Мұстафа Шоқай өлім жазасына кесілгендердің қатарында болды - Түлей Көсеұлы

Бөлісу

28.10.2025 5266

Ел азаттығы жолында жанын құрбан еткен арыстың бірі – Мұстафа Шоқайұлы. Түркістан автономиясы қайраткердің саяси биігін көрсетсе, «Яш Түркістан» қаламгер, публицист ретіндегі күрескерлігін айшықтады. «Яш Түркістан» –  түркі тәуелсіздік күресінің тарихқа хатталған дерегі ғана емес, сонымен бірге бүгінгі ұрпаққа бағыт беріп, бағдар нұсқайтын рухани ұстын.  

Бүгін біз сіздерге осы қымбат қазынаның терең қатпарларына бойлап, М.Шоқай мұрасын зерделеп жүрген түркиялық ғалым Түлей Көсеұлымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.


Мұстафа Шоқай және «Яш Түркістан»

– Түлей Көсеұлы, сұқбатымыздың өзегі эмиграциядағы «Яш Түркістан» басылымы төңірегінде өрбитіндіктен әңгіменің әлқиссасын Түркістан тәуелсіздігі жолындағы эмиграциялық күрестен бастасақ. Жалпы Түркістан азаттығын көксеген мұһажырлық күрес қашан, қалай қалыптасты? 

1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінен кейін Ресей империясының түкпір-түкпірінде бостандық ұраны көтерілді. Әуелі Уақытша үкімет, артынша Ленин бастаған большевиктер халықтарға «өзін-өзі билеу құқығын береміз» деп уәде етті. Осы тарихи сәтті пайдаланып, Түркістанның әр аймағында ұлттық автономиялар құрылды. Қазақ даласында – Алаш автономиясы, ал оңтүстік Түркістанда Қоқан мұһтарияты жарияланды.

1917 жылдың желтоқсанында құрылған Қоқан автономиясы небәрі 64 күн ғана өмір сүрді. 1918 жылдың қаңтар-ақпан айларында большевик әскерлері Қоқан қаласын басып алып, ұлттық үкіметті қарумен таратты. Қанды қырғында үкімет мүшелерінің бір бөлігі атылды, енді біреулері түрмеге қамалды. Үкімет басшысы Мұстафа Шоқай да өлім жазасына кесілгендердің қатарында болды, бірақ ол қашып құтылды. Шоқайұлы шетелде бас сауғалап, бұғып жүрген жоқ. Ол кеңес билігіне қарсы одақтас іздеуге кірісті. 

– Кімдермен одақтасуды көздеді?

Алдымен Баку мен Тифлисте болып, Кавказдың жетекші қайраткерлерімен байланыс орнатты. Кейін кеңес әскері Кавказды да жаулап алған соң, Стамбұлға, одан әрі Батыс Еуропаға бет алды. Осында чех, белорус, украин көсемдерімен, сондай-ақ «Прометей» қозғалысының өкілдерімен кездесіп, Түркістан азаттығы күресін халықаралық деңгейге шығарды. Сөйтіп, Мұстафа Шоқай өмірінің соңына дейін Еуропада қалып, Түркістан ұлттық қозғалысының шетелдегі ең беделді өкіліне айналды.

– Эмиграциядағы күресінің басты ерекшелігі не? 

Эмиграцияға кетуі, Мұстафа Шоқайға социализм жүйесіне сырттан көз салуға және оны қалтқысыз тануға мүмкіндік берді. Шоқайұлы осы уақыттан бастап «Менің қаруым – сөз» деп, Францияда публицист ретінде белсенді баспасөз қызметіне кірісті. Еуропаның әртүрлі жерлерінде Түркістан халқының жағдайын паш етіп, конференцияларда баяндама жасады. Францияда бұрынғы орыс демократтарымен бірге жұмыс істеп, басылымдарда түрлі мақалалар жариялады. Ресей отаршылдығын сынады. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан күресінің Еуропадағы өкілдігін атқарды. Кейіннен орыс демократтарының бірте-бірте большевиктерге бет бұрғанын байқап, 1926 жылдан бастап олармен ынтымақтастығын тоқтатты. Сол жылдан «Prométhée» журналында жазуды бастады.

Түркістан ұлттық күресін «Яш Түркістансыз» қарастыру мүмкін емес

– Сіз докторлық диссертацияңызды «Яш Түркістан» журналынан қорғадыңыз. Жалпы түркі эмиграция күресінде бірқатар басылымдар жарық көргені белгілі. Солардың ішінен не себепті «Яш Түркістанға» айрықша қызығушылық таныттыңыз? 

1922 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы құрылғаннан кейін екі жыл өткенде «Түркістан» атауына ресми тыйым салынды. Оның орнына жергілікті халықтарды жеке-жеке бөліп, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан секілді ұлттық республикалар жасанды түрде құрылды. 1929-1939 жылдар аралығында Түркістан барлық қырынан түбегейлі өзгеріске ұшырады. Экономикалық, діни, мәдени, әлеуметтік және саяси тұрғыдан жаңа кеңестік жүйеге бейімделді. Міне, осы өзгерістерді сырттан бақылап, үздіксіз қадағалап отырған жалғыз басылым – «Яш Түркістан» журналы. Оның маңызы да осында. 

Оқи отырыңыз: Мұстафа Шоқай – сатқын емес. Ол – ұлы қаһарман

Әрине, сол кезеңде «Иени Түркістан», «Түрік-татар», «Одлу юрт», «Куртулуш» сияқты басқа да эмиграциялық басылымдар жарық көрді. Алайда олардың барлығы ұзақ өмір сүре алмады. Ал «Яш Түркістан» он жыл бойы үздіксіз шығып қана қоймай, Түркістан ұлттық қозғалысының ең беделді әрі ықпалды мінберіне айналды. Сондықтан мұһажырияттағы түркістандықтардың ұлттық күресін тану ретінен болсын, яки кеңес билігінің осы он жылда Түркістанға жүргізген саясатын шынайы түсіну тұрғысынан болсын «Яш Түркістанды» зерттеудің маңызы зор. 

– Эмиграциядағы өзге түркі басылымдары неліктен «Яш Түркістанға» қарағанда ерте жабылды? Қаржы қиындығынан ба, әлде басқа себеп бар ма?

Негізгі себеп қаржыдан емес, саяси жағдайдан туындады. 1926 жылы Түркия мен Кеңес Одағы арасында достық келісімі жасалды. Осыған сәйкес, Кеңес Одағы өзінің Сыртқы істер комиссариаты арқылы Түркиядан кеңеске қарсы мақалалардың тоқтатылуын қатаң талап етті. Салдарынан 1931 жылы Министрлер кабинеті қаулысымен эмиграциядағы бірқатар басылымдар – «Иени Түркістан», «Отлы Юрт», «Билдириш» сияқты газет-журналдар түгелімен жабылды. Осы оқиғадан кейін «Түркістан ұлттық бірлігінің» мүшелері: «Түркиядан тыс жерде, Еуропада, бүкіл түркістандықтарға үн қататын жаңа басылым шығаруымыз керек», – деген ортақ мәмілеге келді. Осылайша «Яш Түркістан» түркістандық эмиграцияның басты мінберіне айналды.

– Журналдың «Яш Түркістан» аталуында қандай мән бар? 

– «Яш Түркістан» («Genç Türkistan») атауының мәні тереңде жатыр. Ол – болашақ түгелдей жастардың еңбегіне, олардың табысына байланысты деген сенімді білдіреді. Басылым атауы арқылы түркістандық қайраткерлер: «Барлық үміт – келешек жастарда. Ұлттың болашағын да, тәуелсіздігін де тек жас ұрпақ сақтай алады», – деген ойды айқындап көрсеткісі келді.

– «Яш Түркістанның» ауқымды, іргелі мұра екенін, онсыз Түркістан ұлт-азаттық күресі толық айқындалмайтынын тілге тиек еттік. Әйткенмен оқырмандарға түсінікті болу үшін іргелі мұра деген ұғымды  дерекпен дәйектеп өтсек.

1929-1939 жылғы он жылда «Яш Түркістанның» 117 саны жарық көрді.  Бұл 10 томнан тұратын, жалпы көлемі 4760 бетті қамтитын біртұтас ауқымды еңбек. Оның ішінде 987 мақала және 254 жаңалықтар мен өзге жазбалар (түсініктеме, түзету, еске салу, хабарландыру, хат, жазба, қосымша, құттықтау т.б.), 31 өлең бар. Осыған орай, әдеби сипаты аз болған «Яш Түркістанды» саяси журнал деуге болады. Ол 10 жыл бойы үзіліссіз шықты. Кейде екі нөмірі бірге қосарланып жарияланды. Әр саны орта есеппен 42-45 бетті құрайды.

– Ал басылымның құрылымы туралы не айтасыз? Материалдар қандай айдарлар аясында жарық көрді? 

«Яш Түркістан» саяси, әдеби және жаңалықтар бөлімдерінен құралды. Саяси бөлімде кеңес билігінің Түркістанда жүргізген саясаты кеңінен талданды. Әдеби бөлімде кітаптарға шолу, аудармалар және өлеңдер жарияланды. Жаңалықтар бөлімі халықаралық жаңалықтар және Түркістанға қатысты жаңалықтар болып екіге бөлінді.

«Яш Түркістан» – Ресей отаршылдығын егжей-тегжейлі және үзіліссіз қарастырған жалғыз басылым

– Енді журналдың мазмұндық қабатына ойыссақ, «Яш Түркістанда» не мәселелер жазылып, қандай тақырыптар көтерілді?

– Журналда Түркістандағы мақта шаруашылығы, білім беру, жергілікті кадрларды тарту (жергіліктендіру), экономика және дін саясаты, бір сөзбен айтқанда, Сталинның Түркістан аймағында жүзеге асырған саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерінің бәрі көрініс тапты. Тек көрініс тауып қана қалған жоқ, ең маңыздысы – Кеңес билігінің Түркістан топырағында іске асырған реформалар мен өзгерістерінің басталуы мен қалыптасу үдерісін жан-жақты талдап-саралап, саяси бағасын берді. Бұл – мазмұнның бірінші қабаты. Ал ұлттық күрестің мәні мен мазмұны, талаптары мен әдістері, Түркістан мұһажырларының өмірі екінші қабатты құрайды. 

– «Яш Түркістан» Кеңес Одағының отаршылдық саясатын қалай әшкереледі? Кеңестік үгіт-насихатқа қарсы қолданған ең ұтымды уәждерінен мысал келтірсеңіз.

«Яш Түркістанның» басты мақсаты – Кеңес Одағына қарсы күресу. Сондықтан Кеңес билігінің іс-әрекеттерін және Түркістандағы жағдайды тұрақты түрде бақылап отырды. Кеңес  баспасөзін мұқият қадағалады, әсіресе, Түркістандағы жергілікті газет-журналдарды қалт жібермеді. Мұны біз журнал бетінде жергілікті кеңестік газеттерден алынған хабарлардың жиі жариялануынан анық байқаймыз. «Яш Түркістанды» зерттегенде, мақалалардың дерлік басым бөлігі осы газеттердегі жаңалықтарға сүйеніп жазылғанын көруге болады.

– «Яш Түркістан» кеңестік биліктің қай басылымдарына сілтеме жасайды? Статистикалық санақ жүргізіп көрдіңіз бе?

Ондай есеп жасалды. Шамамен 30-40 басылымнан дәйек келтірген. 

– Басылым сүйенген дереккөздерді қандай категорияларға топтастыруға болады? Газет-журнал хабарлары, белгілі саяси тұлғалардың баяндамасы деген секілді санаттарға жіктеп көрдіңіз бе?

Жаңалықтардағы дереккөздерді негізінен үш топқа жүйлеуге болады:

Большевиктер тарапынан Түркістаннан жер аударылған немесе кейін шетелге қашқан эмигранттардың жіберген хаттары;

Кеңес Одағында жарық көрген орталық, ұлттық, сондай-ақ жергілікті газеттердегі материалдар; 

Кеңес шенеуніктерінің ресми баяндамалары мен пікірлері.

Осы орайда «Яш Түркістан» редакциясының Мешһед қаласында тұрақты тілші ұстағанын атап өту керек. Ол тілші журналдың алғашқы санынан соңғы санына дейін әр нөмірге Мешһедтен хабар жолдап тұрды.

«Иени Түркістан» мен «Яш Түркістан» – екеуі де саяси себеппен жабылды

Түркістанның тәуелсіздік күресінде «Яш Түркістанмен» қатар «Иени Түркістанның» да маңызы зор. Түркістан тәуелсіздік күресін кеңірек түсіну үшін оқырманға осы басылым туралы да қысқаша айта кетсеңіз. 

Екі журналдың арасында жарық көру мерзімі, басылым орны және тілдік ерекшеліктер тұрғысынан айырмашылықтар бар.

«Иени Түркістан» журналыСтамбұлда 1927-1931 жылдары жарық көрді. Ол мұһажырияттағы түркістандықтардың Кеңес билігіндегі Түркістанға қатысты өз позицияларын білдіру мақсатында шығарылды. Оның айналасында Түркістаннан эмиграцияға кеткен зиялылардың жетекші тобы топтасты. Басылым «Түркістан Ұлттық Бірлігі» аталатын ұйымның органы қызметін атқарды. Түркістандықтардың Еуропада шығарған алғашқы басылымы болды. 

Журналды Осман Қожаұлы шығарды. Зәки Уәлиди Тоған, одан кейін Межиддин Ахмет жауапты редакторы болды. Редакциясы Сұлтанахмет маңында орналасты. 

1928 жылдан бастап Түркияда әліпби реформасы жүргізіліп, латынға көшу басталғандықтан журналдың алғашқы сандары араб әліпбиімен, кейінгі нұсқалары латын қарпінде жарық көрді. Бұл өзгеріс шетелдегі түркістандықтардың журналды түсінуін қиындатты. 

– «Иени Түркістанның» маңызы неде? 

– «Иени Түркістан» Түркиядағы түркістандықтардың қызметін, олардың отандағы оқиғаларға көзқарасын түсінуге жол ашты. Алғашқы Кеңес билігі жылдарында, шындықты бұрмалаған орыс баспасөзіне қарсы «Иени Түркістандағы» жазбалар тарихи дереккөз ретінде айрықша маңызды болды. Бұл басылым арқылы мұһажырияттағы түркістандықтардың жағдайы, тәуелсіздік күресі және большевик билігіне реакциясы анықталып отырды.

1931 жылы Түркия мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтірді деген себеппен Түркия Министрлер Кеңесінің шешімімен жабылды.

– Ал «Яш Түркістанда» бұл мақсат қалай көрінді?

– «Яш Түркістан» журналы 1929 жылдан бастап Берлинде жарық көрді.  Түркістандық зиялылар ұлттық күресті халықаралық деңгейде таныту мен ұлттық тәуелсіздік идеясын тарату тек ұлттық баспасөз арқылы жүзеге асады деген сенімге бекіді. Сол себепті «Яш Түркістан» мазмұны,  әрі пішіні жағынан ұлттық мемлекет құру идеясын дәріптеу, тәуелсіздік күресін күшейту мақсатында болды. 

Басылым ресми түрде Францияда дайындалғанымен, Берлин баспаханасында басылып, таратылды. Мұның себебі – сол кезеңде арап қарпінде басатын Еуропадағы ең үлкен әрі заманауи баспахана Берлинде орналасқан болатын. Францияда мұндай мүмкіндіктер жоқ еді. Сондықтан журнал іс жүзінде Берлинде басылып шықты, бірақ ресми мекенжай ретінде әрқашан Мұстафа Шоқайдың Франциядағы мекенжайы көрсетілді.

1938 жылы соғыс бұлты қоюлана бастаған шақта, «Яш Түркістанды» шығарушы «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын Франциядан Берлинге көшіріп, жұмысын сонда жалғастырды. 1939 жылы Германия мен Кеңес Одағы арасында «Молотов–Риббентроп пактісі» жасалғаннан кейін, Германиядағы Кеңеске қарсы барлық ұйымдар мен басылымдарға тыйым салынды. Соғыстың тұтануымен шетелдік оқырмандармен байланыс та үзілді. Ақыр аяғы «Яш Түркістан» тамыз-қыркүйекке арналған біріктірілген нөмірімен тоқтауға мәжбүр болды. Алайда соңғы нөмірде журналдың жабылатыны жөнінде ешқандай хабар берілген жоқ. Осы факті де журналдың қаржы тапшылығынан емес, саяси себеппен жабылғанын қосымша дәлелдейді. 

1930 жылғы «Қоғамдар туралы заң» «Түркістан» атауына тыйым салды

– «Яш Түркістан» мен «Иени Түркістанды» сөз ете отырып, «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымына тоқталмай кете алмаймыз. ТҰБ қандай ұйым, кімдер құрды және мақсат-мұраты не еді?

1921 жылғы 2 тамызда «Түркістан ұлттық бірлігінің» орталық комитеті төрағалығына сайланған Ахметзәки Уәлиди Тоған большевиктердің Қызыл әскер күшімен Түркістанға қарай жылжуы ұлттық күресті қиындатып бара жатқанын аңғарды. Күрес алаңы барған сайын тарылған соң, VI Түркістан ұлттық құрылтайы шақырылып, Түркістан тәуелсіздігі Ресейдің ішкі мәселесі шеңберінен шығарылып, халықаралық іс ретінде қаралды. 1923 жылы З.Тоған бұл миссияны Ресей сыртында қорғау үшін Түркістаннан кетуге мәжбүр болды.

1927 жылғы 15-26 наурыз аралығында «Түркістан азаттық қоғамының» орталық комитеті Стамбұлда құрылтай өткізді. Бұл жиынға Ахметзәки Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқайұлы, Мамұр Ниязи, Абдулқадыр Инан және Мұстафа Шакули қатысты. Нақты жағдайға сараптама жасалып, хал-ахуал бағамдалғаннан кейін Түркия Республикасының ішкі және сыртқы саяси ұстанымына байланысты ұйым жұмысы құпия жүргізілетін болды. 

– Бір аптаға созылған Құрылтайда тағы қандай қаулы қабылданып, мәміле жасалды? 

Құрылтайдың алғашқы күні қабылданған шешімге сай «Түркістан азаттық қоғамы» атауын «Түркістан ұлттық бірлігіне» (ТҰБ) өзгертті. ТҰБ-тың Еуропадағы өкілдері болып Ахмет Найым мен Мұстафа Шоқай сайланды. 

Басылымда Түркияның саяси жағдайына қатысты ешбір мақала жарияланбайтын болды. Құрылтайдың соңғы күнінде ТҰБ-тың орталық комитетіне Мұстафа Шоқайұлы, Осман Хожаұлы және Зәки Уәлиди Тоған сайланды. ТҰБ төрағалығына Осман Хожаұлы бекітілді. ТҰБ жоспарлаған басылымның шығарушысы Осман Хожаұлы болып, ал редакторлық қызметті Зәки Уәлиди Тоғанның атқаруы белгіленді. 1927 жылғы Құрылтай ТҰБ-тың алдағы он бес жылдық бағыт-бағдарын айқындаған тарихи мәжіліс болды.

– «Иени Түркістан» осы құрылтай шешімімен жарық көрді ғой? 

Иә, дәл солай. Осы Құрылтайда «Иени Түркістан» атты басылым шығару шешімі қабылданды. Бұл журнал – мұһажырияттағы Түркістан ұлттық күресінің немесе «тәуелсіз Түркістан» мәселесінің әлемдік жұртшылыққа жеткізілуінде, сондай-ақ сырттағы түркістандықтардың ұйымшылдығын арттыруда аса маңызды рөл атқарған алғашқы басылым болды. Алайда ТҰБ құпия ұйым болғандықтан ашық түрде жұмыс атқаруы мүмкін емес еді. Оның үстіне Түркия Республикасы саяси сипаттағы іс-шараларға рұқсат бермеді. Сондықтан ТҰБ атынан қоғам алдында ашық қызмет жүргізе алатын жаңа ұйым қажет болды. Осы ізденістің нәтижесінде 1927 жылғы 29 қыркүйекте «Түркістан түркі жастары бірлігі» құрылды.

– «Түркістан түрік жастары бірлігі» «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының атқарушы органы болды десек қателеспейміз ғой? 

Солай деуге болады. Бұл ұйым толықтай ТҰБ-қа өкілдік етті. Түркияда саяси сипаттағы басылымдар шығаруға билік рұқсат етпегендіктен, ұйым өзін мәдени бірлестік ретінде көрсетті. Бірақ, шын мәнінде, мазмұны толықтай саяси еді.

–  Ұйым қай уақытқа дейін өмір сүрді? Нендей істер атқарды?

1930 жылы Түркияда «Қоғамдар туралы заң» қабылданды. Сол заңға сәйкес, «Түркістан түрік жастары бірлігінен» саяси мәнге ие деп танылған «Түркістан» атауы алынып тасталды. Осыдан кейін ұйым «Түрік жастары бірлігі» болып өзгертілді де, тек мәдени ұйым ретінде ғана қалды. 

«Түркістан түрік жастары бірлігі» Түркістаннан Түркияға оқуға келгендерге стипендия берді. «Түркістан күндері» ұйымдастырылды. Мысалы, Адана қаласында, Түркияның басқа өңірлерінде осындай шаралар өткізіліп тұрды. Осылайша, Түркістан ісі әрдайым күн тәртібінде тұрды.

– Кеңес Одағы дипломатиялық жолмен мұһажырлық басылымдарды жаптырып қана қарап отырмағанын білеміз. Оған дәлел:  «Яш Түркістан» бетінде кеңес билігінің арнайы жіберген тыңшылары әшкереленеді. 

Иә, 1930 жылдан бастап ТҰБ-тың жұмыс ауқымы кеңейе түсуі Кеңестерді қатты алаңдатты. Большевиктер Түркиядағы барлау мен үгіт-насихат әрекеттерін күшейтті. Бірақ бұл қадамдарынан айтарлықтай нәтиже шығара алмады. Сол жылдың соңына қарай Хоженттің тәжігі Әлижан Садықұлы есімді агент ТҰБ-тың Стамбұлдағы орталығына жіберілді.

Антисоветтік топтар «Прометей қозғалысы» аясында бірлесті

– «Яш Түркістанның» жарық көруіне Польшадағы «Прометей» қоры қолдау көрсеткенін білеміз. Мұстафа Шоқайдың өзі де «Прометей» журналында қалам тербеді. Оқырмандарды тағы бір большевизмге қарсы одақ – «Прометей қозғалысымен» таныстырып өтсек.

«Прометей қозғалысы» – Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Польшаның тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге, поляк көшбасшысы Юзеф Пилсудскийдің бастамасымен құрылған, кеңестік үстемдікке қарсы топтарды (украин, грузин, әзербайжан, қырым татары, башқұрт, түркістан және т.б.) бір арнаға тоғыстырып, қаржылай қолдау көрсеткен қозғалыс болатын. Мұстафа Шоқайдың еңбектері де осы қозғалыс қоры тарапынан қолдауға ие болды. М. Шоқай 1930 жылдардың ортасына қарай антисоветтік «Прометей қозғалысы» аясында бірлесті. Саяси беделінің арқасында Түркістан күресінің үні – «Яш Түркістанға» да қажет қаржының бір бөлігін осы арнадан тапты. 

– «Прометей қозғалысы» қол ұшын созғанымен, «Яш Түркістан» ұдайы қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған. Оны басылым жазбалары да растайды. 

Дұрыс айтасыз, «Яш Түркістанның» көптеген сандарында журналдың қаржылық тапшылық салдарынан шектеулі тиражбен басылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Әлемнің әртүрлі жерлерінде ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан түркістандықтарға журналды тегін жіберуге мәжбүр болу жағдайды одан сайын күрделендірді.

Редакцияға түскен хаттардағы өтініштерде таралымды көбейту және көлемін ұлғайту қажеттігі айтылған. Алайда қаржылық мүмкіндіктер оған жол бермеді. Сол себепті жағдайы жақсы түркістандықтардан көмек күтетіні жөнінде журнал бетінде хабарландырулар жарияланып тұрды. Бұл үндеулер кейде нақты қолдау тапты. Бұған қоса, жазылушыларға жиі-жиі төлемдерін уақытында өтеу туралы өтініш білдіріп, жаңа жазылушылар тарту жөнінде де үндеулер жиі жарияланды. Міне, осы фактілердің бәрін сараптағанда журнал, сіз айтқандай, әркез қаржы қиындығымен бетпе бет келген. 

– Осындай мехнат пен қат-қабат қиындықтарды жеңе отырып, он жыл үзіліссіз журнал шығару Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан азаткерлерінің берік сенімі мен ерік-жігерін, мұрат жолындағы мызғымас ұстанымын паш етсе керек! Күрескерлердің ерлігіне тағзым ете отырып, сұқбаттың келесі кезеңіне көшейік. 

Журналда негізгі қаламгерлерден басқа 96 автордың мақаласы жарық көрген

– Ендігі сөзді «Яш Түркістанның» авторларына арнасақ. Басылымға Мұстафа Шоқайдан бөлек негізгі авторлар ретінде Тaйыр Шағатай мен Абдулуаһап Оқтай қалам тартқан. Бұл екі жас кім? 

«Яш Түркістан» – мақалалар саны тұрғысынан аса бай мұра қалдырған басылым екенін сұқбатымыздың басында айттық. Басылымның жалпы жұмысын үйлестірген, бар ауыртпалығын атқарған үш кісі еді. Олар Мұстафа Шоқай мен оған сенімді серік, адал ізбасар бола білген Тайыр Шағатай мен Абдулуаһап Оқтай болатын. Мұстафа Түркістаннан белгілі саяси көсем, ал оның жанындағы екі шәкірттің бірі дәрігер, екіншісі – Гейдельберг университетінде экономика мамандығын оқыған жас жігіт-тін. Сөйтсе де олар жас болғандарына қарамастан, Мұстафа Шоқаймен бірге басылымның негізгі жауапкершілігін мойындарына алып, үлкен еңбек етті.

– «Яш Түркістан» журналында материалдардың дені бүркеншік есіммен берілген. Осы бүркеншік есімдердің сыры толық ашылды ма? 

Журналда Мұстафа Шоқайұлы, Тайыр Шағатай, Абдулуаһап Ысқақұлы Оқтай және Мәждеддин Ахмедтен басқа 96 автордың мақаласы жарық көрген. 

Олардың ішінде: А. деген қаламатпен – 7 мақала, Балтабай бүркеншік есімімен – 6 мақала, Иілтер және Доктор Иілтер (Салих Ерінқол) қолтаңбасымен – 6 мақала, Уа. Ну. (Уала Нұреддин) атымен – 6 мақала, Емин Уахид авторлығында – 5 мақала, Хабибүр рахман әл-Бұлғари есімімен – 4 мақала жарияланды. «Шығыс Түркістандық бір мұжаһид», Ахмет Ағаұлы секілді басқа авторлардың 2-3 мақаласы бар. 

Мысалы, «Жанай» деген бүркеншік есім бар. Ол Мұстафа Шоқайұлына тиесілі. Алайда кейбір зерттеу еңбектерінде «Жанай» Абдулуаһап Оқтайға тиесілі делінген. Шынтуайтында, ол – Мұстафа Шоқайұлының қаламаты. Енді не себепті Мұстафаға тиесілі десек, Жанай – Шоқайұлының арғы бабасының (алтыншы атасының) есімі.

Тайыр Шағатай журналда өз мақалаларын 9 түрлі бүркеншік атпен жариялаған. Атап айтқанда,  К. А. Шағатай, А. Шағатай, Шағатай, Ташбалта, Есен Тұрсын, Тимурұлы, Темір, Тайыр Шәкір және Ш. Құлиев. Абдулуаһап Оқтайдың қолтаңбасынан шыққан 100 жазба бар. Бұл материалдар Абдулуаһап, Ысқақұлы Абдулуаһап, Оқтай, А. Ысқақұлы, Яш Түркістанлы, Тоқтамысұлы және Т. аттарымен жарық көрген. 

– Ұжымдық авторлар мен аты-жөні көрсетілмеген материалдарға қатысты не айтасыз? Өйткені басылымның бас мақалаларының дені авторсыз жарық көрген. 

«Яш Түркістанда» жарық көрген жазбалардың біршамасында автор аты-жөні көрсетілмеген. Кейде мақалалар «Яш Түркістан», «Түркістан тәуелсізшілері», «Түркістан түркі жастары бірлігі» деген ұжымдық қолтаңбамен жарияланды. Одан бөлек, біршама жазбалар авторсыз жарық көрген. 

Бұл екі санаттағы мақалалардың басым бөлігі Мұстафа Шоқайұлына, одан кейін Тайыр Шағатай мен Абдулуаһап Оқтайға тиесілі. Өйткені қозғалыстың Еуропадағы өкілдігін атқарған Шоқайұлы әдетте халықаралық конференцияларға қатысып, ондағы пайым-әсерлерінен мақалалар жазатын. 

– «Яш Түркістан» мен «Иени Түркістанның» авторлар құрамында айырмашылық болды ма?

Мазмұндық тұрғыдан «Иени Түркістан» мен «Яш Түркістан» бір-біріне жақын болды, сондықтан авторлары да дерлік ортақ еді. Алайда бір жайтты айтпай өте алмаймыз: «Иени Түркістанда» негізгі автор ретінде көрінген Зәки Уәлиди Тоғанның «Яш Түркістанда» бір де бір жазбасы жоқ. 

Мұстафа Шоқай мен Зәки Уәлиди арасындағы қайшылық әдістері мен жолдарының әртүрлілігінен туды

– Осы фактіңізге қосымша ой үстей кетейін, Зәки Уәлиди Тоғанның «Естеліктер» аталатын әйгілі мемуарында да, өкінішке қарай, Мұстафа Шоқай туралы тым аз айтылады. Бұл екі тұлға арасында келіспеушілік барын білеміз. Жалпы бұл қайшылықтың түп себебіне үңіліп көрдіңіз бе? 

Бұл қайшылық олардың бір-біріне жау болғанынан емес, әдістері мен жолдарының әртүрлілігінен туды.

– Нақты қандай мәселеде пікірлері келіспеді? «Яш Түркістанға» мүлдем қалам тартпай қою мен тарихи-дерекнамалық еңбегінде азаттық жолында жанын қиған жолдасын лайықты бағаламау, менше, қарапайым «келіспеушілік» емес секілді.

Негізгі себеп – көшбасшылық үшін күрес деп ойлаймын. Әрине, жеке кикілжіңдер де болған. Мұстафа Францияда, Зәки Түркияда еді. Түркістан тәуелсіздік күресінде әрқайсысы өз көзқарасын дұрыс санады. Екеуі баспасөз бетінде пікір жарыстырды. Зәки Уәлиди Түркия ұлтшылы Нихал Атсыздың журналында жасырын атпен жазды. Мұстафа Шоқай «Яш Түркістанда» оған жауап ретінде мақалалар жариялады. Пікір қақтығысына барды. Ал нақты атап көрсету керек болса, қайшылықтың мәні – әдіснамалық айырмашылық пен көшбасшылық үшін таластан туды деп санаймын. 

– Зәки Уәлиди Парижге келгенде Мұстафаның орыс демократтарымен істес болғанын жақтырмапты. Іліктің басы осы болған секілді. 

Көрнеу қайшылық, әсіресе, конгрестерде көрінді. Мұстафа Шоқай – «автономиялық тәуелсіздік» ұғымын алға тартты. Зәки Уәлиди – толық тәуелсіздікті жақтады. 

– Автономиялық тәуелсіздік ақпан төңкерісі жеңіске жеткен уақытта Ресейдегі барлық ұлттық көсемдердің таңдауы мен ұмтылысы болды. Осы ойдың жетегіне Мұстафа Шоқай да ерді. Тіпті, әу баста Зәки Уәлиди Тоғанның өзі де автономияға қол жеткізу үшін Ленин, Сталиндермен келіссөздерге барған еді. 

– Бұл айтқаныңызбен келісемін. Ақпан төңкерісін Түркістан зиялылары үлкен қуанышпен қарсы алды. Тіпті Керенскийдің өзін Түркістанда халық көшеге шығып, шат-шадыман қарсылаған. Бірақ бұл үміт ұзаққа бармады. 1917 жылдың ақпанынан қазанға дейінгі аралықта жағдай түбегейлі өзгерді. 1918 жылдың қаңтарынан әрі қарай мұлде басқа кезең басталды. 

– Зәки тұлғасын сөз еткенде оның «жалпы түркі тарихы» бағытының негізін қалғанын айтпай өте алмаймыз. Осы турада аз-кем ой үстесеңіз. 

Ахметзәкидің саясаттағы еңбегі қандай елеулі болса, ғылымға қосқан үлесі де сондай зор. Түркияда «Жалпы түрік тарихы» кафедрасын құрған – Зәки Уәлиди Тоған. Бүгінгі «Умумий түрік тарихы» бағыты Зәки арқасында қалыптасып, қанат жайды. Оған дейін Османлы дәуірінде тарихи тамырды Орта Азиядан іздеу деген көзқарас жоқ болатын. Міне, осы бағытты алғаш жолға қойған, орнықтырған – Зәки Уәлиди Тоған. Бұл саладағы үлесі оның саяси қызметтегі үлесінен еш кем соқпайды. 

– Ататүрікпен де тікелей қарым-қатынаста болды деп айтылады?

Иә. Ататүрік арнайы шақырып, Зәки Уәлиди Тоған мен Рашид Рахметиді Германияға жіберді. Олар онда зерттеу жүргізіп, түрік тарихының жаңа концепцияларын қалыптастырды. 

М. Шоқай Ресей ықпалынан құтылудың тиімді тірегінің бірін тіл тәуелсіздігінен – ортақ жазудан іздеді

– «Яш Түркістан» шағатайша жарық көрді.  Ғалым ретінде бұл тілдің сипатын анықтап берсеңіз. 

«Яш Түркістан» белгілі бір түрік тайпасының ғана диалектісі емес, әртүрлі түркі халықтарына тән сөздерді қамтып, ортақ бір түрік тілін табуға ұмтылыс жасады. Сондай-ақ кең ауқымды түркі оқырмандарын қамту үшін араб әліпбиін таңдады. Оны өздері шағатай түрікшесі деп атады. Бірақ айрықшалап айтатын мәселе, бұл XV ғасырда қолданылған шағатайша емес. Мұстфа Шоқай журнал тілі туралы XV ғасырда қолданылған шағатай тілінің үлгісіне қайтып орала алмайтындықтарын, XX ғасырдағы қоғамның мұң-мұқтажын XV ғасырдың тілімен жеткізу де мүмкін еместігін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ журналдың тіл саясатына қатысты ұстанымы Есен Тұрсынның арнайы мақаласында да айтылды. 

– Тіл реформасы сәтті болды ма? Бұны сұрап отырғаным, сол өз заманында-ақ «Яш Түркістанның» тіл саясатын сынап, мақала жазылып еді. 

Журналдың тіліне қатысты сын пікірлер айтылғаны рас. Мәселен, өзіңіз айтқандай, Стамбұлда шыққан «Атсыз» мәжмуада («Атсыз» журналда) Зәки Уәлиди Тоған: «Шығыс түрік диалектісімен шыққан «Яш Түркістанның» тілі нағыз өзбек түрікшесі емес. Түркістан диалектілерінің ажам (парсы) әсерімен бұзылған түрі. Егер ол өзбекше немесе шағатайша жазылғанда әлдеқайда дұрыс болар еді», – деп сынады. Бұл сынға жауап ретінде Мұстафа Шоқай: «Саяси басылым үшін қандай ықпалдың ырқында болса да, қалалықтардың тілі тиімдірек. Қалалар мен ауылдарда ажам (парсы) ықпалына ұшыраған, формасы бұзылған диалектіні сөйлейтіндер де өзбек-түркістандықтар», – деп жазды. 

– Ал «Яш Түркістанның» бұл тілдік ерекшелігіне қатысты ғалым ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай? 

– «Яш Түркістан» басылымының қолданған тілі шағатай түрікшесі болатын, бірақ бес ғасыр ішінде шағатай тілі халықтың қажетіне орай өзгерістерге ұшырады. Бұл әр халықтың дамуында табиғи түрде орын алатынын заңды құбылыс еді. «Яш Түркістан» саяси басылым болғандықтан XX ғасырдағы халық қажетін өтейтін лайық тіл қолданды. 

– «Яш Түркістандықтар» бұл тілді қалай жасады? Тәжірибелік тұрғыда басшылыққа алған үлгісі болды ма?

– Мұстафа Шоқай ортақ тілге қатысты мәдени дамуда алға озған Батыс түріктерінің (Түркия түріктері) тәжірибесімен тілді жетілдіруді, сол арқылы әрі жергілікті мұқтажды қанағаттандыру, әрі түркі өркениетіне қызмет етуді  көздеді. Осы реттен де «Яш Түркістан» тілінде ажам (парсы) әсері басым деген пікірдің негізі әлсіз. 

– Демек Мұстафа Шоқай өмірге әкелген шағатай тілі түркі дүниесінің тұтастығы үшін қажетті әрі ең тиімді қадам болды деп ой қорытуға болады ғой? 

Иә, бұл – Мұстафа Шоқайдың түркі бірлігі үшін жасаған ең маңызды қадамы еді. Өйткені М. Шоқай Ресей ықпалынан құтылудың тиімді тірегінің бірін осы тіл тәуелсіздігінен – ортақ жазудан іздеді. Ал мұндағы ұстаным: бөтен тілдің ықпалына түспеу, керісінше түркі диалектілерін бір-бірімен ықпалдастыру, тоғыстыру. 

Шет ел саясаткерлері Түркістанның азат болатынына сенім білдірген

– «Яш Түркістанның» таралу аймағы жайын айтыңызшы. Түркістандықтардан басқа тағы қандай оқырмандары болды? 

– «Яш Түркістанның» таралу аймағын журнал редакциясына келген хаттардан аңғаруға болады. Осы хаттарға зер салсақ, «Яш Түркістанның» оқырмандары тек Еуропа мен Түркияда ғана емес, Иран, Ауғанстан, Қытай, Жапония, Сирия және Арабстанда болған. Түркістандықтардан тысқары оқырмандардан, әсіресе, венгрлер мен немістерді айрықша атауға болады. Венгр және неміс ғалымдары мұндай басылымның жарық көруіне ризашылық білдіріп, хат та жазған. Сондай құттықтау хаттарында: «Түркілік пен түркі өркениетінің бесігі болған Түркістанның жақын болашақта азат болатынына сенеміз», – деген жылы лебіз білдірген. Сонымен қатар «Яш Түркістанның» кейбір сандары немесе мақалалары түрлі тілдерге аударылып жарияланған.

– Редакцияға келетін хаттарды тілге тиек етіп қалдыңыз, олар қай елдерден жолданды? 

– Журнал редакциясына Ауғанстан, Үндістан, Шығыс Түркістан, Иран, Қиыр Шығыс, Түркия, Хижаз, Мысыр және Сирияда тұратын мұһажырлардан хаттар келетін. Сондай-ақ олар журнал бетінде басылып отырған. Бұл хаттар бір жағынан журналдың әлемнің әр түкпіріндегі түркістандықтар тарапынан қадағаланып отырғанын көрсетсе, екінші жағынан Түркістандағы оқиғаларды тікелей көзімен көрген куәгерлердің жазбалары ретінде де құны жоғары.

– «Яш Түркістан» Кеңестер Одағына ене алды ма?

– Кеңес Одағының ішінде де «Яш Түркістанның» оқырмандары болды. Мәскеу мен Тифлис сияқты ірі орталықтарда журналға жазылғандар бар еді. Әрине, мұндай жағдайға Кеңес өкіметінің ресми рұқсат беруі мүмкін емес-тін. «Яш Түркістанның» өзінде көрсетілгендей, Абзалбек есімді түркістандық студент Берлиндегі Кеңес елшілігіне шақырылып, шәкіртақысының тоқтатылатыны айтылған. Сондай-ақ одан кеңес тыңшылығы қызметін атқару талап етіліп – егер бұл міндетті орындамаса, оқуын әрі қарай жалғастыра алмайтыны ескертілген. Кеңес елшісі Абзалбектен Түркістан ұлттық ұйымымен тығыз байланыста болуды, түркістандық жастарды бақылауды, ұлттық басылымдардың елге қай жолмен кіретінін және оларды кімдердің алатынын анықтап отыруды сұраған. Міне, осы факті журналдың Кеңестер Одағына енгенін көрсетеді. 

– Кеңес билігі «Яш Түркістаннан» қаншалықты қауіптенді?

– Жекелеген азаматтардың күшімен жарық көрген «Яш Түркістанның» ықпал аймағының осыншама кең болуы Кеңес басшыларын алаңдатты. Тіпті кеңестік баспасөзде «Яш Түркістан» редакциясы Кеңес Одағына тыңшылар жіберіп отыр деп айыптады. Түркістандағы ұлттық тұрғыда ойлана алатын кадрларға  «шоқайшыл», «ақ гвардияшыл», «алашордашы» немесе «неміс шпионы», «жапон тыңшысы», «буржуазиялық зиянкес» деген айдарлар тақты. Қуғындап, жазалады. Алайда Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» бетінде мұндай айыптауларды ешбір жағдайда мойындамайтынын ашық мәлімдеді. 

– Кеңес билігі ұлттық әрекеттерді айыптағанда бәріне «буржуазияшыл», «пантуркизм» қалпағын кигізетіні белгілі. Жалпы Мұстафа Шоқай тұғыр еткен ұлтшылдықтың мәні не? «Яш Түркістан» түрікшілдіктің нақты қандай мазмұндарын көтерді? 

– Шоқайұлының мақалаларынан оның саясатқа келуінің түпкі негізінде түрікшілдік идеясы тұрғанын білеміз. Оның басты мұраты – Ұлы Түркістан мемлекетін құру еді. Бірақ ол әу бастан осы ойда болған жоқ, көзқарас экволюциясының өзгерісімен жетті. Оның саяси ұстанымы бастапқыда түбегейлі тәуелсіздік емес, демократиялық Ресей мемлекетінің құрамындағы автономиялық Түркістан құруға бағытталды. Ал «Яш Түркістандағы» кезеңі оның түрікшілдік көзқарасының кемеліне келген шағы.

«Яш Түркістан» журналында ол бір жағынан сол дәуірдегі түркі халықтарының жүргізіп жатқан күресіне назар аударса, екінші жағынан түркі бірлігінің маңызы мен қажеттігін ұдайы алға тартты. Журналда «миллет» ұғымы ерекше мәнге ие категория ретінде қарастырылды. Оны тарихи, мәдени және әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде бағалады. Осы арқылы Шоқайұлы большевиктердің «социалистік мәдениет» ұранының астарында Түркістанның ұлттық рухани өмірін жою ниеті жатқанын әшкереледі. Бұл ретте ол түрікшілікдікті кеңестік билікке қарсы қару ретінде кезенді. «Яш Түркістан» тіліне қатысты алдыңғы сауалда атап өткенімдей, Мұстафа Шоқай түркі бірлігі ең алдымен тіл саласында жүзеге асуы қажет деп санады. Одан кейін бұл бірлік саяси және экономикалық ынтымақтастықпен жалғасуы тиіс -тін.

– «Яш Түркістан» ұлттық басылымының бүгінгі ұрпаққа берер қандай тарихи сабағы бар?

– «Яш Түркістан» Кеңес билігінің Түркістанда жүргізген барлық «реформалық өзгерісін» кеңестік жасанды құбылыс деп сынады. 1991 жылы Түркістандағы республикалардың тәуелсіздікке қолы жетуімен бұл пайымның шындығы дәлелденді. «Өзгеріс» деп аталған құбылыстар өз мақсатына жете алмағаны белгілі болды. Десе де Кеңес билігі «кеңестік ұлт» секілді зорлықшыл «реформасымен» түркі халықтарын ортақ тарихи танымнан алшақтатып, біртұтас тамырға сызат түсіріп үлгерді. Сол арқылы түркі бірлігін әлсірету мақсатын ішінара жүзеге асырғанын да айтпай өте алмаймыз. «Яш Түркістан» бізге осы деколонизация үдерісін өткеруде жол нұсқап, рухани бағдар бола алады. Мұһажырияттағы саяси күрестің төлқұжаты да осы – «Яш Түркістан».

Уәли Қайымның уайымы да, алаңдаушылығы да болмаған 

– Сіз «Яш Түркістанды» эмиграциялық баспасөз тарихында ең ұзақ жарық көрген басылым дедіңіз. Ең ұзақ шыққаны Уәли Қайым шығарған «Милли Түркістан» еді ғой?

–   Мен үзіліссіз шыққан деп айттым. Яғни «Яш Түркістан» еш үзілмей, кідіріссіз он жыл бойы тұрақты шығып тұрды. Ал «Милли Түркістанның» арасында біршама жыл шықпай қалған уақыттары бар. 

– Мұстафа Шоқайды фашистер улап өлтірген деген көзқарас бар. Бұған келісесіз бе?

– Меніңше, бұл дұрыс емес. Оның демі 27 желтоқсанда, жаңа жылға небәрі үш-төрт күн қалғанда үзілді. Ол көз жұмарынан бұрын лагерлерді аралап жүрген болатын. Ал лагерьлерде сүзек (тиф) індеті қатты өршіген. Мұстафа Шоқай сол індеттен қайтыс болды. 

– Дегенмен, Шоқайдың жары Мәрия өз естелігінде күйеуін улап өлтірген деген күмәнда болған. Тағы бір эмиграция қайраткері Қарыс Қанатбай да осы пікірді қолдап, бұл іске Мұстафаның соңғы күндерінде жанында бірге жүрген Уәли Қаюмның қатысы болуы мүмкін деген. Эмиграциядағы ұлттық күресті зерттеген ғалым ретінде сіздің бұл жорамалдарға және Уәли Қаюмға көзқарасыңыз қандай?

– Мен Уәли Қаюмхан туралы көп нәрсе оқыдым. Ашық айтқым келмейді, бірақ Уәли Қаюмхан жайлы жазылғандардың көбімен келісемін.

– Сонда сіздің ойыңыз Мария Шоқайдың пікірімен үндес қой?

– Мен үшін Мария Шоқайдың жазғандарының құны жоғары. Ал өзіңіз не ойлайсыз бұл жөнінде?

– Менің мүлдем мыйыма симайтын және қабылдай алмайтыным – ол Уәли Қаюмның есіміне «хан» титулын қосақтап, өзін өзгелерге «ата» деп ататқызуы. Бұл ұлт-азаттық туын көтеріп жүрген саяси тұлғаға жараспайтын қылық емес пе?

– Бұл сезіміңізді түсінемін. Істі, күресті бір сәтке шетке қоя тұрайықшы. Тек қана адамгершілік тұрғысынан қарастырсақ та Түркістан ұлттық қозғалысының ұлы жетекшісі Мұстафа Шоқай өмірден озып, арада нәбәрі төрт күн өткенде жаңа жыл кешін ұйымдастырып, сауық-сайран құруға болмайтын еді. Ең түсініксіз жайт: сол кешке қайғыдан қан жұтып отырған Марияны да шақырған. Бұл – аса ақылды қадам емес. Демек, оның уайымы да, алаңдаушылығы да болмаған сияқты.

– Ал Мұстафаның сенімді серіктері Абдулуаһап Оқтай мен Тайыр Шағатайдың Уәли Қаюмға көзқарасы қандай болды?

– Уәли Қаюм Хан үнемі Батыста жүрген, ал Оқтай мен Шағатай Түркияда қоныстанған. Сондықтан олардың арасында ортақ істестік пен бірлік болмады. Шын мәнінде, Абдулуаһап Оқтай мен Тайыр Шағатай Уәли Қаюмға қырын қарады. Тіпті оны неміс тыңшысы деп есептеді.

Тұтас Түркістан көлемінде бірқанша «Иттихат уә тәраққи» ұйымы болды

– Соңғы зерттеулеріңіз жайлы айтсаңыз. Қандай тақырыпты қарастырып жатырсыз?

– Қоқан автономиясының орган газеті «Милли Байрақпен» жіті таныстым. Енді жақында Өзбекстанға қайта барып, Мүнәууар Қари жөнінде зерттеу жүргізбекпін. Қазір соған дайындалып жатырмын.

– Мүнәууар Қаридың жеке тұлғасын зерттейсіз бе?

– Дәлірегі, жұмысым Түркістандағы жасырын ұйымдарға қатысты. «Түркістан иттихат уә тәраққи» мен «Түркістан әдами-мәрказият» партиялары, одан кейінгі «Милли иттихат» пен «Шура-и ислам» – осы ұйымдардың қызметі мен рөлін анықтаймын. 

– Мүнәууар Қари жетекшілік еткен «Иттихат уә тәраққидың» қызметі жөнінде қол жеткізген деректеріңіз не айтады? 

– Бұл «Иттихат уә тәраққи» партиясы іс жүзінде толыққанды әрекет ете алмады. Өйткені ол жасырын ұйым еді. Пәрменді қимылға бара алмай, бір жылдан кейін өмір сүруін тоқтатты.

– Зәки Уәлиди Тоған естеліктерінде осы «Иттихат уә тәраққи» ұйымы туралы айтылады.

– Зәки Уәлиди Тоғанның жазбаларында бұл жөнінде көп айтылған. Түркістандағы «Иттихат уә тәраққи» партиясының тармақтары да көрсетілген. Бірақ, өкінішке қарай, мен зерттеу барысында олардың нақты нендей істер атқарғанын таба алмадым. Бағдарламасы мен құрылымы болғанымен, іс жүзінде бірер әрекеттен кейін ештеңе іске асыра алмаған секілді.

– Бірер әрекеті нақты қандай әрекеттер?

– Әнуар пашамен және Ресейде дипломатиялық қызметте болған Галип Кемал беймен байланыс орнатпақ болған. Кездесуін кездескенімен, Түркістанға қайтқан жолда большевиктер тарапынан өлтірілген.

– Кеңес билігі  ұйымның тұңғыш талпынысында-ақ тамырына балта шапқан болып тұр ғой. 

– Иә, өкініштісі, солай болды. Алғашқы қадамында-ақ тұншықтырды. Содан кейін ұйым ештеңе істей алмаған.

– Осы, қателеспесем, «Иттихат уә тәраққи» аттас бірнеше ұйым болған-ау. 

– Иә, солай. Тұтас Түркістан аумағында мұндай бірқанша ұйым болған. Әнуар паша келмей тұрып, Түркиядағы Османлы түріктерінің құпия ұйымында болған Хүсейін, Рушени секілді кейбір мүшелер 1915 жылы Ресейдің Наргин аралында тұтқынға түседі. Сол тұтқын офицерлердің ықпалымен Әзербайжанда «Кавказ иттихат уә тәракки» партиясы құрылады. Кейін осы негізде «Түркістан иттихат уә тәраққи» қоғамы дүниеге келді. Оның басында Мүнәуар Қари тұрды. 

– Бұлардың бәрінің бағдарламасы ортақ па?

– Бәрінің рәсімдері: ант беру, мүше қабылдау бірдей болған. Османлыдағы «Иттихат уә тәраққи» үлгісінде атқарылған. Алайда бұлар Османлыдағы ұйымның тікелей жалғасы емес, жергілікті жағдай мен мүдделерге бейімделген құрылым болды. Ал ортақ жағы: қай-қайсысы да толық тәуелсіз Түркістан идеясына қызмет етті. 

Жас түріктер Осман сұлтанын мәшрутиятты қайта жариялауға мәжбүр етті

– Түлей ханым, ендігі әңгімеміздің мазмұнын Османлыдағы ұлтшылдық қозғалысымен байытсақ. Сонда оқырман түрікшілдік әрекетінің жалпы тынысымен толығырақ танысады ғой деп ойлаймын. 

– Османлы дәуірінің соңғы кезеңінде мәшрутиятшылар қозғалысы өрістеді. Бұған 1839 жылғы Танзимат реформасы негіз қалады. Заң, әскери, әкімшілік салалар жаңарды. Бірақ билік сұлтан қолында қала берді. Бұдан кейін 1876 жылы Абдулхамид II таққа отырғанда конституция қабылданып, парламент ашылды. Бұл тарихта Бірінші мәшрутият деп аталды. Алайда 1878 жылы Балқан соғысының сылтауымен парламент таратылып, 30 жылға жалғасқан дара билік қайта орнады. 1908 жылы «Жас түріктер», яғни біз айтып отырған «Иттихат уә тәраққи» қоғамы сұлтанды мәшрутиятты қайта жариялауға мәжбүр етті. Парламент қайта ашылды. Бұл Екінші мәшрутиятты негізінен түрікшілдер жүзеге асырды.

– Негізінен дегеніңізге қарағанда түрікшілдерден басқа да саяси бағыттар болғаны ғой? 

– Османлының соңғы дәуірінде саяси ағымдар түрікшілдер және османлыны жақтаушылар болып  екіге жарылды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде османлышылдар үмбетшілдікке бет бұрды. Соғыс соңында бұл бағыттың да күйрегені белгілі болды. Неге? Өйткені арабтар түріктерден іргесін аулақ салды. Осылайша үмбетшілдік идеясы да өміршең болмай шықты.

Халифат жойылған соң, жаңа ұлттық мемлекет белгілі бір идеалға сүйенуі тиіс еді. Бұл идеал түрікшілдік болатын. Өйткені Батыс Османлының қайта жаңғыруын қаламады. Османлы дәуірі бітті, исламшылдық та, үмбетшілдік те жол таппады. Сондықтан жаңа мемлекет тек түрікшілдікке арқа сүйеді. 

Осы идеология негізінде Әнуар паша, Кемел паша секілді түрікшілдердің бастамасымен «Иттихат уә тәраққи» құрылды. Әрине, кейін Ататүрік бұл ұйымнан алыстады. Бірақ ортақ идеал түрікшілдік болып қала берді. 

– Мұстафа Кемал Ататүрік дипломатиялық тұрғыдан Кеңестермен жақындасқан уақытта Әнуар паша Түркістан топырағына еніп, Түркістан азаттығы үшін арпалысты, сол жолда жанын қиды. Бірге жүрген «жас түріктер» неге екі басқа жолды таңдады? 

–  Әнуар паша тым қызуқанды адам еді. Ал Ататүрік стратег болатын. Бір қадам алға аттаса да, бес қадамнан кейінгіні көре білді. Әнуар паша ондай емес-тін. Атқа мініп алып, аз әскермен Қызыл армияға қарсы шығу мүмкін емес. Бұл – болмайтын нәрсе. Ниеті адал болған шығар, бірақ Карсқа барып, тұтас әскерін аязға қырдыруы – ойсыздық. Ол жас, батыл, көзі ашық болғанмен, қиялшыл болатын. Сол қиялға еріп, көп нәрсені қате бағамдамады. 

– Түлей ханым, «Яш Түркістанды» өзек ете отырып, Түркістан мұһажырлық күресі, түрікшілдік қозғалысы жайында біршама әңгіме өрбіттік. Уақыт бөліп, ой-көзқарасыңызды ортаға салғаныңызға рақмет. Қазақстандағы оқырмандарыңыз атынан ізденісіңізге сәттілік, шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Алдағы уақытта тағы да сұқбат алаңында кездесуге үміттіміз. 

– Сізге де рақмет айтамын. 

Кейіпкер туралы анықтама 

Түлей Көсеоғлы – тарихшы, Түркияның Ұлттық қорғаныс университеті (Millî Savunma Üniversitesi Kara Harp Okulu) Тарих бөлімінің доценті (Assoc. Prof. Dr.). 

Ғалым негізгі зерттеу бағыты – Орталық Азия тарихы. «Яш Түркістан» мен «Ил Байрағы» сияқты басылымдардың Түркістан ұлттық күресіндегі рөлін зерттеумен танымал. Сондай-ақ «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының ізін жалғаған «Түркістан түркі жастары бірлігі» ұйымының қызметін де ғылыми тұрғыдан зерделеп келеді.

Сұхбат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақ эмиграциялық баспасөзінің интеллектуалды дискурсты қалыптастырудағы рөлі» (AP25796077) атты ғылыми жобасы аясында әзірленді

Жақында порталымызда Түркістан тарихындағы ақтаңдақ беттің бірі – «Түркістан легионы» туралы мақала жарияланған болатын. Толығырақ журналист Ұшқын Сәйдірахманның “Сталин мен Гитлер екеуі де түркі халықтарын құрбандыққа шалды - Жошкун Кумру” атты мақаласынан оқи аласыздар. 

Бөлісу