Ұлт театрына - 100 жыл: Аида Балаева өнер ұжымын мерейтойымен құттықтады

Бөлісу

13.01.2026 6324

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды e-history.kz порталы.


Оның айтуынша, театр бүгінде ұлт өнерін өркендетіп, дәстүр сабақтастығын сақтап, үлкен шығармашылық орда қалыптастырып отыр.

Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын! Ғасыр бұрын «Еңлік-Кебекпен» ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді. Киелі сахнада қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» және өзге де туындылар сахналанды. Өнер ошағы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде «Ұлттық» мәртебеге ие театр әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келеді, - деді министр құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, Аида Балаева театр ұжымына  зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнер жолында жаңа жетістіктер тіледі.

Еске сала кетер болсақ, қазақтың тұңғыш кәсіби театры - Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Бастапқы қойылымдары Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» және Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесаларынан үзінділер болды.

1928 жылы театр Алматыға көшіп, жаңа буын актерлермен толықты. 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр мәртебесін алды. 1961 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленді.

2020 жылдың 20 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен театрға Ұлттық мәртебесі берілді.

Бөлісу