Едіге Уәлиханов ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресті зерттеуші ғалым

Бөлісу

31.12.2025 7725

Қазақстан тарих ғылымында өзіндік із қалдырған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, Едіге Жансұлтанұлы Уәлиханов 1945 жылы 2 желтоқсанда Ташкент қаласында өмірге келген. 1962-1967 жылдар аралығында С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атынд. ҚазҰУ) тарих факультетінде білім алған. 1967-69 жылдары аталған оқу орнының аспирантурасында оқыды, 1969-70 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1972 жылдың маусым айынан 1983 жылдың ақпан айына дейін Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының тарих кафедрасының аға оқытушысы, 1979 жылы тарих факультеті деканының орынбасары қызметтерін атқарған. 1983-87 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде қызмет атқарып, архив ісінің дамуына өз үлесін қосты. Едіге Уәлиханов архив ісінде Архивтік жолсілтеуіш пен тізімдеме (Путеводитель мен регистрлардың) - бұл белгілі бір архивтегі архивтік құжаттардың санын және құрамын көрсететін, олардың бар-жоғын және жай-күйін бақылауға арналған есептік құжаттарды құрастырушылары ретінде біраз еңбек сіңірді. 

Едіге Жансұлтанұлы 1987 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына жұмысқа ауысып келеді. 1990 жылы ҚР ҰҒА мүше-корр М.Х. Асылбековтың жетекшілігімен «Орыс географиялық қоғамының ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамын зерттеудегі қызметі» атты тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Е. Уәлихановтың ғылыми және қоғамдық қызығушылықтары ХVІІІ-ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері оның ішінде ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына арналған. Өзінің ғылыми зерттеулерінде әдіснамалық мәселелерді заманауи тарих ғылымы тұрғысынан қарастырады. Ғылыми қызметкер дәрежесінен бастап, қызметінің соңғы он жыл көлемінде Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарды. 

2002 жылы мен институтқа кіші ғылыми қызметкер болып, қабылданғанымда Едіге Жансұлтанұлы «Қазақстанның жаңа заман және тарихи демография» бөлімін басқаратын. Мен сол бөлімнің қызметкері болдым. Сол уақытта Едіге Жансұлтанұлымен қоян-қолтық араласып, бөлімге келіп түскен түрлі хаттарға жауап даярлау ісімен айналыстық. 

Бірде басшымыздан Шоқан Уәлихановқа жақындығыңыз бар ма деп сұрағанымызда, Едіге Жансұлтанұлы өзінің шығу тегін былайша таратып баяндап берген еді: Қырық жыл хан болған Уәлидің 13 (кейбір деректерде 14) ұлы болған. Ең кішісі - Шыңғыс, Шоқанның әкесі. Шоқаннан ұрпақ қалмағаны белгілі. Шоқанның інісі Мақы (Мақыжан) Петерборда Көркемсурет академиясында оқыған. Елтаңбамыздың авторларының бірі Шот-Аман (Шота) Уәлиханов ағамыз - Мақының ұрпағы. Ал мен Уәлидің үлкен ұлы Ғаббастан тараймын, яғни Ғаббас - Абылай - Әділ - Құдайменді - Бексұлтан - Жансұлтан - Едіге. 

Едіге ағамыздың атасы Бексұлтан Омбы ерлер гимназиясында білім алған оған дәлел архив қорларында өз қолымен жазған өтініштері хатталған. 1894 жылдың 28 маусымында Омбы гимназиясың 7 сыныбын оқушылар қатарында Оразғұл Базанов 21 жаста, Нұрғали Жақыпов 20 жаста, Бексұлтан Уәлиханов 21 жаста. Оқудан кету себебі Қазан малдәрігерлік институтына түсу үшін деп көрсетілген. Өкінішке орай Қазанда оқығандығы туралы деректер кездеспеді. Дегенмен 1894 жылы 3 тамызда Ақмола облысы әскери губернаторына жазған өтінішінде «Омбы классикалық гимназиясының 6 сыныбын бітірдім. Мені Петропавл уездік басқармасына ауызша аудармашы ретінде жұмысқа алуыңызды сұраймын» делінген [1, 1-п.]. Атасы Бексұлтан патша заманында мұғалім болған.

Шоқанның нағашылары, Шорманның ұлдары Мұса, Мұстапа Баянауыл өңірінде мектеп ашып, оны мұғалімдік қызметке шақырады. Уәлиханов Бексұлтан, Жуанышпаев Бектас, В. Терентьев жаңа ашылған мектепке қызметке тұрады. Шорманұлы Садуақас Ақкелін ауылындағы үйін беріп, бала жинайды. Ақкелін мектебі 1903 жылы 4 кластық орыс-қазақ мектебі болып ашылғанымен, оқыту көбіне орыс тілінде жүргізілген. Бұл мектепке алғашқы жылы барғандардың қатарында Қаныш Сәтбаевтың ағасы Ғабдұлғазиз бар. Кейіннен оқушылардың қатарында Имантайдың ұлы Қаныш болады. Бексұлтан - Қаныш Сәтпаевтың алғашқы ұстазы. Садуақас Шорманұлы Шыңғыс Уәлихановтың қызы, Шоқанның қарындасы Нұридаға үйленеді. Алайда, Нұрида өкпе ауруынан қайтыс болып, Едіге бидің ұрпағының қызы Зейнеппен түтін түтеткен. 1903 жылы Жансұлтан тәй-тәй басып жүрген бала болған. Бәйбішесі Тайбаның сіңлісі Үрімшіде тұрады, күйеуі ірі көпес болған көрінеді. Бексұлтан ата отбасымен 1915 жылы Үрімшіге сапарлап барып қайтыпты. 

Атам Бексұлтан Семей жақта да бала оқытқан, кейін көз жанары сола бастағасын патшаға арыз (прошение) жазып, денсаулығына байланысты төлемақы (пособие) тағайындаған дейді. Едіге ағамыздың сөзін архив құжаттары да айғақтай түседі. Семей облыстық басқармасы қорында сақталған 1917 жылы 7 маусымда жазған өтініш хатында «науқастануыма байланысты сабаққа бара алмаймын, ертеңнен бастап мұсылмандардың үш күндік мейрамы «Рамазан айт». Мейрамнан кейін жұмысқа шығатынын» жазған. Сонымен қатар Бексұлтан 1917 жылы 26 тамызда Семей облыстық комиссарының №34 бұйрығымен Семей облыстық басқармасында қазақ істері бойынша аудармашы болып тағайдалған [2, 1-2 пп.].  

Әкем Жансұлтан Москвадағы Плеханов атындағы институтқа түседі, алайда оқуды аяғына дейін жеткізе алмайды. Үш курстан кейін «тазалау» (чистка) кезінде текті тұқымнан екені белгілі болып, оқудан шығып қалады. Елге оралып, әке-шешесін алып Ташкентке көшіп кетеді. Сол жерде жұмысқа орналасады. Жансұлтан әкемнің үйлену тарихын баяндау үшін Қонаевтар әулетіне тоқталу керек. Мен Қонаевтар әулетіне жиен болып келемін дегені бар еді. 

Меңліахметтің ұлы Дінмұхамед (Димаш) және інісі Нұрмұхамед (Нөкеш) Москваға оқуға аттанғанда соларға бас-көз болуға қарындасы Ғазиза барады. Ол кезінде Айседора Дункан тұрған үйге комендант болып орналасады. Еңбек демалысын алып, Алматыға келеді, одан гимназияда бірге оқыған,Ташкентте тұратын құрбысына барады. Сол жерде Жансұлтан екеуі кездесіп, үйленеді. Дүниеге Ерік, Әділ есімді екі ұл, және Гүлжанет атты қыз келеді. 

Соғыс басталғасын Жансұлтанды әскер қатарына шақырады. Үш жыл майданда болып, жараланып, денсаулығына байланысты босатылады. Ташкентке келгенде алдынан Ғазиза мен Гүлжанет қана шығады: соғыс кезінде әке-шешесі, екі ұлдары қайтыс болады. 

1945 жылдың қарашасында Ғазиза ұл босанады. Баланың есімі Сұлтан болатынына сенімді ол бірінші буыны қандай болады деп сұрайды. Жансұлтан өзінің соғыс кезінде көрген түсін айтады. Түсінде суға батып, тұңғиыққа кетпеудің қамын жасап, қарманып, ауа жетпей қиналған сәтте Шоқан жүзіп келеді.

- Мынау Едіге батырдың қаруы, сен ұста, - деп ұсынуы мұң екен, қолына қару тие сала судың бетіне шығады. Дәл сол сәтте шабуылға бұйрық беріліп, сол шайқаста жараланып, аман қалады. Ұлының атын Едіге қояды. 

Соғыстан кейін Өзбекстанда қазақтардың ұлтын өзбек деп жазу үрдісі ден алады. Жансұлтан мен Ғазиза елге қайтуға бел буады. Алматыға 1946 жылы екі бала мен бір шабадан көтеріп келеді. Ол кезде Димаш аға мен Зухра Шәріпқызы шаңырақ көтеріп, бөлек тұрып жатады, солармен бірге сегіз ай тұрады. Кейін Гоголь мен Пролетар (қазір Зенков) көшелерінің қиылысындағы барак типтес үйден бір бөлме бұйырады. Тамақты дәлізде примуспен дайындайды, дәретхана аулада. Қаныш Сәтпаев өзінің алғашқы ұстазының ұлын Ғылым академиясына жұмысқа алады, пәтер кезегіне қояды. 

Жансұлтан 1950 жылы қайтыс болады. Ғазиза апа 46 жасында екі баламен жесір қалады. Сол барак үйде 16 жыл тұрғасын барып екі бөлмелі үйдің кезегі жетеді. 

Гүлжанет қыздар гимназиясын аяқтап, КазГУ-дің биология факультетіне түседі, оны аяқтағасын Ленинградта аспирантурада оқиды. Едіге мектеп бітіргесін МГУ-ға барғысы келіпті, алайда аналары екеуіңді бірдей шетте оқытуға шамам келмес, осы жерде оқысаң дұрыс болар дегесін КазГУ-дің тарих факультетіне түседі. Ләйла Мұхтарқызы Әуезов музей-үйіне лаборант қылып қабылдайды. Едіге Мұратбек Бөжейдің қол астында істепті, сол кісіні ерекше құрметпен еске алатын. Қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәтінмен жұмыс, оны зерттеуді сол кісіден үйрендім дейтін. 

1997-1999 жылдары жаңа заман тарихы бөлімінің тарихшылары «ХVІІ- ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі» (1635-1758) тақырыбын орындады. Тақырыпты орындаушылар В.З. Галиев пен Е.Ж. Уәлиханов. Олар 1635-1758 жылдардағы қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресін зерттеу нысаны ретінде таңдап, қазақ халқының өз бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресінің тарихи тәжірибесін қайта қарастыру міндетін қойды. Бұл тақырыпты зерттеушілер мақалалар мен монографиялар түрінде көптеген зерттеулерді жариялады. Жалпы алғанда, бұл тақырыптағы жұмыс жаңа заман тарихын зерттеуде үлкен зерттеу әлеуеті мен келешегі зор перспективаларды ашты және көрсетті деп айтуға болады.

Едіге ағамыз ізденуден жалықпайтын терең білімді ғалым еді. Мазмұнды да тағылымы мол көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Кенесары жөнінде жазылған еңбектердің қатарында Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановтың 2004 жылы Москвада «Молодая гвардия» баспасында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген «Кенесары» атты монографиясының өзіндік ерекшелігі бар еңбек ретінде көпшілікке танымал. Себебі Кеңес билігі кезінде Кенесарының патшалық Ресей империясына қарсы күресін мойындамағандығы белгілі. Міне осы олқылықтың орнын Едіге Уәлиханов Кенесары туралы кітабын Мәскеу қаласынан шығара отырып, оның азаттық жолындағы күресін қалың көпшілік оқырманға танытты. Еңбектің тағы бір өзіндік ерекшелігі Кенесары қырғыздар қолынан мерт болса, екінші рет оны зерттеген Е. Бекмахановтың айыпталып қуғынға ұшырауы арқылы Кенесары екінші рет қазаға ұшырады дей отырып, ол жөнінде арнайы тарау арнады. Сонымен қатар Кенесарыдан тараған кейбір ұрпақтарына тоқталған. Міне осыдан кейін Едіге ағайымыз Кенесары тақырыбына тереңдей бойлап түрлі зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, жетекшілік қызметтер атқарды.

2005 жылы Кенесары Қасымовтың жерленген жерін анықтау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арнайы ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Оның құрамында Едіге Уәлиханов, Молдияр Серікбаев сияқты ғалымдармен қатар мен де болдым. Біздің экспедиция жаңа ғылыми нәтижелерге көз жеткізді. 1847 жылы көктемде Кенесары Қасымов Шу өзенінің оң жағалауында, қазіргі Тоқмақ қаласына қарама-қарсы орналасқан Майтөбе жерінде орналасты. Аталған деректі Н.А. Аристов та өз еңбектерінде растайды. Маңызды жайт, Тоқмақ аймағындағы Шудың екі жағалауы да сол кезде қырғыздарға (Сарыбағыш руына) қараған. Ауызша деректер бұл нұсқаны растап, Кенесары Қасымовтың Кеклік-Сеңгір тауларында Шу өзенінің оң жағалауында, Тоқмақ қаласына қарама-қарсы жерде орналасқанын көрсетеді. Орыс саяхатшысы М.И. Венюков Кенесары Қасымовтың өлім жазасына кесілген жері: «Кенесары Қасымов Шудың жағасына, Қарақоныстың сағасына өлтіріліп, басынан айырылды» - деп көрсетеді. Шуға оң жағынан Қарақоңыз өзені құяды. Осылайша Кенесары Қасымовтың соғыс қимылдары Шу өзенінің оң жағалауында болды. Мұны ақпарат беруші Хамза Демеуовте (2005 ж. - 81 жаста) растайды. Ауызша сұрау кезінде ол Қара-Кемер ауылының маңындағы Майтөбе төбесін және Кекліксеңгір тау жотасындағы Кенесары Қасымовтың штабы орналасқан тағы бір төбені көрсетті. Маңызды жайт, Шу өзенінің сол жағалауындағы көптеген географиялық атаулардың оң жағалаудағы атауларда қайталануы болды. Географиялық ығысулар көшпелілер дәстүрінде шығысқа бағытталғанда оң жағы оңтүстік, сол жағы солтүстік болғандықтан орын алды. Еуропалық географияда өзеннің ағысы бойымен сол қол сол жағалауды, ал оң қол оң жағалауды көрсетеді, яғни көшпелілер дәстүріне қатысты керісінше. Е. Бекмаханов Қарақоңыз өзенінің жоғарғы жағында екі шатқалға – Алмалы-сай және Сауылманға бөлінгенін атап өтті. Алайда, Сауылман, дәлірек айтқанда Сауылмай көлі Шу өзенінің төменгі ағысында Сарысу өзеніне жақын орналасқан, ал Қара Қоңыз өзені шын мәнінде екі үлкен шатқалға бөлінген, оның бірі Суалма, екіншісі Алмалы деп аталады. Сол жағалауда 1994 жылғы экспедиция жұмыс жүргізген үлкен Алмалы шатқалы орналасқан.

        Кенесары ханның ту тіккен жері

Жамбыл Жабаевтың айтуынша, Кенесары Қасымовтың денесі Онбір жыра шатқалында (дәлірек айтқанда Онбір жылға – Е. Уәлиханов) жерленген. Дегенмен, Жамбыл ауданында Онбіржылға шатқалы да бар. Географиялық атаулардағы осындай сәйкессіздіктер мен кейбір параллелизмдерге байланысты экспедиция Қазақстан аумағында барлау жұмыстарын жүргізді. Кейбір тарихи атаулардың екі елде де қайталатынын анықтады. Мысалы, Шамшы - бізде Самсы, Алмалы сай – Алмалы, Су алман – Сауылман, Он бір жылға – Он бір жыра, Борды – Борлы, Қызыл су – Қызыл сай және т.б. жер атаулары. Кенесары Қасымұлының соңғы соғысы және қаза тапқан географиялық қоныстарын ту тіккен орындарын анықтадық. Қырғызстанның Тоқмақ облысының Кемен ауданы және Қазақстанның Алматы облысының Жамбыл ауданы мен Жамбыл облысының Қордай ауданынан фольклорлық деректер жинадық [3, С.1-4.]. 

Майтөбеде Кенесары қойылған ескерткіш

Осы экспедициядан кейін Едіге Жансұлтанұлы Кенесары Қасымұлының денесі жерленген жер мен бас сүйеккке хатысты мәліметтерді іздеу үшін архив пен сирек қолжазбалар қорында ұзақ отырып деректер жинады. Бірде, аныңырақ айтқанда, 2007 жылы Кабардин-Балкар Республикасы, Нальчик қаласының тұрғыны Шахмұрзаев Юрийдің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатына жауап беру үшін институтқа жолданды. Аталған хатты Едіге Жансұлтанұлы мұқият оқып шығып, демалыс уақыты болса да осы мәліметтің растығын анықтау үшін екеуіміз Қордай ауданы аумағына барғанымыз дұрыс дегенді алға тартты. Хаттың мазмұны төмендегідей: «Құрметті Президент! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мир» телеарнасында даңқты Қазақ ханы Кенесарының мүрдесінің табылғанын естіп, Астанада Хан Кенеге ескерткіш қойылғанын көрдім. Біздің отбасымыз орталық биліктің Кавказ халықтарына жүргізген депортациялау саясатының құрбаны болып, 1944-1957 жылдары Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қара қоныс елді-мекенінде өмір сүрді. 1952 жылы әкем Сайд Шахмұрзаев (Қабардин-Балкар Республикасының халық ақыны және еңбек сіңірген мұғалімі) екеуміз Шу өзенінің оң қапталында орналасқан Михайлов селосының маңынан бірнеше (5-6) пирамида тәрізді құлыптас қойылған мүрдені кездестірдік. Әкем араб және түрік әдебиеті мен мәдениетінен хабардар жан еді. Мүрде орналасқан жердің оңтүстік батысынан араб жазуы бар ірі тасты көрдік. Әкем тастағы араб жазуын «Кенесарин» деп оқыды. Қазақтар бұл моланы «Әулие» деп атайтын. Жергілікті тұрғындар осы Михайловтың төңірегінде Қазақ ханының қолы қырғынға ұшырағанын айтып отыратын.

Қадірменді Президент! Егер, әкем екеуміз көрген ол жерде Кенесары ханның сүйегі жатқан болса, мен ол жерді дәл көрсетіп бере алатыныма бек сенімдімін. 

Қонақжай қазақ халқы мен осы мемлекеттің басшысына құрметпен Юрий Шахмұрзаев Сайдұлы, 1932 жылы туылған. «Ресей Федерациясының еңбек сіңірген милиараторы». 

Мекен-жайым: Кабардин-Балкар Республикасы, Нальчик қаласы, Ленин даңғылы №41, пәтер 73, тел: 42-46-85».

Хатпен танысқаннан кейін, Қордай ауданының оңтүстік шығысында орналасқан ауылдардағы көне зираттарды зерттеп көруге Едіге Жансұлтанұлымен бірге тамыз айының соңғы он күндігінде барып қайттық. Юрий Шахмұрзаев нұсқаған Михайлов (қазіргі Қарасай) ауылының маңайындағы көне зираттан араб жазуы бар құлыптастарды бір қарап шықтық. Өкінішке орай, «Кенесарин» деген жазуы бар пирамида тәрізді тасты таба алмадық. Бәлкім, балғар бауырымыз құлыптасты көргеніне жарты ғасырдан астап уақыт өтіп кеткендіктен, жастық шағында көргенін есіне толық түсіре алмай, шатасқан болар деп, осы төңіректегі Қаракемер, Қара-қоныс ауылдарындағы араб жазуы бар көне сағанатастарды да бір шолып өттік. Алайда, шарқ ұрып ізденгенімізбен, «Кенесарин» деп қашалып бедерленген, құлыптас алдымыздан шыға қоймады.

2010 жылы Едіге Жансұлтанұлы Шоқанның туғанына 175 жылдығына орай Шоқанның жүріп өткен жерлерін аралап арнайы экспедиция жасады. 

Бөлім қызметкерлері Ш.Ш. Уәлихановтың 175-жылдығына арналған «Ш.Ш. Уәлиханов және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда. Көкшетау, 2010 ж.

Қасына жұбайы Дәмеш апамызды ертіп алты мың шақырым жер жүріп, Қазақстандағы Шоқанның табаны тиген, ұлы ғалымға қатысты деген орындардың ешқайсысын қалдырмай аралады. Сонымен қатар жанына топограф та алған, жолай тек жүрмей, зерттеу жұмысын жалғастырып келді. Археологиялық суреттер мен жер атауларын сызбаға түсірген. Едіге Уәлиханов бұл ғылыми-танымдық экспедициясын ұлы ғалым тыныстап жатқан Алтын Емелден бастады. Жолай Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткішіне соғып, одан Семей қаласына келіп, Достоевскийдің музейін тамашалады. Мұнан кейін тарихшы ғалым Баянауылға барды. Баянауыл – Шоқанның анасы Зейнептің төркіні. Осындағы кішкентай Ақкелін деген ауылда Зейнептің ағасы Мұса Шормановтың сүйегі жатыр. Ғалым оған да зиярат жасайды. Шоқанның балалық, жастық шағының куәсі, Шыңғыс сұлтан қоныстанған Көкшедегі Сырымбет, Бурабай өңірін аралау тек ғалымға ғана қызықты емес, кез келген жанды рухани байытады. Қостанай өңірі – Шоқанның кіндік қаны тамған топырақ. Едіге Уәлиханов ғалымның балалық шағы өткен Құсмұрынды аралады. Бабасы Шоқан жайлы арнайы зерттеу еңбегін жариялаймын деген мақсаты болған еді. Бірақ ғалым ауыр науқасқа шалдығуына байланысты бұл мақсатына жете алмады.

Ғылым жолына, деректер мен дәйектерді салыстыруға, жазба дерек пен ауызша тараған аңыз-әңгімелерді жіктеуге, саралауға жол көрсеткен Ұстаз әрі Ғалым – Едіге Жансұлтанұлының есімі әрдайым жанымызда жақсы істерімен, өнегелі сөздерімен хатталып қалары сөзсіз.

Оразов Рашид Ешенұлы

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының аға ғылыми қызметкері

 

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер

1. ҚР ОМА. 369-қ., 1-т., 3458-іс.

2. ҚР ОМА. 15-қ., 3-т., 112-іс.

3. Отчет экспедиция по пойску останков Кенесары Касымова. – Алматы, 2005 г.

Бөлісу