«Қазақ өлкесін крестьяндық отарлауға байланысты империялық дискурс» атты дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

12.11.2025 5032

Алматыда «Қазақ өлкесін крестьяндық отарлауға байланысты империялық дискурс» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды e-history.kz порталы. 


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары «Қазақ өлкесін крестьяндық отарлауға байланысты империялық дискурс: субъектілерінің құрамы, объектісінің бағыттары (XIX ғасырдың екінші жартысы – 1917 ж.)» атты ғылыми жобаны іске асырып, еліміздің және шетелдердің архивтері мен кітапханаларында болып, зерттеу жұмысы бойынша  тың деректер жинақтады.  Іс-шара мемлекеттік гранттық жоба (AP23489366) аясында ұйымдастырылды. 

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы крестьяндық отарлау мәселелері бойынша империялық дискурстың мазмұнын талдау және оның «шаруаландыру» үдерісіне әсерін зерделеу болды.

Алқалы жиынның тізгінін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, академик Зиябек Қабылдинов ұстап,  шараның өту барысымен таныстырды. Сондай-ақ жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсан Әлімбай гранттық жоба аясында жүзеге асырылған жұмыстар туралы есеп берді. 

Ғалымның айтуынша, жоба нәтижелерінің мақсатты тұтынушылары гуманитарлық ғылымдардағы университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік органдар, сонымен қатар жалпы жұртшылық болып табылады. Жобаны жүзеге асыру XIX ғасырдың екінші жартысы – 1917 жылдардағы Қазақстан тарихы бойынша жаңа архив материалдарын ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта революцияға дейінгі Қазақстанның аграрлық тарихнама саласындағы зерттеулердің одан әрі бағыттары үшін база құрылады.

Дөңгелек үстелде империялық отарлау саясатының ерекшеліктері мен салдары, қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылымына және демографиялық өзгерістерге ықпалы жан-жақты талқыланды. Бас баяндамашылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Бибігүл Сейілқызы «1868 жылғы реформа: қазақ жерлерін орыс шаруалары отарлауының заңдық негізделуі» тақырыбында сөз алды. Қазақ даласын басқаруға қатысты 1868 жылғы әкімшілік реформада ғана қазақ жеріне қатысты баптардың қабылданғанына тоқталды. Аталған реформаларды жасақтау үшін құрылған Далалық комиссияның құжаттарындағы қазақ жерінің мәртебесіне қатысты пайымдауларға талдау жасады. Батыс Сібір және Орынбор өлкелеріндегі жерге қатынас, казактар иеліктері мен қазақтардың жерге меншігі мәселелеріне қатысты пікірлерді сараптады. 1868 жылғы реформадағы қазақ жерлері мен ормандарына қатысты енгізілген арнайы баптардың қазақ жерін орыс шаруаларының кеңінен отарлауына жол ашқанын атап көрсетті.

Дөңгелек үстолде сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті Даулет Абенов Батыс Қазақстан өңірінде шаруалар отарлауының ерекшеліктері мен зардаптарына тоқтай келе, Орал, Торғай қоныстандыру ауданына орыс мұжықтарының «өз бетімен қоныстануының» және оларды осы аймаққа патша өкіметінің ресми қоныстандыру саясатының негізінде жүзеге асқан шаруалар отарлауын, сонымен қатар оның қазақ қоғамына тигізген саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани зардаптарын ашып көрсетті.

Іс шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарихшы ғалымдары, сондай-ақ жас ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
 

Бөлісу