Марат Азбанбаев: Абай поэзия мен прозаға сот ісінен келген

Бөлісу

05.08.2025 1276

Абайды әр қырынан зерттеу – абайтану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Абайдың ақындығы, философиялық көзқарастары, шығармашылық ерекшелігі, т.б. қырлары жақсы зерттелгенімен, ашылмаған аралдары жеткілікті. Соның бір парасын Абайдың сот ісіне қатысы, сотты жүргізу қабілеті, сот жүйесіне қатысты ойлары мен сотталуы сияқты іргелі тақырыптар құрайды. Бұл салада көптен қалам тартып, архив деректерін тауып, жариялап жүрген жан – белгілі судья, Қазақстан Судьялар одағының мүшесі Марат Азбанбаев. Біз сәуір айында шыққан жаңа кітабымен авторды құттықтай отырып, азды-кем сұхбатты портал оқырмандарына ұсынамыз. 


– Марат Ақторғайұлы, сіз жақында «Абайдан  Азбанбайға дейінгі сот істері» деген кітапты жазып бітіріп, баспадан шығардыңыз. Оқырман қалай қабылдап жатыр?

 Баспадан сәуірдің алғашқы күндері шыққан кітаптың бірінші оқырманы ғалым Дихан Қамзабекұлы болды. 

«Атауынан ат үркеді екен» деген Дихан азамат «Егемен Қазақстан»  газетіне  «Жаңа кітап» атты айдармен оқырман жұртына таныстырып берді. 

Сол сәуірдің соңғы күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана беташар рәсімін өткізді. Кітапханадан жеткен жақсы хабар бар. Кітап Черногория мемлекетіндегі «Абай орталығына» жол тартыпты. 

ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің жанындағы «Сот төрелігі академиясы» кітаптағы сот істеріне қатысты күзде дәріс оқуды ұсынды. 

Кітаптың атауы мазмұнына сай шыққанын бір оқымысты оқырманның «Кітаптан түрменің иісі аңқып тұр» деген сөзі жақсы жеткізеді.

Кітап көктемде сәуір айында шықты, мамыр айы мазасыз мерекелер керуені, маусым, шілде елдің демалысқа шыққан кезі, алда тамыз Абай тойы, көңілі алаң оқырманның қолы тимей жатқаны белгілі. Кітап оқу қызығы күзде оқырмандар кітапханаға оралғанда  басталады.

Біз Астана қаласындағы кітапханаларға кітапты тегін таратқанбыз. Сөзді саудаға салмаймыз, сатпаймыз,  сұрамаймыз. 

Әрбір автор өз оқырмандарын қалыптастыруға мүдделі болуға тиіс. Әділ сөз ұсынсаң әділет ісіне  сұраныс болады. Әділет ісі тәрбиемен, үлгі- өнегемен өсіп- өнеді. 

Жаңа Қазақстанға жаңа, әділетті оқырманды тәрбиелеп шығаруға көмектесуге міндеттіміз. 

– Бұл тақырыпта кітап жазуға қандай жағдай түрткі болды? 

 Бұл «Абайдан  Азбанбайға дейінгі сот істері» кітабы талай жылғы зерттеуімнің, еңбегімнің нәтижесі, жемісі.

Соңғы жылдардағы  зерттеу ісінде 2020 жылдың  қараша айының 10-шы күні шыққан  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын заңдылық және саяси тұрғыдан толық ақтау туралы» жарлығын басшылыққа алдым.

Ақтау үкімін сот шығарады. Толық ақтау үкімі – әркімге адам атын  қайтарып беру.

Қайту – әр нәрсенің өзінің түпкі мәніне, негізіне қайтып оралуы, сонда сақталуы, ақталуы. М.Әуезовтің  «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші тарауы «Қайтқанда» деп бекер аталмаған. 

Заңдылық дегеніміз – жоқтан бар болған әркімнің адам болып өмір сүру құқығының жер бетінде іс жүзінде орындалуы. 

Саясат – мемлекеттік биліктің әркімнің адам болып өмір сүру құқығының мүлтіксіз орындалуын  қамтамасыз ететін қажетті іс-шараларды атқаруы.

Мемлекеттің барлық істі қарап шығуға мүмкіншілігі мүлдем жоқ, және сол бір қылмыс деп аталған істерді дұрыс оқып, түзу тану әркімнің қолынан келе бермейді, ол үшін әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылым, тәжірибе қажет. 

1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болғанмен, заң ақтау мәселесіне терең бойлап бара алмаған. Зерттеу ісінде заң мен жарлықты бойына қарай өлшеп сөйлеген уақыттың шектеулі өнімі ретінде қарауға тиіспіз. Істің ақиқатына еркін шығармашылық жетелейді. Ерік пен жігерге негізделген шеберлік шешеді ақтау мәселесін.

Менің 40 жылдық заңгерлік тәжірибем бар, 28 жыл сот қызметін атқардым, сол себептен өзімнің атам Азбанбайдың атын президенттің жарлығына сай толық ақтап алу ісін өз қолыма алдым. 

Атам Азбанбайдың ісін зерттей жүріп Құнанбайдың, Абайдың, Шәкәрімнің, Қасым Аманжоловтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың істерін де ежелгі қазақтың «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» қағидасы негізінде зерттеп шықтым.

Тіл тану, тұлға тану, тарих тану ісінде сот  ғылымының қағидаларына арқа сүйендім. Сот ғылымы, әділет ісі Шоқан Уәлихановтың еңбегінде терең, жан-жақты қамтылған. Абайдағы бар дүниені Шоқан да айтып кетіпті. Екеуінің еңбектерінің мәтінін асықпай оқып шықсаңыз, Абайды Шоқанның шәкірті деу заңды болар. Абай – Шоқанның шәкірті, Шәкәрімнің шырағы.

– Кітапта Құнанбай, Майбасар, Абай және өз атаңыз Азбанбайдың соттары туралы көптеген мәліметтер берілген. Басынан бастайықшы, Құнанбайдың Омбыда 372 күн абақтыда болуы оның қандай әрекетіне байланысты туындап еді?

 1851 жылы басталған Құнанбай ісінің себебі колониялық жеңістерін заңдастыру мақсатында қабылданған Ресейдің 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару туралы жарлықта жатыр. 

Ресей империясы хандық билікті түпкілікті қиратып,  қырдағы қазақтарды болыс-болысқа бөле бастады. Билік басына сұлтандарды әкеліп оларды өзара қырылыстырып қойды, біріне-бірін айдап салды. Біраздан соң сұлтандарды биліктен шеттету мақсатында аға сұлтандыққа қара қазақтан шыққандарды ұсына бастады. Кейін оларды да ығыстырып билікті орыс чиновниктеріне толық өткізді. Сөйтіп, қазақтың қолынан өз ырқы мәңгілікке кетті. 

Бар мәселе осында еді.  1849 жылы аға сұлтандыққа келген Құнанбай Тобықты ішіндегі бірлікті сақтап қалғысы келді. Онысынан түк шықпады. Биліктегі чиновниктер  елді бөлді, бүлдірді. Қызғаныш итін қоздырды. Қазақтың қолымен отарлау отын көсеп бақты, басшылыққа таластырып қойып, өлімге айдады. 

Құнанбай көрді, түсінді, заңсыз қорлыққа көнгісі келмеді. Қайтпады, қарсыласты. Қарулы күш қолданды. 

Тісін басып жүрген чиновниктерге де сонысы керек еді. Қолына кісен салды, қамады. Абақтыға қамады, түрмеге жапты. Құнанбай да қорғанып бақты. Жол тапты, бақ қонды, бостандыққа шықты.      

Империя губернаторына да Омбыдағы  Құнанбайға қарсы топтың көмейінің  жеңгені қажет емес-тін. 

Құнанбай да империяға адал қызмет еткен чиновник, бай, беделді, білімді, толымды адам. Аға сұлтандық  институты заңмен 1853 жылы тоқтатылды.   

Енді келіп оны  аналарға жығып бергеннен, елден қуғаннан өз басы не пайда  табады? Құнанбайды түрмеден босатып, істі қысқартқаннан империя құлап қалмайды.

Қайта Құнанбайдың аналардың ортасында, ел ішінде дін аман жүргені керек еді губернаторға. 1851 жылы  Құнанбайдың үстінен арыз жазған қазақ байларының артында Омбыдағы ұлықсыған орыс чиновниктерінің де тұрғаны оған мәлім еді.  

Құнанбайдың тағдырын дұрыс тану үшін империя заңын оқи білу қажет. Оның әр нормасына үңіліп ұға білуге тиіс. Онсыз ешбір зерттеу толық болмайды. Тура жолға шыға алмай адасамыз. 

– Ал Майбасардың сотталуы жөнінде не айтасыз? Мен жақында абайтанушы ғалым Әбіш Жиреншиннің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған Абай туралы материалдарын қарап, оқып, теріп, баспаға дайындадым. Сонда Майбасардың ел билеуі туралы қызық әңгіме бар. Құнанбай аға сұлтандықтан түсіп, енді болыс болып сайланады да, старшындыққа Бөжейді ұсынбақ болады. Ал Майбасар ерте қамданып, Бөжейдің алдына барып, мансапты өтініп сұрайды. Бөжекең уәде беріп қойып, сол уағдасынан қайта алмай, ақыры билікке қолы жеткен Майбасар халықты қан қақсатады. Енді осының соңы оның сот тартылуына жеткізді ме? Бұған қатысты сіздің версияңыз қандай?

Өскенбай ұлы Майбасар да 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару туралы жарлықтың құрбаны. Архивтегі құжаттарды оқып отырсаңыз Құнанбай Майбасарды болыстыққа  сайлауға құқығы бар еді. Құнанбай сол құқығын заңды пайдаланған. Кейін ағайындары  Майбасар заңсыз сайланды деп Құнанбайға сөз келтіру мақсатында сөздерінен танды. 

Басында бұлар  басқа ілік таппады. Кейін елден заңсыз түйе жинады деген айып қосты, тергеу шығартты. 

Тергеушілер Құнанбай мен Майбасарды жақтырмады, жек көрді де, айтысты қоздырып, қазақты қазаққа қарсы айдап бақты, тартыс қыза түсті. 

Негізінде Майбасар мен Құнанбай жалғыз емес-тін. Ырғызбайлар тобының да қарасы мол еді. Қарсы шапты. Өртті өртпен қарсы алды. Ашуға да, айлаға да жақты шырақ.

– Абайдың сотқа тартылуының жайы қандай? Біз «Абай жолы» романын оқығанда ел азаматы Базаралыны Құнанбайдың итжеккенге айдатып жіберетінін білеміз. Шынайы тарихи жағдайда бұл оқиға Абайға тиесілі ғой. Абай мен Базаралының арасы неден ушыққан?

 Абай да адам баласы.  Әкесі Құнанбайдың ақыл жарлығымен өскен жан. Абайды империя билігі құрметті қазақ деп таныған. Құрметті қазақ мәртебесін империяға еңбегі сіңген қызметі үшін береді. Базаралы ісі болсын, басқаның ісі болсын Абай өз заманында империяның өкілі болған соң, сол мемлекеттің жалпыға бірдей заңына бағынған, мойындаған. 

– Абайдың «Қарамола» ережесін жазуға қатысуы оның заңгерлік-құқықтық білімін көрсете ала ма?

– «Қарамола» ережесін жазуға Абайды Шыңғыстау болысынан  құрметті  қазағы ретінде орыс үкіметі шақырған. «Қарамола» ережесіне баға беру үшін Шоқанның 1853 жылғы империя заңы туралы сынын оқу керек. Ал, Абайдың бүкіл шығармасы заңдылық пен құқықтық тәртіпке негізделген. 

Абай шығармасының мәтіні тура нормативтік акт іспеттес.  Абай поэзия мен прозаға сот ісінен келген. Абай ақын емес, Абай – сот. Әкесі Құнанбай да би болған, сот болған. Абайды да сот ісіне баулыған. 

Адамзаттың жазба заңының бәрі де сот үкімі жасақтаған сот ғылымынан бастау алады. Абайдың сот ғылымына жетік болуының себебін Шоқан айтып кеткен. 

Абайды дұрыс тану үшін Шоқанды оқу керек. Абайтанудың қазығы Шоқан еңбегінде.  Шоқанды оқымай Абайды танимыз деу де орынсыз.

– Өзіңіз сот саласында судья болып отыз жылға жуық қызмет еттіңіз. Қазіргі сот істерін қалай бағалайсыз? БАҚ-та шығып жатқан ақпараттарға қарағанда сот істерінде әділетсіздіктер көп орын алатындай көрінеді? Бұл құбылыс сізге қалай әсер етеді?

– Сот – мемлекет билігінің бір тармағы. Сот ісін бағалау үшін атқарушы, заң шығарушы тармақтарының да ісін қарауға тиістіміз.

Сот – қоғам айнасы. Қоғам әртүрлі әлеуметтік мінезден тұрады. Ақыл мен ғылымды сақтайтын да мінез.

Сот – мінез майданы. Халықты сақтайтын – ұлттық мінез. Абай адам мінезін айтса, Шоқан ұлттық мінезге қайтуды ұсынған.  

Бөлісу