Менің атам – ардагер
11.05.2017 3873
Әбіш атам жеңісті де, кейінгі бейбіт өмірді де көріп, соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге тер төгіпті

Жауыздықтың өрті лаулап, қаншама қандастарымыздың өмірін қиған соғыстың біткеніне 72 жыл болыпты. Менің Әбіш атам сол сұрапыл соғысқа қатысқандардың бірі еді. Ол жеңісті де, кейінгі бейбіт өмірді де көріп, соғыстан кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге тер төгіпті.

Әбіш атам 1910 жылы қазіргі Тарбағатай ауданының бұрынғы Максим Горький – қазіргі Жаңаауыл деген жерде дүниеге келген. Әкесі Салақбай, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына тиесілі Сарықамыс қонысын мекен етіп, аумаққа белгілі түйеші болған деседі. Кезінде Сағындық ауылында болғанымда ауылдың Мағи деген ақсақалы Салақбайды білгенін айтып, мынадай әңгімесін жеткізді: «Бірде жоғалған жылқымды іздеп ел аралап жүрген едім, қалың тұманға тап болып жолдан жаңылдым. Келе жатсам алдымнан қалың түйенің келесі байқалды, иесі көрінбеді. Біреу келер деп ары күттім, бері күттім, түйелер қасына ешкім келмеді. Кешке түйелер өрістен қайта бастады, солармен қоса еріп, бір тамның маңайынан шықтым. Есік алдында ботаның өлексесін жеп жатқан бүркітті көзім шалды. Өзімнің де құс баптауға қызығуым бар-ды, сол көріністі көріп тамсандым. Үйден бір ақсақал шығып амандасып, жөн сұрады. Жағдайымды айтқанымда үйіне кіргізіп, қонақ болып кетуімді сұрады. Осылайша бір кеш атаңмен сұхбаттасқан едік. Мені жас демей қонақжайлық танытты».

Бұл сөздерден атамыз қарапайым түйеші болса да, елге сыйлы адам болғанын байқаймыз. Осындай ортада өскен атам Әбіш өз елінің патриоты болғаны анық.

Екі сыныптық білімі бар ол, соғысқа дейін Қызыл Әскер колхозында колхозшы-бригадир болып еңбек еткен. 1942 жылы қаңтарда мобилизация бойынша әскерге шақыртылған. Апам Баймолдина Әтимәнға Тарбағатай военкоматы тарапынан берілген анықтамада Салақбаев Әбіш 1942-1944 жж. Совет Армиясы қатарында қызмет еткенін және Ұлы Отан Соғысына қатысқандығын растап, 1965 жылы қайтыс болғандығын көрсеткен.

Қызыл әскер кітапшасына сәйкес, 144 танкіге қарсы артиллериялық атқыштар құрамында соғысқан. 1942 жылы Сталинград, 1943 жылы Смоленск, Витебск, 1944 жылы Белорус, Шығыс Пруссия, 1945 жылы Помераниядағы операцияларға қатысып, 1943 жылы 11 қазанда Сталинградты қорғаудағы ерлігі үшін «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен және ерен ерлігі үшін 1944 жылы 9 тамызда «Қызыл жұлдыз» («Красная звезда») орденімен наградталған. Білетінміздей, Сталинград шайқасы Ұлы Отан Соғысындағы ең маңызды шайқастардың бірі. Бұл шайқасқа атамыздың да қатысқаны ұрпағына абырой, патриоттық үлгі-өнеге беретіні анық.

Апамнан атам соғыс туралы қандай естеліктер айтушы еді деп сұрағанымда: «Жарықтық, атаң ол туралы көп сөйлемейтін, тек соғыста Берлинге дейін жеткенін айтып отыратын» деп қысқа қайырды.

Сөзінің жаны бар шығар, себебі атамның қызыл әскер кітапшасында оның Польша жерлеріндегі операцияларға қатысқандығын растайтын жазбалар кездеседі. Апамыздың қолында майдангер атамыздың құнды бір жәдігері болды. Апамыз соңғы кезге дейін сақтап келген немістің үлкен күміс қасығын бізге табыстаған болатын. Қазір Әбіш атамның екі баласынан төрт немере, бес шөбере тарады.

Марқұм атамның рухы риза болып, жаны жәннәтта болғай!

Дархан ӘБІШЕВ, майдангер немересі