Италияда динозавр іздері табылды

Бөлісу

17.12.2025 7266

Италияның солтүстігінде орналасқан Стельвио ұлттық паркінің аумағында ғалымдар ерекше палеонтологиялық жаңалыққа тап болды. Зерттеу барысында жасы шамамен 210 миллион жылға теңестірілетін мыңдаған динозавр іздері табылған. Кейбір іздердің көлемі 40 сантиметрге дейін жетіп, саусақтары мен тырнақтарының бедері анық сақталған.


Мамандардың пайымдауынша, бұл іздер прозавроподтар деп аталатын ерте кезеңдегі шөпқоректі динозаврларға тиесілі. Олар ұзын мойынды, өткір тырнақты және дене тұрқы 10 метрге дейін жетуі мүмкін болған. Іздердің бір бағытта, қатар-қатар орналасуы жануарлардың табын болып қозғалғанын аңғартады.

Зерттеу кезінде динозаврлардың мінез-құлқына қатысты да тың болжамдар жасалды. Ғалымдар кейбір іздердің шеңбер тәрізді орналасуына қарап, жануарлар қауіп төнген сәтте қорғану мақсатында топтасқан болуы мүмкін деген тұжырымға келген.

Бұл бірегей нысанды алғаш рет өткен жылдың қыркүйек айында әуесқой фотограф Элио Делла Феррера байқап, тік жартастағы түсініксіз бедерлерге назар аударған. Ғалымдардың айтуынша, триас дәуірінде бұл аумақ жазық болған, ал геологиялық үдерістер нәтижесінде кейінірек көтеріліп, қазіргі Альпі тауларының бір бөлігіне айналған.

Палеонтолог Кристиано Даль Сассо бұл олжаны ғылым үшін аса құнды дереккөз деп бағалап отыр. Оның айтуынша, табылған іздер ерте динозаврлардың өмір салты мен қозғалысын зерттеуге тың мүмкіндік береді.

Аталған аумақтың қолжетімділігі күрделі болғандықтан, алдағы зерттеулерде дрондар мен қашықтан зондтау технологияларын пайдалану жоспарланған. Стельвио ұлттық паркі алдағы қысқы Олимпиада ойындарының нысандарына жақын орналасқан. Италияның Мәдениет министрлігі бұл жаңалықты Жердің ежелгі тарихы мен қазіргі заман арасындағы символдық байланыс ретінде атап өтті.

Бөлісу