Арқалық театры жаңа маусым пердесін «Міржақыппен» ашты

Бөлісу

19.09.2025 5301

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры өзінің ХХV-ші театр маусымының шымылдығын ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы қайраткер, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет ісінің көрнекті тұлғасы, ұлт руханиятының шамшырағы саналатын Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған С.Пірмановтың «Міржақып» атты тарихи композициясымен ашты.


Бұл қойылым көрермен қауымды өткен ғасырдың күрделі кезеңдеріне жетелеп, алаштық арда тұлғаның тағдырлы ғұмырын, оның азаттық жолындағы күресін, ұлтқа деген шексіз махаббаты мен азаматтық ерлігін сахналық бейнелеу арқылы танытты. Жастар театрының әртістері тарихи шындық пен көркемдік қиялды үйлестіре отырып, Міржақыптың әдеби, публицистикалық мұрасының, сондай-ақ, саяси қайраткерлік қызметінің мәнін көркем тілмен жеткізді.

Маусымның ашылу салтанатына қала жұртшылығы, театр өнерінің жанкүйерлері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, студент-жастар жиналды. Қойылым басталған сәттен-ақ көрермендер сахнагерлердің шынайы орындаушылық шеберлігін сезініп, ұлттық тарихымызға деген мақтаныш сезімін тереңнен ұғынды. Әсіресе жас буын үшін бұл тарихи композиция тәуелсіздік жолында күрескен арыстардың мұрасын танып-білуге, елдік рухты бойға сіңіруге зор ықпал етті.

Көрермендер актерлердің актерлік шеберлігін, режиссерлік ізденістерін, сахналық шешімдерді ыстық ықыласпен қабылдап, ұзақ қол соғу арқылы қошемет көрсетті. Бұл кеш Арқалық жасөспірімдер театрының шығармашылық дамуының, ұлттық тарих пен руханиятқа адалдығының айқын дәлелі болды.

Қойылым соңында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов сөз сөйлеп, театр ұжымына өзінің шынайы ризашылығын білдірді. Ол Міржақып Дулатұлы сынды ұлттың асыл перзентінің рухани мұрасын дәріптеудің жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін айта келе, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының шығармашылық ізденістерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, өнер ұжымының өңір мәдениетін өркендетудегі рөліне тоқталып, олардың сахналық еңбектерін елдік сананы оятуға, ұлттық рухты көтеруге қосқан үлесі ретінде атап өтті.

Мешітбай Жұманов ұжымға алдағы шығармашылық қадамдарында табыс тілеп, жаңа маусымда көрермендерге мазмұнды да мәнді қойылымдар тарту ете беретініне сенім білдірді.

Жаңа театр маусымының салтанатты ашылуында театр басшысы Нұрлыбек Сапабекұлы да сахнаға шығып, құттықтау сөз сөйлеп, өнердің мәңгілік құндылық екенін атап өтті. Ол көрермендерді әрқашан ұлттық руханият пен ұлы өнерді қолдап, театр сахнасынан берілетін тағылымды ой мен биік өнегеге үн қосуға шақырды.

Сонымен қатар театрдың бас режиссеры Ербол Абжалов ұжымның қалыптасу жолына тоқталып, бүгінгі жетістіктерге үлес қосқан ардагер театр майталмандарына ерекше құрмет көрсетіп, оларды сахна төріне шақырды. Бұл сәт  жас буын актерлер үшін де үлкен тағылым мектебі іспетті болды.

Айта кету керек, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры осыдан тура ширек ғасыр бұрын, сол кездегі қала әкімі Жомарт Түбекбаевтың шешімімен құрылған болатын. Содан бергі жиырма бес жыл ішінде театр ұжымы көрермен қауымға 100-ге жуық қойылым ұсынып, аймақтың мәдени өмірінде айрықша орын иеленді. Театр сахнасында ұлттық классикадан бастап заманауи драматургияға дейінгі түрлі жанрдағы шығармалар сахналанып, жас буынның рухани қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Осы жолы сахналанған С. Пірмановтың «Міржақып» тарихи композициясы ұжымның шығармашылық белесінің ғана емес, тұтас халықтың тарихи жадын жаңғыртқан ерекше қойылым болды. Ол Міржақып Дулатұлының тағдырлы ғұмыры мен ел азаттығы жолындағы ерлігін көркем тілде айшықтап, бүгінгі ұрпаққа ұлт тарихының қастерлі парақтарын паш етті. Бұл маусымдық премьера театрдың ел руханияты алдындағы жауапты миссиясын тағы да айқындай түсті.

Суреттер kostanaytany.kz сайтынан алынды 

Бөлісу