1917 жылғы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ-қырғыз құрылтай жиынының жұмысы басталды. 13 желтоқсанға дейін жалғасқан бұл жиын қазақ халқының тарихында маңызды оқиға болды. Ақыр соңында Алаш автономиясы жарияланды, ал оның басқарушы органы ретінде Алаш Орда үкіметі құрылды.
Сиез шақыру жөніндегі комиссия мүшелері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Досжанов, Е.Омаров оны ұйымдастыруда айрықша белсенділік танытты. Ұйымдастыру комитеті тарапынан уездік, облыстық қазақ комитеттерінен келетін өкілдерден өзге сиезге 30-ға жуық кісіге арнайы шақыру қағаздары жіберіліп, «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттері мен әртүрлі ұйымдардан бір-бір өкілден шақырылды. Сиезге Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу, Самарқан облыстарынан және Бөкей Ордасынан барлығы 80-нен астам өкіл қатысты.
Жиын басталардың алдында Әлихан Бөкейхан осы съезге арнайы шақырылған, алайда кенеттен дүние салған Ораз Тәтеұлының рухына құран бағыштап, дұға оқып бастаған.
Екінші Жалпықазақ съезінің негізгі шешімдері Алаш автономиясын құру, Алаш Орда ұлттық кеңесін жасақтау, ұлттық байлығы, Қазақ территориясының біртұтастығын айқындау, ұлттық әскер құру сынды аса маңызды факторларды ескерді. Ондағы қаулыда: «Қазақ-қырғыз автономиясы – «Алаш» деп аталсын», «Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені – «Алаш» мүлкі болсын», «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлт Кеңесін құруға, мұның аты «Алаш Орда» болсын» делінген.
Алаш автономиясын құру. Съезде қатысушылар Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі саяси тұрақсыздық жағдайында қазақ халқының мүддесін қорғау және өзін-өзі басқару идеясын іске асыру мақсатында автономия құру туралы шешім қабылдады.
Сиез Қазақ автономиясы мен милиция туралы Х.Ғаббасов жасаған баяндаманы тыңдап, осы мәселе бойынша «Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз билігін өз қолына алады» деген қаулы шығарды. М.Дулатұлы оқу мәселесі туралы арнайы баяндама жасап, комиссия құруды ұсынды. Ә. Бөкейхан сиезде Сібір, Түркістан автономиялары және оңтүстік-шығыс одақ жөнінде баяндама жасады. Сиездегі ең басты мәселе автономия мәселесі жөнінде
Ғаббасовпен бірге Түркістан автономиясы жөнінде М. Шоқай сөз сөйледі. Өз сөзінде Мұстафа Шоқай егер Алаш автономиясын құрсақ, Жетісу, Сырдария облыстары қосылатынын айтқан.
Осы сиезде «Алаш» атауы қазақ халқының ежелгі тарихи этнонимі ретінде таңдалды.
Алаш Орда үкіметін құру. Жаңадан құрылған автономияның уақытша үкіметі Алаш Орда деп аталды. Бұл үкіметті басқаруға 15 адамнан тұратын құрам сайланды, оның төрағасы ретінде Әлихан Бөкейхан бекітілді.
Алаш Орданың Ұлт кеңесіне мүшелер сайланған соң, енді оның төрағасын сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сайлауға Ә. Бөкейхан, Б. Құлманов, А. Тұрлыбайұлы түсті. Ең қызығы сол, Алаш автономиясы жарияланатын Екінші Жалпықазақ съезін ұйымдастыру, өткізу ісіне А. Тұрлыбайұлы бастаған Ақмола облыстық құрама комитеті мен Ақмола облыстық Алаш партиясының мүшелері түгел қатысса да, А. Тұрлыбайұлының өзі қатыса алған жоқ. Себебі ол Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен 1917 жылдың 6-19 желтоқсан аралығында Том қаласында өткен облыстық төтенше Жалпысібір сиезінің жұмысына Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы және «Алаш» партиясы атынан қатысқан еді. Бұл туралы нақты тарихи деректер тарихшы Р. Байдалының «Айдархан Тұрлыбаевтың өмірі және қоғамдық-саяси қызметі» атты диссертациялық зерттеуінде жазылған.
Сиезге А. Тұрлыбайұлының қатыспағанына қарамастан, демократиялық көзқарастағы Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған ұлт зиялылары оның кандидатурасын Алаш орда үкіметіне ұсынады. Кейіннен белгілі болғандай, ұлттық үкіметтің бір тірегіне айналады.
Сайлау қорытындысы бойынша 79 дауыстан 40 дауыс жинаған Ә. Бөкейхан Алашорданың төрағасы болып сайланды. Бұдан соң оқу комиссиясының құрамына А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, Е. Омаров, Б. Сәрсенов, Т. Шонанов сайланды.
Қазақ территориясының біртұтастығы. Сиезде қазақ жерлерін біріктіру және оны сыртқы күштердің басып алуынан қорғау мәселесі талқыланды. Сиезде қазақ жерлерін біртұтас ұлттық аумақ ретінде сақтау идеясы көтерілді. Бұл әсіресе сол кездегі Ресейдің ішкі саяси ахуалы – түрлі ұлттардың автономия құру талпыныстары мен орталық биліктің әлсіреуі жағдайында өте өзекті болды.
Қазақ жерлері бірнеше әкімшілік бірліктерге бөлінген еді (Түркістан генерал-губернаторлығы, Орынбор губерниясы, Бөкей Ордасы, т.б.). Сиез бұл аймақтарды бір ұлттық автономияға біріктіруді мақсат етті.
Жерге байланысты маңызды сұрақтардың бірі – оны сыртқы басқыншылықтан қорғау еді. Сиезде қазақ жерін орыс қоныс аударушыларына беруді тоқтату қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жерді жалға беру, сату немесе бөліп алу қазақ халқына үлкен қауіп төндіргені белгілі. Осыған орай жерді сақтау, оны халықтың игілігіне қалдыру басты талаптардың бірі болды.
Сиездің нәтижесінде құрылған Алаш Орда үкіметі қазақ жерлерінің тұтастығын сақтауға бағытталған саяси орган ретінде жұмыс істеуге тиіс болды. Алаш көсемдері қазақ халқының жері – оның ұлттық байлығы екенін және оны сақтау елдің егемендігімен тікелей байланысты екенін баса айтты.
Сиез қазақ жерлерін тарихи-этнографиялық тұрғыда біртұтас аймақ ретінде қарастырып, оны сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау бойынша шешімдер қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы саяси-территориялық негізін қалаған маңызды қадамдардың бірі болды.
Ұлттық әскер құру. Алаш Орда өз халқын қорғау үшін ұлттық әскер – Алаш милициясын құруға шешім қабылдады. Қазақ халқының тарихи мекендерін қорғау үшін әскери жасақтарға арқа сүйеу күн тәртібіндегі мәселеге айналды.
Ұлттық әскери күш құрудың себептері халықты сыртқы және ішкі қауіптерден қорғаудан, жер тұтастығын сақтаудан, ұлттық автономияны нығайтудан туындады. Қазан төңкерісінен кейін Ресейде билік вакуумы пайда болды, бұл ұлттардың өзара қақтығыстары мен анархияға әкелді.
Қазақ халқының мүддесін қорғау және қазақ жерін басқыншылардан сақтап қалу үшін ұлттық әскери күш қажет болды.
Қазақ жерін шетелдік интервенциядан, сондай-ақ жергілікті казак әскери күштерінің және Ресейдің орталық билігінің ықпалынан қорғау қажеттілігі туындады. Алаш автономиясы жарияланғаннан кейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күш қажет еді.
Қорытылай келгенде, біріншіден, Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі қазақ және қырғыз халқының ұлттық мемлекет құруға деген алғашқы нақты қадамы болды. Екіншіден, Алаш Орда үкіметі білім беру, жер мәселесі, автономияны басқару сияқты көптеген маңызды реформаларды қолға алды. Алайда 1920 жылдардың басында советтік билік орнағаннан кейін Алаш автономиясы жойылып, оның басшылары қуғынға ұшырады.
Қалай болғанда да 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері – қазақтың азаттық тарихындағы ең елеулі күн ретінде есте қалды.