Елеке сазы қорымынан көне түркі қағанатына тиесілі жәдігерлер табылды
Бөлісу
05.11.20255935
Абай облысының әкімі Берік Уәли әйгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, Берел мен Елеке сазы қорғандарын зерттеуші Зейнолла Самашевпен кездесті, деп хабарлайды e-history.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында ғалым Ақсуат ауданындағы Елеке сазы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бірегей артефактілерді таныстырды. Бұл ескерткіш көне түркі қағанына арналған культтік-еске алу кешені және түркі дәуірінің мемлекеттілік жүйесін мен рухани дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Археологтың айтуынша, 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстары кезінде алтын, күміс, темір және сүйектен жасалған бұйымдар, сондай-ақ діни-ғұрыптық рәсімдермен байланысты құрбандық қалдықтары табылған.
Зейнолла Самашев Елеке сазы кешенін түркі қағандарының киелі мекендерінің бірі деп атап, оның әрі қарай зерттелуі түркі өркениетінің жаңа қырларын ашуға жол салатынын айтты. Сондай-ақ ол Семей қаласында қазба барысында табылған жәдігерлерді көпшілікке таныстыру мақсатында арнайы көрме ұйымдастыруды ұсынды.
Берік Уәли археологиялық мұраларды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, ғалымның бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.