Алтай тауы мен Тәңір тауы – Еуразия көшпелілерінің алтын бесігі. Неше мың жылдар бойы көшпелі халықтар Орталық Еуразия даласында ары-бері сабылып көшумен келеді, осы барыста көшпелілер үздіксіз түрде отырықшылыққа көшумен қатар отырықшы мемлекеттерді жаулап алып, көптеген империялар құрып, адамзат тарихына өшпес үлестер қосты. Көшпелілердің соңғы империясы ойрат-қалмақ қағанаты 1605 жылы буддизмге көшіп, мемлекет ыдыраған соң, көшпелілердің дәуірі де тоқырауға ұшырады. 1755 жылы жоңғар мемлекетінің жойылуы, 1822 жылы қазақ ордасының жойылуымен көшпелілер заманы аяқталды. Оның орнына Еуропаның ағылшын, француз, орыс империялары құрылды.
Бір ғажабы, 1605 жылы ойрат империясы ыдыраған тұста ағылшындар қазіргі Америка Құрама Штаттар жерінде өз отарларын құра бастады, бұл қазіргі асқан ірі ел құрама штаттардың негізін қалады (Bellah, Robert Neelly; Madsen, Richard; Sullivan, William M.; Swidler, Ann; Tipton, Steven M. (1985). Сонымен қатар 1776 жылы Қазақ ордасы жойылуға беталған тұста құрама штаттар тәуелсіздік алса, 1789 жылы Францияда буржуазиялық ревелюция басталды. Демек, 2000 жыл бойы ат үстінде жүріп әлемді дүбірлеткен көшпелілер құлдыраған тұстарда Еуропа өрлей түсті.
Тарихтағы Еуразия көшпелілерінің көлемді имиграциясының бастылары мыналар:
Үнді-Арий тайпаларының Орталық азиядан Еуропаға, Иранға, Үндістанға және шығысқа көшуі;
Ғұндардың империясының құрылуына байланысты юечжи, сақ, усун тайпаларының Орта Азияға көшуі;
ІІІ-IV ғасырлардағы халықтар көші: ғұндардың Орта Азияға кіріп одан Еуропаға дейін көшуі, оның салдарынан герман тайпаларының, аландардың батысқа көшу. Сәнбилердің Солтүстік Қытайды басып алуынан туындаған миллиондаған қытайлардың оңтүстікке көшуі;
Түрік қағанаты құрылғаннан кейінгі аварлар мен бұлғарлардың Еуропаға көшуі. 100-200 мың түріктің Орта Азия мен Қазақстан аумағынан, Моңғолияға, Қытайға көшуі;
Ұйғыр қағанаты құрылғанда түріктердің тағы бір дүркін Қытайға босуы, қарлықтардың Жетісуға көшуі, ұйғыр қағанаты құлаған және табиғаттың суытуынан тоғыз оғыздар мен өзге тайпалардың Жетісу, Қырғызстан, Сырдария аумағына көшуі;
Қидандардың күшеюіне байланысты хун (куман)-қыпшақтардың Алтайдан батысқа қарай жаппай көшуі, бұдан ары олардан ығысқан оғыздардың Түркімен, Әзербайжан, тіпті Анадолыға көші. Осы көштен кейін Моңғолия жерінде түрік тілдес тайпалар саны азайып керісінше моңғол тілдес тайпалар саны арта түскен;
Моңғол империясының құрылуымен оның жорықтарына байланысты моңғол-татарлар атанған түрік-моңғол тайпаларының Орта Азияға көшуі;
ХV ғасырдағы ойрат-қалмақтардың батысқа көше бастауы, өзбектердің Қазақстан даласынан ығысуы;
XIII ғасырдаға соңғы көш: Жоңғарлармен қалмақтардың Қазақстан аумағына тұрақтауы. Жоңғар жойылған соң қазақтардың жаппай төрт бағытта көшуі6 әсіресе шығыс және батыс бағытта көшсе, қалмақтар шығысқа көшті.
Міне, бұлардың бәрі 3000 жыл бойы жалғасқан көштер, көштің соңғы жұрнағы болып түркі қазақ пен моңғол тілдестер қалды. Бұнда біздің айтпағымыз, осы тоғыз дүркін көлемді көштің бірі болған ХІІІ-ХІV ғасырлардағы моңғол-татарлардың Орта Азияға жаппай қоныс аударуы болмақ.
ХІІІ ғасырдан бұрынғы Қазақстан тұрғындары
Моңғол-татарлар келуден бұрын Қазақстанмен Шығыс Еуропада куман-қыпшақтар негізгі көшпелілер болатын. Қыпшақтар әсілінде қимақтардың қоластындағы тайпа болған, кейін күшейіп Қимақ қағанатының билігі қыпшақтардың қолына өткен. Қыпшақтардың мемлекет құруы мөлшерімен Х ғасырдың соңғы кезіне тура келеді. 920-923 жылдары Моңғол даласына ұлы жорық ұйымдастырған қидандар Ертіс бойына дейін келеді, сол кезде моңғол даласынан тағы бір дүркін түркі тайпалары Алтайдан бері аса көшкен сыңайлы. Қыпшақтардың генетикасыда ежелгі ұйғырлармен ең жақын келетіні дәлелденді.
Бұны тарихи деректерде дәлелдейді, араб ғалымы Әл-Маравазид: «Түріктердің арасында құндар деп аталатын бір топ адамдар бар, олар Қытай қағанынан қорқып Қытай жерінен келді. Олар нисториян сарынындағы христиандар, олар өздерінің аймақтарынан жайылымның жетіспеушілігінен кетті. Икинжи ибн Қошқар хорезмшах солардың арасынан шыққан. Олар қайлар деп аталатын халықтан теперіш көрді, өйткені бұлар құндардан көп әрі күшті болатын, олар құндарды жайылымынан қуды. Сонымен құндар шарлар жеріне келіп қоныстандыда шарлар түркімендердің жеріне көшті, ал түркімендер оғыздардың шығыс жағына көшті, ал оғыздар Армиян теңізіне жақын печенегтер жеріне көшіп барды» дейді (Қазақстан тарихы. – Алматы: Атамұра, 326-327-бб. 2010.).
ХІІІ-ХV ғасырлардағы қыпшақ тілінің VII-VIII ғасырлардағы көне түрік тіліне ең жақын болуы, көне түркілер сияқты балбалтастар орнатуы осы тарихи себептермен тіке байланысты екендігін көруге болады.
Қыпшақтардың ең жақын одақтасы қаңлылар Орталық және Батыс Қазақстан жерінде көптеп тұрған. Қаңлылардың қазақ жеріндегі ең саны көп тайпа екенін Плано Карпини де айтады: «Қаңлы жеріне кірдік… қаңлылар дінсіздер, оларда егін жоқ, қыпшақnар сияқты киіз үйде тұрады. Татарлар қаңлыларды жеңіп өздеріне бағындырған әрі олардың жеріне қоныстана бастаған» ( Карпинидың шығысқа сапар естелігі. 44-б.). Қаңлылардың Хорезмге қарағандары 1212 жылдары мұсылман, ал далалықтары тәңірлік дүние таным ұстанған. Карпини: «Қаңлылар дінсіздер, олар егін салмайды, қыпшақтар сияқты көшпелілер... қаңлы жерінен өткен соң (Сыр бойына жеткен) соң мұсылман елдеріне жеттік», – дейді.
Десе де қыпшақ одағына кірген бұрыннан мекендеп келе жатқан қаңлы тайпаларымен бір бөлім оғыздарда бар еді. Жетісу жерінде қарлықтар солармен бірге яғма, чігіл, тухси тайпалары және қаңлылармен қарақытайлар болды.
«Құлан қаласы мұсылмандар әлемімен шектесіп жатыр, адамдары егін егеді». (Худуд әл-әләм. Шанхай гужи баспасы, 2010. 77-б.).
Меркі-қарлықтардың бір қыстағы, онда үш қарлық руы тұрады: бистан, қайым, бириш ( Худуд әл-әләм. Шанхай гужи баспасы, 2010. 78-б.).
Бұндағы бириш кіші жүздегі беріштермен тіке қатысты ма, әлде жанамалай қатысты ма, ол жағын дөп басып айту қиын, десе де бұл деректен беріштердің және чікіл шік елі атанған шектілердің Жетісу жерінде болғанын аңғаруға болады, ал олардың атамекені Алтай болған.
«Бектегін қыстағы бес соғдылар қыстағы депте аталады. Онда християндар, бұддистер, дінсіздер(тәңіршіл) тұрады» (Худуд әл-әләм. Шанхай гужи баспасы, 2010. 70-71-б.).
Демек Қарахан мемлекетінде ол кезде көп дін өмір сүрген, ислам, нисториандық христиан, будда және тәңір сенімі. Кейінгі кездерде наймандар мен керейлерге тараған нисториан да осы жақтан барған болуы әбден мүмкін. Бұндағы соғдылар түріктенген иран халықтары оларды моңғолдар сарту яғни сарт деп атаған.
Чігілдер: «Олар киіз үйлерде тұрады, қалаларымен қыстақтары тым аз. Олардың байлығы жылқы, қой, сиыр. Олардың ішінде күнге, жұлдызға табынатындар бар… Сікөл-Қарлықтармен чігілдер арасындағы үлкен қала, мұсылмандар дүниесіне жақын орналасқан ( Худуд әл-әләм. Шанхай гужи баспасы, 2010. 79-б.).
Чікіл деген сөз шік елі деген сөз екені түсінікті, чік яғни чек деген тайпа, моңғолша көптік атауы шекті. Ал бұған қарсы, тағы бір көзқарас бойынша чігіл қарлық диалектісі бойынша ғ дыбысына қыпшақ диалектісінде у дыбысы тура келеді, осы бойынша чікіл немесе шығыл, шуыл, яғни шыбыл руы болады, олар қазыр албандар мен шапыраштылар арасында бар.
Жоғарыдағы деректерге қарайтын болсақ, Шыңғыс қағанның жорығынан бұрынғы қазақ даласын мекендеген тайпалар туралы едәуір түсінікке ие болар едік, бір қызығы, оғыз, қарлық тілдес түркі рулары ол кезде қыпшақ тілдестермен іргелес болып, қазақ даласында жасап жатты, бұл жағдайды моңғол жорығы ақырластырды.
Шыңғыс қағанның 1203-1206 жылғы біріктіру соғыстарынан кейін Алтай тауымен оның ары жағындағы түрік-моңғол рулары оның қол астына топтасты. Олар бес ірі тайпалық бірлестіктен тұратын: татар, керейт (керейлер), найман, меркіт, қамағ моңғол. 1206 жылы құрылған мемлекеттің тұтас атауы «Еке мұңғұл ұлысы» (Үлкен моңғол мемлекеті) болды да, моңғол деген лақап бір тайпалық бірлестіктің атауынан кеңейіп бес ірі бірлестіктің ортақ атына айналды.
Бұл рулардан қазақта бар рулар Жалайыр, татар (алшын татар), меркіт, күрлеуіт, төлес, тұма, тарақты (тарағұт), ойрат, барқы, төлеңгіт, ұраңқай, сақайт (сақай, кіші жүз) рулары, бұлардың кейбірі ірі тайпаларда, кейбірі ұсақ рулар. Бұл рулар тек қазақта ғана емес өзбек, ноғай, башқұрт, қарақалпақ және басқа түркі-моңғол халықтарына таралған.
Ал қамағ моңғолға жататын бірлестік әсілі қият (қиян) мен нүкүз деген екі тайпадан тарағандар еді, олар 13 ғасырда дарлекин және нирун деп екі тармаққа бөлінген, дәрлекиндер:
Осы рулар ішінде үйсіндермен қоңыраттар қазақтағы ірі тайпалық бірлестіктер, ал ұраңқайлармен қораластар кішірек руға жатады.
Дарлекин атауын кей зерттеушілер ежелгі түрік руларының бірлестігі телелермен байланыстырады. 铁勒 иероглифы көне қытай тілінде: tʰet lək, Tegreg яғни терглек дегенге жақын, моңғолша арбаны дерлек немесе терліг деп атағанына қарасақ бұл жужандардың қойған атауы екеніне көз жеткізер едік. Ол ғана емес осы дарлекіндердің қыз ұзату салты, осы одаққа жататын ұраңқайлардың нажағайдан қорықпайтын салттары ежелгі телелермен бірдей, ол ғана емес қыпшақ, оғыздарда бар баят, баяут, қай(ұраңқай?) сияқты ортақ рулардың болуы бірі батысқа көшкендер, бірі көшпей мекенінде қалғандар деп түйіндеуге болады, мекенінде қалғандар кейін моңғол тілдес қидандар мен татарлардың әсерінен тілдік жақтан моңғолданған немесе түрік-моңғолша аралас тілде сөйлейтін жұртқа айналған.
Нируун: [Нируун мутлақ – күмән-шүбәсіз, шын мәніндегі, толыққанды түсініктегі нируундер, олар он алты тайпа]: қатақин (қатаған), салжиут (салжуыт), тайчиут (тайжуыт), хуртиган (хұртиган), сижиут (сижуыт), чинас (шинас) – оларды нүкүз деп те атайды, нуйақин (нұяқын),ұрут, маңғыт, дурбан (дүрбен), баарин (барын), барулас (барлас), хадаркин (хадаргин), журийат (жүрият), будат (бұдат), дуқұлат (дулат), бисут (бесүт), сукан(суан) және құңқайут (құңқайыт) (Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 1-том. 55-б.).
Осы рулардың ішінде дулатпен суан ұлы жүздің ірі тайпалары, әсіресе дулаттар саны ең көп, олар Шағатай ұлысындағы екі белді рудың бірі. Чинас немесе жинас жаныс деген атпен дулат бірлестігіне кіргені байқалады. Маңғыттар Жошы ұлысындағы ең ықпалды рудың біріне айналған, кейінгі Ноғай ордасы мен Бұхар хандығында айырықша күшке ие болды. Қатағандар бір мезет қазақ ордасындағы ең белді арыстың бірі болған. Дүрмендер мен барын, барластар қазақта үлкен ру болмағанымен, Әмір Темір әулеті мен өзбек ұлысында белді рулар болған. Осы қатарда тағы кенегес деген ру қалып кеткенімен, «Моңғолдың құпия шежіресінде» арлаттармен туысады, олар шектінің бір атасы саналады.
Харуун: Олар қийат (қият) деп аталады, олар да екі тармаққа бөлінеді: Қият мутлақ – күмән-шүбәсіз, шын мәніндегі, толыққанды түсініктегі қияттар,олардың құрамы: йуркин (жұрқын), жаңшиут (жаңшыуыт, шаңшығұт), қийат-йасар (қият-жасар) мен қийат-буржиқин (қият-бөржігін), яғни көк көзді адам (дегенді білдіреді). Олардың тармағы (руы) өз бастауын Шыңғыз ханның әкесінен алады, (сондықтан олар) Шыңғыз ханға, оның әкесінің әулетіне туысқан болып келеді» (Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 1-том. 55-б.).
Жұрқын руы Шыңғыс қағанмен аталас еді, тахқа таласқандықтан ауыр жағыдаййға душар болған. «Шайбанинаме», «Тарих-и-гузидай-и нүсіратнаме» еңбектерінде Әбілқайырды қолдаған рулар ішінде жұрықтар аталады. Қазір олар найман ішінде Шаншуыт шанішқылы атымен белгілі, ал қият руы Алтын ордадағы ең мықты ру болған, атақты Мамай осы қияттан, қияттардан ХІV ғасырда Жошы ұлысында 10000-нан артық қосын құрылған. Ол туралы Рашид-Ад-Дин нақтап көрсеткен: «Сол уақытта Бартан баһадүрдің Мунгаду Қийан (Меңгіду қиян) атты үлкен ұлы бар еді. «Мунгаду (Меңгіду)» деген «қалдары көп адам» дегенді білдіреді. (Өйткені) оның мойнында (туылғаннан) үлкен қалы бар еді және ол ұлы баһадүр болатын. Ендеше, қазіргі уақытта Дешті Қыпшақ өңіріндегі көптеген қияттар оның, әрі оның ағайындары мен туыстарының әулеті болып табылады» (Рашид-Ад-Дин. 1-том. 152-б.).
Осы аталған үйсін, дулат, қоңырат, алшын, жалайыр, суан, шанышқылы, тарақты, құралас, меркіт, қатаған, маңғыт, қият, дүрмен, барлас, кенегес, күрлеуіт, оймауыт, т.б рулар мен керей, найман сияқты үлкен ұлыстардың Алтайдан бері асып көшуі туралы деректер жоқ емес, қазақ халқының үлкен бөлігін құрап отырған тарихта моңғол-тарар онан кейін өзбек, мұғұл, қалмақ атанып соңында қазақ деген ту астына бірікке рулардың көші бірнеше ғасырға созылған. Осы көшпелілердің батысқа көшуін, яғни қазақ даласына келуін бірнеше кезеңге бөліп айтуға болады:
Наймандардың жане өзге тайпалардың бір тобының көшуі
1219-1224 хорезм жорығынан кейін жаулап алған жерде ұстап тұруға қалған әскерлер немесе Шыңғыс қағанның үш ұлының үлесіне тиген әскерлер.
1236-1242 жылдардағы Еуропа жорығы кезінде Жошы, Шағатай, Үгедей балаларының қол астына кірген әскерлердің Шыңғыс Еуропа мен Орта Азияда қалып қойғандары жане олардың ұрпақтары.
1260-1302 жылдардағы Моңғол империясындағы азаматтық соғыс салдарынан батысқа көшкендер немесе 1269 жылы Талас құрылтайында Шыңғыс қағанның ясасын қорғау одағына қатысып, Жошы, Шағатай, Үгедей ұрпақтарына көшкен моңғол-татарлар. Олардың ішінде Үгедей немересі Қайдуға ілесіп таза көшпелілердің немесе моңғол дәстүрін қорғаймыз деген көшпелілер.
Шыңғыс қағаннан жеңілген наймандар мен өзге тайпалардың көшуі
1204-1205 жылы Шыңғыс қаған екіге бөлінген наймандарды жеке-жеке жеңіп, өзіне қосып алды, десе де Шыңғыс қағанға бағынбай батысқа көшкен наймандар да болған, Жуайнидың дерегі бойынша Күшлік ханзада Қарақытай гурханына барған кезде бытырап жүрген тайпаластары туралы:
«Менің тайпаларым көп, олар қазыр Еміл, Қайалық, Бесбалық өңірінде бытырап жүр (Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы. Ішкі моңғол халық баспасы, 1989. 71-б.).
Бұдан бытырап жүрген наймандардың санының қанша екендігін біле алмасақ та, кемі 100 мыңның айналасында болған деп шамалауға болады. Күшлік кемі 20 мың әскері болғанда ғана тақты тартып алуға қауқарлы болар еді. Наймандардан өзге Дешті Қыпшаққа қашқан меркіттер де белгілі. Десе де бұл оқиға 1205-1206 жылдары болған сияқты, өйткені наймандар мемлекеті осы уақытта жойылды, соғыста жеңілген әскер мен босқан халық Алтай тауынан батысқа және оңтүстікке қарай жылжыған. Десе де бұлар тек наймандар ғана емес, 1204 жылы Шыңғыс қағанға қарсы болып наймандарға қосылған керейт, меркіт, татар, т.б ру-тайпаларды да қамтиды.
Шағатай, Үгедей ұлысына көшу
Наймандардың көшуі осы тайпалардың батысқа көшуінің басы ғана еді, 1219-1224 жылдардағы Хорезм жорығынан кейін Шыңғыс қаған төрт ұлына енші берген. Жошыға Ертістен батысқа қарай, Балқаштан солтүстікке қарайғы жерлер, Хорезм тиген. Шағатайға Қашқария, Тәжікстан, Қырғызстан, Жетісу, Өзбекстан тиген, сонымен бірге оған төрт мыңдық берілген:
Екінші ұлы Шағатай ханның үлесі: 4 мың адам.
Барулатай Қарачар (Барулатай қарашар) мыңдығы. Барулас руынан шыққан. Оның ұрпақтарының бірі Абақа ханның уақытында ұлы әмір болды. Ол оны өте сыйлап, бағалайтын. Ол Такудар Уғулмен (Тәкудар оғылмен) бірге көшіп-қонатын, оның есімі Ижик (Ежік) ноян еді.
Мөңке ноян мыңдығы
Жалайыр руынан шыққан. (Ол) Дуа (хан) әскер беріп Хорасан шекараларына жіберген Есұр ноянның әкесі. Ол Балх пен Бадғис төңірегінде орналасқан еді. Олжаның арасында біз оның ұлдарының бірін алып келдік. Ол Наурыздың бауыры Хажи (Қажы) әмірдің қолында еді, осы жерде дүние салды. Ол жақта оның басқа ұлдары бар.
...мыңдығы ... мыңдығы. Шыңғыз хан бұл (есімдері) аталған екі әмірді басқа аты анықталмаған (екі)әмірлермен бірге (қосып) төрт мың әскердің барлығын Шағатайға берді. Шағатайдың және оның ұлдарының, қазіргі уақытта Дуамен бірге болған әскерінің негізін осы (о бастағы) төрт мың әскер құрайды. Олар (кейін) туылу мен көбею жолы арқылы саны көбейді. Сондай-ақ оларға мұғул емес рулардан тағы бір тайпа қосылған болуы да мүмкін.(Рашид-Ад-Дин. 1-том. 257-б.).
Шағатайға бастапқы кезде төрт мыңдық әскер берілген, оны отбасымен қоса есептесек 20000 моңғол-татар Жетісу мен Қырғызстанға көшкен дей аламыз біздегі жалайырлар осы мыңдықпен қатысты деуге негіз бар. «Зәфарнаме» бойынша да Әмір Темірдің арғы аталары Шағатай үлесіне тиген барластар болған. Бірақ бұл онымен тоқтамағаны белгілі, 1231 жылғы шүршіт жорығы, 1236-1242 жылдардағы Еуропа жорығы кезіндеде Байдар сияқты Шағатай ұрпақтарының қол астына келгендер аз болмаған. Мәуераннахрдағы барластар мен қашқариядағы дулаттар онан кейін келген сияқты, «Тарихи-Рашиди» де Мұхаммед Хайдар Дулати арғы бабасы Өртөбенің Шағатайдың сенімді әмірлерінен екенін айтады. «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша Шағатайға 8000 әскер берілген, ол кемі 40000 халық деген сөз. Бұл сан кейінгі Еуропа жорығы мен Хулагудың Орта шығыс жорығы кезінде де арта түскен. Шағатай ұрпағы Алығудың әскері 120 мың адамға дейін жеткен, оның құрамындада 1269 жылдан кейін ауып келген моңғол-татарлар аз болмаған деуге негіз бар.
Жоңғария жері, Батыс моңғолия, Шығыс Қазақстан жері Үгедейдің үлесі болған. Рашид-Ад-Дин бойынша Үгедейге 4000 әскер берілген.
Үшінші ұлы Үгетай үлесі: 4 мың адам
Елуғай мыңдығы.Жалайыр руынан шыққан. Ол – Наурыздың әкесі Арғын ақаны (малдың) бір сан етіне сатып алған кісі болатын. Ал бұл Елуғайдың ұлы Мөңке қаған(Көп нүкте қойылған орындарда жазу жазылмаған). Патшалыққа отырған кезде: «Патшалық Үгетай қағанның ұрығына тиетін болды», – деп айтқан кісі. Бұл туралы әңгіме (өз орнында) жазылған.
Елак Туа мыңдығы. Сұлдұс руының тамғалық тармағының сүйегінен шыққан Илчигитийдің(Елшігітайдың) үлкен ағасы болған. Олардың ұрпақтарынан бұл мемлекетте Хорасанда мыңдық әмір болған Тума бар, қазіргі кезде ол Мулай әмірдің түменінде мыңдықты басқарады.
Дайир (Дайыр) мыңдығы. Қоңқотан руынан шыққан Меңлік атаның әулетінен тараған. Дигай мыңдығы. Ол бисут руынан шыққан, (бұл мыңдық) негізгі нұсқада жоқ» (Рашид-Ад-Дин. 1-том. 258-б.).
4000 әскер 20000 халық болғанымен бұнымен ғана шектеуге келмейді, «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша Үгедайға 5000 әскер берілген, ол кемі 25000 халық деген сөз.
Үгедей ұлысының тарихы Қазақстан тарихында белгілі маңызға ие үйткені кейінгі Шағатай ұлысынан кейін моғол атанған жұрт осы Үгедей ұлысының халқы болатын. Шыңғыс қағанның Үгедейге берген жері: Батыс моңғолия, Солтүстік Шыңжаңның Алтай, Тарбағатай, Санжы аймақтары, Аягөзден шығысқа қарайғы Қазақстан жері, Алакөл маңы, Ресейдің Алтай, Хакас, Тыба республикалары еді. Бұл жерлерде Ешқандай қалалар жоқ таза көшпелілердің жері болатын.
Кейін Үгедей қағанның немересі Қайду Жошы, Шағатай, Үгедей ұрпақтарынның басын қосып 1269 жылы Талас өзені бойында ұлы құрылтай өткізіп, өзі одақ алқасы болады(кей деректерде қаған болған делінеді), үш әулетті біріктіріп түркі-моңғолдың ата дәстүрін, Шыңғысқағанның ясасын қорғау, қытайлық ел билеу жолына түскен Құбылайға бірігіп қарсы тұру баса дәріптелді. Територияда жаңа бөлістер белгіленіп Жетісу мен Мәуераннахр Қайдуға қарады. Оның есесіне Шағатай ұрпақтары Құбылайға қолдау көрсеткен ұйғырларға соғыс ашып Тұрпанды басып алды.
1271 жылы Құбылай Қайдуды жою үшін Ұлы Намуған мен Антон бастаған қалың әскер аттандырады.
«(Сонда) Құбылай қаған оны қайтару үшін әскер жіберуді қажет деп тапты. Ол жорыққа өзінің ұлы Нумуғанды бірнеше ханзадалармен және әмірлермен бірге көп әскер беріп жіберді. Жолда Нумуғанның ағайындылары сатқындық ойластырып оны және әскербасы Хантон ноянды тұтқынға түсірді де, оларды сол (Жошы) ұлысының патшасы болған, Жошы әулетінен шыққан Мөңке Темірге жіберді. Олардың барлық ісі Құбылай қаған жайлы хикаяда толық баяндалатын болады.”(Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 3- том. 7-б.).
Осы әскерлер дені Үгедей мен Жошы, Шағатай ұлысында қалып қойған тәрізді, әскер саны анық емес, десе де қалайда 40-50 мың не оданда көп болуы мүмкін.
Марко Полоның айтуы бойыншада Қайду аса беделді әрі күшті әскерге ие хан болған.
«Түрік билеушілерінің ішінде ең әйгілісі Қайду хан, ол Үгедей қағанның немересі. Ол көптеген қалалармен қамалдарға иелік етеді, оның әскерлері дені татарлардан (моңғолдардан) құралған. Оның иелігінің шегарасы Амурдариядан ұлы хан (Құбылай)ның иелігінің солтүстігіне дейін созылып жатыр… Қайду өте айлакер адам болып ұқыптылықпен 100 мың әскер дайындап шықты. Олардың бәрі соғысқа шебер жауынгерлер еді, оның маңында көптеген қаған әулетінің азаматтары болды, олар түгел Шыңғыс қағанның ұрпақтары еді» ( Марко Полоның саяхат естелігі, 124-б.).
Тарихи логикаға қарасақ, Моңғолияның батысы яғни Орхоннан батысқа қарайғы ежелгі найман жері Үгедейге қараған. Бұған қарағанда керей, найман тайпалары көп болуы да мүмкін. Хандықтың астанасы Еміл өзені бойында болды, Күйік қағанның жұрты Маңырақта, Қаданның иелігі Бесбалық (Санжы облысы), Қайдудың жұрты Алакөлдегі Қаялық болды. Әскерінің дені моңғолдардан тұрады дегенінің де жөні бар, өйткені Қайдудың негізгі ұраны моңғол дәстүрін, Шыңғыс қағанның ясасын қорғау болғандықтан, көптеген моңғолдармен, Шыңғыс әулеттері оны қолдады әрі ілесті, әйтпесе 1226 жылы Үгедейге тек 5000 әскер берілген болатын. Керісінше Құбылайға көптеген қыпшақ, қаңлы, қарлық, ұйғыр, алан, хорезм, түркімен әскерлері топталып, олардың саны 400 мыңнан асқан. Көптеген моңғолдардың Қайдуды қолдап батысқа көшкенін кейінгі деректерде дәлелдейді:
«Үгедей қағанның немересі Қайду Құбылайға қарсылық жасап, олардың ортасында бірнеше рет соғыстар болды. Сонда Қайду Үгедей қағанның әмірлерінің басшысы болған Арулатпен тағыда басқада ру-тайпалармен ұлы жұрттан (Моңғол үстірті) көшіп Шығатай ұлысының маңына келіп қоныстанды» ( Шараф Ад-Дин Әли Язид. Зафарнама. 199-б.)
Демек көптеген моңғол тайпалары Алтай тауынан асып Аякөзге дейінгі, оңтүстікте Қырғызстан жеріне дейін қоныстанған. Көшкен халық кемі неше жүз мың біздің пікірімізше 400 мыңнан аз емес, әйтпегенде Қайду 100-120 мың әскер жасақтай алмас еді. Үгедей ұлысы моңғол-татарлар ең көп қоныс аударған ұлыс деп айтуға негіз бар.
«Ол (Қайду) өте ақылды, қабілетті және айлакер кісі болатын. Барлық істерін ол қулықпен және айламен ұйымдастыратын. Ақылдылық жолмен ол екі-үш мың әскер жинап, Құбылай қаған Машынды жеңіп алу үшін Қытайда тұрақтап қалғандықтан әрі қашықтық алыс болғандықтан, Қайду мойынсұнбаушылық білдірді. Сосын (Құбылай қаған) оны және оның үйінің өкілдерін Құрылтайға шақырғанда олар үш жыл бойы түрлі сылтау айтып, бармады. Аз-аздап ол жан-жақтан әскер жинап Жошының әулетімен достыққа ие болды, сөйтіп олардың көмегімен кейбір аймақтарды басып алды» (Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 3-том. 7-б.).
Бұл деректе Қайдудың аздан-аздан әскер жинап дегені дені Моңғолия жерінен Қайдуды қолдаушылардың көбейіп арт-артынан оған көшіп, ақыр түбі 100 мыңға жуық әскерге ие болып, Құбылаймен тіресетін күшті армияға ие болғанын көрсетеді.
«Терістіктегі татарлардың көсемі Қайду. Ол Шыңғысқағанның ұрпағы, бірақ еш ханға бағынбайды. Оның халқы ата-бабаларының салтымен жүреді, сондықтан олар таза татарлар саналады. Бұл тауарлар түгел дінсіздер (тәңірге ғана табынады), нажағай тәңірі дейтін тәңірлері бар, тәңірді аспанмен жердің құдайы деп санайды. Нажағай жерден өніп шығатын барша өсімдікті басқарады деп біледі. Олар осы тәңірлерінің бейнесінен киіз мүсін жасайды» (Марко Полоның саяхат естелігі, 130-б.).
Демек Қайдуға жиналған неше жүз мың моңғол-татарлар таза көшпелілер болып олар таза Шыңғыс қағанның ясасын ұстанып, таза моңғол дәстүрін ұстанды, ал бүгінгі моңғолдар болса, дәстүрдің көбінен айырылып қидан, тұңғыс халықтарымен араласып кеткен Құбылайдың жұрты саналады. Қайдудың көшпелілері өздерін моңғолдар яғни моңғол ұлысы деп атағандықтан олардың кейінгі құрған мемлекеті «Моғолстан» атанды.
1301 жылы Қайдудың әскері моңғолдар мен Құбылайдың қыпшақ, алан(ас), түркімен, хорезм, қаңлы әскері Орталық моңғолияда соғысты, Қайду өте батыр адам еді, әскерлерімен бірге алдыңғы шепте жүретін, соғыста Қайду жараланғандықтан моңғол әскері шегініп кетті, Қайду көп ұзамай дүние салды да, Алатаумен Талас арасында Шуілік деген биікке жерленеді.
Қайдудың ұлы Чапар қабілетсіз болды да, 1306 жылы соғыста жеңіліп Юанға тізе бүкті. Алтай тауынан шығысқа қарайғы Үгедей ұлысының жерін юань алды да, қалған жерін Шағатай ұлысы қосып алды. Шағатай ұлысында болған моңғол рулары «Тарихи Рашиди» бойынша мыналар: Дулат (дуғлат), жалайыр, керейт (керей), аруғанут, күрлеут, арулат, барин, арулат, сұлтуз, нояғын, барқи, бұлғаш, меркіт т.б рулар. Осы рулардың көбі тарихтағы көне моңғол тілінде сөйлеген болуы мүмкін. Бұлар негізінен ұлы жүзбен орта жүзге қосылған рулар.
Қыпшақ, қаңлы, ұйғыр, арғындардың шығысқа көшуі
Юань империясынан бұрын қытай жеріне ислам діні сәтті тарала алмаған болатын. Өйткені конфуцилық ел басқару жолы патшалар үшін, экономикалық пайда үшінде исламнан кем түспейтін. Қытай жеріне мұсылмандардың көбеюі 1218-1224 хорезім жорығымен байланысты болды. Әсіресе 400 мың хорезімдік еркектердің әскерлікке жәнеде өзге әр түрлі жұмыстарға алынуы арқылы қытайға келе бастады, 1234 жылы цзинь патшалығын түбегейлі жою соғысына араласты, онан кейін Мөңке қағанның сунь қытайға қарсы жорығына 400 мыңға хорезмдік, ирандық, қыпшақ, қаңлы, қарлық әскерлер қатысты. Олардың ішінде мұсылмандар көп болып, моңғолдарға адал қолқанат болды, олар қытайдың әр өлкесінде тұрып қалды да, қытай қыздарымен үйленді, олардың ұрпақтары кейін қытай, дұңған, моңғолдарға айналған.
«Юаны патшасы зор топтағы ұйғырларды ішкі қытайға көшірген, 1285 жылы Шошетегін 1000 отбасы ұйғырды бастап Юаннан провинциясының Қаражаң деген жеріне барған. 1287 жылы тағы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі қарлықтардан 10 мың түтін (50-60 мың адам) халықты астанаға (Пекин) жөткеп, қарлықтардың 10 мың түтіндік мекемесін құрып патша сарайларын күзетуге жауаптандырады» (Шыңжаңның жергілікті тарихы. Пекин: Ұлттар баспасы, 2013. 286-б.).
Қарлықтармен ұйғырлардың көшуіне Құбылай мен Қайду арасындағы соғыс себеп болған, Құбылайды жақтаған ұйғырлармен қарлықтар юань империясына паналап барған болатын. Олардан босаған Жоңғария мен Жетісуға моңғол-түркі рулары көшіп келіп орналасады. 1209 жылы Шыңғыс қағанға бағынған қарлықтар 10 мың үй болған, олардың тағы бір тобы Жошы ұлысына енді бір тобы Хулагу ұлысына кетеді де, Жетісуда қарлықтар қалмаған. Жетісу қаңлылары және Хорезмге әскер болған қаңлылардан да көп адам Юань патшалығына көшкені байқалады. Юань патшалығында қарлық Қалтай, Нашан, қыпшақ Шәмші батыр, Өлжейту, Бектемір, Елтемір сияқты қолбасылар, қаңлы Асабұқа, Бұқұм, Тоқтай уәзірлер сияқты әйгілі адамдар болған. Юань тарихы бойынша патшалықта моңғолдарға қарағанда түсті көзді Орта Азиялық түрік не парсы ұлықтардың саны көп болған (Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 4-том. Пекин: Ұлттар баспасы, 2013. 178-б.).
Жошы ұлысына көшу
Шыңғыс қаған Жошыға Ертіспен сырдария арасын, Аякөзден Еділге дейінгі аумақты берген кезде осы жұртқа ие болу үшін оны аз болмаған әскермен қалдырып кетті. Үлкен ұлы Жошы ханның үлесі 4 мың адам (әскер) болған.
«Муңкаур (Мыңқауыр) мыңдығы. Сижуыт руынан шыққан. Батудың кезінде ол сол қанатты басқарды. Қазіргі кезде Тоқтаның әмірінің бірі Чаркас (Шеркес) оның ұлдарының бірі. Ол әке жолын қууда. Кишиктай Қунан (Кішіктай (Кішітай) Құнан) ноян мыңдығы Гинигит руынан шыққан. Оның Қунчи (Құнжы) ханзаданың (қызметінде) болған Хуран (Хоран) есімді ұлы сол ұлыстың ұлы әмірлерінің қатарында.
Хушитай (Үйсінтай) мыңдығы
Хушин (Үйсін) руынан шыққан, Бөрші ноянның туысқандары қатарына жататын, үйсін (әмірлерінің) бірі.
Байқу мыңдығы. Майқу (Байқу) Хушин (Үйсін) руынан шыққан. Ол бараун қарды, яғни оң қолдың (қанаттың) әскерін басқарды.
Шыңғыз хан бұл аталған төрт әмірді (Мыңқауыр, Кішіктай (Кішітай) Құнан, Хошытай, Байқу) төрт мың әскерімен Жошы ханға табыстады. Қазіргі кезде Тоқта мен Баянның әскерінің көп бөлігі осы төрт мыңдықтың ұрпақтары. Соңғы уақытта қосылғандар – олар орыстардың, шеркестердің, қыпшақтардың, мажарлардың және оған қосылған өзгелердің әскерлері. Сондай-ақ олардың бір бөлігі аға-інілердің арасындағы алауыздық уақытында сол жаққа (Жошы ұлысына) кетуге мәжбүр болғандар.(Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 1-том. 256-б.).
Осы дерекке қарама-қайшы бір дерек Шыңғыс қаған Жошыға 9000 үй, яғни 9000 әскер берген деген дерек. Жошыға тиген Майқы бастаған үйсін қазақ үйсіндерінің тіке бабалары деуге толық негіз бар, ал сижут немесе сежуейт ноғайларда қалған. Бұдан кейінде Дешті-Қыпшаққа көшушілер аз болмаған. 1224-1240 жылдардағы соғыстардан кейін Дешті-Қыпшақта жан санының азайғаны байқалады, Хорезм соғысында қазақ даласында соғыс болмағанының да бір себебі қаңлылардың оңтүстік тобы Хорезмді жақтап үй-ішімен қалаларға топталған сияқты.
Жошының үлкен ұлы Орда Ежен інісі Батуды әке тағына отырғызып, Жошы әскерінің жартысын өзі жартысын Батуға берген. Вассаф Бату Жошының бір түмен әскеріне ие болған, ал төрт мыңдыққа оның ағасы Орда Ежен ие болғанын хабарлайды. Алайда ол төрт мыңдықпен қоса он мың отбасы болып Жошының алғашқы жұрты Ертіс бойында болған. Орда Ежен иелігінен кейінгі Хулагудың жорығынада бір түмен әскер қатысқан екен. Ол кезде Орда Еженнің кемі 50 мың әскері, 250 мың халқы болған (Қазақстан тарихы. 2-том. Алматы: Атамұра, 2010. 290-291-б.).
Әбілғазының айтуынша:
«Бату хан Еуропа жорығынан кейін ағасы Ордаға он мың үй , інісі Шәйбанға 15 мың үй берді, оған құсшы, найман, қарлық, бұйрат елдерін берді» дейді (Әбілғазы Баһадүр хан. Түрік шежіресі).
Бұл дерек бойынша Шибанның үлесі саналатын Торғаймен Жайық арасындағы жерлерде шығыстан келген ұйғыр мен найман, жане найманға қарасты құшшы (кұшут найман) елдері, бұрын Жетісуда болған қарлықтар тиген әрі осылай көшіп келген.
Рубрук пен Карпиниде Украин жерінен өткен кезде қырылып жатқан кумандар (батыс қыпшақ) туралы айтады. Сонан кейінде жаулаушылармен ілесе көшіп келушілер көбейген.
«Сайын хан (Бату хан) Шәйбан ханға бұрынғы берген 30 мың кісіге қосып тағы 10 мың қият жоралдайларды қосып Қырыммен Кәффә уалаяттарына тағайындап жіберді.(Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1-том. Өтеміс қажы. Шыңғыснаме. 161-б.).
Жошы 1209 жылы Сібір тайпаларын бағындырған кезде әккесі сол елдерді өзіңе қарасты етейін деген, соған сәйкес Сібірден ойрат, қырғыз, төлес, төлеңгіт, таз (тас), байжігіт, барқы, телеут (телеу) тайпаларыныңда біразы батысқа көшкені байқалады, кейін осы рулар «92 баулы өзбек» арасында кездеседі.
Алтын Ордадағы билік ұстаған екі мықты ру болды бірі қияттар болса, екіншісі маңғыттар болды, қияттардан Исатай, Мамай, Теңізбұға, Жырқұтлық сияқты әйгілі адамдар шықты. Ал маңғыттар кейінірек келген сиякты. Маңғыттар кейін Ноғай ордасын құрды, қияттар Көк ордада, кейін Хиуа хандығындағы белді рулардың бірі болды, аз тобы қазаққа қосылған.
«Шыңғыснаме» бойынша жоғарыдағы он мың қиятты Шайбанға беру оқиғасы 1236-1242 жылдардағы Шығыс еуропа жорығынан кейін болған сияқты, демек 1242 жылы аяқтаған ұлы жорыққа қатысқан 80-100 мың моңғол әскерінен тағыда көптеген әскерлер Жошы ұлысы жерінде қалып қойғаны байқалады.
1271-жылы Құбылайдың Қайдуды жазалауға аттанған әскері де Құбылайдан бет бұрып, Қайду мен Жошы ұлысында қалып қояды.
«Ол (Қайду) өте ақылды, қабілетті және айлакер кісі болатын. Барлық істерін ол қулықпен және айламен ұйымдастыратын. Ақылдылық жолмен ол екі-үш мың әскер жинап, Құбылай қаған Машынды жеңіп алу үшін Қытайда тұрақтап қалғандықтан әрі қашықтық алыс болғандықтан, Қайду мойынсұнбаушылық білдірді. Сосын (Құбылай қаған) оны және оның үйінің өкілдерін Құрылтайға шақырғанда олар үш жыл бойы түрлі сылтау айтып, бармады. Аз-аздап ол жан-жақтан әскер жинап Жошының әулетімен достыққа ие болды, сөйтіп олардың көмегімен кейбір аймақтарды басып алды.
(Сонда) Құбылай қаған оны қайтару үшін әскер жіберуді қажет деп тапты. Ол жорыққа өзінің ұлы Нумуғанды бірнеше ханзадалармен және әмірлермен бірге көп әскер беріп жіберді. Жолда Нумуғанның ағайындылары сатқындық ойластырып оны және әскербасы Хантон ноянды тұтқынға түсірді де, оларды сол (Жошы) ұлысының патшасы болған, Жошы әулетінен шыққан Мөңке Темірге жіберді. Олардың барлық ісі Құбылай қаған жайлы хикаяда толық баяндалатын болады (Рашид-Ад-Дин. Жамиғ-Ат-Тауарих. 3-том. 7-б.).
Жошы ұлысына тағы шүршіт, таңғыт, қидан, ұйғыр сияқты шығыстық халықтар да ауып келген.
«Тоқта хан қайтыс болады, ұйғыр тайпасынан шыққан Бажыр-Тоқбұға деген біреу бар еді. Ұйғыр елі саны көп жане күшті еді тағы ханның аталығы болатын. Оны шәйтан азғырып өзін хан етіп жариялады» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1-том. Өтеміс қажы. Шыңғыснаме. Астана: «Фолиант» баспасы, 173-б.).
Ұйғырлар бұрын қазыргі Қытайдың Шыңжаң провинциясының шығысында жеке мемлекет еді, 1209 жылы Шыңғыс қағанға өз еркімен бағынды, 1219 жылғы жорыққа он мың әскер қосты, кейін олардан да Дешті Қыпшаққа көшкендер көбейгені байқалады, олар буддизмге сенген халық еді.
1312 жылы Өзбек хан мұсылман болған соң ислам дінін қабылдамаған түркі-моңғолдар қалмақ атанады.
«Қалмақтарда мынадай қағида бар болатын: Хан немесе ұлы адамдар қайтыс болғанда әр рудың адамдары топ-топ болып келіп , қайғылы көңілін білдіріп чәп (бәлкім жә) чәп деп үш қайталап қайғылана дауыстайды. Ұлы тауда олардың арасында осы салт әлі сақталып келеді (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1-том. Өтеміс қажы. Шыңғыснаме. 175-б.).
Қалмақ XVII-XVIII ғасырдағы жоңғарлармен Еділ қалмақтары емес қайта ислам дінін қабылдамаған түркі-моңғол тайпалары екені анық.
Тоқтамыстың ең сенімді рулары: шырын, барын, арғын, қыпшақ еді (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1-том. Өтеміс қажы. Шыңғыснаме. 192-б.). Барындарда қазақ құрамынан тыс қалмаған кіші жүз байбақтылар ішінен көрінеді.
Алтын орда әмірлері арасында қытай руынан Баба әлі би, кенегес Қуған сияқты беделді адамдар бар еді(Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 1-том. Өтеміс қажы. Шыңғыснаме. 190-б.).
Қытай 1131-1218 жылы қарақытай мемлекетін құрған моңғол тілдес халық, десе де Шыңғыс қағанға дейін түркіленіп кеткен. 1219 жылдан кейін Шағатай ұлысы жерінен де қарақытай тайпасының саны азаяды, Ауғанстан, Дешті Қыпшаққа немесе Юань империясына тарап кетеді.
1300 жылдардан кейін Жошы ұлысындағы көшпелілер 92-ден аса ру болып, «92 баулы өзбек» атанады.
Қарап отырсақ тізімдегі 92 тайпаның 40 тайпасы Алтайдың арғы жағынан келген көбі түркі-моңғол тайпаларыда аз тобы қидан, шүршіт, таңғыттар. Бұл тізімдегі Бадай, Кішлік деген рулар әсілі 1206 жылы Еке моңғол ұлысы құрылғандағы 95 мың басының қатарында болған адамдардың ұрпақтары немесе қарасты жұрты, олар керейт Тұғырыл ханның Шыңғыс қағанға шабуыл жасау жоспарын естіп қойып түнделете келіп Шыңғыс қағанға хабар берген еңбегі үшін мың басы болғандар еді.
«Оның заманында (Әбілқайыр ханның) ханның құзыретінде қылыш шауып сонымен қатар іждағат тапқан бектердің есімдері: Дүрмен тайпасынан Йақұппен Қарағұдай бек, наймандардан Шәйіх софы...Ішкі тобынан Инлы қожа мен Софура қожа, қоңырат Әли бек ұрпақтарынан Мұхаммед бек...» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 5-том. 21-б. Тарихии гузидайй нүрірәтнаме).
Дешті Қыпшаққа ауған шығыстық түркі-моңғол рулары туралы өзге деректерде көп, ол деректер бойыншада батысқа ауған тайпалар санының аз болмағанын білуге болады.
«Мұхаммед Шайбани хан мен Махмұд баһадүр сұлтан қайтып келіп, Бұхарадан өз ұрығын алып жүз шақты адаммен Түркістанға бет алғанда ханмен бірге шығып Түркістанға келгендердің есімдері: дүрмендерден - Иақұб бектің ұлы Ақыр-Заман бек, оның інілері — Шах-Салих бек, Ұрұс бек, Жан-Уафа мырза, құсшыдан – Иақұб көкілташ, ұйғырлардан — Хушамад пен ҚанбарӘли, ішкі байриден - Лұқман-бек, қүсшыдан Бұрындық баһадүр, наймандардан - Қажы-Уәли, жұрқұндардан – Узра баһадүр, йети-миндерден145 - Тайран баһадүр, қоңыраттардан – Миср-Әли бек, шағатайлықтардан - Фаррух баһадүр, Дәруіш-берді баһадүр, ішкілерден – Қожа Асыл, Тәңiр-берді мен Айқым-берді баһаду.
[Сол уақытта] енді оның құдіреттілігі орныққан кездегі бектердің есімдері: қийат Исатай бек® ұрпақтарынан – Бұзанжар бек, қоңырат Әли бек ұрпақтарынан – Мұхаммед бек, түмен» тобынан – Тәңріберді бек, маңғыт тайпасынан – Едіге бектің немересі Уаққас бек.
Осы жазылғандардан басқа оның билігі күшейгенде [ханға) кен кісілер келді. Осы келгендердің ішінде уртачи обаққа жататында ры — Мурут-Сопы бек, чат омаққа жататындар Қажы-Сопы бек. масит омаққа жататындары — Иабағу бек, Керей-қожа бек; найман нан – Омар баһадүр, Әбу Бәкір мен Осман баһадүр» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 5-том. Шайбанинаме).
Бұл деректе дүрмен, қоңырат, жұрқын, қоңырат, уйшун (үйсін), маңғыт, қият, найман, керей сияқты тайпаларды көріп отырмыз, бұның ішінде дүрмен, қоңырат, жұрқын, қоңырат, уйшун (үйсін), маңғыт, қияттар таза моңғол тайпалары, әрі дәл сол 15- ғасырда олардың саныда аз болмаған. Қазыр осы тайпалардың барлығында қазақ арасынан кезіктіруге болады, мысалы найман ішінде бағаналы, балталы ішінде жұрық руы мен дүрмендер, шанышқылыдағы қатаған, қият, маңғыттар. Шанышқылының өзі қияттан тараған ру. Шағатай ұлысына қатысты деректерде дулат, керейт, аруғанут (арунар?), арлат, күрлеуіт т.б рулар аттары кездескенімен үйсіндер туралы айтылмайды, сол үшінде қазақ үйсіндері Жошыға берілген 2000 үйсін мыңдығының ұрпақтары, нояны қазақ шежіресіндегі үйсін атасы Майқы (Майқу) екенін айта кету керек, олардың Жетісуға келуін 1450 жылдардан кейінгі Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуімен байланыстырған дұрыс.
Бір ғажабы, көптеп ауып келген, жаулап алушы тайпалар кейінгі кездері бәрі түркіленіп кеткен, бұны былай түсіндіруге болады. Моңғолдардың түріктену себептері:
1. Аралас неке. 1219-1224 жане 1236-1242 жылдары екі рет батысқа жорық жасаған моңғолдар ер-азаматтар еді, олар әскерлік міндетпен Орта Азия мен Шығыс Еуропада тұрып қалды да, жергілікті халықтан әйел алуға тура келді. Оның үстіне 1302 жылдарға дейін соғыс тыншымады, ер-азаматтар үйінде тұру мүмкіндігі болмағандықтан олардың түрік тілдес әйелдерінен туған балалары аналарының тәрбиесінде өсіп моңғол тіліне қарағанда түрік тілін жақсы білді, қазақтағы «ана тілі» деген ұғым тегін емес.
Бір ғана Хорезм жорығында қытай деректері бойынша 400 мың әйел моңғол әскерлеріне тұтқын болып олар дерлік соларға әйел болды делінеді. Демек әр әсукрге 3-4 әйелден тиген. «Жошы, Шағатай, Үгедей бірігіп Үргеніш қаласын алған кезде жеті күн, жеті түн соғыс болып соңында 100 мыңнан аса әйелдер мен балалар, ұсталар аман қалып олар моңғол қосынымен бірге кетті» (Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 4-том. Пекин: Ұлттар университеті, 2013. 334-б.).
Хорезм армиясында 100 мыңнан аса қаңлы онан өзге тағы да соған шамалас санда оғыздар болған, демек осы жорықта хорезмдік әйел алып Орта Азияда қалған Жошы мен Шағатайға қарасты 17-18 мың әскердің ұрпағы оңай түркіленетіні түсінікті.
Бұл туралы араб тарихшысы Әл-Омари былай деген екен: «Ертеде бұл мемлекет қыпшақтар елі болған еді, ал оларды татарлар билеп алғаннан кейін қыпшақтар солардың қоластына қарап қалды. Сонан кейін олар (моңғолдар) бұлармен (қыпшақтармен) араласып туысып кетті, жер олардың табиғи және нәсілдік сипатын өзгертіп жіберді. Олардың бәрі бір атадан туғандай қыпшақ болып кетті, осыдан кейін моңғолдар қыпшақ жерінде мекендеп қалды. Бұлармен неке қиысып олардың жерінде тұрып қалды» (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы: «Жалын» баспасы, 1994. 202-б.).
Бұл деректің өзі аралас некенің өте жалпыласқан жағдайда болғанын растайды, үйткені моңғолдарда, қыпшақтарда тәңіршілдіктегі көшпелілер еді, әскер болып келген моңғолдардың қыпшақ, бұлғар, оғыз қыздарымен үйленуі, балаларының тілдері аналарына тартып шығуы олардың тілдерінен айырылуындағы басты себеп, десе де тегі руы сол моңғолдық болып қала берген. Кейін олардың ұрпақтарының саны жергілікті халықтан көп болмаса аз болмаған. Түріктендіруге тек жергілікті қыпшақ-қаңлылардан өзге Моңғолия, Саян-Алтай түркілері де үлес қосқанын айта кету керек.
2. Сан жағындағы салыстырмалы азшылық. Біз көріп жүрген деректердегі моңғол атанған рулардың бәрі моңғол тілінде сөйлегені туралы нақты дәлел жоқ, сондықтан Орта Азия мен Шығыс еуропаға әскери міндетпен келген немесе жайылым іздеп көшіп келген рулардың саны жерлік халықтан аз болмағанымен олардың арасында түрік тілінде сөйлейтіндер көбірек болған сияқты. Әсіресе керей, найман тайпалары сан жағынан қамағ моңғолдардан көп болғанымен, оларды сол қамағ моңғолдарға бытырата таратқан еді, сол себепті тіпті моңғол руларының мыңдығындағылардыңда бәрі моңғол тілді болуы екіталай еді. Оларға тағы кіші жүзбен туыстас сібірлік, саян-алтайлық түркі рулары да қосылған. Наймандарды Юань деректері моңғолдарға жатқызбаған, ал керейлерді жатқызғанына қарағанда керей тайпалық одағы моңғол тілдес немесе екі тілділерде бар тайпа болуы әбден мүмкін. Жерлікті қаңлы, қыпшақтар азайғанымен оның орынын шығыстан келген түркі тілді рулар басып кеткен сияқты. Ал Моңғолиядағылар өздерімен іргелес Солтүстік қытайдағы саны миллионға жуық қидан атты моңғол тілдестермен араласып кеткендіктен моңғол тілі ол жерде басым орында болған.
3. Тілдік шектеменің болмауы. Моңол империясында ұлтты жою, тілді не дінді жою саясаты жүрілген жоқ, өте толерантты саясат жүрілді, хан сарайында моңғол тілі 14- ғасырға дейін Жошы ұлысында қолданыста болды,оны хандардың пайзаларындағы моңғолша тілде жазылған жазулар дәлелдейді. Жошы ұлысындағы моңғолдар Шағатай, Үгедей ұлыстарына қарағанда ерте түріктесті. Ал Үгедей, Шағатай ұлысында Қайдудың кезінде келген моңғолдар өте көп болғандықтан моңғол тілі мен салты ХV ғасырдада сақталып тұрды, тек Моғолстан ыдыраған соң моғолдар қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғырға бытырап моғол тілі Орта Азиядан жойылды.
Моңғол тілінде жазу жазылған Алтын орда ханы Әбдулланың (1361-1370) пайзасы
Тілдік жақындық. Моңғол тілі түркі тілімен тамырлас бір алтай тілдеріне кіретіндігі түсінікті, түбір сөздерімен қоса малшаруашылық, мемлекеттік, саяси атауларда орасан көп ортақ сөздермен қоса басым көп ортақ етістіктер бар. Осы ортақтықтары ХІІ-ХІІІ ғасырда екі тілде сөйлейтін елдің екінші тілді үйренуіне аса оңай болғаны анық. ХІІІ ғасырдағы моңғол тілі қазіргі моңғол тіліне қарағанда көне түркі тіліне әлде қайда жақын болған.
Шығыстан келушілер бір уақытта қотарыла көшпей 100 жылға жуық уақытта үздік-создық көшкенін жоғарыдағы деректерде дәлелдейді. Алдымен келгендер алдымен түркіленгенде олардың өзі кейінгі келушілерді түркілендіруге үлес қосып отырды, осылайша бірте-бірте шығысан келгендер жалпы сан жағынан аз болмағанымен жоғарыдағы себептерге байланысты тілі түрікше болып шыға берген.
Біз ойлағандай тез түркілену болған жоқ, Жошы ұлысында түркілену ХIV ғасырда аяқталса, Шағатай ұлысында XVI ғасырда аяқталған, өйткені моғолстанда моңғол тілінде сөйлейтіндер көп еді, тек моғолстан ыдыраған соң барып моғолдар өзге қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр ұлттарына таралып, араласып тілдері жоғалды.
Көне моңғол тілінде жазылған Тұғылық Темір ханның жарлығы
Жоғарыдағы тарихи деректерден қаңлыдан өзге ұлы жүз руларының (үйсін, дулат, суан, шанышқылы, қият, қатаған, маңғыт), орта жүздегі найман, керей, уақ, меркіт, тарақты, байжігіт, күрлеуіт, дүрмен руларының, кіші жүздегі алшындармен керейт, таз, телеу, кенегес, барын руларының ХІІІ-ХІV ғасырларда Моңғол империясы дәуірінде халықтар имиграциясымен ауып келгенін көрдік, деседе бұл тарихтағы шыңғыстан батысқа, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктнн оңтүстікке көшкен көштердің бірі ғана! Жоғарыда айтылған рулардың арғы тегі одан бұрын қазақ даласында болмаған дегенді білдірмейді. Рашид-Ад-Динбойынша Оғыз ханнан жеңілгендер шығысқа көшсе, VI-VII ғасырда түрік тайпалары шығысындағы Жужанды жеңген соң Алтайдан шығысқа көшіп Солтүстік қытайдағы Ордосқа дейін барғаны тарихта анық.
Генетикалық өзгерістер
1207 жылғы Моңғол империясының картасы. Картада найман, керей, қоңырат, жалайыр, үңгіт (уақ), қоңырат, қатаған, қият, барлас, меркіт, қоралас, төлеңгіт қатарлы қазақты құраған рулар көрсетілген.
1204 жылдан басталған осы имиграция қазақ даласындағы тұрғындардың этникалық құрамын мүлде өзгертіп жібергенімен бәрібір моңғол тілі ХVI ғасырдан кейін қолданыстан мүлдем қалды, Моғолстанда моңғол тілі туралы дерек «Бабырнама» да келтіріледі, ол 1503-1504 жылдары болған. Мұхаммед Хайдар Дулати да өз әулетінен қалған моңғол тілінде жазылған жазбаны оқығанын айтады.
Моңғол тілінің жаппай халықтық тілге айнала алмауының кейбір себептерін жоғарыда айттық, тағыбір маңызды себеп болса, ол VII-VIII ғасырлардан бастап отырықшыланып қалалануды бастап кеткен түркі өркениеті алдында моңғол тілі жеңіліске ұшырады, деседе моңғол тілі қазақ, қырғыз тілдеріне үлкен әсерінде көрсетті.
Батысқа ауған моңғолдар бастапта саны азшылық болғанымен кейін жаңа ортада өзге халықпен араласу арқылы саны тез өскен. Шыңғыс қағанның кезінде моңғол атанғандар саны 100-150 мыңнан аспаса, 1308 жылдары тек Алан Қуадан тараған нирундар (дулат, суан, қатаған, маңғыт, қият, шанышқылы т.б) миллионнан асып кеткен. Биліктегі үстем тайпаның тез өсетіні түсінікті, әсіресе қаған әулеті аямай өскен. Барлығына үлеске ел жетпей ғасырлар өте келе Шыңғыс қаған әулетініңде көбі биліктен қалып қара халыққа айналған. Десе де осы моңғол атанған елдің қазақтың генетикасына қосқан үлесінің аса жоғары екендігінде.
Қазақтардың аталық гаплогрубының 50-60 пайыздан асатыны, ол С2 гаплогрупу, ұлы жүзбен(қаңлыдан өзге) кіші жүздің дені, орта жүздегі керейлер мен қоңыраттарда тағы төрелерде басым көрінеді. Наймандарда да айтарлықтай көрсеткішке ие, наймандарда тағы О2 деген Шығыс Азиялық гаплогруп мол. (https://en.wikipedia.org/wiki/Y-DNA_haplogroups_in_Kazakh_tribes)
Моңғол жорығы тек осы екі гаплогруппаны ғана әкелген жоқ, Q, N деген типтерді де әкелгені анық.
С2 гаплогрупының таралу картасы.
Бір ғажабы, Шыңғыс қағанның маңындағы рулар басым қазақтарда басым осы екі гаплогруп өзге түркі халықтарында төмен көрсеткіш көрсеткен. Моңғол, тұңғыс халықтарында жоғары көрсеткішке ие. Демек С2, О2 болып 60%, өзгесі қосылып 70% аталық шығыстық болып тұр. Алайда қазақтардың 60%-дан жоғары аналық гені моңғол, тұңғыстардан басқаша болып Орталық Азиялықтармен бірдей болған. Бұдан қазақтардың Шығыстық моңғол-татарлармен жерлік қыпшақ, қаңлы, арғын сияқты тайпалардың араласуынан шыққанын көрсетеді. Тек аталықта моңғол-татар атанған моңғол, түрік екі тілдерде сөйлеген тайпалар басым болса, жерлікті түрік тілдес тайпалар аналық жүйеде басым болып соңында түркі тілі үстем болып шыққан.