Абай тойы қазақ халқының рухани байлығын әлемге паш етті
Бөлісу
11.08.20251398
Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік те өз мәресіне жетті.
Он күн ішінде 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 25 концерттік бағдарлама, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жобалар іске асты. Бұл мәдени, ғылыми, спорттық және әлеуметтік жобаларға 50 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 15 елден шетелдік делегациялар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, өнер иелері, жастар, туристер мен БАҚ өкілдері болды. Тағы бір айта кетерлігі, Абайдың 180 жылдық мерейтойы биыл елімізде алғаш рет онкүндік ретінде аталып өтіп отыр.
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойының құрметіне арналған бұл онкүндік тек қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеумен шектелмей, Абайдың әлемдік деңгейдегі кемеңгерлігін және оның шығармашылығының мәңгілік құндылығын паш етуге бағытталды. Онкүндік аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, Абай мұрасының тереңдігі мен маңызы кеңінен насихатталды.
Мерейтойлық онкүндік Семей қаласынан бастау алып, қорытынды шарасы бүгін Абайдың кіндік қаны тамған Қарауыл ауылында «Абай күні» мерекесімен түйінделді. Он күн бойы Абай облысында және Қазақстанның басқа өңірлерінде мәдени, әдеби, ғылыми және спорттық шаралар өтті.
1 тамыз – «Артық ғылым кітапта» күні: Семейде «ABAI AKADEMIASY» энциклопедиялық порталының ресми таныстырылымы өтті. Порталда Абайдың шығармалары, қолжазбалары, аудармалары және ақын туралы ғылыми еңбектер жинақталған. Сонымен қатар, Семей қаласының Бейбітшілік аралында этноауыл ашылып, «Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды.
Сол секілді 2-9 тамыз аралығындағы шаралар: «Абай әлемі» рухани кеші, халықаралық жас ақындар мүшәйрасы, республикалық ақындар айтысы, «Абай. Уақыт. Өнер» бейнелеу өнері көрмесі, Шахмардан Әбіловтің «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы және «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі сияқты шаралар көпшіліктің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Абай жолы» энциклопедиясы мен бірнеше кітаптың тұсаукесері өтті.
Онкүндік барысында Абайдың шығармалары негізінде қойылған спектакльдер, ғылыми конференциялар, сирек қолжазбалар мен жәдігерлер көрмелері ұйымдастырылып, ақын мұрасы жаңаша қырынан танытылды. Семейде мәдени нысандар жаңартылып, жаңа ескерткіштер бой көтерді.
10 тамыз – «Абай күні»: Мерейтойдың шарықтау шегі ақынның кіндік қаны тамған Абай ауданында (орталығы Қарауыл ауылында) тіп жатыр. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығында Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі өтті. Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Бала Абайдан дана Абайға» театрландырылған қойылымы ұсынылды. Салтанатты шара Абай облысы әкімінің құттықтауымен және «Желсіз түнде жарық ай» гала-концертімен аяқталды.
Мерейтойдың басты оқиғаларының бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған құттықтауы болды. Президенттің құттықтау хаты Семейде және Қарауылдағы салтанатты жиындарда оқылды.
«Қадірлі қауым! Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын! Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті», - делінген Президент құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Абайды «әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға» және «халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын» деп атап, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өткен. Президент сондай-ақ, Абайдың туған өңірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі өлке екенін атап өтіп, мемлекеттің осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде дамытуға баса мән беретінін айтты. Ол Абайдың өсиеттері мен қара сөздерінің әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынын және оның аманатына адал болуға шақырған.
«Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!», - делінген құттықтауда.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылында өтіп жатқан «Абай күні» мерекесінде «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені салынатындығын жеткізді.
«Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады», - дедіБерік Уәли.
Түстен кейін ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар да ұйымдастырылды. «Жеті қазына» фестивалі аясында жорға жарысы, топ бәйге (16 шақырым) мен аламан бәйге (25) өтті. Қазақ күресінен «Түйе палуан» (90 келіден жоғары) мен «Өгіз палуан» (74 келіге дейін) анықталды.
«Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ултьрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат, 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қазақстан облысы) жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев бірінші орынды иеленді. «Түйе балуан» сайысында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, «Өгіз палуан» сайысында алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді. «Топ бәйгеде» Алматы облысының, «Аламан бәйгеде» Павлодар қаласының, жорға жарысында Қырғызстанның жүйрігі топ жарды. Жүлдегерлердің барлығы көлікті болды. «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары жүлдеге жылқы алды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданының Қарауыл ауылы маңындағы Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы пайдалануға берілді.
Ескерткіш төрт тұғырлы. Бірінші тұғыры: қауырсын қалам немесе «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Екінші тұғыры: Қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің ерлік айбары. Үшінші тұғыры: Домбыра – Абайдың жаны мен әнінің өзегі. Төртінші тұғыры: ұлыларды тудырған ақбесік. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс.
Ауданның кәсіпкерлерінің демеушілігімен бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев.
Абайдың 180 жылдық мерейтойы – тек тарихи дата емес, ұлттың рухани жаңғыруы мен мәдени мұрасын дәріптеудің маңызды белесі болды. Онкүндік аясындағы шаралар Абай мұрасының заманауи қоғамдағы өзектілігін және оның әлемдік мәдениеттегі орнын айшықтады. Жастар арасында Абайдың философиясы мен өсиеттерін насихаттауға ерекше мән беріліп, ұлы ақынның шығармалары жаңа ұрпаққа рухани шамшырақ болды.
Мерейтой Қазақстанның рухани бірлігін нығайтып, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиетін кеңінен насихаттады. Семейдегі және Қарауылдағы іс-шаралар ұлттық мәдениеттің орталығы ретінде осы өңірдің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік ұлы ақынның мұрасын терең зерделеуге және оны әлемге танытуға бағытталған маңызды шара болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы мерейтойдың салтанатын арттырып, Абайдың шығармашылығы мен өсиеттерінің мәңгілік екенін тағы бір мәрте еске салды. Бұл мереке қазақ халқының рухани байлығын паш етіп, Абайдың аманатына адал болуға шақыратын ұлы мереке ретінде тарихта қалмақ.
Суреттер Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды