарында (1368-1398жж) таудың арғы жағынан келіп бағынғандар» деп жазған. Олай болса, бұлар Иньшань тауының теріскейінен 1372 жылы келіп, бағынған Оңғұт тайпасының «сарқыншақтары» болуы әбден мүмкін. Бірақ Оңғұттар да өз жерінен жер аударылып, басқа жаққа жіберілген болуын да ескеруіміз керек.
Тудаларды құраушылар татарлар болғаны шындық. Ақ татарлар атанған Оңғұттар да тудаларға айналып, Оңғұт аты аталмай қалуы да мүмкін. Тудалардың қазір кім екені тағы белгісіз нәрсе. Оңғұттар тек қана Тудалар болып қалуы да мүмкін емес. Бұлар аталмыш кітапта жазылған мәліметтерден алынды.
Қорытынды
Тарихшы ғалымдардың Уақ және Оңғұт тайпалары туралы жазғандарын және Гай Шань Линьнің «Иньшань Оңғұттары» кітабын оқып-танысып, сондағы айтылған пікірлер, болған оқиғалар барысына ой жүгіртіп, салыстырып, ойланып-толғана келе, олар жайлы жасаған қорытындымды көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.
Көне тарихымыз көбінде аңыз-әпсаналардың ізімен болған деректерді пайдалана отырып, әртүрлі болжамдар жасау арқылы жазылатыны белгілі. Оңғұттарды қазіргі уақтардың арғы тегі екені туралы белгілі ғалымдар пікірлерін білдірген болса да, бұған күдік келтіретіндер де баршылық.
Қазіргі уақтың арғы тегі оңғұт екендігіне байланысты мен де өз болжамдарымды алға тартпақпын.
1. Шежіре бойынша, Керей мен Уақ ағайынды адамдар екені белгілі. Олар VII-VIIІ ғасырлардан бастап белгілі бола бастағаны айтылады (Л.Л. Викторованың мәліметтері бойынша). ІХ ғасырдан бастап Қытай жерін мекендеп, Оңғұт одағын құрып, Алтын патшалығына қызмет еткен. Сол кездегі жер картасындағы орналасуына қарағанда да керейлермен қанаттас қоныстанғанын байқауға болады. Қытай жылнамаларынан алынған деректер археологиялық тың олжалардан кейін «Уақ – байырғы жұрттың бірі. Қытайдың ескі шежіресінде Оңғұт деп аталған» деген тұжырым жасалған. Тарихшы ғалымдар Әлкей Марғұлан, Нығмет Мыңжанилар да Уақтың арғы тегі Оңғұт екенін мойындаған. М.С. Мұқановтың деректемелерінде керей мен уақтың ІХ ғасырдан (одан да ертеректе) бастап тарих сахнасына шыққанын жазған. Демек, уақ тайпасы бұрыннан тарих сахнасына шыққан, керейлермен қоныстас, іргелі тайпа болғаны анық.
2. Оңғұт атауының қалай шыққаны туралы да пікірлер әртүрлі. «Иньшань оңғұттары» кітабының авторы бұл атауды Оңғұт тауының атауына және қамалдың монголша атауы «оңгу»-ға еш қатысы жоқ дей келе, өз болжамы бойынша: «Татарлар жасанды құдайларын «Онгон» дейді. Оңғұт сол сөзден шыққан», - деген түйін жасайды. Ал бұған сәйкес тарихшы Зардыхан Қинаятұлының «Онгон нутаг» (қорық жер) деген сөзден шыққан деуі де осыған ұқсас жорамал.
Осыларды саралай келе, менің ойымша, Оңғұт атауы Онгон сөзінің қай-қайсысына да қатысты емес. Онгон сөзі Құдайды білдірсін делік, сонда ол құдайларының бір тайпаның атауы болып белгіленетініндей, қандай қатысы бар?! Құдайлар елі деген ұғымды білдіре ме? Ал «онгон нутаг» - «қорық мекен» деген сөздегі онгон сөзі жеке-дара тұрып, мағына бере алмайды. Егер ол сөз көпше түрінде «онгод» болып айтылды десек , онда ол сөз «бақсының жыны» немесе «шабыт» деген ұғымды білдіреді. Әйтпесе, онгон нутаг (қорық мекен), онгон газар (қорық жер), онгон хальс (пәктік белгі) деген тіркесті сөздер болып келсе ғана өз мағынасын сақтай алады.
Ал егер «онгу» сөзі «қақпаны» білдірсе, одан шыққан «оңғұт» сөзі «қақпалар» деген ұғымды ғана береді. Мұнда қандай мағына бар? Қақпа күзетшілері десе де, азғантай әскерилерді қамтиды. Бүтіндей бір тайпаға атау бола алмайды.
Сондықтан, менің ойымша, Оңғұт сөзі қытай иероглифі бойынша белгіленген оңғұт тауының жазылуына ұқсайтын, оңғұт тайпасын белгілеген иероглифтің көшірмесі болып келетінін ескерсек, бұл сөз тайпаның атына байланысты туындаған болып табылады. Тайпаның аты - Уақ тайпасы, қытайша «қ» дыбысы жоқ болғандықтан, оның орнына «нг» дыбысын алып, Уақ дегенді Уанг (уаң) болғызып айтқан және солай жазған. Ал уақтардың сол кездегі мекендеген жері Иньшань тауының бір сілемі болғандықтан, сол таудың аты да осы тайпаның атымен аталып, Уангу тауы болып айтылған. Олай болмаса, екеуінің жазылуы бірдей болмас еді.
Гу – деген атау сары ұйғырлардың тілінде тайпа, ру, сүйек деген ұғымдарды білдіреді. Бұл туралы ҚХР ШҰАР Тарих институтының ғылыми қызметкері Ш. Ахметұлының көрсетуі бойынша: «Этнонимдерде жиі кездесетін «ғұ» (арғұ), «құ» (байырқұ), «ғұт» (оңғұт), «ғұр» (ұйғұр) сөздеріне талдау жасаған жөн. Олар қазіргі сарыұйғыр тілінде тайпа сөзі – омақ (монголша омог), ру сөзі – гу делінеді. Қытай жылнамаларында иероглифтердің әрі дыбыстық, әрі мағыналық ерекшеліктері ескерілгендіктен ұлыс аттарындағы «ғұ», «құ» элементтері көбіне «сүйек» иероглифімен жазылады (қазақтар осы күнге дейін «сүйегіңіз қай ел?» деп сұрайды). «Ғұт», «ғұр» дегендегі «т», «р» көптік жалғауын білдіреді», - дейді.
Олай болса, меніңше, Уаңгу деген сөз уақ тайпасы, руы, елі деген ұғымды білдіріп тұрған нақты дәлел демекпін. Уаңгу – Уақгу-дың қытай тіліне бейімделіп, өзгертілген түрі.
Оңғұт сөзі ХІІІ ғасырдан бастап жазыла бастаған дегенге айтарым: одан бұрынғы кездерде көшпенділердің (түркілердің) барлығын ақ татарлар деп атағандықтан, олардың Уаңгу аты аталмаған. Тек тұрғылықты халық өздерін уаңгулармыз деп таныстыратын болған.
Ал монголдар өзіне қаратқаннан кейін нақты тайпалық атауы қолданысқа еніп, Уаңгу атауына олар көпше түрді білдіретін -д, -т жалғауын жалғап, Уаңгуд деп атаған. Бірақ Монголдардың тілдік үйлесіміне байланысты, Уаңгуд атауы Оңгуд (Онгод) болып өзгерген. Монголдар көшпенділердің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы сақтағандықтан, әрбір ұлтты өзінің ұлттық атауымен атауды ұстанады. Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр тайпаларын да өзгеріссіз атағаны сондықтан. Осылайша, Уақ тайпасы Шыңғысхан империясы кезінде Оңғұт (Уақтар) атауына ие болған. Ал қытайлар елдің атын өз білгендерінше, тілдерінің ыңғайына қарай атай бергені белгілі. Мысалы Ұйғырды – Хуйху, орысты - Өлесу деген сияқты, Уақты – уақгу демей, уаңгу деп атаған.
3. Шыңғысхан империясы кезінде Оңғұттар әскери күшке көптеп пайдаланылды. Оған Алтын патшалығы кезінде қақпа күзетінде болып, әскери жағынан жақсы жасақталғаны, жауынгерлік өнерге жетік болғаны әсер еткен. Сондықтан Оңғұттар ежелден қорғаныс жағында болғандықтан, Шыңғысхан әскеріндегі сенімді жауынгерлері саналған. Осының әсерінен болар, Абылай ханның күзет гвардиясын Уақтың батыры Өтеген басқарған. Оның үстіне Уақтан шыққан Қамбар батыр, Ер Көкше батыр, Ер Қосай, Баян батырлар туралы хисса-дастандардың болуы, одан кейін де жоңғар шапқыншылығы кезінде Уақ тайпасынан шыққан көптеген батырлардың болуы да уақтардың ежелден жауынгер Оңғұт тайпасының ұрпақтары екенінің куәсі болатыны да даусыз. Тарихшы, шежіреші Исхан Ырғайбайұлының (ҚХР) «Уақ шежіресі» кітабында (1995 ж): « Шыңғысхан Алағұстегінге Алқабикені ұзатқанда, оның күтушісі ретінде Білезік деген қызды ертіп жіберген екен. Кейін екеуі екі бөлек ел болып, екі өзеннің бойын мекендеген. Бұл өзендер Алқабек, Білезік деп аталған. Сарманнан тараған Қасым атамыз Оркерсу, Мазардан көшкенде осы жайды білетіндіктен, осы өзендердің бойын мекендеп, ұрпақтары Тарбағатайға қайта көшкенге дейін 130 жылдай сол жерде болған екен», - деп жазған. Сонда 1700-жылдардың алғашқы жартысы кезінің өзінде Оңғұттардың Уақтың арғы тегі екенін арғы бабаларымыз да білген ғой. Сол үшін ата-бабаларының мекеніне қоныстанған. Бұл арғы бабаларымыз өзінің арғы тегі, ата-бабаларының тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келген көшпенділердің ұрпағы болғандықтан, өз тарихын білгендігінің тағы бір дәлелі.
Егер Оңғұттар Уақтардың арғы тегі емес болса, онда Шыңғысханның кезінде Уақтар туралы неге ешбір дерек жоқ?! Олардың кереймен туыс болып, іргелес жүргені мәлім. Сонда қайда болуға тиіс? Олардан аз санды тайпалар Меркіт, Жалайырлар бар болғандықтан, Уақтар да бар болуы тиіс еді. Тарих сахнасынан жойылып кеткен болса, XIV-XV ғасырлардағы Уақтар қайдан пайда болды?
Олардың мекендеген жері Иньшань тауының айналасы Қытайдың Алтын патшалығының қарамағындағы жер болған соң, соларға араласып, солардың ықпалымен сонда мекендеген ақ татарлармен бірге ақ татарлар, ұйғырлар деп аталып кеткен деген пайым жасауға болады. Ол кездегі тарихнамаларда жалпылама атаулар ғана пайдаланылып келген ғой.
Оңғұттардың төртке бөлініп кетуі қалай деген күмән тууы мүмкін? Әрбір жерде мекен еткен Оңғұттар Жинь патшалығынан бұрын Оңғұт одағы құрылған кезде, жан-жақтан келіп, одаққа қосылған болуы әбден мүмкін. Бұған алтын патшалығынан бұрын Оңғұт одағы құрылған деген дерек те айтылатыны куә.
4. Оңғұттар XIV ғасырдан бастап, Батыс Сібірді қоныстанып, XV- XVІ ғасырлардан Қазақстан жеріне ойысып, сол кезден бастап Уақ деген тың атауға ие болған деген пікір де осы Оңғұттар деген Уақтардың біртіндеп ежелгі ата-қонысына ауып келгенінің айғағы болып саналады. Оған себеп, Юань патшалығы құлағаннан кейін Оңғұттар да бұрынғы мәртебесінен айырылып, Миң патшалығының көрсеткен қыспағына шыдамай, мекенін тастап, жер ауып, бұрынғы өз ата жұртына жеткенін білдіреді. Бұған Миң патшалығының Юаньның құрамында болған Түрік тайпаларының адамдарын не жер аударуға немесе басқа жерлерге шоғырландырып орналастыруға қабылдаған жарлығы әсер еткен. Осыдан болып, 1410 жылдары Миң патшалығының адамдары Оңғұттардың мекендеген жеріне жорық жасап барғанда, олардың қаңырап бос жатқан жұртын ғана көруі Оңғұттардың өз еркімен мекенін тастап, өз ата қонысына біртіндеп ауып кеткенін білдіреді.
Иньшань тауының теріскейіндегі Оңғұттар Миң патшалығына 1372 жылы бағынып, Тудаларға сіңісіп кетті де, басқа бөлігіндегі Оңғұттар Батыс Сібірге қоныс аудару арқылы 1-2 ғасыр аралығында ежелгі мекеніне оралып, бұрынғы Уақ атауына ие болып, Орта жүздің құрамына қайта қосылды деген қорытынды жасауға болады. Ондай негіз бар екені де айқын көрініп тұр.
Бұл айтылғандардың нақты дәлелі болмаса да, қисынға келетін болжамдар бола алады. Буюухтың бастап шыққан 5000 Оңғұт әскерінің біраз бөлігі Ақ Ордада қалып, Уақ атауына ие болды да, енді бір бөлігі Кіші жүзге сіңіп, Үңгіт атауына ие болған деп түсінуіміз керек. Бұлар Телеұңғұт одағының ұрпақтары болуы мүмкін Сонда Уақтың арғы тегі Оңғұт тайпасы екені даусыз ақиқат деп білемін.
Мекеш ТӘЛІПҰЛЫ