«Архив және болашақ ұрпақ»: Ұлттық архивте Ашық есік күні өтті

Бөлісу

19.09.2025 5365

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды E-history.kz Ұлттық архивтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ашық есік күнінің басты мақсаты – тұғырлы тұлғалар мен қазақ халқының төл тарихына қатысты құнды құжаттарды келер ұрпақ санасында жаңғырту, жастарды еліміздің тарихы мен мәдениетін тануға ынталандыру арқылы патриоттық сезімін ояту болды.

Көрме аясында ХХ ғасырдың күрделі кезеңдері – саяси қуғын-сүргін, 1920-1930 жылдардағы ашаршылық және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына арналған құжаттар қойылды. Сондай-ақ экспозицияда жеке қор иелері – профессор, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Батпеновтің, ғалым, этнограф, профессор Әлкей Марғұланның құнды қолжазбалары жұртшылық назарына ұсынылды.

Қонақтар құжаттарды заманауи сканерлеу технологиясы арқылы цифрландыру үдерісімен танысты. Сонымен қатар тарихи викториналар мен интеллектуалды ойындар өткізілді.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басшылығы, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері, Астана қаласындағы мектептер мен лицейлердің оқушылары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астана халықаралық университетінің студенттері қатысты. Сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары да бұл шараға белсене атсалысты.

Ашық есік күні Ұлттық архив қорының қазынасын паш етіп қана қоймай, тарихи жадыны сақтау мен өскелең ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастыруға ықпал етті.

Суреттер: Ұлттық архивтің баспасөз қызметінен

Бөлісу