Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтеді

Бөлісу

20.01.2026 7014

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қызылорданың ұлт тарихындағы орнын,  Алтын Орда тарихын зерттеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу туралы маңызды мәлімдемелерді баса айтты. 


Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың әр отырысы ел тарихында айрықша орны бар өңірлерде өтіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда ұйымдастырылса, екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда өткен. Үшінші отырыс бірегей Атырау өңірінде өткізіліп, былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жалғасқан. Ал биыл Құрылтай қастерлі Қызылорда жерінде өтіп отыр.

«Бұл халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің терең тарихына да тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманда-ақ қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады.

«Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы деуге болады. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстанның астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, биылғы мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтеді. Бұдан бөлек, көрермен назарына Алтын Орда мен Жошы хан туралы тарихи сериал ұсынылмақ.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәселесіне де тоқталды. 

«Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды әрқашан қолдау қажет», - деді Мемлекет басшысы. 

Жиын барысында Мемлекет басшысы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді ұсынды.

Бөлісу