Жоңғария – қазақтың атамекені
14.05.2017 3303
Көп өтпей, Манжу-Цин империясының Іледегі ұлықтары өздерінің қазақтарды шекара ішіне орналастырудағы мұндай белсенді саясатынан секемдене бастады

Тарихта оңтүстігі Тянь-Шань, солтүстігі Алтай тауымен жанасып жатқан, Батысы  Жоңғар Алатауы (Арқас), Тарбағатай, Сауыр жотасынан, Шығысы Бәйтік, Қаптық, Баркөл тауларына ұласатын кең өлке XV ғасырға дейін қазақ халқын құраған түркі тайпаларының мекені болып, тек XVІ ғасырдан соң ғана Жоңғария деп аталды. Ол бүкіл Шығыс Түркістан территорясының солтүстік бөлігін құрайды. Шығыс Түркістанның ең сулы, нулы шұрайлы қоныстары осы өлкеде жатыр. Бұл өлке сонау ғұн, үйсін, сақ дәуірінен тартып, кейінгі түріктер, түркештер қарлықтар дәуірінде байырғы ата-бабаларымыздың тұрақты мекені болған. XIII ғасырда наймандар мен керейлер, меркіттер бұл жерлерді Шыңғыс жаулаушыларынан сақтап қалу үшін күресті. Бірақ, монғолдар мен түркі тайпалары тұрғылықты  халық ақыр аяғында Шыңғыс билігіне мойынұсынды. Олардың ат жалын тартып мінген еркек кіндіктісі Шыңғыс әскерінің сабына қосылып, Орта Азияны, Иранды және Еуропаны жаулау соғысына қатысты. Қалған жұрт ауа көшіп Сарыарқаға – Жошы ұлысының қол астына өтті. Бұның бәрі найман, керей, уақ, меркіт, қоңырат, жалайыр тайпалары еді. Осы ауа көшкен жұрттардан Моғолстан шегінде қалған қазақ тайпалары кейінгі кезде ойрат тайпаларының келуіне байланысты тағы да көне қоныстарынан жылжып, Жетісу мен Сарыарқаға беттеді. Осылайша, Жоңғария біртіндеп ойрат тайпаларының қолына өтті. Бірақ осынау мекенде туып-өскен халықтың ұрпақтары кейінгі 300 жыл шамасында ежелгі атамекендері туралы ұмыта қойған жоқ. Қария сөздеріне, аңыз-әфсаналарға қарағанда «құба қалмақ» дәуіріне дейін ел ішіндегі көне көз қариялар Алтайдың шымыр ақ қайыңының безінен жасалған ыдыс-аяқ, ер-тоқымдарын, ырғайдан алынған шідер тиектерін ата-бабасының көзіндей көріп, қастерлеп сақтаған... Жоңғариядағы ойрат монғолдарының жойылуына, әрі қазақтармен Ман-цин хандығының саяси, сауда және мәдени қарым-қатынасының жақсара түсуіне байланысты, қазақ шаруалары өздерінің байырғы атамекені есептелетін Алтай, Тарбағатай, Іле алқабына қайта оралуды армандады. Сөйтіп, ел шетінде отырған ауылдар ешкімнен рұқсат сұрамастан шығысқа қарай жылыстап көше бастады. Бұл кезде Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань таулары мен Жоңғар ойпатындағы (Күбі құмы) және Ертіс, Іле алқабындағы тусып кеткен шұрайлы  жайылымдар мен күнғақты қыстаулықтар малшаруашылығымен шұғылданған қазақ қауымын қатты қызықтыратын еді. Тарихи мәліметтерге қарағанда қазақтар ойрат монғолдары жойылысымен-ақ Цин үкіметіне: «Тарбағатай ежелгі ата қонысымыз еді, қайтарып берсеңіздер» [1, 11] деген талап қойған. Ал Цин үкіметі: «Бұл жерлерді Тәңір патшасы тыныштандырған, кейін әскер орналастырылады»  деген сылтау айтып, қазақтарды өздерінің батыс шекарасын Ресейден қорғайтын қамал ретінде пайдалану үшін, Тарбағатайға келген қазақ көшін «дереу шекарадан айдап шығуға бұйырып, Абылайдан малшыларын қайтарып алуды»  өтінеді [2,18]. Цин императоры ол жерлерді беру үшін ең әуелі қазақтардың өздеріне «адалдығын әйгілеуін», ол үшін қашып жүрген Амұрсананы ұстап тапсырып берулерін талап етеді. Император Цянлун сонда ғана Абылайға XVII ғасырда  қазақ-ойрат соғысы кезінде қолдан кеткен Алтай тауына дейінгі жерлерінде өз ауыл-аймағымен көшіп-қонып жүруіне рұқсат беретіндігін жеткізеді [3, 58]. Бірақ қазақтар Цин ордасының талабына бірден келісе кетпейді. Әліптің артын бағады. Олар манжулардың шекараны аса көп әскермен ұдайы қорғап тұра алмайтындығын, күндердің күнінде шекара күзетінің босаңситынын жақсы білді.

Сөйтіп,  1760-жылдан бастап, Іле, Тарбағатай жағына барып жатқан қазақ көшінің саны ептеп көбейе берді. Бұл туралы отандық тарихнамада былай делінеді: «Еңбекшілер өз феодалдарына және (Ресей) патша әкімшілік орындарының жер жөніндегі қысымына қарсы шығып отырды, қазақ ауылдарының өз беттерімен Ертістен, Оралдан көшіп кетуі жиіледі. Еңбекші мал өсірушілер екінің бірінде малдарын жасырын, хан мен старшиналардың рұқсатынсыз айдап әкетіп отырған. Қазақ ауылдары жапатармағай басқа жаққа көшіп кетіп жатты. 1762-1764 жылдары арғын, найман руына жататын қазақтардың бірнеше мыңдаған шаруашылығы сұлтандардың тыйым салуына қарамастан сонау шығысқа – 1758 жылы Ман-Циң патшалығның әскерлері талқандалған Жоңғарияның жеріне көшіп кетті» [4, 273].   

Расында, Ресей патшалығы 1731 жылы Кіші жүзді өз қоластына «қаратқаннан» кейін, қазақ жерлеріне ішкерілей еніп, қадамы жеткен жердің бәріне қамал, бекіністер сала бастаған еді.  XVII ғасырдың 50 жылдарында Тобылдан Ертіске дейін созылған ұзындығы 562 шақырымдық Жаңа Еділ шебі, Омбыны Семеймен, Өскеменмен жалғастырған ұзындығы 930 шақырымдық Ертіс шебі салынып үлгерді. Бұлар солтүстіктегі Биски шебімен жалғасып жатты. Бұл бекініс шептері (Ресей) патша үкіметінің отарлау саясатының тірек пункттеріне  айналды. Демек, Ресей отаршылдарының отарлау әрекетін Қазақ Ордасы әбден сезіп, біліп отырды. Бұндай жағдайда Абылай Манжу-Цин патшалығы «қазақтарға шекараны мәңгі қорғатып» оларды орысқа қарсы Халқан ретінде пайдаланғысы келді. Сөйтіп, олар Ресей боданына түскісі келмеген, әрі байырғы атамекендерін  көздеп, Жоңғарияға көшкен қазақтардың алдын тосып, оларды «шекара сыртына» қоя тұруды ойлады. Цин ордасының бір жарлығында: «Қазақтар сонау шалғай қоныстарда тұрады, оларды елші жіберіп шақыртқанымыз жоқ, өз еріктерімен ел боламыз деп хат жазып, ат тарту етті. Олардың тілегін қабылдауымыз оларға патшаның тәлімін білдіріп қою ғана» [5,11-16] делінген. Бұл жердегі «ел болу» әсте бодан болуды білдірмейді. Абылай елшілерді Пекинде тек тату көршілік, бауырластық туралы сөз қозғаған. Жүздесулер, келіссөздер барысында сарай ұлықтарының бодандық ишаратын қабылдамай, табанды тойтарыс беріп отырған. Сол кездегі дипломатия тіліне көшірсек Манжу-Цин императоры мен қазақ ханының арасында «ағалы-інілі» қатынас орнайды, ал бұл кезде бодандық жүйе «әке мен баланың арасындағы қатынас» деп аталатын [6, 164-165]. Тарихи шындыққа жүгінсек, бұндай қатынастар бір кездегі уақытша одақ (конфедерация) түрінде болған. Әлдеқандай «бағыныштылық» дегеннің өзара татулық, сыйластық, селбестік, дегендерге саясатын. Ал Манжу-Цин императоры қазақтарға бастан-аяқ тәуелсіз ел ретінде қарады. Қазақ шаруаларының ойрат қолынан тазартылған Жоңғарияны барып мекендеуінен, болашақта бұл жерлердің қазақтар иелігіне түбегейлі өтіп кетуінен алаңдады.

Соған қарамастан жерге, жайылымға сыйыспаған қазақ руларының байырғы атамекендеріне барып қоныстану тілегі онан сайын арта түсті. Енді бір жағынан орыс отаршылығы да оларды қазіргі қоныстарында тыныш отыра берулеріне мүмкіндік бермеді. Шәкәрім шежіресінде «...1723 жылы қалмақтан жеңіліп, «ақтабан шұбырынды» көріп, Орта жүз Ешім, Нұра, Сарысуға барғанда, біздің тобықты Орынборгтің бергі жағына – Ордың Қарағашына барған. Онан да ары барған Кіші жүз қазағы орысқа қарамақ болыпты деген соң сонан қорқып тобықты көшіп, Ырғыз, Торғай өзендеріне келген... Одан және бері қарай көшіп, Мамай Батыр бастап, осы Көкен, Орда Доғалаң тауларының ортасына келіпті... Тобықты бұнда келген кезде бұрын келіп қалмақты қуған найман, матайлар Шыңғыс бөктерінде екен. Уақтар Ертіс жағасында екен. Тобықты азып-тозып келген ел деп матайлар малына зорлық қыла берген соң, тобықты матаймен жанжалдасып, бұрынғы арғынның ата қонысы Шыңғысты өзіміз аламыз деп, матайды қуып, Шыңғысқа орнығыпты. Бұлар матаймен әуре болып жатқанда уақтар Көкенге келіп қонған соң, Кеңгірбай би кісі жиып барып, уақты қуып жіберіп, осы күнгі Кеңгірбайдың «тас үйген» деген жеріне барып қоныпты» [7, 326-327] делінеді. Бұл мәлімет «құба қалмақ» заманынан кейінгі, Ресей отаршылығы күшейген дәуірдегі қазақ руларының арасындағы әр түрлі толқуларды, жер дауынан туындаған ұрыс-қағыстарды бейнелесе, төмендегі мәлімет осыдан сәл кейін Жоңғарияға көшкен қазақ руларының жағдайынан дерек береді.

«...Қалмақ бөлініп, хандығы жоғалған соң, бұрынғы қалмақтан қашып кеткен қара қырғыздардың көбі қайтадан Үлкен Алатаудағы орнына келді. Ұлы жүз қазағы Күнбатыс Алатаудан Қаратал өзеніне шейін өз орнын алды. Орта жүзден керей мен найман Тарбағатайға келіп, ақырында Қытай жеріне де кіріп, найманның шеті Ебен Нұра (Ебінұр) басына шейін барып, Керей Қара Ертіске барды» [7, 328-329].

Тарихи мәліметтерге қарағанда, сол кезде сыртқы жаудың қысымына қоса, Орта жүздегі кей рулар арасындағы жер дауы мен жесір дауы да өрши түскен. Солардың ішіндегі Жоңғарияға алғаш бет дүзеген абақ керей тайпасы болған. Керейлердің бұл шешіміне себепші болған біріншіден, Ресей бодандығының қаупі, екіншіден, өздерінің байырғы ата қоныстарына қайталай ірге тебу тілегі, үшіншіден, өзге туыстас тайпалармен арадағы бітпес дау-жанжалдан аулақтану еді. Сөйтіп  керей елі Жәнібек бастаған елбасылары Сауыр, Сайханды басып, Қара Ертістің жүйрік басы Көктоғай, Шіңгілге дейін барып жер шолып қайтты. Тарихи деректерде көрсетілуінше қазақтың Ұлы, Орта жүз руларының Жоңғар шегіне жаппай қоныс аудара бастауы 1767 жылға тұспа-тұс келеді. Осы жылы Цин үкіметі қазақтармен келіссөз барысында олардың Тарбағатай мен Қазақстанның шығыс және  оңтүстік-шығыс аймақтарына тамыз бен наурыз айлары арасында мал отарлату үшін белгілі бір уақытқа көшіп келіп орналасуына «рұхсат етті» [8, 174]. Асқар Татанай және т.б. шежіреші-тарихшылардың пайымдауынша, Жәнібек батыр бастаған керей елінің Жоңғарияға үдере көшуі Абылай бастаған қазақ хан-сұлтандарын алғашында қатты алаңдатады. Осы орайда Абылайдың көшкен елдің алдын бөгеуге атақты Бұқар жырауды жібергені, Бұқардың көшкен елге арнап «Керей қайда барасың?» атты толғауын шығарғаны да белгілі. Бұқардың жыр нөсерін сорғалатып келіп:

Бұл бетіңмен кетерсің,

Басқа лашық тігерсің.

Аузыңнан ас кетер,

Қара көзден жас кетер,

Райыңнан қайтпасаң,

Кеудеңдегі дулығалы бас кетер, –

деген сөзіне керей жағы күштінің қылығына тидау, әлсіздің малына сұрау болмаған соң өкпелеп аудық. Енді қайырыла алмаймыз. Көңілдеріңе қаяу алмаңдар деген бір ғана сылтауды айтып, қалған елдің қимастық бауырмалдығына сүйініп, «елдің елдігіне, ердің ерлігіне бас» деп Бұқарларды қатты күтіп, үлкен сый-сыяпат көрсетеді. Шындығында, бұл жолы керейлер өздерінің байырғы атамекендері жаққа мықтап бет алған еді.

«Көш Қалба, Маңырақ... деген таулары, Жайсаң Көл (кейін орысша Зайсан аталып кеткен), Кішкене көл деген көлдері бар өңірден келіп ірге теуіп, Сауырдың тұмсығынан Үліңгір көлінің бойына дейін жайыла қонып мекендейді» [9, 457-458]. Қазақ шежірелері. – 1-т, ІХБ. – Куйтунь, 1990. 1767 жылдың алды-артында найманның Қабанбай батыр бастаған қара керей, дөртуіл, матай рулары да Тарбағатай (Шәуешек) өңіріне қоныстана бастайды. Манжу-Цин үкіметі Іле генерал губернаторына: «Дереу әскер шығарып, Тарбағатайға кірген қазақ малшыларын қуып шекарадан шығарып жібер... Абылайға адамын қайтарып әкетуді ұқтыр» [10, 18] деп жарлық түсіреді. Манжу-Цин үкіметі «шекарадан өтіп келіп» мал баққан қазақ малшыларына секеммен қарады, әрі қазақтарға «бұдан былай өз жерлеріңде тыныш тіршіліктеріңді көріп, шекара амандығын сақтаңдар, әйтпегенде, жазаға тартылып қаласыңдар» деп айқұлақтанды. Бірақ қазақ шаруалары Цин үкіметінің бұндай қоқан-лоқысын елеп-ескермей, сол өлкеде көшіп-қонып жүре берді. Тусып кеткен бұл мекендер бір кездегі ата қоныстары болғандығын, бүгінде онда мал бағып, еркін тіршілік етуге құқылы екендіктерін айтып, барған жерлерінен жылжымай қойды. Ақыр аяғында, Манжу-Цин үкіметі «шекарадан көшіп шығушыларға сыйлық беру» [11, 17-18] саясатын қолданды. 1768-1769 жылдары Әбілпейіз ханның баласы Жолшы [12, 3], [13, 9]. Абылай ханның баласы Уәли сұлтан, Жалайыр Қара би бастаған [14,14] елшілер Пекиндегі патша ордасына барып император Цияньлунмен кездесті. Осындай кездесулерде елшілер қазақтардың Іле, Шәуешек өңірлеріне барып қоныстануына ресми рұқсат етуін сұрады. Кейін Іле генерал губернаторы Агуй (阿桂) де патшаға жолдаған хатында: «Тәбей бастаған 11 қазақ ішкерілеп келіп қоныстануды өтініп еді. Қазірше Жарға қоныстандырып отырмыз. Тағы да бір-екі ауыл ішкері келуді талап етіп отыр. Бұларды Жұлдыздағы (Юлдыз) бос жатқан жерлерге апарып орналастыруға болар ма екен?» [15, 5] деп хабарлайды. Агуйдің патшаға қазақтарды Тянь-Шань тауының оңтүстігіндегі Жұлдыз алқабына апарып орналастырсақ деуі Іле бойынан оларға қоныстанарлық жер табылмағандықтан емес еді. Бұл кезде Іле өзенінің екі қанатындағы құнарлы дала негізінен иен-тегін жатқан. Агуй осы жерлердің қазақтар қолына өтіп кетуінен алаңдап, оларды өздерінің ішкі жағына – Жұлдыз жаққа өткізіп жіберуді көздеген болатын. Оның хатына Цияньлун патша: «Іленің жері кең, ол жерлерде адам қанша көп болса, соншама жақсы. Егер қазақтардың жайлы қоныс таба алмай немесе бұлап-талаудан қорқып ішкерілей келгендері рас болса, қолма-қол орналастырып, әрі адам жіберіп басқару керек, адамы көбейе келе оларды сұмын (ауыл) және анжыға (ауданға) бөлу керек. Алайда қабылдағаннан кейін басқаруға қолайлы болу үшін жақынырақ жерге орнластырылсын, Жұлдызға апарып орналастыру қажетсіз. Егер қазақтардың көңіліне жақпай қайта көшіп кетеміз десе де мейлі» [15, 5] деп жауап береді. Сөйтіп Агуйдің Ілеген барған қазақтарды Тянь-Шань асырып жіберу жөніндегі ойы орындалмады. Цин ордасы кейін ол жерге Еділден барған торғауыттардың бір бөлігін апарып орналастырды. XVIII ғасырдың 60-70 жылдары Ілеге барған Қазақтардың көбі Ұлы жүз құрамындағы албан, суан рулары еді. Тағы бір құжатта Жоңғария шегінде қазақтардың күн сайын көбейе түскендігін еріксіз мойындап: «Талай жылдан бері сендер ішке кіріп мал бағып келдіңдер. Біздің генералдар мен ұлықтардың хатында сендерді жазаласақ деген екен, бірақ патша ағзам кешірім етті, қарауылдан бергі иен жатқан жерлерге келіп мал бағуларыңа болатындығы жөнінде жарлық түсірді. Бұның бәрі сендердің бізге ел болғандықтарыңа жасалған мейір-шапағаты. Өз көсегелерің көгерумен бірге көршілермен де тату-берекеде болып, патша ағзамның ілтипатына ілініп тұрыңдар» [16, 20] деп жазады. Бірақ көп өтпей, Манжу-Цин империясының Іледегі ұлықтары өздерінің қазақтарды шекара ішіне орналастырудағы мұндай белсенді саясатынан секемдене бастады. Егер «алыстағылардың құлағы шалып, олар да мына сияқты ішкері келуді талап етсе, онда оларға не дейміз?» деп алаңдап, қазақтарды қайтадан шетке қақты, тіпті оларға қуғындау саясатын қолданды.

Бұл фактілер, Манжу-Цин патшалығының тұтас Қазақ Ордасын былай қойғанда, өз қоластына қараған қазақтарға да «сырт ел»[1] есебінде қарағанын, оларды ылғи да шекара сыртына қақпайлап, ел іргесін қатаң ұстағанын, Абылай бас болған Қазақ Ордасының олар үшін тіптен тәуелсіз, дербес ел болғанын түсіндіреді. Ман-Цин хандығы қазақ жұртын өздеріне бағынды ел ретінде емес, қайта өздерін сыртқы күштерден қорғайтын мызғымас қамал ретінде бағалаған.  Сол дәуірді көзімен көрген тарихшы Вэй Янның: «Синьцзянның оңтүстігі мен солтүстігінің екі жағын жат елдер қоныстанған, ал бізге іргелес қонып, қорғаушы болған тек қазақтар мен бұраттар (қырғыздар)» (Вэй Ян, Патшаның соғысы жөнінде, IV т.) дегені  сол себептен еді.

Цин ордасы Жоңғарияның ертеден күні кешеге дейін түркі-монғол халықтарының құзырында болып келгенімен есептеспеді. Сөйтіп, бұл өлкені мәңгі-бақи уысынан шығармаудың түрлі дайындығына көшті. Бірақ олар Жоңғариядағы Алтай, Тарбағатай, Іле алқабын қазақтардан тазарту ойына жете алмағаны былай тұрсын, онда көшіп жатқан қазақтардың саны күн сайын көбеие түсті. Арт-артынан құйылған қазақ көші манжулар Ішкі Қытайдан егінші-жасақтарын әкеліп үлгергенше басып қалды. Ақыры Цин ордасы қазақтардың қарауыл төңірегіне қоныстануына рұқсат етіп, олардан алым-салық алуды жолға қойды.

Жоңғарияға ең алғаш қоныс аударған қазақ руларының алды абақ керейлер және наймандар болатын. Бұл кезде Цин үкіметі абақ керейлердің Сауырды бойлап, Қара Ертісті өрлей қоныстануына жол қойды. Бұл өңірлер бағзыдан мал-жанға жайлы, төңкелі қоныстар еді. Алтай тауының Жоңғар шегінен шығысқа қарай созылған 5-6 жүз шақырымдық ұзын жүлгесінде 72 аңғар (ущелье) бар. Осы 72 аңғардан аққан 72 өзен Қара Ертістің негізгі су бассейні болып табылады. Алтай тауының күнгейінен құралған Қара Ертіс сонау Өр Алтайдағы Қу Ертіс сағасынан бастау алып, жолай Ақ Ертіс, Бала Ертіс, Қыран, Буыршын, Қаба, Қалжыр секілді үлкен өзендерді өзіне қоса Зайсан көліне келіп құяды.  Ертістің Зайсаннан жоғарғы бөлігі өз кезінде ит тұмсығы өтпейтін қара орманмен көмкеріліп жатқандықтан «Қара Ертіс» деп аталып кеткен деседі. Көшпелі тайпалар тарихтан бері жазда Алтай тауының салқын сауырын барып жайласа, күзді күні Ертістің сол қанатындағы Сауыр, Нарынқара, Күбі, Бәйті-Қаптық секілді құмдақты, жылы жақтарға барып қыстап шығатын. Жылқы мен қойға жұғымды желкілдек  ақ шөп өсетін ықтасынды, саршуақ тепсеңдері бар бұл өңірлер қыс бойы малға қолайлы еді. Осында керейлер келген кезде бұдан біраз жыл бұрын Еділден келіп орналасқан торғауыттар мен бұрынғы қалдық ұранқайлар олардың өз үстілерін баса-көктеп қоныстанып жатқанына шыдап отыра алмады.

Бұл барған қазақ рулары мен торғауыт, ұраңқайлардың дау-дамайларына қоса, қазақтардың өз ішкі дауы да көбейіп отырды. Он екі абақ керейлер: Жәнтекей, Жәдік, Қарақас, Молқы, Ителгі, Меркіт, Шимойын, Жастабан, Шыбарайғыр, Шеруші, Көнсадақ, Құлтайболат делінетін он екі атаға бөлінетін. Бұларға қоса наймандардың Қаракерей, Дөртуіл, Матай рулары да сол төңірекке жақын Тарбағатайдың күнгейіне, Тоқта-барлыққа, Бораталаға, Қаба-Буыршын бойына барып мекендене бастады. Бірақ шоғырымен барған бір бүтін керей елі үшін ендігі жерде ел болып орнығып, өз билігін өзі жүргізіп, тату-тәтті берекелі күн кешудің де мүмкіндігі туған еді. Сөйтіп олар бүкіл он екі керейге сөзі өтетін, туғанына тартпай әділ билік айтатын төре тұқымынан өздеріне хан[2] сайламақ болды. Яғни, жөн білетін үлкендер жағы тек абақ керей ғана емес, бүкіл қазақ жұртына сонау Шыңғыс ханның Жошыдан туған немересі Тоқай Темір заманынан бері билік жүргізіп, елдіктің арқауын ұстап келе жатқан төре тұқымынан біреуді әкеліп, билікті соның қолына беруді қуаттады. «Төре бауыры суық», «төресіз ел, төбесіз жер болмайды » деген, ол он екі абақ керейдің қайбіріне де жанашыр жақыным деп уысына тартпай, әділін айтады, ойланып-толғанып, істің ақ-қарасын әбден айырып ыңғайлайды – деді олар. Сөйтіп, Абақ керей Алтайдың күн бетіне қоныс теуіп 10 жылдан соң, яғни 1779 жылы он екі рудан он екі ел ағасын, атшы, қосшы, қазаншыларымен елуге тарта кісіні бір кездері Абылайға хандық орнын түсіп берген Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейіздің ордасына «төре іздеуге» жіберді. Бұл топты Жәнтекей ішінде сүйегі қазбек Тауасар би бастап барады.

Тарихи деректерге қарағанда Әбілпейіздің үш әйелі болған. Бұның екеуі өз алғыншығы, бірі - әмеңгері. Алғыншық бәйбішесі Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ұлы Нұрәлі төренің қызы Айкүміс, енді бірі – қырғыз төресінің қызы Тұмар, әмеңгерге алғаны – қалмақ ханы Хандыжаптың қызы Шаған еді. Айкүмістен Бопы, Ғадай, Ағадай – үш ұл; Тұмардан Көгедай, Сәмен, Жабағы – үш ұл; Шағаннан Ханқожа, Жолшы – екі ұл көреді.

Тауасар би бастаған Абақ керейдің ел ағалары Әбілпейіз ордасына келіп, талап-тілектерін айтады. Бұл кезде Айкүміс пен Шағанның балалары үйленіп отау болып кеткендіктен, Әбілпейіз кімді таңдауды келгендердің өз еркіне береді. Абақ билері байқап, сынап көріп, сынға толғанын алайық деп бір ай бойы түсел түсіп жатады. Тұмардың балалары жас – Көгедай жетіге, Сәмен беске, Жабағы үшке енді толған екен. Билер айналып жүріп, бір күні Тұмардікіне келеді. Үш бала төсекте ұйқыда жатады. Көгедай екі інісін құшағына алып, шалқасынан ортада жатады. Билер бұны көріп: мынау құшағы кең, мейірімі мол, көпшіл болғандай екен, оның үстіне сәби ұя бұзбайды, ақылдан шықпай аузымызға қарайды, осыны алсақ деп ақылдасып ақыры соған тиянақтайды да, Әбілпейіздің Ежен ханнан (Манжу-Циң хандығынан) алған уаңдық таңбасы басылған қағазбен Көгедайды ашамайға мінгізіп алып қайтады. Содан кейін Керейдің Өр Алтай бетінде іргесі орнығып, билігі күшейеді. Қанаттас отырған Қобық торғауыттары оларға құрметпен қарайтын болады.

Көгедай Жоңғарияға өткен керейлерге төре болып барғанымен, әлі де жасы кіші болғандықтан, арт жағын сағынып алаңдай береді. Тағы бір жайт сол кезде керей арасында жаназа шығаратын молла, шешек егіп, бала сүндеттейтін хожа мүлде жоқ екен. Әбілпейіз бұл жайларды ескеріп Көгедайды шешесі Тұмармен қоса керейге көшіріп береді. Тұмар бәйбіше керейге бір молда, бір хожа және бура[3] мен қырғыздан үш - жиыны алты үй көшіріп әкеледі. Бұл молла-хожалардың, қырғыздың ұрық-шәрпі бүгінде Шығыс Түркістандағы Жеменей ауданында бір қауым ел болып отыр. Өр Алтайдағы Абақ керей арасында тараған «Төре-хожа түбі бір» деген тәмсіл содан қалған. Бұдан соңғы тарихи кезеңдерде төрелер Жоңғарияға барған қазақтардың билік жүйесін басқарса, хожалар олардың діндік жүйесін басқарып отырды. 

1783 жылы Әбілпейіз қайтыс болғанда оның орнына Ханқожа таққа отырды. Ал Көгедай Абақ Керей елін өз алдына дара билеп тұру үшін 1790 жылы 18 жасында Халқа жері арқылы Пекинге барып, император Цияньлунға жолығып, «Абақ Керей елінің гүңі (князі)» деген гауһардан қос көз орнатқан жығалы, таңбалы шен (лауазым) алып қайтады. Абақ Керей содан бастап Ежен ханға жылына 81 ат салық беріп тұратын болды.

Кейін Әбілпейіздің екінші ұлы Жолшыны (Жошыны) Манжу-Цин үкіметі Тарбағатай қазақтарының гүңі (князь) етіп белгіледі. 1811 жылы Жолшы қайтыс болғанда оның баласы Салатты гүңдікке бекітті [17, 22].    1834 жылы Салат өлгенде орнына баласы Абдулланы гүң сайлады. Кейінгі кезде Тарбағатай қазағын Көгедайдың үшінші ұлы Әдекенің немересі Мамырбек төре билеп тұрды[4].

Абақ керей елі «төре іздеген» тұста, шамамен 1760 жылдың алды-артында әлі де Алтайдағы Ертіс өзенінің бойындағы Зайсан, Қоңыр деген жерлерде отырған найманның қызай руы Тоғанас Қоңырбайұлын Әділ төреге[5] жіберіп, оның отыз ұлының бірі Саманы өздеріне төрелікке сұрап алады. Сама төренің Ерасыл, Нұрасыл, Әлпейіз, Қуат деген төрт баласы болған. Бұлардың ішінде саны көп, атасынан бері үзілмей билік айтып келе жатқан мықтысы Әлпейіз руы. Әлпейізден – Бөтен, Бөтеннен Құдайменде туады. Құдаймендеден Қоңырқұлжа, Барат деген екі ұл туады. Қоңырқұлжадан Әуелхан, Әуелханнан Әбілқайыр төре туады. Әуелхан мен Әбілқайыр төрелер бертінге дейін Ілеге барған Қызай еліне тайжі, гүң болып билік жүргізді [18, 532-533].

Жоғарыдағы жайлардан ойрат монғолдары жойылысымен өздерінің атамекені Жоңғарияға бет алған қазақ көшінің бір сәтке де толастамағанын, Манжу-Цин үкіметі алғашында бұларды шекара сыртына қанша қақпайлағысы келсе де, оған дәрмені жетпегенін, ақыр-аяғында қазақтардың өздерінің байырғы ата қонысына мықтап ірге тебуін мойындап, оларды «өз бұқарасы» ретінде басқару көлеміне ала бастағанын аңғарамыз. Сонмымен Жоңғарияға қарай XVIII ғасырдың екінші жартысынан басталған қазақ көші, тұтас  XІX ғасырда да өз жалғасын тауып жатты.

Бұл арада басын ашып алатын бір мәселе – қазақ халқының біраз бөлігінің байырғы Жоңғария шегіне өтуі әсте Манжу-Цин империясының қарастылығына өтіп, үлкен шаңырақтан біржолата бөлінуі деп қарауға болмайды. Ол кездегі шекара қазіргідей қатаң бақыланбайтын, мал-жанның ары-бері өтуіне тежеу салынбайтын. Төңірегіндегі ұлттар мен аймақтарды баса билеуге ұмтылған Манжу-Цин және Ресей империялары да өздерінің қол жеткен жерлерін мәңгі бақи ұстап тұра алатын-алмайтындықтарына күмәнмен қарайтын.  Оның үстіне,  Жоңғарияның, тіпті тұтас Шығыс Түркістан өлкесінің тағдыры әлі де түбегейлі шешілмеген. Ел ішіндегі аумалы-төкпелі жағдайға байланысты, билік басында Қытай емес өзге ұлттың өкілі отырған Манжу-Цин империясының күш-қуаты да асып-тасып тұрмаған. Олар алыста тұрып, «ел болған» қазақ би-төрелеріне шен-шекпен жапқанымен, алда-жалда оларды жаныштауға бұрынғыдай көп әскер шығару қуатынан айырылған болатын.

XІX ғасырдың орта шенінен бастап, Англия бастаған батыстық елдер Қытайдың теңіз бойындағы қалаларын отарлай бастады. Бұндай жағдайда көшпенді қазақ рулары иен-тегін жатқан байырғы қоныстарына қайтып барып алаңсыз, бақуатты күн кешу мүмкіндігіне ие болды. Соған бола олар арттағы үлкен шаңырақтан, ұлтанды елден түбегейлі бөлініп кеткен жоқ, керісінше, қазақтар үлкенді-кішілі жиын-тойларда, астарда жиі бас қосып, ары-бері керуен тартып, қарым-қатынас жасап тұрды. Халық күйшілері, ақындары, сал-серілері бір елден бір елге аралап, ел мен елді жіті байланыстырып жүрді. Соның әсерінен бір бүтін қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрі өзге халықтардағыдай көп өзгеріске түспей, мәйегінен арылмай таза қалпында сақталып қалды. Бұл кезде, мейлі кімнің құзырында болсын, қазақ елі отырған өріс-қонысымен қоса өздерін әлі де бір бүтін ел ретінде сезінді.

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиеттер

Цинь патшасы Гао Цзунның орда естелігі 清高宗實錄, 548-қаттам, 11-б. Цинь патшасы Гао Цзунның орда естелігі 清高宗实录, 60-қаттам, 18-б. Моисеев В. А., Сулейменов Р. Б. Из истории Казахстана XVIII в. Алма-Ата, 1988. Қазақ СССР тарихы. – Алматы, 1957.  – 1-т. – 154 б. 清高宗实录 Цин патшасы Гао Цзунның Орда естеліктері, 543-қаттам, 11-б. Мұхаметханұлы Н. XVIII-XX ғасырлардағы Қазақ-қытай байланыстары. Алматы. 1996. Шәкәрім шежіресі// Қазақ шежірелері, ІХБ, Куйтунь, 1990. – 326-327 б. Гуревич Б.П. Международные отношения в Центральной Азии в XVII-первой половины ХІХ в. М., 1983. Қазақ шежірелері. – 1-т, ІХБ. – Куйтунь, 1990. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 600-қаттам, 18-б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 680-қаттам, 17-б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 825-қаттам, 3-б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 826-қаттам, 9- б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 831-қаттам, 14-б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 759-қаттам, 5-б. Цин патшасы Гао Цзунның орда естеліктері清高宗实录, 793-қаттам, 20-б. Цин патшасы Жэн Цзуның орда естеліктері, 254 қаттам, 22-б. Қайрақбек М. Қызай елі//Қазақ шежірелері. 1 т. ІХБ Күйтүн,  532-533-б.

[1] «Сырт ел» − қытайлық сыртқы саясатта ежелден қолданылып келген ұғым, яғни «сыртқы бұратаналар» (вай-и − 外夷,вайфань − 外藩). Олар «ішкі бұратаналардың» (нэйфан−内藩) сыртында тұрады. Негізінен Қытайдың орталық билігіне тікелей бағынбайтын, бірақ онымен тату тұруға ниет білдірген, сыртқы саясатын өзара үйлестіріп отыратын, ішкі істерін түгелдей өздері белгілейтін алыстағы тәуелсіз елдер.  Мысалы, Корей, Въетнам, Рьюкю аралдары (The Ryukyu islands) т.б елдер. Цин үкіметі сол қатарға қазақтарды да қосып отыр. Олар қытай депломатиясы бойынша «ішке қарамаған» (沒有内附) елдер. Кейін бір бөлім қазақтар Цин қоластындағы өз ата қоныстарына қайтып барғаннан кейін, Пекин үкіметі оларды «ішке қараған қазақтар» (内服哈薩克) деп атады.

[2] Бұл жердегі хан «бек», «князь» деген мағынада. Қытайша гуң (公).

[3] Бура-найманға қарасты бір ру. Көгедайға ерген осы буралардан атақты саятшы Тіней дүниеге келген. Олардың арғы аталары Жомарт. Ол батыр болған. Бір деректе Жомарт қырғыздарды шапқанда Тұмарды «ат көтіне салып» алып келіп, Әбілпейізге берген. Әбілпейіз Тұмарды балаларымен қоса Абақ Керейге көшіргенде, Тұмар ханым Жомартты өзімен бірге көшуге қалап алған деген аңыз бар. Шын-өтірігі бір Аллаға аян.

[4] Көгедайдың арғы тегі Шыңғыс әулеті. Шежіре бойынша: Шыңғыс – Ерезен – Мүбарак - Шымтай - Орысхан (Ырысхан) - Сығай - Есім - Жәңгір -Тәуке (Үлкен Тәуке) - Әбілмәмбет - Әбілпейіз - Көгедай – Ажы – Қасымхан – Жеңісхан - Әлен, Шәріпхан (бір туысқан): Қараңыз: М. Әлен, Абақ және төре шежіресі «қазақ шежірелері» 1 т. ІХБ Күйтүн, 1990. – 461.

[5] Абақ керей арасында «Әділ-Санияз бір туған» деген тәмсіл бар. Ол бойынша Әділ төре Әбілмәмбет ханның ұрпағы болып шығады. Яғни, Әбілмәмбет ханның алты ұлының бірі Әділ, бірі Санияз болған. Бірақ қазақта Әділ есімімен аталатын тағы бір атақты төре болған. Оның тегі Тұрсын төре: шежіре бойынша Тұрсыннан Күшік, Есназар, Барақ. Күшіктен Әділ, Санияз, Абылай... болып келеді.  Халық арасындағы аңыз Он екі керей ішіндегі Жәдік руын осы екі атаның біріне апарып тірейді. Бірақ Әділ төренің бүгінгі ұрпақтары өздерін хан Абылайдың тұқымымыз деп шежіре жазып жүр. Ол бойынша Әділ Абылайдың  бел баласы, яғни Абылай ханның екінші әйелі қарақалпақ Сайман ханымнан туған үшінші ұлы. «Әкесінің тұсында Жетісудағы Ұлы жүз руларының біраз бөлігіне билік жүргізді. 1773 жылы Пекинде Еженханның қабылдауында (15 адам) болады. Қытайға аманат ретінде де жіберілді. Елге қайтып келген соң жергілікті ақса- қалдардың тілегімен Жетісуға тұрақтап, ел басқарады. Абылай 1779 жылы қырғыздармен болған ұрыста жеңіске жеткеннен кейін, Талас өзені бойында Әділге үй салып беріп, осы жерге егіншілікпен айналысу үшін бірнеше қарақалпақ отбасыларын қоныстандырды. 18 ғасырдың 80-жылдары Әділ оларға қоса Дулат руының жаныс, сиқым, ботпай және шанышқылы тармақтарын Әбілмәмбет ханның баласы Болатпен бірге биледі. Олардың жалпы саны 40 мың отбасы шамалас, ал қоныстары Талас, Ангрен, Шыршық өзенінің бой­ында, Шыңғыс, Шаған тауының төңірегінде болған. Ресми түрде таққа отырғаны жөнінде мәлімет кездеспейді, бірақ XІХ ғасырдың бас кезіндегі кейбір материалдарда Әділ өзіне қарасты руларды "хан" деген атақпен басқарған. Қытай тарапынан алған "уан" ("ван") атағы болған. Әділдің Нұралы деген баласынан Жетісу өңіріне аға сүлтан болған атақты Тезек төре (1821-1879) туған» (kk.wikipedia.org/wiki/Әділ_Абылайұлы//Жетісу энциклопедиясы. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. -712 б.). Әділдің Момын деген әйелінен Бұлқайыр, Жанқайыр, Орыс, Бозбұлан деген бес ұл туып, мұны елдер «Бес Момын» деп атап кеткен. Тағы бір әйелі Наматтан Сатыпалды, Сати, Боқбасар, Наурыз деген ұлдары болып, оларды «Төрт Намат» немесе «Енем балалары» деп атаған. Керейдің Жәдік руының ақсақалдары 1750 жылы «төре сұрап» келгенде, Әділ төре Момыннан туған Көкекті береді. Көкек ат ұстар серігі руы найман ішінде Матай Басықара деген кісіні жолдастыққа ала кетеді. Демек, қызайлардың Әділ төре ұрпақтарын төрелікке сұрауы жәдіктің «төре сұрауынан» 10 жылдан соң болған.