Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына – 100 жыл

Бөлісу

13.01.2026 6364

Қазақтың кәсіби театр өнері бір күнде, бір қойылыммен қалыптасқан жоқ. Ол – ұлттың ішкі сұранысынан, сөзге, ойға, сахнаға деген зәруліктен туған құбылыс. Сол тарихи қажеттіліктің нақты көрінісі әрі символы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры. Биыл бұл киелі өнер ордасының іргесі қаланғанына 100 жыл толып отыр.


Театрдың тарихы 1926 жылы Қызылорда қаласында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» трагедиясымен басталды. Бұл қойылым бір спектакльдің премьерасы ғана емес, қазақ қоғамы үшін мүлде жаңа мәдени кеңістіктің ашылған сәті болды. Алғаш рет халық ауыз әдебиетінде сақталған сюжеттік ой мен жазба драматургия кәсіби сахна тіліне көшіп, ұлттық болмыс театр өнері арқылы бейнелене бастады. Сахна сол кезеңде елдің рухани мінберіне, қоғамның ішкі ойы мен арманын ашық айтатын алаңға айналды. Алғашқы актерлер құрамы қазақ өнерінің іргетасын қалаған бірегей тұлғалардан тұрды. Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков секілді сахна саңлақтары кәсіби актерлік мектептің ұлттық үлгісін қалыптастырды. Олар рөлді жаттап ойнаумен шектелмей, сахнада қазақтың мінезін, сөйлеу мәнерін, ішкі сезімін табиғи қалпында жеткізе білді. Сондықтан да бұл буынның өнері көрерменге жақын, сенімді әрі өміршең болды. Олар сахнада кейіпкерді сомдаған жоқ, халықтың жан дүниесін сөйлетті, ұлттық театр өнерінің рухани негізін қалады.

1930-жылдары театрдың Алматы қаласына қоныс аударуы оның шығармашылық дамуына жаңа серпін берді. Елдің мәдени орталығына айналған қалада театр кәсіби тұрғыдан қалыптасып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды. Бұл қазақ театрының көркемдік деңгейі мен шығармашылық әлеуеті мемлекет тарапынан ресми түрде мойындалған тарихи кезең еді. Академиялық мәртебе театрға тек бедел ғана емес, көркемдік ізденістерді тереңдетуге, актерлік және режиссерлік мектепті жүйелі дамытуға мүмкіндік берді. Кейін театрға Мұхтар Әуезовтің есімінің берілуі де заңды шешім болды. Өйткені дәл осы сахнада жазушының драматургиялық мұрасы тұрақты түрде сахналанып, ұлттық театр өнерінің көркемдік бағыты айқындалды. Әуезов шығармалары арқылы қазақ тарихы, тұлға тағдыры, елдік сана мен адам болмысы терең ашылды. «Абай», «Қарагөз», «Түнгі сарын», «Айман – Шолпан» сияқты қойылымдар уақыт сынынан өтіп, қазақ сахнасының алтын қорына енді. Бұл туындылар театрды көркем ойдың, ұлттық сананың және рухани тереңдіктің орталығына айналдырды.

Әуезов театры әр тарихи кезеңде қоғамдағы ең күрделі әрі өзекті мәселелерді сахна тілімен батыл көтеріп отырды. Кеңес дәуірінде идеологиялық шектеулерге қарамастан, ұлттық мінез бен рухты жоғалтпай, астарлы ой мен символика арқылы халықтың ішкі болмысын жеткізе білді. Ал тәуелсіздік жылдарында театр репертуарында тарихи сана, жеке тұлғаның жауапкершілігі, қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынас терең әрі ашық талдана бастады. Театр сахнасында батырлық эпос пен классикалық трагедия, философиялық драма мен заманауи әлеуметтік тақырыптар қатар өріліп, көрерменмен ойлы сұхбат құра білді.

Осы қасиетті сахнадан бірнеше буын режиссерлер мен актерлер қалыптасты. Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетов, Рүстем Есдәулетов секілді режиссерлер сахналық тілдің мүмкіндіктерін кеңейтіп, режиссураның ұлттық мектебін жаңа деңгейге көтерді. Ал Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов сынды актерлер өз бейнелері арқылы қазақ актерлік өнерінің биік өлшемін қалыптастырып, ұлттық сахнаның рухани қуатын айқындады.

Бүгінде театр «Ұлттық» мәртебеге ие. Оның репертуары тек классикалық мұрамен шектелмей, әлемдік драматургия мен заманауи авторларға да жол ашып отыр. Театр ұжымы халықаралық фестивальдерге қатысып, қазақ сахна өнерін шетел көрерменіне танытып келеді. Бұл – жүз жылдық мектептің тоқырамағанын, керісінше үнемі жаңарып отырғанын көрсетеді.

Мерейтой қарсаңында театр ұжымын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтап, Мұхтар Әуезов атындағы театрдың ұлт өміріндегі айрықша орнына тоқталды. Ол театрдың бір ғасыр бойы қазақ руханиятының темірқазығына айналғанын атап өтіп, оның тарихи миссиясын жоғары бағалады. Өз құттықтауында министр:

«Ғасыр бұрын «Еңлік–Кебекпен» ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді», – деп атап өтті.

Бұл сөздер театрдың тек мәдени мекеме емес, ұлттық сананың тірі алаңы екенін айқын көрсетеді. Әуезов театры бір ғасыр бойы қазақтың ойлау жүйесін, тілдік өрнегін, мінез-құлқын сахна арқылы сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Ол классика мен заманауилықты сабақтастырып, әр кезеңнің өзекті мәселесін көркем тілмен көтере алған ұлттық ой ордасына айналды.

100 жылдық тарихы бар бұл театр өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі мәдени үдерістің тірі ағзасы. Оның сахнасында әлі талай тағдырлы образдар дүниеге келіп, қазақ көрерменімен сырласа беретіні анық. Мұхтар Әуезов атындағы театр – ұлтпен бірге жасайтын, ұлтпен бірге жаңаратын мәңгілік сахна.

Бөлісу