Абай: өмір бесігі

Бөлісу

07.08.2025 1189

Есімі көп атала бермейтін абайтанушы Әбусағит Жиреншиннің ұлы ақын туралы мақалалары мен зерттеулерінде Абайдың тұлғалық қалыптасуына негіз болған өмірлік және тарихи алғышарттар – «өмір бесігі» ұғымы арқылы терең талданады. Автор Абайдың шыққан тегі, отбасылық ортасы, балалық және жастық шағындағы рухани әсерлер, замана тынысы мен қоғамдық қайшылықтар туралы тың пайымдаулар ұсынады. Әсіресе абайтанушы ғалым Абай өмірінің тарихи-көшпелі негізі мен Құнанбай дәуірінің қайшылығы, аналар мектебінің рухани ықпалы, Шығыс пен Батыс өркениетінің тоғысы нақты мысалдармен көрсетіледі. Абайдың тұлғалық дамуы мен рухани кемелденуі қазақ қоғамының өтпелі кезеңімен, сонымен қатар ішкі серпілістермен байланыстырылып, танымдық бағытта жазылған мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.


«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!»

Абай Құнанбайұлы осы бір ғана шумақ өлеңінде өзінің өмірлік философиясын, тағдырлық талайын, қоғаммен арпалысын бір ауыз сөзбен түйіндейді. Бұл Абайдың өмірлік кредосы, азаматтық рухының айнасы еді.

Абайды тану үшін ең алдымен оның өскен ортасына, өмір бесігіне үңілу керек. «Абайдан бұрынғы қазақ елінің әлеуметтік халін білмей, Абайдың туған ортасын, өмір ұясының кім екенін түсінбей жоғарыдағы Абайдың жұмбағын шешу де қиын», – дейді абайтанушы Әбіш Жиреншин. Расында да, ақын тұлғасы туған ортасының, заманының, әлеуметтік тартыстың және рухани ізденістің айнасындай.

Ақтабан шұбырындыдан – Абайға дейін

Абайдың арғы аталары жоңғар шапқыншылығынан кейінгі алмағайып заманда көшпенді тіршіліктің тауқыметін арқалап, ақырында Сарыарқаның төсіне қоныстанған Тобықты рулары еді. Бұл ұлт басына түскен үлкен сынақ болатын. Жиреншин бұл тарихи дәуірді: «Самарқау жатқан көшпелі ел өзінің мелшиген ұзақ өмірінде сан алуан шабуылға түсті. Солардың ішіндегі ең сойқаны – жоңғар қалмақтарының 1720 жылдардағы соғысы еді», – деп сипаттайды.

Бұл – тек көш емес, сана көші. Жерден айырылғанмен, рухынан айрылмаған халықтың ұрпағы – Абай.

Қатал да күрделі әке 

Абайдың өмір бесігіндегі ең ықпалды тұлға – әкесі Құнанбай. Ол туралы зерттеуші: «Құнанбай азуы алты қарыс аға сұлтан болып, елден тыныштық кетірді. Ел билігін қайтсе де өз тұқымынан шығармау саясатын ұстанды», – дейді.

Құнанбайдың осы саяси күрестерінің тасасында қалып, ел ішіндегі талас-тартысқа куә болған Абай жастайынан үлкен дүниеге сын көзбен қарай бастайды. Ә. Жиреншин атап өткендей: «Зерек, ұғымды, зейінді бала... ел ішіндегі қым-қиғаш уақиғаларға сын көзімен қарап, өз ақылымен топшылай білді».

Аналар мектебінің рухани әсері

Әкесінің қаталдығы мен ел іші қайшылығына қарамастан, Абайдың жүрегін мейірім мен даналыққа бөлеген тұлғалар – әжесі Зере мен анасы Ұлжан болды. Олар қазақтың ауыз әдебиетінің алтын көмбесі еді. Балалық шақтағы шілдехана, жоқтау, жарапазан, мақал-мәтел – бәрі Абайдың эстетикалық дүниетанымының алғашқы кірпіштері. Бұл жөнінде Ә. Жиреншин: «Абай осы айтылған халықтың бай қазынасымен танысып, терең ұғып түйді», – деп жазады, – ол бала күнінде-ақ ескі әдет-ғұрыптың шірік салтына қабағын түйе қарап, жабырқай түсті. Халықты тұңғиыққа батырып, тұншықтырып отырған мылқау күш өз әкесі Құнанбай мен оның сыбайластары екенін Абай сезе бастады. Абай әкеге өзге балалардай қарамады, әкеден гөрі, елге, халық қамына, ел мүддесіне бейімделді. Әке қойнынан көрі ана төсегі туған жерін әлде қайда артық санады, еліне енбек етуді негізгі өмірлік мақсат деп санады».

Шығыс пен Батыс тоғысындағы Абай

Діни медреседе оқып, шығыстың Фирдоуси, Сәғди, Науаи сынды шайырларын меңгерген Абай кейін орыс мектебі арқылы Батыс өркениетіне бойлайды. «Фзули, Шәмси, Сәйхали... Мәдет бер, я шағири фәрияд!» – деп тебіренуі осы кезеңнің белгісі.

Крыловтың «Бұлбұл мен Есек», «Жарлы мен бай», «Ала қойлар», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Шегіртке мен құмырысқа», тағы басқа мысалдарын қазақ халқы алғашқы рет Абайдан есітті. Қазақ халқына түсініксіз кейбір образдар жеке терминдер қазақ халқына ұғымды сөздермен аударылды, мысалдардағы сюжет құрылысы, теңеулері толық сақталды.

Бұл туралы зерттеуші: «Абай өзіне біткен ерекше талабы арқасында парсының, тағы басқа шығыс халықтарының тілін үйрене бастады», – дейді. Орыс әдебиеті мен философиясымен таныстығы оны жаңа деңгейге көтерді: «Абай Лермонтовтың 24 өлеңін аударып жүріп, Байрон мен Гетенің шығармаларымен де танысты».

Қалиолла – алғашқы көпір

Абайға орыс тілі мен орыс руханиятына терең бойлауға көмектескен адам – інісі Қалиолла еді. Қалиолла – Омбы кадет корпусын, кейін Мәскеудегі кавалериялық училищені бітіріп, орыс тілін жетік меңгерген, Петербург мәдениетін бойына сіңірген білімді офицер. Қалиолланың арқасында Абай Толстой мен Тургеневті, Лермонтов пен Пушкинді тани бастады. Абайдың орыс әдебиетіне деген қызығушылығы – қазақ әдебиетіне жаңа тыныс әкелген рухани революцияның бастауы болды.

«Абайды алғашқы рет орыстың өнер-білімі, кітаптары мен сонау алыстағы Петербургтағы, Москвадағы орыс интеллигенциясының салт-сана, тұрмысымен таныстырған адам – Абайдың өз інісі Қалиолла Өскенбаев. Қалиолла Құнанбайдың Айғыз деген бәйбішесінен туған, ерте заманда-ақ оны әкесі орысша оқуға береді, – деп жазады Ә. Жиреншин, – Абай елде жүргенде Омбы, одан соң Москвадағы Қалиоллаға хат жазып, хат алысып тұрады . Жазғы демалыста елге келгенде Қалиолла астанадан қойын-қонышы толы көптеген әңгімелер мен кітаптар ала келетін болған. Осы кітаптарды үнемі оқып, Қалиолламен іштей сырласып, пікір алысушы немерелес ағайындарының ішінде зерегі Абай болған. Қалиолла ең алғаш Семейде оқып, ондағы оқуды тауысқан соң, Омбыдағы Кадетский корпуске түсіп, (1863-870 ж.) оны бітіріп «корнет» (офицер) деген атақ алып шығады».

Қалиолла өлген соң, оның сүйегін Құнанбай атпен алғызады. Сүйек келгенде Зере бәйбіше Қалелдің заттарын немерелеріне өз қолынан үлестіріп береді, сонда өзге немерелері біреуі қылышын, біреуі белдігін, біреуі офицерлік киімін, біреуі сарыала қалпағын алып, таласып жатқанда Абай үндемей қарап тұрады. «Қарағым Абайжан, қайсысын аласың?» дегенде ол: – Әже, маған анау үйіліп жатқан кітабын беріңіз, – деп зат алмай, ылғи ғылым, әдебиет жөніндегі кітаптарын сұрап алады.

Ру тартысы мен рух майданы

Абайдың өмірінде руаралық тартыстар мен әділет үшін күрестер шешуші рөл атқарды. 1898 жылы Оразбаймен арадағы қақтығыстар, ел ішіндегі дау-дамай, Абайды рухани биікке жетелеген сын кезеңдер еді. Ә. Жиреншин мұны: «Бұл айқасуда жаңа дүниенің басы болған Абай рухани жауларын жеңді», – деп түйіндейді.

Абай бұл қақтығыстарды тек билік үшін емес, адамгершілік үшін шешті. Жауын жеңіп емес, кешіріп, жүрекпен жеңді.

Үміт пен өкініш

Абайдың өмір бесігіне үңілсек, үміт пен өкініш қатар өрілгенін көреміз. Ең сенген серігі, рухани мұрагері Әбіштің қазасы – Абайдың жанын күйдірген үлкен қасірет. «Өткенімді өкініш етіп не қылайын, бүгінгі көп қайғының ішінде бір қайғы өзегімді жегідей жеп барады. Ол – Әбіштің қайғысы...» – деп күйзеледі ұлы ақын.

«Өз заманының әлеуметтік терең қайшылығы Абайға да кесірін тигізді, бір жағынан оның азалы жүрегін сол әлеумет мұны кеміріп жатса, екіншіден жеке өміріндегі, жеке басындағы сәтсіздік пен бақытсыздық жығылған үстіне жұдырық боп тиеді. Зор дүниенің, асқан ақылдың жалғыз қылындай көрінген өмір үстінде отырған Абайға ең соңғы соққы тиеді. Ендігі қалған өміріне медеу ғып мұңдас, сырлас болып үміттеніп, көрсе көз алдында қызықтап отырған сүйікті баласы – ақын Мағауия құрт аурудан қайтыс болады» деп жазады Ә. Жиреншин.

Абай – ұлт рухының айнасы. Ол «өмір бесігінен» даналық бесігіне ауысқан, тарих пен тағдырдың, шығыс пен батыстың, халық пен тұлғаның тоғысынан туған дана. Әбіш Жиреншин айтқандай, Абайды түсіну оның өскен ортасын танудан басталады. Ал Абайды тану – ұлтты тану.

Бөлісу