Тарихшы Құрбанғали Халидидің қолжазба мұралары қайта жаңғырды
Бөлісу
03.10.20255212
Ағымдағы жылы «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» академиялық басылымның 1-2 кітабы Астана қаласындағы Фолиант баспасынан жарық көрді.
Аталған іргелі зерттеу «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» КеАҚ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Данагүл Махаттың бастамашылығымен жүзеге асырылып, оның жалпы ғылыми жетекшілігін белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай атқарды.
Өз заманының үздік ғұламаларының бірі Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» іргелі еңбегі түрік халықтарының тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен мәдениетін зерттеудегі құнды еңбектердің бірі болып табылады. Бұған дейін «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» еңбегінің 1-2 кітаптары аз таралыммен (2015, 2017, 2019) жарық көрген. Аталған басылымдарды әзірлеудегі тәжірибенің аздығы мен қолжазбаны танудағы кемшін тұстар Қ.Халиди мұрасының қайта жаңғыруына себепші болды.
Зерттеу гуманитарлық ғылым сала мамандары арасында үлкен резонанс тудырып, ғылыми орталық мамандары мәдени-тарихи мұра ретінде көпшіліктің игілігіне қайта ұсынып отыр.
Оқырманға ұсынылған еңбектер Құрбанғали Халиди шөбересі Сафария Теңізбаева ханымның қолдауымен өңделіп, факсимиле, транскрипция, қазақ тіліне аударма және ғылыми түсініктермен толықтырылып басылды.
2025 жылдың 26 қыркүйегінде ғұлама ғалымның кіндік қаны тамған Абай облысының Аягөз ауданында «Құрбанғали Халиди: тарих, таным және тағылым» халықаралық конференциясы ұйымдастырылып, «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» еңбегінің 1-2 кітаптарының таныстырылымы жасалды. Бұл маңызды шара Құрбанғали Халидидің тарихи мұрасын терең зерттеуге, оның түркітану және шығыстану салаларындағы еңбектерінің ғылыми тағылымдық құндылығын насихаттауға негіз қалады.
Ғылыми талқылау және жаңа бағыттар
Конференцияда Түркия ғалымдары Абдуақап Қара, Бахаттин Гинжал және ғылыми орталықтардың ғалымдары баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Олар бұл еңбектің қазіргі этнография, тарих және мәдениеттану салаларындағы зерттеулер үшін маңызды әдіснамалық негіз бола алатынын айрықша атап өтті. Ұлт руханиятына үлес қосқан ғұлама ғалым Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» іргелі еңбегінің 3-5 кітаптарын аударып, ғылыми айналымға енгізу алдағы жұмыстардың басым бағыты болып белгіленіп отыр.
Сондай-ақ, өлкетануға баса назар аударылып, мектеп оқушылары «Аягөз – туған жеріміз» тақырыбында эсселер жазып, өзара бақ сынасты. Ғылыми мектептің үздіксіз дамуы мен институтционалдық тәжірибенің трансформациясында жас зерттеушілерге ғылыми бағыт бағдар берілді.
Ғылыми сабақтастықтың белгісі ретінде ғалымның ұрпағы Сафария Теңізбаева үздіктерді марапаттап, ғалым еңбегін сыйға тартты. Белгілі ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай жаңа буынға ізгі тілек – ақ батасын арнады.
Ғалым мұрасын дәріптеу
Абайдың отаны, зиялылар ордасы, Алашорданың астанасы болған Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» іргелі еңбегі таныстырылды. Руханият орталығы болып табылатын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейі, Абай облыстық мемлекеттік архиві, Семей қаласының облыстық тарихи өлкетану музейі, Абай атындағы облыстық кітапханасы, Шәкәрім Университетінің кітапханасы, Әлихан Бөкейхан университетінің кітапханасы, Семей қалалық кітапханасы қорларына және Алаштың тұңғыш білім ордасы – М.О. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледж кітапханасынатабысталды.
Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» іргелі еңбегінің жарық көруі – ғылым әлеміне тың ізденіс әкеледі деп сенеміз.