Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов

Бөлісу

27.01.2026 5719

Астана қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының ғұмыр жолына арналған музейдің ашылуына орай «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын өтті. 


Тарихи тұлғаға тағзым

Айтулы іс-шара Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицей аумағында ұйымдастырылып, онда тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты құнды жәдігерлер қойылған музейдің лентасы салтанатты түрде қиылды.

Жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатия саласының ардагерлері, нәзіртанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тұлғаның ұрпақтары, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Ғассан әл-Әхмади, ардагер дипломат, профессор Сайлау Батыршаұлы және өзге де белгілі тұлғалар болды. Іс-шараны нәзірлік ұйымдастыру комитетінің өкілі, саяси ағартушы технолог Абылайхан Қалназаров жүргізді. Бас қосудың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа Нәзір Төреқұлұлының ел тарихындағы айрықша орнын таныту, оның ағартушылық, мемлекетшілдік және дипломатиялық мұрасын білім беру кеңістігінде жүйелі түрде насихаттау болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нәзір Төреқұлұлына берген жоғары бағасы – оның ұлт намысын биік қойған күрескер тұлға екенін айқындайды. Президенттің «Нәзір Төреқұлов – ел жадында сақталған, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат» деген тұжырымы бұл жиын барысында да нақты мазмұнмен толыға түсті.

Тұлға шежіресі. Мектеп мұражайына арнайы жасалған

Іс-шара аясында мектеп өмірін танытатын арнайы бұрыштар, оқушылар салған суреттерден құралған тақырыптық галерея, Түркістан облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты Нәзір Төреқұлов музейінің «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты көшпелі көрмесі, сондай-ақ театрландырылған әдеби композиция көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін музей мен кеуде мүсінінің лентасы қиылып, қатысушылар экскурсияға қатысты.

Заманынан озған ой, ұрпаққа қалған із

Салтанатты жиын «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші» атты ғылыми конференциямен жалғасты. Конференцияға Қуаныш Айтаханов модераторлық етіп, бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды.

Атап айтқанда, «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, профессор Жаппар Жұман «Нәзір Төреқұлов – реформатор, ағартушы, ғалым» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның мемлекеттік қызметтегі және ағартушылық бағыттағы еңбегіне тоқталды. Жазушы, қоғам қайраткері Жолтай Әлмашұлы Нәзір Төреқұлының рухани мұрасына терең талдау ұсынды. Ал ҚР Ұлттық музейінің өкілі Әлібек Күзербаев «Коммунарка» жерлеу орны туралы тарихи деректермен бөлісті. Конференция барысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да сөз сөйледі.

Сарапшылық пікір білдірген Қуаныш Айтаханов өз сөзінде Нәзір Төреқұлұлының өмір жолына шолу жасап, оның Түркістан өңірінде туып, білім жолын Ташкент пен Мәскеуде жалғастырып, ел тағдыры сынға түскен шақта ұлт мүддесі үшін күреске шыққанын атап өтті. Ал Жаппар Жұман Нәзір Төреқұлұлының қысқа ғұмырын толығымен халқына арнағанын, оның түркі дүниесіне ортақ тұлға екенін ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің және «Аманат» партиясы басшылығының құттықтау хаттары оқылды.  ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев құттықтау хатында: 

«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат - Нәзір Төреқұловты еске алуға арналған салтанатты шараның өтуіне байланысты өзімнің шынайы ілтипатымды білдіремін. Ұлы тұлғаның ғибратты ғұмырына арналған музейдің ашылуы, мүсінін орнату және деректі фильмінің таныстырылымының өткізілуі – еліміздің мәдени-рухани өміріндегі өте тағылымды қадам. Нәзір Төрекұлов –  мемлекетшілдіктің биік деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада қазақ дипломатиясының іргетасын қалаған айтулы қайраткер. Оның парасаты мен білімі, ел алдындағы жауапкершілігі мен адамдық арына адалдығы - бүгінгі жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Дипломатиялық мұра ретінде Сыртқы істер министрлігінде 2003 жылдан бері Нәзір Төреқұлов атындағы арнайы медальмен ең үздік дипломаттардың марапатталуы – қайраткер есімінің мемлекеттік деңгейде қастерленуінің дәлелі. Бүгін ашылған рухани қазыналар болашақ ұрпақтың біртуар дипломаттың арман-мұраттарына жақындай түсуіне жол ашады. Тарихымыз түгенделіп, асылдарымыз ардақтала берсін! Бүгінгі игілікті іс-шара құтты болсын!», – делінген. 

«Aманат» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатында тұлғаның тарихи қызметіне жан-жақты тоқталған.

 «Сіздерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, Алаш қозғалысының өкілі Нәзір Төреқұлұлының өмірі мен қызметіне арналған мұражайдың ашылуымен және «Нәзір ғұмыр – тәлім гұмыр» атты салтанатты жиынның өтуімен шын жүректен құттықтаймын!  Нәзір Төреқұлұлы –  ХX ғасыр басындағы қазақ руханияты мен мемлекетшілойының биікүлгісін танытқан бірегей тұлға. Терең білімі, бірнеше тілді меңгеруі, ағарту, баспа ісі мен дипломатия салаларындағы қажырлы еңбегі оны заманының озық ойлы қайраткерлерінің қатарына қосты. Алаш зиялыларына қамқор болып, ұлттық сананың сақталуына айырықша еңбек сіңірді. Жогары деңгейдегі дипломатиялық қызметі арқылы мұсылман әлемі мен халықаралық саяси кеңістік арасындағы күрделі байланысты шебер үйлестіріп, қазақ тарихында тұңғыш кәсіби дипломат ретінде өшпес із қалдырды. Осындай алып тұлғаның өмірі мен мұрасын ұлықтап, тарихи әділдікті қалпына келтіруге бағытталған игі бастамаларды жүзеге асырып отырған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының ұжымынашынайы алғысымды білдіремін. Бұл –  рухани сабақтастықпен елдік жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілеймін. Игі бастамаларыңыз ел игілігіне қызмет ете берсін!», – деді. 

Сонымен қатар нәзіртану саласына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қорының медальдары табысталды. Тұлға атындағы қаржылық стипендиялардың мектеп оқушыларына тағайындалуы жиынның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.

Тұлға атындағы шәкіртақы иеленген оқушылар

№35 мектеп-лицей директоры Зәуреш Адильбекова бұл бастаманың білім ордасы үшін үлкен рухани серпін бергенін атап өтіп, оқушылардың тарихи тұлға өнегесі арқылы биік мақсаттарға ұмтылатынын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Абылайхан Қалназаров Нәзір Төреқұлұлының тағдырын ұлт рухымен сабақтастыра келе, музей мен кеуде мүсінінің ашылуын өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірге теңеді. Оның айтуынша, Нәзір Төреқұлұлының дипломатиялық және түркілік кеңістіктегі қызметі – әлі де терең зерттеуді қажет ететін құнды мұра.

Салтанатты жиын аясында «Нәзір Төреқұлұлы жолы» атты деректі фильмнің тұсауы кесіліп, көрерменге алғаш рет ұсынылды. Фильм сценарийін жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы мен Абылайхан Қалназаров жазған. Туынды Нәзір Төреқұлұлының бұрын кеңінен ашылмаған қырларын, оның Алаш зиялыларымен рухани сабақтастығын айқын көрсетеді. Іс-шара соңында тұлға рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Ғасырлық өнеге

Бұл игі іске «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры, елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицей ұжымы, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы, сондай-ақ тұлғаның туған-туыстары мен жерлестері ұйытқы болды. Ұйымдастырушылық және материалдық шығындардың барлығы да аталған тараптардың ортақ жауапкершілігімен жүзеге асырылды. Мұның өзі азаматтық қоғам мен зиялы қауымның тарихи тұлғалар мұрасын сақтаудағы белсенді ұстанымын айғақтайды.

Тұлға тақтасы

Нәзіртану саласының қалыптасуына көз жүгіртсек, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде Нәзір Төреқұлұлының ұлт тарихындағы орны жаңаша бағаланып, оның мемлекетшіл болмысы кеңінен таныла бастады. Осы бағытта бірқатар көрнекті ғалымдар мен қаламгерлер – Бейсенбай Кенжебаев, Темірбек Қожакеев, Рахманқұл Бердібай, Сейітқали Тілеуқұлов, жазушы-журналистер Жолтай Арыстанов, Бақыт Сахабат, Жолтай Әлмашұлы және өзге де зерттеушілер тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған еңбектер жариялады.

1994 жылы Түркістан қаласында ақын Нұрғали Назаровтың бастамасымен алғаш рет «Нәзір» қоры құрылып, ұлы тұлғаның рухына тағзым ретінде ас берілді. Ал 1995 жылы Исмаил Ыбырай қажының жетекшілігімен халықаралық мәртебеге ие болған «Нәзір Төреқұлов» қоры құрылып, ол жылдар өте келе Нәзір Төреқұлұлының қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасын зерттейтін негізгі ғылыми-танымдық орталықтардың біріне айналды. 2007 жылы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына арнайы сапармен барып, Нәзір Төреқұловтың мұражайын ашуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Қазіргі таңда Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Түркістан, Жетісай қалаларында және Шолаққорған ауылында көшелер мен білім беру мекемелеріне Нәзір Төреқұлов есімі берілген. Елордада тұлға атындағы мектеп-лицей жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында Нәзір Төреқұлов есімімен аталатын мешіт-медресе бар. Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы-дипломат, ғалым Тайыр Мансұров Нәзір Төреқұлұлының өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірқатар іргелі еңбектер жариялады. Оның 2004 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен жарық көрген «Полпред Назир Турекулов» атты кітабы ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланды. Кейін бұл еңбек Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалдың қолдауымен араб тіліне аударылып, он мың данамен жарық көрді.

тұлға туыстары 

2014 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дипломат Нәзір Төреқұловтың есімімен аталған орталықтың ашылуы – оның халықаралық деңгейдегі тұлғалық маңызын айқындай түсті. Бүгінде республика көлемінде Нәзір Төреқұлұлының мұрасын зерттеуге арналған ғылыми конференциялар, «Нәзір оқулары», арнайы курстар мен деректі фильмдер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Нәзір Төреқұлұлының мемлекет пен ұлт алдындағы еңбегі өлшеусіз. Оның тарихи болмысын даралап тұрған басты ерекшелік – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат ретінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси дәстүрінің іргетасын қалауы. Осыған орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалуы да заңды құбылыс. Сонымен қатар оның «Түркістан тарихы» секілді еңбектері ұлттық тарихи сананың қалыптасуына зор үлес қосты. 

Нәзір Төреқұловтың өмір жолы  күрделі дәуірде ұлт мүддесін бәрінен биік қойған, білім мен парасатты саясатпен ұштастыра білген кемел тұлғаның тағдыры. Оның дипломатиялық қызметі мен ағартушылық мұрасы бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық болып қала береді. Нәзір ғұмыр – өткенімен ғана емес, бүгінгімен де, ертеңімен де сабақтас тәлімді ғұмыр.

Бөлісу