Қазақ тарихы туралы ЖИ платформа құру жоспарлануда
Қазақ тарихы туралы ЖИ платформа құру жоспарлануда
16.05.2025 952

Бүгін «Qazcontent» АҚ мен Мемлекет тарихы институты отандық тарихты ілгерілету мақсатында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын бірлесіп қолдануға уағдаласты. Бірнеше кездесу мен талқылау нәтижесінде қос тарап қазақ тарихына арналған жасанды интеллектке негізделген платформа құру мүмкіндігін қарастыратын жол картасына қол қойды. 


Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық тарихты электронды форматта кеңінен насихаттап келе жатқан Qazaqstan tarihy интернет-порталының аудиториясын кеңейту, оны тарих саласындағы орталық ХАБ-қа айналдыру. Сонымен қатар, жасанды интеллект жүйесіне Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты қазақ тіліндегі ғылыми негізделген ақпараттарды шоғырландыру, ақпараттық және әдістемелік бағытта өзара ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.

Кездесу барысында «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабек Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» РММ-ге бастама көтеріп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын болғаны үшін алғыс білдірді. Ол Қоғам тарапынан ЖИ саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, тарихшы ғалымдардың мақалалары мен зерттеулерін портал бетінде жариялауға мүмкіндік туып отырғанын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов жасанды интеллекттің цифрлық дәуірде өткенді танудағы маңызды құрал екенін атап өтті. Сондай-ақ, 2025 жылғы 25 қаңтарда өткен «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: жаңа көзқарастар және ізденістер» атты ғылыми форумда заманауи технологияларды игерудің маңыздылығын көтергенін еске салды. Оның айтуынша, жаңа платформа арқылы кез келген қолданушы отандық тарихқа қатысты ғылыми негізделген жауап алуға мүмкіндік алады.

Жол картасы аясында мемлекеттік тілдегі тарихи мақалалар мен сұхбаттарды арттыру, сондай-ақ Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп e-history.kz порталындағы ЖИ-мен өңделген тарихи-танымдық материалдар базасын толықтыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты кітаптар портал базасында жинақталып, олардың мазмұны жасанды интеллектке бейімделетін болады. 

Айта кетер болсақ, «Qazaqstan tarihy» порталы ресми түрде 2013 жылы 25 қыркүйегінде құрылған. Портал «Qazcontent» АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. Қазіргі интернет кеңістікте біздің елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген тұрақты қызығушылық қалыптасқан. Сондықтан портал шетелдік азаматтар мен қазақстандықтарға қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, әдебиетін жан-жақты насихаттап келеді.  Сайт контенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылған.