Абайдың алғашқы тойы ақынның туғанына 100 толған даталы мерекесіне орай 1945 жылы өзі туған Семей облысы мен Абай ауданында аталып өтті. Бұл ұлы жеңіс мерекесімен орайлас келгендіктен, соғыс жылдары ауыр азапты күндерді басынан өткерген халқымыздың рухани серпілуіне айырықша әсер еткен оқиға болды.
Бұл сөзімізге дәлел ұлы тойдың куәгері һәм ұйымдастыру ісіне жауапты тұлға жазушы Әди Шәріповтың «Көргенім, көңілге түйгенім» атты естелігінде аталмыш тойды: «Тамыз айы. Семей өңірі ұлы ақынның тойына дайындық үстінде. Жұрт көңілі көтеріңкі, кеудесін қуаныш керіп, жайбарақат жүрген жастар... Жұрттың жүзінде шаттық. Тыныш күннің белігісіндей мамыражай тіршілік» деп суреттесе, тойды өткізуге байланысты құрылған үкіметтік комиссияның мерекелік шаралар жөніндегі ғылыми хатшысы танымал абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың естелігінде: «Соғыс жаңа аяқталып, елдің тұрмысы ауыр, сонымен қатар облыстың шаруашылық жайы әлі түзеле қоймаған тұста Абайдың 100 жылдығын қиын жағдайда дайындап, тойладық», – депті.
****
Сонымен... өткен жылдардың сағым күндері мен сарғайған қағаздарында хатталған дерек-дәйектерге назар аударсақ, «Ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуына байланысты мерекелік жиын 15 тамыз күні кешкі сағат 19-00-де Қазақ Мемлекеттік Опера және Балет театрында басталды» – деп жазады, «Социалистік Қазақстан» газеті 1945 жылғы 17 тамыз күнгі № 169 санында.
Мәжіліс президидумына Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Председателі Н.Оңдасынов, ҚК (б)П Орталық Комитетінің секретарлары: Борков, Шаяхметов, Яковлев, Әбдіхалықов және Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советі Председателінің орынбасарлары: Заговелев, Қонзев бастатқан құрметті меймандар сыртында, қазақтың маңдайалды зиялылары: акедемик Қаныш Сәтбаев, жазушы Мұхтар Әуезов, Абайдың немересі Уәсила, халық өкілі Мариям Жәгорқызы жайғасыпты. Сондай-ақ мәртебелі жиынға Мәскеу, Ленинград қалалары мен туысқан республикалардын шығармашылық өкілдер қонақ болып келген екен (1-сурет).
Тарихшы Қанат Еңсеновтың мәліметіне жүгінсек, Абай тойына, – дейді ғалым. – Қазақтың әдебиет және өнер қайраткерлері – Шара Жиенқұлова, Күләш Бәйсейітов, Асқар Тоқмағамбетов, Құрманбек Жандарбеков, Есмғамбет Ысмайылов, халық ақындары: Орынбай Тайманов, Нартай Бекежанов, Үмбетәлі Кәрібаев, Төлеу Көбдіков, Шәкір Әбенов, Нұрғали Түңғатыров, Нұрлыбек Баймұратов т.б-лар қатысқан (2-сурет).
1-сурет
Абай Құнанбайұлының 100 жылдық (1945) мерей тойына келген қонақтар: Суретте (солдан оңға қарай): ленинградтық профессор В.М.Жирмунский, өзбек ақыны Миртемир Тұрсынов, ССРО Ғылым академиясы Түркмен бөлімшесінің ғылыми хатшысы Х.Қарриев, Өзбекстан ақыны Ғафур Ғұлам, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Қ. Баялинов, өзбек ғалымы Х.Зарифов, Москвадан келген ақын С.И.Куркин.
2-сурет
Абай тойына қатысқан қазақ ақын-жазушылары
Әуелі Алматы қаласында басталған Абай тойының бас баяндамасын ҚК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат жөніндегі секретары Әбдіхалықов «Абай – қазақ халқының данышпан ақыны және ағартушысы» деген тақырыпта жасапты.
Баяндаманың негізі желісі сол тұстағы заман талабына сай орыстың жер аударылған революционерлері ұлы ақынның қалыптасуына және оның прогресшіл болуын ықпал етті дей отырып: «Қазақ халқының ойшыл данышпан ақынының туғанына 100 жыл толған күндері совет халқы Германия фашизмін тарихи жағдайда жеңген салтанатпен қатар өткізіліп отыр... Абайдың төңірегінде шәкірттері жолын қуған мүридтері көп болды. Абай олардың дүниеге көзқарасын кеңейтуге тырысты, оларға тақырыптар көрсетіп отырды...» деп толғаса, одан кейінгі баяндаманы «Абай және орыс классиктері» атты тақырыпта Ғабит Мүсірепов жасаған екен. Ғабең өз сөзінде: «Абай болашаққа үлкен аса құнды мұра қалдырды һәм осы жолда XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің кемел қазынасын барынша терең пайдаланды. Сондықтан да Абайдың келер ұрпаққа қалдырған бай қазынасы ұзақ ғасырлардың жемісі болары анық. Сол себепті, қазіргі қазақ совет ақын, жазушылары орыс классиктерінен және олардың терең білімінен нәр алған Абайдан да үйренген дұрыс. Абайдың басты ерекшелігі ол – өткен тар заманның ақыны емес, бүгінгі бақытты заманның ақыны, бүгінгі қазақ ақындарымен іргелес, бағыттас ақын. Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу», – депті.
Келесі кезекте ССРО жазушылары атынан Бородин сөз алып, ақын шығармаларының орыс тілінде насихатталу барсына тоқталыпты. Одан кейін қырғыз қаламгерлері атынан Баялинов, татар жазушылары атынан Ахмет Ерекеев, өзбек қаламгерлері атынан Сағди Абдырахманов, өзбек халқы атынан Ғафур Ғұлам сөз сөйлесе, қортынды баяндаманы Қазақстан жазушылар одағы басқарма председателі жазушы Сәбит Мұқанов баяндама жасаған екен.
Әбділда Тәжібаевтың баяндамасы
Жоғарыдағы баяндамалар ішінде «Абайдың лирикасы» деген тақырыпта жасаған Әбділда Тәжбаевтың баяндамасы газетке («Социалистік Қазақстан» газеті. 1945 жыл. 11 август №165) жарияланыпты.
Онда: «Абай сөз жоқ ХІХ ғасырдағы ұлы ақындардың бірі. Өз халқының кемеңгерлік дәрежесіне жеткен қай заманның ақындарын алсаңызда, өз халқының асыл қымбат ақыл-ой бұйымдарын бойына жинағанын байқаймыз. Мұндай ақындар басқалардың көлеңкесінде қалып қоймайды. Басқалармен бой таластыра өседі де, әлемдік әдебиеттен арнаулы орын алады. Барлық елдерге ұғымды, сүйкімді болуының үстіне, өз ұлтының биік бәйтерегіне айналады. Абай да сондай. Ұлы ақындар қашанда жарық күнге тұтас ие.
Абайдың ақындығы екі жүзді қанжар сияқты. Бір жақ жүзі жібектен жұмсақ, күн шуағынан жылы тисе, екінші жүзі алмастан өткір, мұздан суық тиеді. Сондықтан да, ол кейде шырын шәрбатындай балзаммен емдесе, кейде сескенбей, тартынбай қимылдып, ұлы оташыдай сылайды», –деп баяндапты.
Сондай-ақ, Тәжібаев Абай лирикасына алғаш болып ғылыми баға берген адам. Бұл туралы ол баяндамасында былай депті: «Абай лирикасы бұрын қазақ поэзиясында болмаған, тек ақынның сарайынан тұңғыш шыққан дүние. Абай лирикасы туған жер мен туған елдің жазы мен жастығын суреттейді. Өзі де қызыға-құмарлана қарайды, өзгелерді де құмарландырады, қызықтырады. Өмірдің сәні мен сәулетін жарқырап жанған үміт шырағына шақырады: өмірді сүйе білуге бастайды. Ауыр заман запыран жұтқан халқының жанына сұлулық пен сүйішпеншіліктің ыстық қанын құяды. Абай қазақ тілінің құдіреттілігін сол үшін көтерген, сол үшін асқақтатқан...», – деп жазыпты
Қалибек Қуанышбаевтың естелігі
Бұл жерде есте болатын тағы бір оқиға – Абайдың ғасырлық мерекесін атап өтуден бір жыл (1944 ж) бұрын Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың бұйрығымен «Абай» фильмін түсіру туралы шешім қабылданған болатын. Осы фильмде Абайдың рөлін сомдаған Қазақ ССР Халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың естелігі ақын тойы қарсаңында газетке жариялаған екен («Социалистік Қазақстан» газеті. 1945 жыл. 11 август №165).
Осы естелікте Халық әртісі: «Қазақ халқының ұлы ақыны Абайды мен 12 жасымнан білемін. Біздің ауылға «Абай қайтыс болды» деген хабар жеткенде жайлауға көшкелі отырған бір тайпа ел көшпей, үлкен адамдар қайғырып, аза тұтқаны есімде. Сол кездің өзінде біздің жақта «Абайдың өлеңі», «Абай айтыпты» деген сөздер көп таралатын. Үш-төрт кісі бас қосса Абайдың атын айтпай отырмайтын.
Абай тірі кезінде біздің ауылдың Мәуқай деген адамы жыл сайын ақынның ауылына барып, қыстай жатып, жаз шыға елге қайтып жүрді. Сол кісі қарттық басып отырып, «Абай-ай, аулыңа барып, бір қонып, өзіңді көріп қайсам-ау» деп жылайды екен. Сонда замандастары «Әй, Мәуқай-ау, Абай, Абай деп қайтпас сапарға кеткен адамды аңсай беріп қайтесіз. Артында өлмейтін сөзі қалды. Абайды күнде еске түсіріп, оның әнін шырқап, өлеңін айтып жүрген жігіттер мыналар емес пе? Кәне біреуің Абайдың өлеңін айып жіберіңдерші» дейтін. Сонда Пішім, Қали, Ғаббас деген әншілер Абайдың әнімен өлеңін айтатын еді.
Сонда Мәуқай: «Әй, қарақтарым-ай, тап осы сендердің мені төбелеріңе көтеріп отырғандарың айналып келіп, Абайдың қасында тізерлеп отырып алып: «Абай аға шақшаңды берші» дегені бір атым насыбай сұрап атқанға татымай тұрған жоқ па?», – дейді екен.
Абайдың әнін жақсы айтатын адамдар ел ішінде абыройлы болып жүрді. Соның бірі мен едім. Талабымды байқаған Мұқаметәлі деген жақсы қария Абайдың сөзін жаттатып үйретті. Сөйтіп, біз бала жастан Абаймен ауыздандық.
1931 жылы октябрдің ішінде Елебеков екеуіміз Шыңғыстауға бардық. Өлең айтып, ән салып сол елде көп жүрдік. Көбінде Абай әндерін айтамыз. Ел ішінде Абайды көрген адамдар баршылық екен. Солармен ұзақ түндер бойы әңгімелестік. Олардың түрлеріне қарап отырып, бет әлбеттерінен, отырыстарынан, қозғалыстарынан, қабақ қағыстарынан, көз қарастарыннан, сөйлеген сөздерінен көп нәрсе ойымда қалды. Солар маған әңгіме арқылы Абайды көзіме елестеткені өмірде ұмытылар емес. Кейінгі жылдар – театрда, кинода Абай образын сомдағанда осы оқиғалар керемет көмек болды.
Кейін 1939-40 жылдары Абай пьесасын қойғанда ақынның рөлін ойнадым. Осы кезден бастап Абайды бұрынғыдан жете зерттеуге тұра келді... Әрине, Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Мұндай ұлы адамның бейнесін жете суреттеу аса қиын іс. Абайдың адамды сүю, әділдікті аңсау, қараңғылықтан қашу, жаңалыққа төрелік беру сияқты толып жатқан жетістіктерін өз шама-шарқымша сомдап жүрмін деп ойлаймын»,–деп жазады.
Абай есімін ұлықтау туралы қаулы қабылданды
Абай тойы үстінде Қазақ ССР комиссарлары советі «Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру» туралы қаулы қабылдайды. Осы бір құжатта:
Алматы қаласы орталығына ұлы ақынғы арнап ескерткіш тұрғызу;
Шығармашылық адамдарға жыл сайын Абай атында жүлде беру;
Мемлекеттік опера театрын және Семей қаласындағы драма театрды ақын атына беру.
Сонымен қатар Абай Құнанбаевтың тірі жүрген тікелей ұрпақтарына дербес зейнетақы тағайындайды. Олар: ақынның немерелері: Ақылбайдың баласы Исрайл, Жағыпардың қызы Ғазель, Абайдың өз қызы есебіндегі Уәсила Мағауияқызы, Ақыл Тұрағұлқызы және келіні Бибі Ысқақовалардың әрқайсына 500 сом берген екен.