Атақты «Рыжий Алмаз» қалай ұсталды?
08.01.2025 416

Жақында отставкадағы полиция полковнигі, «Арлан» арнайы жасағының алғашқы командирі Дәулет Темірхановпен танысудың сәті түсті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері және құрметті ардагері, «Құрметті спорт қызметкері», «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Дәулет Әмірханұлының «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабы жарық көріп, таныстырылымы өткенін жазған болатынбыз. 


Деректі детектив желісінде жазылған бұл кітапта 90-шы жылдардағы кепілге алынғандарды босату, қарулы қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау және жою, қоғамға қауіп төндірген экстремизм мен терроризм актілерін оқшаулау, т.б. арнайы жасақтың ерен еңбегі мен ерлік істері баяндалады. Болашақ ұрпаққа патриотизмнің шынайы үлгісін ұсынатын бұл шығарма, сондай-ақ кинематографияға сұранып тұрған оқиғаларға толы.

Осы кітаптағы детективті деректер мен шым-шытырыққа, шытырманға толы оқиғалардың жай-жапсары өз көзімен көрген, арнайы операцияларды ұйымдастырған тұлға ретінде автор қаз-қалпында баяндаған. Соның бірі – әйгілі «Рыжий Алмаз» лақап атымен танылған Несіпбай Нәсеновті ұстау операциясы. 

Кітапта бұл оқиға «Бір өзеннің қос жағасы немесе Рыжий Алмазды ұстау» деген атпен берілген. Әңгімені бастамас бұрын «Ер жаңылып – қолға түсер, Құс жаңылып – торға түсер» деген халық мақалы қолданылған. 

Бұл әңгімеде автор Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық реформалары мен ішкі істер органдарының дамуынан бастайды. «Біз алып КСРО-ның қирап қалған үйіндісінен бой көтерген жасампаз еліміз. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай бар қиындықты жеңе білген Қазақстанды қазір жер жүзі мойындап отыр. 90-шы жылдары жағдай басқаша еді. Алматы қаласының өзінде криминалдық ахуал ушығып тұрған. Сол бір өтпелі кезеңде Қазақстанның құқық қорғау саласы түбегейлі реформадан өтті. Ол реформаның қуаты 1992 жылдың 23 маусымында «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданғаннан кейін көріне бастады» дейді Д. Темірханов. 

1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін, Қазақстан жас мемлекеттің негізін қалау барысында көптеген қиындықтарға тап болды. Әсіресе, 90-шы жылдардың басында елдегі әлеуметтік және экономикалық дағдарыстармен қатар, криминалдық ахуал күрделене түсті. Осындай күрделі кезеңде құқық қорғау саласында түбегейлі реформалар жүргізілді. Сол реформалардың бастау алған сәті ретінде 1992 жылдың 23 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңды атап өтуге болады. Бұл заң ішкі істер органдарының қызметін реттеп, олардың мәртебесі мен міндеттерін айқындады. Милиция қызметкерлерінің құқықтары, олардың арнайы құралдар мен атыс қаруын қолдану ережелері заңнамалық деңгейде нақтыланды. Сондай-ақ, бұл заң құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы сияқты маңызды мәселелерді де қамтыды.

Автор 90-шы жылдардағы Қазақстанның құқық қорғау органдарының қызметін,  сол кезеңде криминалдық ахуалдың ушығуы мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың белсенділігі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жүктеме артқанын сипаттайды. Тәртіп сақшыларының, әсіресе, Арнайы мақсаттағы рота қызметкерлерінің физикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да мықты болғаны, олардың қылмыс әлемімен күресте батылдық пен төзімділік танытқаны атап көрсетіледі.

Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында спортпен шұғылданған азаматтардың болғаны, олардың оңай берілмейтін жау екені ерекше атап өтілген. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жоғары дайындық пен күш-жігерді талап етті. Алматы қаласындағы тәртіп сақшыларының қылмысқа қарсы күресте ерекше табандылық көрсеткені, олардың ел қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет еткені баяндалған. 

«Қылмыс әлемінде аты аңызға айналғандардың қатарында Несіпбай Нәсеновті айтуға болады. Ол қазіргі кездің өзінде «Рыжий Алмаз» лақап атымен танымал» делінген. «Рыжий Алмаз» кім еді?

«Рыжий Алмаз» деген жалған атпен қылмыс әлемінде кең танылған тұлғаның шын есімі – Несіпбай Нәсенов. Ол 1961 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. 1990 жылдары Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыс құрылымдарының белді мүшесі ретінде белгілі болды. Кейбір деректерге сәйкес, Нәсенов бірнеше шет тілін жетік меңгерген, спортпен, әсіресе айкидо жекпе-жек өнерімен айналысқан. 

Несіпбайдың әкесі, тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсенов ұлының өмірі мен өлімі туралы сұхбаттар беріп, оның тұлғасын зерттеуге үлес қосып келеді. Оның айтуынша, Бішкек вокзалында жоғалған сөмкені жасөспірім Несіпбайдан көріп, алғаш ретін жазықсыз түрменің дәмін татады. Содан кейінгі оның өмірі туберкулезбен ауырып, әке танысы арқылы түрмеден ерте босатып алу оқиғасына ұласады. 

Бұдан кейінгі Н. Нәсеновтің өмірі мен қызметі Қазақстанның өтпелі кезеңіндегі күрделі әлеуметтік және құқықтық жағдайларды көрсетеді. Оның тұлғасы қоғамда әртүрлі пікірлер тудырып, кейбіреулер оны қылмыскер деп санаса, басқалары оны ұлттық мүддені қорғаушы ретінде бағалайды.

Ал кітаптың авторы ше? Ол болған оқиғалардың хроникасын рет-ретімен былайша баяндайды. 

Бірінші оқиға. 

«1996 жылдың маусым айында Плодоконсерві комбинаты ауданындағы Жандосов көшесіндегі кеңселердің бірінен Рыжий Алмаз лақабы бар ұйымдасқан қылмыстық топ серкесі Несіпбай Нәсенов дегенді ұстау үшін «Бопсалауға қарсы күрес Басқармасы» мен Арнайы мақсаттағы рота күш біріктіріп, қызметтік тапсырманы орындауға барды. Бұл ҰҚТ Алматы қаласы кәсіпкерлері мен бай адамдарға үстемдік жүргізіп, ұзақ уақыт бойы рэкет және бопсалаумен айналысып келген. 

Кеңседе болған 10-12 адам ІІМ қызметкерлеріне ешқандай қарсылық көрсетпеді, тінту кезінде винчестер қаруы тәркіленді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалып, ҰҚТ Алматы қаласы бойынша жасаған қылмыстары бойынша тексеріліп, артынан материалдар қалалық сотқа жіберіледі» дейді. 

Сот шешімі бойынша, күдіктілер ақталып, бостандыққа шығарылды, өйткені арыз түсірушілер өздерінің жазбаша арыздарынан бас тартты. Мұндай әрекетке олардың өздері мен жақындарына төнген қауіптен қорыққандары себеп болуы мүмкін. Бостандықтағы ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүшелерінің жапа шеккендерге қысым көрсеткені де ықтимал. Дегенмен, сот шешімі бойынша винчестер қаруын заңсыз сақтағаны үшін айыппұл салынды, бұл айыпты ішінара мойындағанның белгісі ретінде қарастырылды.

Екінші оқиға.

Сол бір жылдарда Арнайы мақсаттағы рота (АМР) қызметкері болған подполковник Алик Дагилов «Рыжий Алмазға» қатысты тағы бір оқиғаны былайша еске алады:

«Қылмыс әлемінің серкесі «Рыжий Алмаз» тобының бірнеше мүшесі бір кәсіпкер азаматтан 30 мың АҚШ долларын бопсалайды. Көктем айы. Сағат түнгі 01.00 шамасында Алматының Кіші Алматы өзеніне жақын Науаи көшесі  маңындағы автобус аялдамасына айтылған соманы әкеліп беруін талап еткен екен. Бопсалаушылар келгенге дейін жартысы азаматтық киімде, жартысы арнайы киім киген қарулы АМР сарбаздары өздерінің белгіленген орындарында күтеді. Олардың біреулері арықта жасырынса, біреулері машина ішінде, енді біреулері жақын үйлердің маңайындағы тасадан бақылау жасайды. 

Бір кезде бандиттер де келіп жеткен еді. Кәсіпкер ақшаны бермекке ыңғайланып, көліктен шығып, алға қарай жүреді. Осы кезде қылмыскерлер белгі беріп тұрған арнайы мақсаттағы қызметкерді байқап қалады да, қарудан оқ атады. Екі жақтан да оқ атылып, атыс басталып кетеді. Осы кезде арықтың ішінде жатқан Мақсат (лақап аты – Макс) деген АМР қызметкері артынан таяп барып, қылмыскерді жұдырықпен ұрып жығып: «атпаңдар» деп айқайлайды». 

Автор Д. Темірхановтың сипаттауына қарағанда, қылмыскерді ұстаған Мақсат алпамса бойлы, өзі бокстан спорт шебері дәрежесінен үміткер болатын. АМР қызметкерлерінің кәсіби іс-қимылының арқасында бопсалаушылар жан-жаққа қашып, Макстың қолына түскен қылмыскер уақытша ұстау изоляторына жабылады.  Сол күннің ертеңінде Кіші Алматы өзенінің бойынан брезентке оралған адамның мәйіті табылды. Тексере келгенде, кешегі атыс болған жерге қарама-қарсы тұрған үйлердің қабырғасына тиген автоматтың оқтары, гилзілер табылып, сараптама жасалғанда, арнайы жасақ қаруларынан атылған оқтар екенін дәлелденіп, қорытынды шығарылған. Сол сияқты сарбаздарды тапсырма орнына апарған көлік ішінде де қанның ізі қалған екен. Әккі қылмыскерлер өлікті брезентке орап, өзен маңына тастап, сол әрекеттерімен әдейі өш алмақ болғаны айтпаса да түсінікті еді. Дегендері болып, операцияға қатысқан арнайы жасақ қызметкерлерінің барлығы уақытша қамау изоляторына жабылды, қызметтен босатылды. 

«Олар менің қол астымда істеген, отбасы, балалары бар. Бұл істің жала екенін, қызметкерлерімнің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін біраз іс-әрекет жасауына тура келді. Қорғаушы жалдап, қайта сараптама жасаттым. Атылған оқтар мен көлік ішіндегі қанның қайдан келгені бәрі дәлелденді. Бізде Қахаров деген жүргізуші болатын, сол бір жұма бұрын түнгі қызметтегі сарбаздарды  тапсырмаға апарып, қайта қайтып келе жатқанда автобус аялдамасында қансырап жатқан азаматты көреді. Көлікке салып, жедел жәрдем ауруханасына жеткізеді. Табылған қан сол жаралы жігіттің қаны болып шықты. 

Қамауда жатқан қызметкерлердің барлығын босатып, қайтадан қызметке алғыздым. Бұл менің АМР командирі ретінде қоластымдағы қызметкерлеріме деген қамқорлығым еді. Қазір ол жігіттердің барлығы зейнетте, көрген сайын рақметтерін айтып жатады. Басында айтылған оқиға қалай аяқталды десеңіз, бопсалауға қатысқан қылмыскерлердің барлығы артынан ұсталып, жасаған қылмыстарын мойындады, әртүрлі мерзімге сотталды» дейді автор. 

Үшінші оқиға. 

Оқиға барысы былай өрбіді: «Рэкет және бопсалауға қарсы күрес» Басқармасы бастығының орынбасары капитан С.Т. Күсетов (кейін генерал-майор) кезекші бөлімге қоңырау шалып, шұғыл түрде 15 адам жіберуді сұрады. Себебі, қылмыс әлемінің танымал серкесі «Рыжий Алмазды» ұстау операциясы жоспарланған болатын. Арнайы жасақ мүшелері дереу дайындалып, арнайы киімдері мен қаруларын сайлап, көрсетілген мекенжайға аттанды. Олар келген кезде, биік қоршаумен қоршалған үйді тапты. Автобус қоршаудың жанына тоқтап, арнайы мақсат бөлімінің қызметкерлері кезек-кезек қоршаудан секіріп, аулаға түсе бастады. Операция мұқият жоспарланып, жылдам әрі кәсіби түрде іске асырылды.

Оқиға барысында, арнайы жасақ үйге кіреберістегі баспалдақта тұрған Рыжий Алмазды көрді. Ол күлімсіреп, «Қоршаудың есігінен кірмейсіңдер ме:Ашық тұр ғой» деп қалжыңдады. Қарсылық көрсетпеген ол үй ішіндегі ағаш пирамидадан қару-жарақ алынғанда да сабырлы күйінде тұрды. Оған кісен салынып, уақытша қамау изоляторына жеткізілді.

Сот үкімімен Рыжий Алмаз тиісті жазасын алып, қатаң режимдегі колонияға жіберілді. Ондағы тұтқындардың барлығы ҰҚТ аса беделді серкесі келгеніне арқаланып, бәрінің бойына ерекше рух бітті. Бірақ Нәсенов ол жерде көп отырған жоқ. Біраз уақыттан кейін ол жерден қашып шығып, Испанияға кетіпті. Сол жақта өлі денесі табылған еді...» деп аяқталады.  

Кітап авторы құқық қорғау органының беделді қызметкері болғанына қарамастан, осы істерде Рыжий Алмаздың ісін насихаттамайды, болған оқиғаны жазу арқылы Арнайы мақсаттағы ротаның жұмысын көрсетуден бөлек, бойына ерекше қабілет дарыған қазақ жігітінің ерік-жігері мен айла-амалына еріксіз таңданады. Үш оқиғада да Нәсеновтің тегін адам еместігін аңғартатын тұстары жетерлік. 

Несіпбай Нәсеновтің өмірі мен тұлғасы бүгінде зерттеу объектісіне айналып, ол туралы көптеген аңыздар айтылып келеді. Ерте жастан түрмеге түсіп, туберкулез сияқты ауыр дертке шалдыққанымен, оның қасқырдай қайсар мінезі барлық қиыншылықтарды жеңуге көмектескен. «Түрмеден шығып, жұмысқа орналасайын десем, сотталғаным кедергі болды. Қайда барсам да осымды бетке басып, қоғамнан шеттетті. Амал жоқ, қылмыс жолына түстім» деген Нәсеновтің отты сөздері ойын шабақтап, оған ерекше табандылығы мен өмірге деген жігері оны түрлі сынақтардан аман алып шығып, қылмыс әлемінде беделді тұлғаға айналдырды.

Төртінші оқиға. 

Шағын да болса Нәсеновтің қазақ ішінде ғана емес, тысқары аймақтардағы, әсіресе қылмыс әлемі бүкіл орысты торлаған Ресейдегі беделін анық байқатады. 

Бірде Мәскеу әуежайында бір қазақ кәсіпкерінің жол сөмкесі ұрланады, ішінде қомақты ақша болған. Кәсіпкер дереу «Рыжий Алмазға» хабарласқан соң, ол Мәскеудегі қылмыс әлемінің серкелерін аяғынан тік тұрғызып,  санаулы сағаттар ішінде сөмкені тауып береді. Сөмкенің ішіндегі ақшасы да сол қалпы сақталған. «Рыжий Алмаздың» қылмыс әлеміндегі ықпалы мен беделінің қаншалықты зор екенін көрсететін бұл оқиғаны автор кітабына енгізген. 

«Десе де, «Мен ұлтшылмын. Қазақтардың жақсы киінгені, жақсы өмір сүргені, жақсы машиналар мінгені, жақсы үйде жасағаны маған ұнайды. Мен бұған рақаттанамын. Мен өзіме де, басқаларға да Қазақстанда жақсы өмір сүру мүмкін ғана емес, міндетті екенін дәлелдегім келеді», – деген кең тараған пікірдің иесі, бандит болса да әділдігімен елге жаққан «Рыжий Алмазбен» «Рэкет және бопсалаумен күрес» қызметінде жүріп, жолымыз жоғарыда баяндалғандай жағдайда түйіскен болатын» деп аяқталады.

«Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабында «Рыжий Алмаз» бейнесі ерекше және күрделі сомдалған. Ол – жүректі жауынгер, алайда тек физикалық күшпен ғана емес, сонымен қатар ақыл-парасатымен, өз ісін мұқият орындататындығымен ерекшеленеді. Кітап авторы оның жеке тұлғасын жан-жақты көрсетіп, әртүрлі жағдайларда қалай әрекет ететінін, жеңілістер мен жеңістер арқылы қалай өсіп, өзгеретінін жақсы сипаттайды. Мәселен оның ұсталуын ұсталғанымен, іс сотқа жетпей босатылуы (1-оқиға), атыс кезінде жағдайды өз пайдасына шеше алуы (2-оқиға), ұстау операциясы кезінде ешқайда қашпай, сонша сабырлы болғаны (3-оқиға), шетелде оның беделінің күштілігі (4-оқиға) естіген адамды айран-асыр етеді. Қарсы тараптың адамы болғанына қарамастан, автор Нәсеновті қараламай, керісінше іс-әрекетіне сүйсінгендей әсер қалдырады.  Осылайша «Рыжий Алмаздың» әрекеттері мен шешімдері, оның ерлігі мен қайсарлығы, сондай-ақ әділетсіздікке қарсы тұруы оны оқырманның көзіне мықты әрі батыл кейіпкер ретінде бейнеленген.