1930 жылдары қазақ ауылында америкалық Джон-Дир тракторы қайдан жүр?
31.07.2017 2639
1927 жылы сәуір айында Шымкент уезінің еңбекшілері Елтайға зор сеніп білдіріп, советтердің бүкілқазақстандық VІ съезіне делегат етіп сайлайды

Осы съезде Елтай Қазақ АССР Орталық Атқару комиетінің мүшесі, ал 15 сәуірде Орталық комитеттің алғашқы сессиясында Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

Нақ осы тұста Түркістан-Сібір темір жолын 4 жылда аяқтап шығару үшін қаулы қабылданған еді. Аталған қаулы бойынша 1927 жылдың қараша айында өлкелік ІV партия конференциясының тапсыруына байланысты Е. Ерназаров бастаған арнаулы делегация Түркісіб құрылысына жүріп кетті. Делегация құрылыс басында болып темір жолды алып жатқан сан мың адамнан құралатын колективпен бірге болып, құрылысшылардың мұң-мұқтажымен танысып, олардың еңбегі мен тұрмысының күрделі мәселелерін шешуге нақты шаралар қолданады. Осы жылдың құрылысына белсене қатысқаны үшін оны басқарманың құрмет грамотасымен марапаттайды. Сонымен қатар «1926-1929 жылдары Қазақстанда араб алфавитімен шығып тұрған «Ауыл тілі» газетінің (1927 жылғы 5 мамырдағы №18 санынан 1929 жылғы 12 ақпандағы №128 санына дейін) бас редакторы қызметін қоса атқарады.

Осы газет апталығына Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Жақан Сыздықов, Қалмақан Әбдіқадыров және басқа ақын-жазушылар мен әдебиетшілер қатысып тұрды, ауыл тілшілерінің қатары өсіп, белсенділігі артты. «Еңбекші қазақ» газетін қазақ баспасөзінің қарашаңырағы десек, «Ауыл тілі» оған тізе қосып, шаруалардың мұң-мұқтажына назар аударып, ақыл-кеңес беріп отыратын газет болды.

Елтай Ерназаров Қазақстан ауыл шаруашылығын қайта құруға тікелей араласқан. Ауыл шаруашылығын қайта құру міндетін жүзеге асырудағы елеулі кедергілердің бірі елдегі шаруалардың көшпелі, жартылай көшпелі болып келуі еді.

Қазақтарды отырықшылыққа айналдыру мақсатында үлкен жұмыс атқарылды. Халық комиссарлары советінің жанынан отырықшыландыруға көмек көрсетудің арнаулы комитеті құрылды. 1930 жылы жетінші сайланған Қазақ АССР орталық атқару комитетінің ІІ сессиясы Елтай Ерназаровтың баяндамасы бойынша «Қазақ халқын отырықшыландыру жолдары туралы» үлкен қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында үкімет комиссиясын басқарған Ерназаров жергілікті орындарда жиі болып, нақты көмек көрсетіп отырған.

Америкалық Джон-дир тракторы қайдан жүр?

Осы қызметінде бүкіл жұмысының барысында ол совет үкіметінің  саясаты халық санасында берік орнығуы үшін өзінің шама-шарқына қарай қолынан келгенінің бәрін істеді. Оның бастамасы бойынша жұртшылық өкілдерін совет жұмысына пайдаланудың, совет органдарының еңбекшілердің қалың бұқарасымен байланысын нығайтудың сындарлы жүйесі қалыптасты. Елтай халқының хал-жайын, тіршілік қам-қарекетін өз көзімен көріп, еңбекшілердің мұң-мұқтажын, ой-пікірін өз құлағымен естіп-білу үшін жаз айларында ер аралауға шығып тұрған. Ол ел аралап шыққанда оның қай жерде болғанын, сөйлеген сөзін республикалық баспасөздер жариялап отырған. Бұл саясат үшін де, совет үкіметін нығайту үшін де керек болған. Елтаймен талай дәмдес болған белгілі ақын, халық жазушысы Әбілда Тәжібаев: «Ол арабша сауатты сөзге шебер, кеңпейіл, байсалды адам, ақындықтан да қара жаяу емес-ті, бірер ауыз дегендей, ұтыры келгенде қысқа-қысқа әзіл өлең шығарушы еді», – деп еске алады.

Елтайдың мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметінде ерекше белсенді қызмет атқарғаны үшін 1930 жылы мемлекеттік заеміне ірі көлемде ұтыс шығады. Осы ұтыстың бір тиынын да өзіне жаратпай, өзінің туған ауылы Ленин атындағы колхозда мектеп үйін салдырады. Еңбек демалысының бір бөлігін осы ауылда өткізіп, мектеп құрылысының дұрыс жүруіне көңіл бөледі. Мектеп сол заманға сай, шатыры керамикалық тақтайшалармен жабылды, іргетасы күйдірген қыштан жасалды. Қосымша бөлмедер салынып, жап-жаңа парта, тақталар сатып алынды. Мектептің қарсы бетінен жатақхана ғимараты бой көтерді. Тек Шутөбе балалары ғана емес, көршілес Майбұлақ, жамбыл, Кеңесарық ауылдарының балалары да келіп оқыды. Сол кезеңде мұндай мектеп атымен болмаған. Сонымен қатар Елтай Ерназаров совхозға америкалық Джон-дир деп аталатын тракторды, астық бастыратын молотика да, бір жарым тонналық Газ-51 жүк машиналарын да сатып алдырды.

Кәмпеске көтерілістері және бейбітшілікті таңдау

1928 жылы Қазақ АССР Орталық атқару комитеті мен халық комиссарлары советінің «байлардың шаруашылықтарын конфискациялау туралы» декреті қабылданды. Ауылдарда құрамында 5 мыңдай адам кірген 300-ге жуық комиссия жұмыс істеді. Байлардың мал-мүлкін тіркілеу Мәскеудің нұсқауымен, онда жүргізіліп жатқан үлгіге сәйкес жүргізілді. Ол кезде халықтың санасы әлі төмен, көпшілігі сауатсыз еді. Байлардың малын тәркілеу жұмысы негізінен белсенділердің қолымен атқарылды. Әпербақан белсенділер 700 байдың, 50 мың орташа шаруаның барлық мүлкін тартып алып, ашық тонады. Соның нәтижесінде 1930-1933 жылдары қазақ халқының басына түскен аса қиын нәубет жылдары болды. Байларды құртып, кедей-еңбекші жұртын құрамыз деп, сонымен бірге елдің байлығын да бірге жойып тынды. 1930 жылдардың басында басталған ашаршылықтың екінші жаппай толқыны – ұлы жұт аздай, Мәскеуден «7 тамыз заңы» шықты. Бұл «мемлекеттің және қоғамдық мүлікті бас пайдасына жаратқаны үшін жауапкершілік туралы» заң еді. Бұл заң бойынша қылмыс жасаған адамдар жазаланса бір сірә, екі ортада шыбын өледі дегеннің кері келіп, болмашы нәрсені алған аш адамдар да жазаланып жапа шекті. Піскен астық жиналса да, ол аңызда қалып кеткен масағын теріп алған аш адамдарды, теріп алғн бір-екі масағы үшін да шолақ белсенділер оларды апарып абақтыға қамай берген. Осындай қиын-қыстау азапты көрген халық абақтыда жатып ОАК төрағасы Елтайға ашынып, арыз хаттар жаза бастайды. Арыз-шағымдарды алысымен Е. Ерназаров Оңтүстік Қазақстан облысының әр ауданына, абақтыда жатқандарды тексеріп, кінәсіз, болмашы себептермен қамалғандардың бәрін босатады.

1930 жылы Бақанастан 56 шақырым жержегі Ақкөл деген жерде көтеріліс болады. Олар аудан орталығындағы аудандық партия комитетін, басқа да мекемелерді б асып алады. Көтерілісті жаныштау үшін Алматыдан екі жүз қарулы әскер аттандырылады. Әскердің басшысы болып Елтай Ерназаров Шұбартауға барады. Ол бір оқ шығартқызбай, көтерілісшілермен келісімге келіп, көтерілісті тоқтатады. Абыралы, Шұбаралы, Шыңғыстау жақта да толқулар болады, осындай көтерілістерді тоқтатып, шаруашылықтардың жұмысын қалпына келтіру үшін Елтай аталған өңірде екі айдай уақыт болады. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін Қазрайкомның қаулысы мен комиссия құрылып, оның председателі болып Елтай Ерназаров тағайындалады.

Елтай көтеріліс, толқуларды басуда, ол жерлерде Совет үкіметінің шаруашылықтарын қалпына келтіру жөніндегі іссапары өте жауапты да ауыр жұмыс еді. Қарамағында әскері бар, оларды қалай пайдалану керек? Елтай бас болған соң, шаш ал десе, бас алатын адамдай пиғылда болса, бас десе, оның орындайтын жанында жандайшаптары болғаны рас. Жоқ, Елтай күш қолданып, мәселені ушықтырып, жаныштаудың орнына серіктерімен ақылдаса отырып, көтерлісшілермен ымырашылдықты, бейбіт бітімге келу жолын таңдаған. Көтеріліс тоқтаған соң, жергілікті халық пен жазалаушы жасақ араласып-құраласып кетіп, мұның соңын мереке деп біліп бірге тойлаған.

1935 жылы Елтай Ерназаров өз орнынан босардың  алдында «Социалды Қазақстан» газетінің 2 қаңтар күні, №2 санында «Совхоз жұмыстарының екпінді міндеттері» деген көлемді мақалада тұлғаның жұмыстарына арнайы тоқталып, сараптама жасалған. «Қазақстан мал шаруашылығының жалпы жоспарында совхоздардың салмағы зор. Ол кейінгі екі жылда айтарлықтай өзгерді. 1931 жылы мал совхоздары 108 енді, 1934 жылдың аяғында ол 198-ге жетті. 1931 жылы совхоздардағы мал 10 пайыз болса, 1934 жылы 41 пайызға өсті. Совхоздар 1933-1934 жылдары колхоздарға адам айтқысыз 400 мыңға жуық мал берді» делінген аталмыш газетте. 1935 жылғы 1 қаңтарда Елтай Ерназаров бүкілқазақстандық советтер съезінде, яғни ІХ съездің ашылу салтанатында сөз сөйлейді. Съезд өз жұмысын 9 қаңтардай аяқтайды. Съезден кейін бірінші сессия өтіп, сессияға 215 мүше, 78 кандидат қатысады. Осы сессияда Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып Ұзақбай Құлымбетов сайланады.

Өз ұлын соғысқа аттандырған

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта Елтайға үлкен баласы Мырзабиді майданға жібермеу туралы бір қарт ағайыны келіп:

– Беделің бар адамсың,балаңды қанды қырғынға қайтіп қиып жібересің?» - дегенде Елтай қабағын түйіп:

Жоқ, қартым, олай етуге болмайды. Отан бәрімізге ортақ. Отанын қорғау әркімнің, бастықтың да, басқаның да азаматтық ісі. Мен ұлым Мырзабиді елін, жерін қорғауға өз қолыммен аттандырсам, оның өзі әкелік үлкен мақтаныш емес пе?! – деп Мырзабиді соғысқа аттандырады.

Еңбекші халықтың ішінен шығып, со л еңбекші халықтың қамын ойлаған Елтай Ерназаров – отанын жанындай сүйетін нағыз патриот адам болған.

Елтай 1942 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. Ұлы Мырзабидің майдан даласында ерлікпен қаза болғаны жайлы 1943 жылдың 5 қаңтарында хабар келген соң әрі күйзеліске түскен деңнсаулығын ойлап, елге көшуге бел байлайды. Қазақстан орталық партия комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовке кіріп: «Басында мені партия көтеріп еді, енді қартайдым, денсаулығым нашарлады, елге көшсем деген ойым бар. Сен партия өкілісің ғой, өкпелеп кеткен адамдай болмайын, алдыңнан өтейін деп келдім» дейді. «Дұрыс, елге барыңыз, денсаулығыңыз түзеліп кетер, көшуіңізге барлық жағдайды жасаймыз» деп, Елтай Ерназаровты көшіру туралы арнайы қаулысын шығарады. Қаулыда:

Елтай Ерназаровқа Ленгір ауданы Георгиевка селосынан оның өзі қалаған үй берілсін. Оны көшіріп салу үшін арнайы вагон бөлінсін. Бала-шағасына бірсыпыра киім-кешек берілсін. Көшіп барғаннан кейін сауынды сиыр, бір құлынды бие, сонымен бірге алты қой берілсін.

Ақтық сапар

Елтай Ерназаров 1945 жылдың 13 тамызында дүниеден өтті. Оны ел-жұрты болып, өзінің өсиеті бойынша туған жері Шутөбенің ұшар басына жерлейді. Саяси қайраткер қайтыс болғаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1945 жылғы 31 тамыздағы №378 арнайы қаулысы шықты. Қаулыда: Бұрынғы ҚазЦИК-тің председателі, қайтыс болған Елтай Ерназаровтың семьясына материалдық жәрдем көрсету туралы:

Облыстық сауда бөліміне, облыстық тұтынушылар қоғамына Ленгір ауданы Георгиев селосында тұратын Елтай Ерназаровтың бала-шағасына жәрдем беріп отыру міндеттелсін. а) 1945 жылғы тамыз айыннан бастап бір категориялы норма бойынша ай сайын азық-түлік жәрдем берілсін. б) әр квартал сайын 500 сом мөлшерде өндіріс товарлары берілсін.

Ленгір аудандық атқару комитетіне міндеттелсін:

а) Елтай Ерназаровтң үйіне қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілсін.

б) ауданның қаражаты есебінен отын, жеміс, картофельмен қамтамасыз етілсін.

в) Елтай Ерназаровтың семьясын, жеке тігін тігу, сонымен бірге сауда орындарына керекті товарларды алып тұруын қамтамасыз етуді жергілікті мастерсокйларға, өндірістік орындарға жүктелсін.

г) Елтай Ерназаровтың бала-шағасына отырған үй іргелік жері бекітіліп берілсін.

д) Елтай Ерназаровтың қабірін металмен қоршап, басына ескерткіш орнатылсын.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы: С. Дәуленов.

Хатшы үшін облыстық советтің депутаты: Қ. Қойбағаров.

Елтай Ерназаров – заманның перзенті. Советтік идеологияның жалшыға берген теңдік нәтижесі. Қарапайым халық өкілінің бас айналдырар биік лауазымға еңбекпен жете алатынының нағыз көрінісі. Заман туса, тағдыры бұйыртса, басына бақ қонса, ел билеуден кісі қаша ма? Әрине, жоқ. Республиканың түкпір-түкпірінде Елтай есімімен аталатын ауылдар көп, тіпті олардың саны елуге жетіп жығылады. Бұлардың барлығы да өмірі жұмбаққа толы, ел билеген саяси қайраткер Елтай Ерназаровтың есімімен тікелей байланысты.

Серік ОРЫНБАЕВ