Аштықтан ажал тапқан жазушы
29.05.2017 2585
...Мені жазушылардың бірі деп танысаң, мені өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп, Жазушылар одағы атынан, соның қорынан, соның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар

«Ашаршылық кезінде үйінде жейтін бір түйір дәні қалмай, әбден титықтап өлген жазушылардың басында атақты сатирик, фельетоншы Жиенғали Тілепбергенов тұр» дегенді жанкешті мұрағатшы ақсақал Табыл Құлыяс көптен бері айтып жүретін. Кейінірек өзі де жазушы жайлы «Аңыз ізімен» атты деректі хикаятын жариялады.

Зерттеуші Табыл Құлыяс ұлттық мұрағатқа 5 мыңнан аса адамның дерек-құжаттарын өткізген. Бұл кісінің Новосібір, Барнауыл мен Орынбор Астрахан архивтерінен тапқан деректерінің негізгі бөлігін  ашаршылық пен осы репрессия құрбандары жайлы мәліметтер құрайды. Осылардың ішінде тарихи тұлғалар, өнер адамдары, әсіресе қалам қайраткерлерінің тағдыры да қаламынан тыс қалмады. «Мұрағатқа кіргенде жылап шығамын» деп еске алады қария.

Жазушы-мұрағатшының қаламына әсер еткен тұлғалардың да бірі – осы Жиенғали Тілепбергеновтың трагедиялық өмірі. Жиенғали Тілепбергенов 1895 жылы Темір ауданында туған. 1918 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдайды. Медреседе қазақ балалары 1915-1918 жылдар аралығында шығарған «Садақ» қолжазба журналының Бейімбет Майлиннен кейінгі редакторы болды. Ол Қонжар, Қандыағаш мектептерінің мұғалімі, Темір оқу бөлімінің инспекторы, Ақтөбедегі  «Кедей» газеті редакторының орынбасары, Петропавлдағы  «Бостандық туы» газетінің редакторы, Қызылорда ағарту институтының оқу-тәрбие жұмысын басқарушы, «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары, Алматы Қазақ мемлекеттік баспасында қызмет атқарған. «Денсаулығы күрт төмендеуі себепті, 1931 жылдың соңында елге оралған. Өзінің 1931 жылғы 2 мамырда өлкелік партия комитеті жанындағы емдеу комитетіне жазған арызына үңілсек, жазушы 1927 жылы туберкулезге шалдыққан», – деген дерек келтіреді Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Ниязова журналист Индира Өтеміске берген сұхбатында.

Жазушының соңғы қызметі: туған жері Темірдегі «Социалистік майдан» газетінің редакторы қызметі. «Аудандық газетте қызмет істеп жүргенде отбасына талонмен тамақ береді екен, онысын отбасына жетпейді, одан басқа ағайын-туысы, айналасы бар бәрі жазушыға телміреді. Жазушының қолынан келер қайраны жоқ. Сондай ауыр заман өткен ғой. Құдай басқа салмасын, жазушының жанары жерге қарағаннан ауыр нәрсе жоқ-ау дүниеде» деп күрсіне еске алады қаламгер Т. Құлыяс.

Әңгімелерімен бірге сатиралық суреттемелер, фельетондар жазды. «Таңбалылар» повесі, «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары бар жазушының нағыз кемелденген шағы қазақ даласын өрттей жалмаған ашаршылық жылдарына тұспа-тұс келді. Ертеде жабысқан скесел дерті бар, оған ашаршылық жамалды. Қалың елді жайпаған зобалаңды көзбен көріп тұрып, жазбауға шыдамаған жүрек ашаршылық көріністерін айны-қатесіз қағазға түсіреді. Мұның өзі ауру адамға үлкен жүк болғаны түсінікті.

Ол өзі сенген, өзіне де сенген ең адал достарының бірі Ілияс Жансүгіровке бар мұңын шағып хат жазады: «...Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері: аурудан өлмей, аштан өлу... табылса жеймін, табылмаса жоқ. Біздің хал осылай, жолдас-құрдас! ...Ілияс! Сен маған жазушылар дүниесінде не істеліп жатқанды айтып, менің делебемді қоздырасың, мені әурелеп қайтесің! Жүрегімді жандырып, арманымды ұлғайтып қайтесің! Көкірек сайрағанмен денедегі дәрмен ұлықсат етпегесін не керек? «Эббанефттің» сібірлік ауданы – Темірдегі (біздегі) бөлімнің жайынан «Непті» деген темада пьеса жазбақшы болып, бастап қойғанмен не керек? Ол энергиямның ендігі қызығын қара жер көрмекші болып отырғасын не пайдасы бар? Одан да сен былай ет: мені жазушылардың бірі деп танысаң, мені өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп, Жазушылар одағы атынан, соның қорынан, соның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар... 

Бұған дейін бұл сөзді айтуға да арсынып «өлсем – жайыма өлейін» деп жүр едім. Одақ басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой». Досына ақтарылған бұл сөздер – нәубет жылдардағы жеке тұлғаның ғана емес, күллі қоғамның шынайы жанайқайы, запыран болып төгілген ащы зары болатын.

Жазушының азапты ғұмырын зерттеген тарихшы ғалым Ғ. Ниязова: «Сырқаты әбден меңдеп, оған аштық азабы қосылып, қатты қиналып жатқан жазушыны ақырғы сәтке дейін аудандық партия комитетінің қызметкері бақылап отырған. Ашынған Жиенғали өзін бақылап отырған қызметкерге партиялық билетін лақтырып жіберген екен. – Оның партиялық билетін лақтыруы – саясатқа қарсылығын көрсеткені болса керек», – дейді. Отбасы, шиеттей балалары аштық құрсауында қалғанда үйін аңдыған аудандық атқамінердің бұл қылығы қаламгердің өмірін ерте аяқтауға себеп болуы да мүмкін.

«Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері – аурудан өлмей, аштан өлу» – деп досына мұң шаққан дарынды журналист 1933 жылы қайтыс болды. Жиенғали Тілепбергеновтің қазасына байланысты «Социалды майдан» газетінің 1939 жылғы 19 сәуірде шыққан №20 санында қазанама жарияланған.