Астанада XVI-XVIII ғасырлардағы сыртқы саясатқа қатысты мұрағаттық материалдар зерттелді
Қазақстанның дипломатиялық қатынастары мен сыртқы саясат тарихы әлі де терең зерттеуді талап ететін маңызды салалардың бірі.
Әсіресе XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс, қазақ-қытай және қазақ-түрік байланыстарының қалыптасуы, елшілік миссиялар мен сауда қатынастары жөніндегі мұрағаттық материалдар көпшілікке беймәлім күйде қалып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана қаласына арнайы ғылыми-зерттеу іс-сапарын ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан АР 26194453 – «XVI ғ. соңы – XVIII ғасырлардағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының беймәлім беттері (шетелдік архив материалдары негізінде)» ғылыми жобасы аясындағы бұл сапар XVI–XVIII ғасырлардағы халықаралық қатынастарға қатысты жаңа деректерді анықтауға арналған.
Іс-сапарға институттың ғылыми қызметкерлері атап айтқанда Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Мухатова О.Х., Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, PhD докторант Елдос Сауырқан қатысты. Мамандар 16–22 қараша 2025 жыл аралығында Астана қаласында бірқатар ірі ғылыми мекемелерде мақсатты зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу нысандары:
Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві;
Астана қаласының мемлекеттік архиві;
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы;
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы.
Іс-сапардың негізгі міндеті – XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы қазақ дипломатиясы, сауда-саттық байланыстары, елшілік хат-хабарлар, халықаралық келіссөздер тарихына қатысты құжаттарды анықтау, деректерді жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу. Зерттеу барысында қазақ-орыс, қазақ-қытай, қазақ-түрік қатынастарына қатысты маңызды архивтік материалдар қарастырылып, бұрын ғылыми ортада белгілі болмаған жаңа деректер тобы анықталды.
Архивтерден табылған құжаттар XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырларда Қазақ хандығының сыртқы саяси ұстанымдары, елшілердің миссиялары, шекаралық келіссөздер мен сауда жолдарының дамуы туралы тың мәліметтерді қамтиды. Зерттеуші материалдардың электронды және фотокөшірмелерін алып, оларды жобаның ғылыми базасына енгізді. Бұл құжаттар алдағы уақытта отандық тарих ғылымының жаңа тұжырымдамаларын қалыптастыруға ықпал етпек.
Астана қаласына ұйымдастырылған ғылыми іс-сапар XVI–XVIII ғасырлардағы Қазақстанның сыртқы саясат тарихының ашылмаған тұстарын нақты деректермен толықтыруға айтарлықтай үлес қосты. Жиналған орысша, шағатайша, осман түрікше және қытайша материалдар ғылыми жоба аясында дайындалатын еңбектерге, талдамалық зерттеулерге және болашақ халықаралық жарияланымдарға негіз болады. Аталған қомақты деректер отандық тарих ғылымындағы маңызды ақтаңдақтарды жоюға мүмкіндік беріп, Қазақ хандығының сыртқы саяси байланыстары туралы түсінікті одан әрі тереңдетеді.
Сауырқан Е.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институты, PhD докторант