Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Дүниежүзілік «Бүркітшілер тойы» аясында ІІІ Азия чемпионаты өтті. Биылғы дүбірлі додада Қазақстан Республикасының құсбегілік спортынан ұлттық құрамасы жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Екі күнге созылған «Бүркітшілер тойында» әлемнің бірнеше елінен келген құсбегілер сайысқа түсті. Атап айтқанда, Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Ресей және Қырғызстаннан 60-тан астам құсбегілер шақырылған.
Дүниежүзілік «Бүркітшілер тойын» - Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрлігі, Моңғолияның Бүркітшілер қауымдастығы, Баян-Өлгий аймағының әкімдігі ұйымдастырды. Бүркіт тойы фестивалі аясында спорттық жарыстардан бөлек, бірнеше мәдени бағдарламаларда өтті.
«Бүркітшілер тойы» қарсаңында өткен Азия біріншілігінде қазақстандық бүркітшілер алғаш рет өз қырандарымен қатысып, ерекше өнер көрсетті. Көк аспанда қанат сермеген текті қырандар мен шебер құсбегілердің өзара үйлесімі көрермендерді тәнті етті. Қазақ құсбегілерінің шеберлігі мен тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Жалпы, биылғы сайысқа 60-тан астам құсбегі қатысып, «қолға шақыру» және «шырға тарту» бағыттары бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, ел намысын қорғаған қазақстандық бүркітшілер арасынан Арман Қошқаров екінші, ал Тәттімбет Кәпұлы үшінші орынға ие болды.
36 жылдық тарихы бар бұл халықаралық дода бүгінде Моңғолияның мәдени брендіне айналып, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер мен құсбегілерді жинайтын ерекше мерекеге айналған.
Баян-Өлгейдің биік шыңдары мен салқын самалы аясында өткен бұл чемпионат дәстүр мен рухтың тоғысқан көрінісі болды. Қазақ құсбегілерінің жетістігі ұлттық өнердің мәртебесін арттырып, ата-баба дәстүрін ұлықтаудың тағы бір айқын дәлеліне айналды.
Айта кетер болсақ, «Бүркіт тойы» – Моңғолиядағы қазақтардың атадан балаға мұра болып келе жатқан аңшылық өнерін, ұлттық ойындары мен тұрмыс-салт дәстүрін дәріптеуді көздейтін ауқымды іс-шара. Бүркітпен аң аулау дәстүрі Орталық Азияның көшпенділер арасында 6000 жылдан бері тамыры үзілмей келе жатқан бекзат өнер. Оны ең жақсы сақтаған халық - Моңғолия қазақтары. Осыны ескере отырып, тарихы тереңге жайылған дәстүрді насихаттап, шетелдік туристерге көрсетіп және сол туристердің сұрауы бойынша Моңғолияда «Бүркіт тойы» жылына екі рет өтетін деңгейге жетті.
Бұған дейін Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында «Бүркіт тойы – 2025» («Бүргэдийн баяр») халықаралық фестивалі өткенін хабарлғанбыз. Ел астанасына жақын орналасқан «Шыңғыс хан ордасы» туристік кешенінде өткен шараға 22 бүркітші қатысты. Халықаралық фестивальге Моңғолияның Баян-Өлгий, Төв, Сэлэнгэ, Архангай аймақтарынан және Қазақстан мен Қырғызстаннан бүркітшілер қатысты.