Абайтану арнасы өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптасып, Абай өлеңдері жалпыұлттық сипатта насихаттала бастады. Алғаш Абайды тану, ақын өлеңдерін жалпы қазаққа насихаттау, мұрасын жинақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу үрдісін Алаш қайраткерлері, анығын айтсақ, Әлихан Бөкейхан бастады. Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы ХХ ғасырдан бастап, қазақ зиялыларының ғылыми әрі мәдени ізденістерінің басты нысанына айналды. Олар абайтанудың негізін қалап, бұл бағытты ғылыми сала ретінде өркендетуге жол ашты. Абайтану саласын алғаш қалыптастырушы ғалымдар деп Әлихан Бөкейхан, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезовты айшықтап айта аламыз.
Әлихан Бөкейхан
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, қазақ ұлттық ғылымының бастауында тұрған ірі тұлға. Абайдың шығармаларын алғаш жариялау, жинақтау ісіне белсенді араласқан еді. Ол Абай қайтыс болған соң көп ұзамай-ақ ұлы ақын туралы көлемді қазынама мақала жазып, ол орыс басылымдарында жарық көрді. 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде Ә.Бөкейханның Абай туралы «Абай Құнанбаев» атты орыс тіліндегі қазынамасы жарияланды. Әлихан 1903 жылы Абай жайлы мақала жазып, ақын шығармашылығын жинақтастыра бастайды. «Семипалатинского листок» газетіне жарияланған некролог 1907 жылы «Записки Семипалатинсаго Подотдела Западно-Сибирскаго отдела Императорскаго Русскаго Географическаго Общества» (Выпуск ІІІ, 1907 г) қайта жарияланады. Бұл Абайды замандастары мен кейінгі ұрпаққа танытатын тұңғыш ғылыми-публицистикалық еңбек болатын. Онда Абайдың шежіресі, ағартушылық бағыттағы еңбегі мен поэзиясы туралы нақты мәліметтер келтірілген. Әлихан бұл мақалада Абайды қазақтың «ұлттық әдебиетін жаңғыртқан тұлға» деп сипаттап, оны «Шоқан, Ыбырай секілді ұлы ағартушылардың жалғасы» деп бағалады. Сондай-ақ, ол Абай шығармаларының алғашқы жинағының шығуына тікелей ықпал еткен адам. Ол Абайдың жақындары Тұрағұл, Кәкітаймен бірге ақын өлеңдерін жинақтап, 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганкий баспасынан жарыққа шығаруға күш салды. Осы тұрғыдан алғанда, Ә.Бөкейхан абайтанудың алғашқы ғылыми іргетасын қалаушылардың бірі.
Әлихан Бөкейханның бастауымен 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында, «И.Бораганскийдің "Шығыс" электро-баспасында» жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы кітабы
Кәкітай Ысқақұлы
Абайдың туысы әрі шәкірті Кәкітай Ысқақұлы (1858-1915) – алғаш ақын мұрасын жинақтап, оны баспаға әзірлеу ісінде тарихи рөл атқарған тұлға. Ол Абайдың шығармаларын жүйелеп, ақынның өмірбаянын ғылыми айналымға енгізді. 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинақтың кіріспе бөлімінде Кәкітай Абайдың өмір жолын, тәрбиесін, әдебиетке келу себептерін нақты әрі әсерлі баяндайды. Кәкітай өз мақаласында Абайдың ақындық табиғатын, Шығыс және Батыс әдебиетінен сусындағанын, орыс ойшылдары мен классиктерінің әсерін терең талдай отырып көрсеткен. Ол Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңа өлшемдері туралы алғаш пікір білдірген адамның бірі. Сонымен қатар, Кәкітай жинақтың құрастырушысы ғана емес, Абай мұрасын тануға талпынған алғашқы зерттеушілердің бірі болды.
Тұрағұл Абайұлы
Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлы (1875-1934) – ақын мұрасын сақтау, жариялау, түсіндіру ісіне белсене араласқан тұлға. Ол 1909 жылғы тұңғыш жинақтың жарық көруіне бастамашы болып, Кәкітаймен бірігіп ақын өлеңдерін жүйелеу, тексеру, баспаға дайындау ісіне қатысқан. Тұрағұл кейінірек «Абай» журналының жұмысына араласып, әкесінің бейнесін көркем әрі өмірбаяндық тұрғыда баяндайтын естеліктер қалдырды. Оның жазған «Әкем Абай туралы» атты естелігі бүгінгі абайтануға алтын арқау болатын дерек көзі. Онда Абайдың адами келбеті, мінез-құлқы, отбасындағы орны, шығармашылық машығы туралы нақты, шынайы сипаттамалар берілген. Кәкітай мен Тұрағұлдың абайтануға жасаған қызметі, алғашқы абайтану саласындағы мол игі істердің алды болды. Кәкітай мен Тұрағұл секілді ұрпақтарының негіздеуімен абайтану саласы бір арнаға түсіп, кейінгі зерттеуші ғалымдардың назарын аударып, Абай тұлғасын жасауда таптырмас мол деректер ұрпақтарынан қалды.
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872–1937) – Алаш қайраткері, ұлт ұстазы. Ол алғаш 1913 жылы «Қазақ» газетінің бетінде жарық көрген әйгілі мақаласында Абайды «қазақтың бас ақыны» деп атады. Бұл Абайға берілген тұңғыш ұлттық сипаттағы әдеби-ғылыми баға еді. Бұл әдеби баға Абай шығармашылығын зерттеуде темірқазық болды. Абайдың әдеби мұрасын алғаш реттеген Ахмет Байтұрсынұлы ақын өлеңдерін алғаш әдеби тұрғыдан сынап, талдап, әдеби бағасын берді. Ақынның қазақ әдебиетінің негізін қалаушы екендігін, әдебиетке түрлі форма мен пішін, өлең құрылысына бұрынғы әдеби дәстүрді сіңіре отырып, жаңашылдық әкелгенін ғылыми тұрғыдан талдап жазды. Ахметтің айтуынша, бұрынғы ақындар поэзияны тек сөз ұйқастыру деп түсінсе, Абай өлеңге ой салды, философия қосты. Ол Абайдың ақындық құдіретін, халыққа сіңірген рухани еңбегін ерекше атап өтеді. Бұл мақала Абайды жалпыхалықтық деңгейде тануға жол ашып, кейінгі зерттеулерге түрткі болды.
Міржақып Дулатұлы
Міржақып Дулатұлы (1885-1935) – Алаш қайраткері, жазушы, публицист. Ол 1914 жылы Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай жазған мақаласында: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, һөнер-ғылымға қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар..» - деп, бүгінгікүнді дәл болжап, ақын шығармашылығына әділ бағасын береді. Міржақып Абай шығармаларындағы адамгершілік, ұлт тағдыры, білім мен ғылым жайлы терең ойларды жоғары бағалап, оны барша қазаққа үлгі етті. Сонымен қатар, бұл мақалада Абай өлеңдерінің елдің мәдени-рухани дамуына ықпал еткенін ашып көрсетті. Міржақып абайтанушы ғана емес, Абайдың ақындық дәстүрін жалғаған рухани шәкірті. Абай өлеңдерінен қуат алып, ол жазба әдебиетке «оян, қазақ!» деп келіп, Абайдың өлең өрнектерін, әлеуметтік-қоғамдық сананы пайымдауын, отарлық билікке қарсы мазмұндық пішіндерін пайдалана отырып, жаңаша түрлендіріп, «оян, қазақ!» сөзін ұлт ұранына айналдырды.
1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ» газеті
Жүсіпбек Аймауытұлы және Мұхтар Әуезов
Жүсіпбек Аймауытұлы (1889–1931) – көрнекті қаламгер, әдебиет сыншысы. Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) – жазушы, ғалым, драматург. Жүсіпбек1918 жылы Семейде Мұхтар Әуезовпен бірлесе «Абай» журналын шығарды. «Абай» журналының алғашқы санында Жүсіпбек Аймауытұлы «Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнадық», -деп, Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, Абай тұтқа тұтады. Бұл басылым Абай мұрасын насихаттауға арналған тұңғыш ғылыми-әдеби журнал ретінде тарихта қалды. Жүсіпбек Абай туралы бірнеше мақала жазып, оның өлеңдеріндегі көркемдік ерекшеліктер, ой тереңдігі, адамшылық философиясы жайында жүйелі пікірлер айтты. Ол Абайды қазақ әдебиетіне реализмді енгізген жаңашыл тұлға ретінде бағалады. Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай» журналына жарияланған «Абайдан соңғы ақындар» мақаласы да Абай дәстүрін айшықтауға, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің болашағы, тақырып ерекшелігі, құрылымдық жүйесі, әдеби өрнегі, өлең өлшемі, әдеби үрдісін нақтылауда, кейінгі зерттеушілердің зерттеу обьектісіне айналды.
Мұхтар Әуезовтың Абай туралы еңбектері – абайтануды кәсіби ғылыми деңгейге көтерген ең жүйелі жұмыстар болды. Ол жастайынан-ақ Абайдың өмірін зерттеп, алғашқы мақалаларын 1918 жылдан бастап жазды. 1933 жылы Мұхтар Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді ғылыми зерттеу жариялады. Ал 1940 жылдан бастап жазған «Абай жолы» роман-эпопеясы Абай тұлғасын әлемге танытқан көркем шедеврге айналды. Әуезов Абай шығармаларының бірнеше жинағын құрастырып, ғылыми түсініктемелерін жазды. Ол Абайды ұлттық мәдениет символы деңгейіне көтеріп, абайтануды жеке ғылыми сала ретінде орнықтырды.
1918 жылы жарық көрген «Абай» журналы
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және Мұхтар Әуезов сынды ұлт зиялылары - Абайды тек ақын ретінде емес, қазақ ұлтының рухани жолбасшысы, қоғамдық ойдың реформаторы, ұлттық мәдениеттің тірегі ретінде танытты. Олар Абайды тану арқылы қазақ халқын тануға, оның өркениеттік болмысын ұғынуға ұмтылды. Бұл бағытта Абайдың өз ұлы Тұрағұл мен немере інісі Кәкітайдың атқарған рөлі де айрықша. Олар Абайдың шығармаларын алғаш рет жинап, жүйелеп, жариялауға мұрындық болды. Әсіресе 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинақ абайтану тарихындағы бетбұрысты кезең болды. Бұл жинақ тек әдеби мұра емес, Абай тұлғасын ғылыми тұрғыда танытудың алғашқы баспалдағына айналды. Аталған қайраткерлердің барлығы Абай мұрасын ұлттың болашағына бағдар болатын рухани ілім ретінде қабылдап, оны қазақ қоғамының жаңғыруының негізіне айналдыруды көздеді. Абайдың ағартушылық идеяларын, гуманистік дүниетанымын, этикалық ұстанымдарын насихаттай отырып, олар ұлттың ішкі жаңғыруына, білім мен ғылымға бет бұруына жол ашты.