Қазақ даласында (Қазақ хандығы кезеңінде) отты қарулардың (дәрімен атылатын мылтықтардың) пайда болуы көшпелі соғыс өнерін түбегейлі өзгертті. Дәстүрлі қару-жарақ – садақ, найза, қылыш, шоқпар – ұзақ уақыт бойы негізгі құрал болғанымен, 15–16 ғасырлардан бастап отты қарулардың келуімен тактика, ұрыс жүргізу әдістері және әскери күш теңгерімі өзгерді.
Қазақ жауынгерлері алғашында садақпен атысуды жетік меңгерген болса, кейін мылтыққа көшті. Әрі бұл қару түрін шебер пайдаланды.
Мылтық - оқ-дәрімен атылатын отты қару. Отты қарудың түрлеріне мылтық, зеңбірек, тартпалы атқыш құралдар, топ (пушка), артиллериялық атқыш қарулар жатады.
Қазақ даласында мылтық жеті қазынаның бірі ретінде саналғандықтан, халық арасында «жеті қазынаның бірі - мылтық» деген сөз тегін айтылмаған.
Бұл қару қазақ жауынгерлерінің қолында маңызды рөл атқарды, әсіресе жоңғар басқыншылығына қарсы күресте маңызды стратегиялық құрал болды.
Отты қарулардың Қазақ даласына келуі
Мылтықтың алғашқы түрлері XIV–XV ғасырларда Еуропада аркебуза, пищаль, кулеврина деген атпен белгілі болды. XVI ғасырда бұл қарулар жетілдіріліп, мушкет түріне айналды. Бұл қарудың тиімді болғаны соншалық, Франция мен Англияда арнайы мушкетерлер жасағы құрылды. Алайда бұл қарулар ауыр әрі ұзын болған еді. Сол себепті жерге тірелетін сирақпен (тіреуішпен) жабдықталған. Ал негізінен сол кездегі мылтықтар қазіргідей иыққа тіреп атуға арналған ағаш құндақ (дүмі), оқ жүгіретін ұңғы (оқпан, түтік), шүріппе (шаппа, пілте) сияқты бөлшектерден тұрды.
Қазақ даласына мылтық 15 ғасырдың аяғы – 16 ғасырдың басында келді. Бұл Алтын Орда ыдырауы және Қазақ хандығының құрылуы уақыты. Бұл кезеңде Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасында сауда-саттық және дипломатиялық қарым-қатынас орнаған болатын.
Алғашқы мылтықтар сырттан әкелінгенімен, қазақ ұсталары оларды қолдан жасап, жергілікті жағдайға бейімдей білді. Олар аузынан оқталып, дәрісі мақта пілтемен тұтатылатын пілтелі (білтелі) түрде болды. Қазақ шеберлері ұңғыны, құндақты, білте механизмін өз қолдарымен жасады.
Қазақта мылтықтың алғашқы түрлері XV–XVII ғасырларда белгілі бола бастады. Ол жоңғарлармен соғыста, аңшылықта және әскери қақтығыстарда кеңінен қолданылды.
Қазақ жауынгерлерінің мылтықты жаппай қолдануының ең жарқын мысалы - 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы делінеді. Бұл шайқаста Жәңгір хан бастаған аз ғана қазақ жасағы (шамамен 600 сарбаз) Батыр қонтайшы басқарған 50 мыңдық жоңғар әскеріне қарсы тұрады. Қазақ қолы мылтықты өте тиімді пайдаланды. Терең ор қазып, бетін жауып астына жасырынды. Мылтықпен дәл атып, жоңғар қолын ойсырата жеңді. Бұл жеңіс қазақтардың мылтықты шебер қолданғанының және тактикалық артықшылығының дәлелі болды. Орбұлақ шайқасы қазақ-жоңғар соғысындағы алғашқы бетбұрыс оқиғаларының бірі ретінде тарихта қалды.
Бұл шайқас Орта Азия үшін революциялық оқиға болды: көшпелілер алғаш рет отты қаруды жаппай және тактикалық тиімді пайдаланды. Жәңгір хан Самарқанд пен Бұхара базарларынан мылтық, оқ-дәрі сатып алып, жауынгерлерін қаруландырғаны туралы мәліметтер бар.
Жоңғарлар қазақтардан жойқын соққы алғаннан кейін өздері де мылтыққа көңіл бөле бастады. Яғни қазақ халқы отты қаруды жоңғарлардан бұрын пайдаланған. Жоңғарлар шын мәнінде отты қаруды XVIII ғасырдың бірінші жартысында ғана меңгерді. Бұл істі ұйымдастырушы — Цэван-Рабдан қонтайшы. Оның тұсында кездейсоқ тұтқынға түскен швед офицері Иоганн Густав Ренат жоңғарларға мыстан пушка (топ), зеңбірек, шойыннан мортира, бомбалар мен ядролар құюды үйреткен. Бұл өндіріс Қалдан-Цереннің билігі (1727–1745) кезінде де жалғасты.
Қазақтарда отты қару аз болмағанын орыс деректері де растайды. Астрахан губернаторы А. Волынский 1725 жылы былай деп хабарлаған: «Егер қазақтар шындап қатты қарсы тұрса, қалмақтар, әрине, құруы мүмкін, өйткені олар қазақтардан қорқатыны сондай, мысалы, егер олар 5 не 6 жүз болса да, қалмақтар бес не алты мыңмен оларға қарсы тұра алмайды, себебі қазақтарда садақтан гөрі мылтықтары көп».
Қазақ мылтығының түрлері
Қазақ даласында отты қарудың бірнеше түрі болды. Олардың ең танымалдары:
Берен - атпен алып жүруге ыңғайлы, жеңіл, ұңғысы ұзындау, дәл тиетін мылтық. Бір ауызды (жалғыз оқпен оқталады). Аңшылық пен соғыста кең қолданылды.
Шамқал - халық арасында дүмі ұзын, салмағы ауыр, қарабайыр жасалған мылтық деп аталды. Қазақтар өздері құйған қорғасын оқтардың бытыра түрін (шашыраңқы оқ) атуға қолайлы болды.
Күлдір мамай - оғы алысырақ атылатын, ұңғысы (оқпаны) жіңішке әрі ұзын, көздегенге дәл тиетін мылтық түрі. Атылғанда дауысы күлдіреп, қатты шығады. Бұл атау дауысының ерекшелігіне байланысты шыққан.
Бұл мылтықтардың барлығы пілтелі болды, атуға дайындау үшін кемінде 1 минуттан артық уақыт кететін. Оқ-дәріні қолмен дайындап, пілтемен тұтататын.
Кейінгі кезеңдерде мылтық үздіксіз жетілдірілді. Испания мен Швецияда жаңа түрлері жасалды. 1836 жылы неміс шебері Иоганн Николаус фон Дрейзе құндақ жағынан оқталатын мылтық ойлап тапты. Осыдан кейін мылтықтың түр-түрі бүкіл әлемге тарады. Бірақ негізінен қазақ даласы дәстүрлі білтелі мылтық түрін пайдаланды.
Қазақ даласындағы алғашқы отты қарулар негізінен фитильді (білтелі) мылтықтар болды. Олар фитиль (майға шыланған білте) арқылы дәріні тұтататын қарапайым механизммен жұмыс істеді. Бұл мылтықтар ауыр болғандықтан, аша тәрізді тірек қолданылды. Олар ат үстінен немесе жаяу атуға ыңғайлы еді.
Кейінірек шақпақты мылтықтар тарады. Олар білтеге қарағанда сенімдірек және ылғалды ауа райында да жұмыс істеді. Мұндай түрі 19 ғасырға дейін кеңінен қолданылды. 19 ғасырда атты әскерге арналған қысқа мылтықтар (карабиндер) және пистолеттер пайда болды.
Қазақ халқы мылтықты импорттаумен қатар, жергілікті жағдайға бейімдеді. Салмағын жеңілдетіп, ат үстінен атуға ыңғайлы етті. Дәрі (ұнтақ) компоненттерін (күкірт, көмір, селитра) Орта Азия қалаларынан сатып алып, өздері қолдан жасап алатын болды.
Көп жылдан бері қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан жалғыз білікті маман – Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты еңбегінде «Ортаазиялық түркі халықтарының тарихына қатысты араб-парсы, түркі тілдеріндегі XVI-XVII ғасырларға жататын тарихи жазба ескерткіштерде Орта Азия мен Қазақстанда отты қарулардың қолданысқа ену уақытын, олардың түрлерін анықтауға көмек беретін қажетті мәліметтерді таба аламыз», – делінеді.
Сол секілді Бабыр (1993; Материалы по истории Казахских ханств 15-18 веков, 1969), Мухаммед-Казим (1961; Прошлое Казахстан в источниках и материалах), Рашид ад-диннің (1952; Хафиз-и Таныш, 1983) еңбектерінде қазақ халқының отты қаруына қатысты деректер баршылық.
Шоқан Уәлихановта қазақтардың отты қару әдісін пайдаланғанын өз еңбектерінде жазып көрсеткен. Ол қазақтардағы қарудың түрлерін екіге бөліп көрсетеді. «Біріншісі – мал күзеткенде және ішкі қақтығыстар кезінде қолданылатын қарулар. Олардың қатарына қамшы, құрық, сойыл жатады. Екінші топқа соғыс кезінде қолданылатын қарулар кіреді. Олар: ертеректе қайқы қылыш, кейін сапылар; селебе мен жекеауыз және «үнемі әр қазақта болатын пышақ»; одан әрі найза; садақ, жақ және жебелері; мылтық».
Ш. Уәлиханов қазақтың бес қаруының атауларын ғана ажыратып қоймай, олардың жасалу әдістерін де өз еңбектерінде сипаттап жазған. Тіпті біразынын суреттерін қағазға түсіріп, қарудың түр-сипатын, әскерлердің қаруды асыну ерекшеліктерін көрсеткен.
Сонымен қатар ол ғалым еңбектерінде отты қарудың түрі мылтықтың өте сирек болатынын, атадан балаға мұра ретінде берілетінін және әр мылтықтың қасиетіне қарай «көз кеш», «күлдір-мамай» сияқты өз аттары болатынын, оқтарды қорғасыннан жасайтынын, сонымен қатар, мылтықты қолдануға байланысты керекті барлық қосалқы жарақтарды да толық сипаттап кетті.
Сол сияқты Ш. Уәлиханов «Қазақ оқ-дәрісінің құрамы» атты еңбегінде қазақтарда оқ-дәрінің жасалу жолдары туралы құнды мәліметтер қалдырған.
Қазақтардың XV–XIX ғасырларда отты қаруды пайдаланғаны туралы тағы бір маңызды дерек көздері — этнографиялық суреттер, жерлеу-ғұрыптық ескерткіштер мен ауызша фольклорлық материалдар. Мысалы, XVII–XIX ғасырлардағы қазақтың отты қаруының әр түрлі бейнелері Батыс Қазақстанның құлпытастары мен күмбезді тамдарының қабырғаларында кездеседі.
Орынбор архивінен табылған деректерге сүйенсек, 18 ғасырдың ортасында Орта және Кіші жүз өңірінде 30-60 мың мылтықшы жасағын жасақтай алғаны айтылады. Абылай хан тұсында мергендерден арнайы бөлімшелері құрылған.
Отты қарулар қазақ соғыс өнерін өзгертті. Атты әскермен қатар жаяу окоптық тактика енді. Жаппай дүркірете ату тактикасы пайда болды. Дегенмен, көшпелі өмір салты сақталды. Атты әскердің жылдамдығы мен садақтың тиімділігі де маңызын сақтап қалды. Әсіресе отты қарулар Қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте шешуші рөл атқарды.
Қазақ халқы мылтық - сырттан келген жаңалық болғанымен, қазақ ұсталары оны ежелгі уақыттан бері өз қажеттілігіне бейімдеп, шеберлікпен қолдана білгенін айта кету керек. Яғни қазақ халқы отты қарудың идеясын бұрыннан білген. Алайда оны жаппай өндіруге техникалық мүмкіндіктері болмады. Сондықтан оларды негізінен Ресейден, сондай-ақ Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары сияқты Орта Азия қалаларынан сатып алды. Сауда арқылы келген мылтықтар алдымен хандарға, сұлтандарға, бай саудагерлерге және тайпалық жасақтарға тиесілі болды. Олар Қазақ-жоңғар соғыстарында (17–18 ғғ.) белсенді қолданылды. Бұл қару қазақ батырларының бес қаруына қосылып, халықтың жеті қазынасының біріне айналды.