Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы Х бөлім
30.10.2024 1233

Орталықтан келер қаражаттың жоқтығы Лю Жинтаңды соғысты итырғылжыңға ұластырмай тез аяқтап, жедел жеңуге итермеледі. Келер көктемге дейін Жетішәр хандығын алып, тұтас Шығыс Түркістанға иелік ету – Зо Зұңтаң белгілеп берген меже-тін. Осы себепті байыздап тұра алмаған Лю Жинтаң бірден Биянхудың соңынан қуды. Биянхуды қолға түсірмей шүршіт қолбасшысына баянды күн жоқ еді. Қашуға шебер, із жасыруға әккі Биянху құрықталмай соғыс соңына шықпайтынын ол жақсы аңдады. 


Бай ауданындағы ұрыс: әккілердің айла тартысы

Бетпе-бет шайқаспай, ізіне түсіп өкшелей қуып келе жатқан Лю Жинтаңнан құтылмайтынын Биянху да іштей топшылады. Жығылған үстіне жұдырық болғаны, уақыт озған сайын жағдай кері кетіп, соңынан ергендердің оған деген сенімі де сетіней бастады. Әйтсе де әзелден сақ Биянхудың көзсіз кеуде керіп, басын бәйгеге тігіп соғысуға жүрегі дауаламады. Осындай көңілі күпті болып, ішкі арпалысқа булыққан мезгілде жанын жадыратқан бір жақсы хабар жетті. Яқұпбек тағына ие болған Жетішәр ханы Бекқұл әскерімен Ақсудан өтіп, бері келе жатты. Биянхудың сәл де болса алаңы азайып, бір сәт еңсесін басқан үрейден сергіп, тынысы кеңіп сала берді.  

Екі тарап Бай шәрінің іргесінде беттесуге бекінді. Бұл шешуші шайқас-ты. Тарғалаң сәт, тартысты сағат екенін Бекқұл да өте жақсы ұғынды. Әкесі Яқұпбектен бергі Чиң әскерімен өрбитін ең ауыр майдан осы еді. Жетішәр билеушісі бұл жолы қалың қолдың тізгін-шылбырын түрік офицерлеріне ұстатты. Бекқұл хан осыған дейінгі сәтсіздіктерін өздерінің соғыс өнеріне жатылмаған қырсыздығынан көретін. Бұл жолы Османлының әскери академиясын тауысқан, Қырым соғысына қатысып, Англия, Франция әскерлерімен бір шепте шайқасқан кәсіби әскерилерге үміт артты. Түрік офицерлерінің де сенімі нық еді. Олар Биянхуды бұқарадан шыққан қарадүрсін батыр санады. «Лю Жинтаң өкшелеп қуып, үздіксіз алға жылжып келе жатса, әлі алымды қарсылас жолықпағанынан», – деп кеуде қақты. Түрік офицерлерінің бұл сенімі Бекқұлды қанаттандыра түсті. Сөйтіп жетішәріліктер Османлыдан келген түрік офицерлерінің қолбасшылығында соғыс дайындығына қызу кірісті. 

Барлық бөлімдері: Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы

Түрік офицерлері әскери шепті батыс стандартына сай құрды. Жетішәріліктер сан жағынан үстем болып қана қоймай, жер ерекшелігінде де ырықты позицияда еді. Яқұпбек пен Бекқұл қолында екі түмен әскер болды. Ал Чиң қолбасшысының шылауында он мыңға жетпес жасақ сап түзеді. Жетішәріліктер әуелі географиялық тиімділікті оңтайлы пайдаланып, Бай шәрінің бекінісін бекемдеп, қамалын бүтіндеді. Араға өзен салып, үлкен қосынды оң-сол екі қанатқа бөлді. Өзеннің сол қанатында Биянху, оң жағында Бекқұл әскері орнықты. 

Жансызы арқылы дұшпанының аяқ алысын Лю Жинтаң жіті бақылап отырды. Чиң әскері де бұл жолы ауыр сынаққа дөп түскен. Сан жағынан аз болып қана қоймай, ұрымтал орынды да жетішәріліктер иеленген. Лю Жинтаң тікелей шабуылдаудың қатері мен тәуекелін таразы басына салып көрді. Оның түйсігі басқа жолды таңдады. Амал мен әдіске жүгініп, айла мен тәсілге арқа сүйемей жеңе алмасын болжады. 

Лю Жинтаң әуелі шағын жасағын шабуылға шығарды. Бұл шүршіт қолбасшысының қарсыластың аужайын байқап көрмек бопсасы еді. Аз жасақты алға аттандырып, өзі төбеден көз тікті. 

Чиң қолбасшысы сыры өзіне ғана мәлім бір қулықтың есебін жасады. Әуелі, шағын жасақ арқылы жауының ойын оқуды қалады. Одан кейінгі есебі түрік қолбасшыларының қарымтасына қарай сыналап кірер осал тұс іздеу болатын. Жетішәр шебін шашыратып, негізгі шабуылды күтпеген бағыттан бастау Лю Жинтаң стратегиясы-тын. Шағын жасақ жетішәріліктерді қорғаныстан шабуылға шығару үшін аттандырылды. 

Лю Жинтаңның аз жасақ шығарып, өздерінің реакциясын байқап көрмек болғаны түрік қолбасшыларына да ап-айқын көрінді. Олар дұшпанының ойын оқи отырып, жауап ретінде жасақ шығарды. Чиң қолына қарсы сайдың тасындай сайыпқырандар ат үстінде атойлап қарымтаға шапты. Соғыстың алғашқы қимылы басталып кетсе де, әр екі тарап арбасу, аяқ алысты аңдау амалында еді. Кенет шүршіттердің қарсы беттегі негізгі күші сиреп, қос қапталға қарай ойысып бара жатқаны белгілі болды. Түрік офицерлері жауының қарсы беттен емес, қос бүйірден қоршап шабуылдамақ жоспарын біле қойды. Сөйтсе де күмәнін сейілтіп, ойын растау үшін шолғыншы әскер шығарды. Шарлаушы жасақ ат тұяғын дүбірлетіп, өзеннің төменгі ағысына суыт аттанды. Айтып-айтпай, Жетішәр қолбасшыларының ойлағанындай шықты. Әрбірінде екі мың шамасында әскері бар екі қосын екі жаннға қарай анталап келе жатты. 

Түрік офицерлері өз ойларының дәл шыққанына көзі жетіп, батыл қимылға көшер сәт туғанын байыптады. Оларға Лю Жинтаңның бұл әдісі өте қарабайыр көрінді. Шүршіт қолбасшысына шынайы шайқастың кермек дәмін татқызу үшін үлкен қосынды шабуылға шығару шешімін мақұлдады. Бұл жоспар Биянхуды қайран қалдырды. Берік қорғанысты тастап, шабуылға шығудың қандай қажеттен туғанын түсіне алмай дал болды. Түрік офицерлеріне бұның қауіпті әрі тым тәуекелге толы шешім екенін айтқанымен, оларды райынан қайтара алмады. Түрік офицерлерінің өз есебі бар-ды. Олар Лю Жинтаңның тұтас әскері он мыңға еркін жетпейтінін қаперге алып, қос бүйірден төрт мың әскер бөлінгенде, тура беттегі қалған жаудың саны ары кетсе бес мыңға әзер жететінін есептеді. Он бес мың әскердің үш есе кем жауды жүндей түтетініне шүбә келтірмеді. «Негізгі күшті бір деммен күйретсек, қос қапталдан бөлініп келетін жауды қайырылып соққылау қиынға соқпайды», – деп өз қисынын алға тартты. Биянхудың көнбеске шарасы қалмады. Бір жағынан олардың бұл есебі қиыс та емес еді. «Соғыс оқуын тауысқан, Еуропаның озық шайқасында от пен судан өткен бұлардың менен көргені артық. Қалай болғанда да бір білгені бар шығар», – деп ойлады Биянху. 

Қосынға шабуыл пәрмені берілді. Бекіністе бес мың сарбаз қалдырылып, он бес мың  жасақ өзеннен өтіп, жорыққа аттанды. Айтқандай-ақ Чиң әскерлері төтеннен тиген соққыға шыдас бере алмай шегінуге мәжбүр болды. Жетішәріліктер шегінген жаудың соңына түсті. Түрік офицерлері қашқан жауды қуып жүріп жайратып, Чиң әскерінің негізгі күшін бір деммен-ақ талқандауға ұмтылды. Шүршіттер бас сауғалап қашты, жетішәріліктер екіленбей қуды. Чиң әскері жан салып қашқан сайын, қуғыншы әскерлер үдетіп ізіне түсті. Алайда бұл Лю Жинтаңның құрған қақпаны еді. Түрік офицерлері аңдаусызда дұшпанының тұзағына түсіп қалғанын сезбей қалды. Жетішәрі хандығының қолы шашырап, ұзыннан ұзаққа созылып, андыздап қалды. Алды-артының арасы 2-3 шақырымға қашықтап кетті. Қашқан әскер Жетішәр қолын соңынан ілестіріп отырып, бір төбеге дейін әкелді. Төбеден асып, еңіске құлдай бергені сол еді, ар жағынан шүршіттердің әлдебұрын дайындап, орнықтырып қойған зеңбіректерінен оқ оқжыланша атылды. Мылтық оғы қарша борады. Жетішәр әскерлері баудай қырылды. Төбе алдыңғы лектің өлімін кейінгісінен қалқалап, қызынып алған қуғыншылар тоқтаусыз ажал апанына жұтылып жатты. Жетішәр жасағы ессіз бұйрықтың құрбанына айналды. 

Бұны байқаған түрік қолбасшылары енді шегінудің кеш әрі тиімсіз  екенін ойлап, не де болса адам санының көптігіне сүйенгісі келді. Ауыр болса да шығынға бара отырып, Чиң әскерінің басты күшін жеңуге оқталды. Осы мақсатпен әлденеше мәрте тегеурінді соққы ұйымдастырды. Алайда дүркін-дүркін шабуылдардың барлығын шүршіт қолы тойтарды. Бекқұл қолы әу бастағы ырықты, үстем позициядан айырылды. Әскер ішіне де үрей түсіп, береке қожырады. Бұның бәрі Биянхуға айқын көрінді. Оның ұзақ жылғы ұрыс тәжірибесі қан қызумен тоқтаусыз ұрына беру толық күйреуге әкелетінін түйсіндірді. Бұл жолы түрік қолбасшыларының ойы Биянху пікірімен үндесті. Жетішәр қолы кейін шегінуге бұйрық алды. Кері қайтқан қолды енді шүршіт әскері өкшелеп соққылады. Бекініске қарай қашқан Бекқұл жасағының қарсы алдынан әлдеқалай оқ атылды. Бұл бекініске қос қапталдан шабуылдамақ болып екі жырылған Чиң қосыны еді. Екі қосын шегінген Жетішәр қолының алдынан шығып, оқтың астына алды. Сонымен Жетішәр әскері анық қоршауда қалды. Бекқұл мен Биянху ауыр бодау бере отырып, қоршауды бұзып шықты. Соғыс шебіндегі қалдық әскер ілгері-кейінді соққыдан ес жия алмай, ақыры жеңілді. Бай шәрі шүршіттер қолына өтті. Сан жағынан басым, қорғанысы мықты Жетішәр қолы Лю Жинтаңның қармағын қауып қалғандықтан күйреді. 

 

Қашқардағы қан майдан 

Лю Жинтаң қашқан жаудың ізіне түсті. 80 шақырым шөлді кесіп өтіп, Ақсуға жетті. Бірақ Биянху қысқа уақытта ес жиып үлгермейтін болғандықтан соғыста жеңіліп, өлім құшудан үрейленді. Өлмеген күннің өзінде жан-жағынан сезіктеніп, әлдекім ұстап беретіндей қауіптенді. Қолды болудан қорыққан ол әрі қарай Бекқұл соңынан еріп, күнгейге өтіп кетті. Лю Жинтаң Ақсу қаласын соғыссыз бағындырды. 

1877 жылдың желтоқсанында Биянху Қашқар қаласының іргесіне жетті. Бекқұл Хотанға өтіп кеткен еді. Қашқарға жеткен Биянху күтпеген кедергіге тап болды. 

Қашқар бекінісі қала қақпасын тарс жапты. Биянху қамалға кіре алмай сыртта тосылды. Мұны істеген Хы Бұюн еді. Чиң жасағы күнгейді беттеп шыққаннан жол бойғы қалалардың бәрін алып, жетішәріліктерді ығыстырып келе жатқанын ол қапысыз біліп отырды. Сондықтан Хы Бұюн көтеріліске шығудың ең ұтымды сәтін жіберіп алғысы келмеді. Ол үшін көзге түсуге оңтайлы сәт осы еді. Бұл амалы кәдеге жарап, Лю Жинтаң жеткенге дейін шыдас берсе, бір жағы еңбегін бұлдап, лайықты сый-сияпатқа кенелуге, екіншіден, тәуір лауазымға қол жеткізуге болатынына сенді. Осы үміт оны көтеріліс жасап, қаланы тартып алуға ынтықтырды. Оң-солы мен алды-артын салмақтай келе Хы Бұюн Бекқұл жоқ сәтті пайдаланып, Қашқар қаласын тартып алды. 

Асылы Хы Бұюн Яқұпбек тұсында мұсылман сенімін қабылдауға уәде етіп, Жетішәр билеушісінен кешірім алған қытай шерігі еді. Яқұпбек аз қолымен Қашқар іргесіндегі қытай қамалын өзіне тәуелді еткенде Хы Бұюн соның қарашасы болып, қарауына өткен. Енді, міне, тонын теріс киіп, бір-ақ күнде жауға айналып шыға келді. Хы Бұюн Қашқар қаласына иелік еткенін, Чиң қол астына қарауға һәм қаланы тапсыруға пейілін білдіріп, Лю Жинтаңға жасырын хат жөнелтті. Қашқар қақпасына кіре алмай тосылған Биянху алдағы әрекет, болашақ бағдарын қалай бұрарын біле алмай дағдарып тұрған мезетте Хы Бұюнның құпия хаты Лю Жинтаң қолына тиді. Ол хатты оқыған бойда шұғыл әмір етіп, қалың қолымен Қашқарды бетке алды. Суыт жүріспен тоқтаусыз алға жылжыған Лю Жинтаң төрт күнде 400 шақырымды басып, Қашқар қаласына жетті. Бұл уақытта Бекқұл мен Биянху Хы Бұюн қолынан Қашқарды қайтарып алып, алдағы соғыс әзірлігіне кіріскен еді. 

Лю Жинтаң Қашқарға келді дегенде Биянху мен Бекқұл айран асыр қалды. Олар мұндай жылдамдықты күтпеп еді. Екеуінің межесінде Чиң әскері ең тез дегенде бір жұмада жетуі тиіс-тін. Бірақ нақты жағдай олар күткендей болмай, шұғыл шайқасуға тура келді. Тиісті дайындықтың кемдігі, қажетті әзірліктің жеткіліксіздігі көрінді: жетішәріліктер толыққанды қорғаныс ұйымдастырып үлгермеді. 

Соғыс өрті Қашқар топырағында қайта тұтанды. Лю Жинтаң әскері қаланы тез арада қоршап, ұтқыр шабуылын бастады. Түрік офицерлері бұл жолы жанын шүперекке түйіп, шабуылды тойтаруға барын салса да өнбеді. Қолбасшы әрекеті әлсіреген әскердің күш-жігерін жани алмады. Итжығыс шайқаста біртіндеп Чиң әскері күш алды. Соғыстың әуметі қарсы тарапқа ауып  бара жатқанын байқаған Биянху қашу бекіміне бел байлады. Жағдайды жіті бақылап отырған Бекқұл да Биянхудың қопақтағанын аңғарып, соның байламына илікті. Жетішәрінің билеушісі мен сүйекті қолбасшысы қорғаушы әскерлерін алып, Ресейге бағынышты Қоқанға шегінді. Биянхуға қарасты дүнгендер мен Бекқұлға бағынышты ұйғыр, қоқандықтар 1877 жылдың қараша-желтоқсан айларында шекарадан өтті. 1166 дүнген Пржевальскіге, екі мыңнан астам ұйғыр-қоқандық пен мың қаралы дүнген Ошқа бет түзеді. Ал Биянху бастаған үш мыңның үстіндегі үлкен топ Нарынға өтіп кетті. Жергілікті халық қыстың көзі қырауда босып келген қауымға азық-түлік, баспана беріп көмек көрсетті. 

Бекқұлдың тақтан баз кешіп, патшалықты тастап қашуы соғыстың соңғы тағдырын мүлдем өзгертті. Әлі де шүршіттің бетін қайтаруға жан алысып, жан берісіп шайқасып жатқан сарбаздар бұл хабарды естіп, бұла күшінен, қайсар рухынан айырылды. Жігері жасып, сағы сынды. Жетішәрі хандығы жеңілді. 

Лю Жинтаңның жеңісі Шығыс Түркістанның тағдырын басқа арнаға бұрды. Қашқар қолдан кеткеннен кейін қалған бекіністер шүршіт билігіне ықтиярымен берілді. Чиң патшалығы бұл топырақта өз үстемдігін орнатты. Лю Жинтаң Зо Зұңтаң жүктеген міндетті бұлжытпай атқарып шықты.  Оңтүстік күткен межеде бағындырылды. 

 

Қарымта шабуыл, қайтарма соққы

1878 жыл. Лю Жинтаң күтпеген хабар алды. Қырғыз еліне асып кеткен Биянху қалдық күшімен қайырылып келіп, шекара бойы кенттерін соққылады. Шығыс Түркістанның шығысы мен батысын былай қойғанда, терістік пен күнгей арасының өзі мың шақырымға созылатын. Ұлан байтақ даланы түмен әскерімен көз жазбай күзетуге Лю Жинтаңның дәрмені жетпейтін. Шүршіт қолбасшысы жетішәріліктердің қай тұстан сыналап кіріп, қай бүйірден соққылайтынын білмей пұшайман болды. Әр жолы хабар алған бойда тізгін ұшымен жетсе де, ұдайы Биянхудың жұртын сипап қалып жүрді. Биянху да өзі жатылған тез шабуылдап, жедел сытылу әдісімен шеткерідегі Чиң бекіністеріне дүркін-дүркін шабуылдады. Қанша әскермен қайдан төнерін білмей басы қатқан Лю Жинтаң Биянхудың партизандық жорығының бетін қайтара алмай мысы құрыды. 

Лю Жинтаңның істерге амал, қыларға қайран таба алмай тосылғанын Биянху да білді. Ол бірте-бірте шекара бойынан орта қалаларға сұғынып, талан-таражын күшейтті. Кенттер арасындағы байланысты талқандап, бекіністегі оқ-дәрі мен азық-түлікті тасып алып кетіп отырды. Дүнген қолбасшысының шабуылдары Лю Жинтаңның Шығыс Түркістандағы билігін тұрақсыздандырды. Ендігәрі ырықсыз күйде қол қусырып қарап отыра беруге болмайтындықтан Лю Жинтаң қалай болғанда да нәтижелі әрекетке көшуге мәжбүрленді. 

Қанша қуғындаса да Биянхудың ұстатпасына Лю Жинтаңның көзі әбден жеткен. Қашып кету, сытылып шығуда Биянхудан шебер жан жоқ-ты. Сондықтан Лю Жинтаң жалғыз амал – алдын кесуді ізденді. Ол стратегиясын өзгертіп, әуелі дұшпанының беталысын бағдарлады. Мәселеге Лю Жинтаң емес, Биянху ұңғысымен көз тікті. «Олжалаған азық-түлікті шекарадан асырып кету үшін қай жол ең тиімді?» деген сауалға Биянху позициясында ой жүгіртті. Сөйтіп, жолы жатық, күзеті әлсіз арнаны анықтады. Қолына карта  алып, мұқият зерделей келе, Биянхудың жүру ықтималдығы ең күшті сорапты белгіледі. Атты әскер түнделете суыт жортып, Лю Жинтаң белгілеп берген мекенде Биянхудың жолын тосты. Қаперсіз Биянху қолы қапылыста ауыр шығынға ұшырады. Бұл Лю Жинтаңның ырықты жеңісінің алды болатын. 

Биянхудың кек қайтаруға, қарымта соққыға келері анық-ты. Лю Жинтаң барлық елдімекен мен бекіністердің хабар алмасу жүйесін күшейтті. Хабар жеткен бойда соған сай шұғыл әрекетке көшу барынша пысықталды. Биянху келе жатыр деген бетте оның ықтимал жол бағдары айқындалып, бірден жақын бекіністегі әскерлер шұғыл жиналып, алдынан қарсылап отырды. Биянху қолы Чиң әскерінің тиімді ұйымдастырған әдісінен әлденеше рет жойқын соққы алып, негізгі күшін жоғалтты. Алайда Лю Жинтаң ең негізгі бас ауруынан айыға алмады. Дәті берік, рухы сом Биянху араға уақыт салып, Чиң әскері бейқам қалған сәттерде найзағайдың жарқылындай шауып кетіп, мазасын қашырды.   

 

Биянхудың басына бәс тігу

Ресей қоластына өтіп кеткен Биянхуға істер амалы болмай, мысы құрылған Лю Жинтаң кеңес сұрап, Зо Зұңтаңға хат жазды. Болған жайдың бәрін жіпке тізіп, Биянхудың істеп отырған лаңына лаж таба алмай отырғанын баяндады. Зо Зұңтаң Лю Жинтаңға төтеннен бір ақыл қосты. Онысы Биянху басына бәс тігу еді.  Биянхуды тірідей немсе өлі болса басын әкелгендерге екі жүз мың күміс жамбы сыйақы ұсынды. Лю Жинтаң бұл хабарды шартарапқа жайғызды. Қытай билігінің Биянху басына орыс ақшасымен төрт жүз мың рубль тіккені Ресей жеріне де жетіп, хабар шөпке түскен шырпы ұшқынындай лезде лап етті. Әудем уақыттан соң бұл бәс тағы да ұлғайды. «Биянхудың басының салмағы қанша шықса, соншалық сыйақы аласыңдар» деген қауесет желмен жарыса жүйткіп, жер әлемді кезді. Айтып-айтпай, бұл әдіс жемісін берді. Қытай жансыздары Жетісу жеріне әлденеше мәрте жасырын еніп, Биянхудың дерегін анықтауға кірісті. Тіпті, Биянху болуы мүмкін деген ауылдарды жадап-жүдеген міскін, ауыл арасында тіленген кезбе есебіндегі бөтендер торуылдады. Ұсақ саудагер, бақалшы қол шеберлері иектеді. Оларды жан алқымға алып, тергеп кеп жібергенде көбінің Биянху басына бола Қытайдан өткен жансыз екені әшкереленді. Ресей иелігіндегі жұрттардан да Биянхуды іздегендер байқалды.

Тым сергек, секемшіл Биянхуға бұл ауыр соқты. Үркектігі үдеді. Әркімнен бір күдіктеніп, айналасына қарадай сезігі артты. Соның аяғынан Қытай жеріне қол бастауы сиреді. 

1882 жылы Биянху Шу бойында өмірден өтті. Оның мүрдесінің қайда жерленгені күні бүгінге дейін жұмбақ. Биянху туралы аңыз-әпсаналарға сенсек, оны алты адам жерлеген-мыс. Олар бұл құпияны тіс жарып ешкімге айтпауға ант-су ішкен деседі. Ол опат болғаннан кейін де шекараны кесіп өтіп, моласын іздеу тоқтамағандықтан көпті адастыру, із-дерегін жасыру үшін Биянхудың моласы деп әр жерден қабір көтеріліпті. Онда дүнген көсемінің бұйымдары: қамшы, тымақ, дорба секілді әртүрлі тұтынған заттары көміліпті. Қабірді ашып қарағандар мүрдесі жоқ көрден заттың жұрнағын тауып, оны өзіне дейін әлдекімдердің әкеткеніне илансын деген Биянху жақындарының тапқан амалы еді бұл. Сөйтіп, бір дәуір жортуыл тарихты өткерген дүнген қолбасшысы 42 жасқа қараған шағында Шу топырағының бір пұшпағында мәңгілік тыныс тапты. 

Соғыстың аяқталуымен Лю Жинтаң Шығыс Түркістанның барлық дерлік аумағын Чиң құрамына қосып, маңызды әскери және саяси жетістікке қол жеткізді. Бірақ Чиң үкіметінің екі тісқаққан қолбасшысы Зо Зұңтаң мен Лю Жинтаң үшін бұл түбегейлі жеңіс емес-ті. Олар алда тағы бір қиын да ауыр арманға ұмсынды. Ол – Ресей бақылауына көшкен Іле өлкесіне иелік ету болатын. Алайда бұл тек дипломатиялық келіссөздермен шешілетін ұлығаусар мәселе еді. 

 

Шығыс Түркістанның жауһары

Айналасы бір жарым жылға жетпейтін қысқа уақытта Лю Жинтаң ұланғайыр Шығыс Түркістан даласын өзіне қаратып үлгерді. Бұл жетістіктен кейін патшайымды батысты бағындыруға көндірген Зо Зұңтаңның да мерейі өсіп шыға келді. Енді ол патшайымға тағы бір қолқа салды. Ресей бақылауында тұрған Іле өлкесін алуға үгіттеді. Зо Зұңтаң жатса-тұрса Ілені түбегейлі Чиң ықпалына қаратуды көкседі. Кәрі қолбасшы бұл аймақты Шығыс Түркістанның саяси өзегі, әскери күретамыры деп ұғынды. 

Әмірсана арқылы Жоңғарларды іштен ірітіп, ата жауын талқандаған Чиң патшалығы Шығыс Түркістан даласындағы ең жоғары билік әкімшілігі – әскери генерал губернаторлықты Іледе орналастырды. Шүршіт билігінің Ілені алабөтен таңдауында бірқанша мән бар еді. Ең әуелі, Іленің маңызы геогрфиялық ерекшелігінен көрінетін. Жаратылыс жағдайы кісі қызықтырарлық еді. 

Шығыс Түркістан даласы үш үлкен тау жүлгесі мен екі алып ойпаттан тұратын. Теріскейін Алтай қоршап, ортасын Тәңіртау сілемі оң, сол екі аймаққа ажыратты. Тәңіртау жүлгесін шекара етіп, оң жақ өлке – Оңтүстік Шығыс Түркістан, сол жақ өлке – Солтүстік  Шығыс Түркістан аталды. Күнгей шекара оңтүстікте Күнлүн тауына барып тірелді. Шығыс Түркістанды екіге бөлген Тәңіртау сілемінің оң қанатын Тарым ойпаты, сол бөлігін Жұңғар ойпаты алып жатты. Тарым ойпатының ортасын әлемге әйгілі шөлдердің бірі – Такламакан ендеді.

Іле – Теріскей Шығыс Түркістанға тән, географиялық сипаты ерекше аймақ-ты. Төбеден қарағанда батыстан шығысқа қарай бірте-бірте сүйірленіп барып түйісетін ұшбұрышқа ұқсайтын. Теріскей және күнгей Тәңіртау сілемдері осы үшбұрыштың екі қабырғасы іспеттес батыс табанынан басталып, шығысқа қарай тарыла түсетін де Күнес басында түйісетін. Іленің батысы жатағандау келіп, шығысықа қарай біртіндеп биіктейтін. Теріскей Тәңіртау сілемі солтүстіктен келетін Сібір суығын тосқауылдап, оңтүстік Тәңіртау жүлгесі күнгейдің құмды жазирасынан соғатын құрғақ ыстықты бөгейтін. Ал батыстың мамыражай жұмсақ климаты еш кедергісіз шығысқа жөнеп жететін. Іленің батысынан шығысына қарай тосқауылсыз келетін жылы ауа ағысы жер бедері биіктеген сайын біртіндеп суып, жаңбырға айналып жерді нәрлендіретін. Міне, осы географиялық шарт-жағдай Іле аңғарын Шығыс Түркістандағы жаңбыр мол түсетін ылғалды аймаққа айналдырды. Жоңғар хандығы билеп-төстеген уақытта да Іле осы ерекшелігімен үстем болды. Жоңғар хандары Шығыс Түркістанның күнгейінен ұйғыр диқандарын күштеп көшіріп, Іледе егін ектірді. Уақыттың озуымен бұл егіншілер қалмақ тілінде егін мәнін білдіретін «таран» сөзімен тараншы аталып кетті. Кейінгі Іле сұлтандығының әрі Тараншы сұлтандығы деп аталуының себебі осыдан. Жұңғарларды бас көтертпестей күйреткен Чиң өкіметі де бұл өлкедегі билігін нықтау үшін әртүрлі амалдарды қарастырды. Чиң императоры шүршітпен туыстасатын, нәсілі тұңғыс-мәнжүр тобына тән сібе ұлтын солтүстік-шығыстағы қиыр шығыстан Ілеге күштеп көшірді. Бес мыңға жетеқабыл сібелерге шекара қорғау міндеті жүктелді. Мұнан соң ішкері өлкелерден оңтүстік моңғол этникалық тобына кіріккен цахар қалмақтарын да батысқа көшіртіп, шекара күзеті қызметіне жекті. Әскерді астықпен қамдауда жұңғарлар жүгінген әдісті жалғастырып, тараншыларды міндетті еңбек қамытында қалдырды. Шығыс Түркістанның күнгейінен ағайынды қожалар көтерілісіне тірек болған ұйғырлардың бас көтерер, қарсылық танытар қуаттыларын қазіргі Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Қорғас, Құлжа, Нылқы аудандарына шашырата жер аударды. Бұл жер аударылған алты мың түтін Қорғастың Сүйдің, Құлжа ауданының Қараөстең, Қонақай, Шолақай, Нылқы ауданының Қас, Сұптай елдімекендерінде егін екті. Еккен дақылдарынан Ілеге орныққан әскерлерді қамтамасыз ететін салық өтеді. 

Шығыс Түркістан кең көсіліп жатқан ұлы топырақ еді. Мұнда құрғақ, шөлді алқаптар айтарлықтай көп кездесетін. Елдімекен жасыл желекті тау етегі мен өзен бойында шоғырланды. Іле Шығыс Түркістандағы жұрт қарасы көп шоғырланған суы мол, ығалды атыраптың маңдайалдысы саналды. Су байлығына кенен Іледе астық та айрықша мол пісетін. 

Табиғи байлығынан тыс, Чиң үкіметі Іленің айрықша стратегиялық ерекшелігіне қызықты. Іленің қорғанысқа қолайлы жаратылыс сипаты қолдан беруге болмайтын аймақ есебінде Чиң өкіметінің көз құртына айналды. Батысы құмдауыт, шығысы әуеге тік шаншылған тау жотасы, оң-сол екі қанаты да Тәңіртау сілемі болғандықтан Ілеге тек санаулы өткелмен ғана енуге болатын. Оның өзі Тәңіртаудың қатері көп, қаупі мол тар соқпақтары еді. Ал шабуылдау үшін батыс солтүстікте Алмалыны басып Тарбағатайға, шығыста Үрімжіге, оңтүстікте Шаты мен Үйсін асулары арқылы Тәңіртаудан өтіп, Шығыс Түркістанның күнгей өлкесіне жол жалғанатын. Қашқарға осы Шаты мен Үйсін асуынан асып, тіке түсуге болар еді. Сондықтан Іленің ырысты байлығы мен шабуыл-қорғанысқа бірдей қолайлы жаратылыс жайы Зо Зұңтаңға Іледен қалай да айырылуға болмайды деген ойды орнықтырды. Чиң өкіметі Жоңғар хандығын құлатқан бетте Ілені әскери-әкімшілік орталық сайлап үлгерді. Құлжа қаласын өзек етіп, аймақта сегіз қамал тұрғызды. 

Іле үшін тартысқан уақытта Чиң патшалығы мен Ресей империясының қай-қайсысы да бұл мекеннің бағзы түрік, арғы сақ-үйсіннен бермен көшпелі дала жұртының орда тігіп, ту көтерген ата жұрты екенін қаперіне алған жоқ. Көкейлерінде өзіне қарату деген менмен пиғыл, отарлық астамшылдық ғана жатты. 

Зо Зұңтаң стратегиялық маңызы жоғары, тұтас Қытайдың батыс аймағына ықпал етер өлкені Ресейге қол қусырып бере салғысы келмеді. Ресей Ілені Шығыс Түркістанда ұлттық төңкерістер етек алған аласапыранда иелік етіп қалды деп есептеді. Орыс императоры Александрдың «Шығыс Түркістан аймағында бейбіт тіршілік орнап, тыныштық қайта қалпына келгенде Ілені қайтарып береміз» деген әдепкі уәдесін көлденең пайдалануды жатса-тұрса көкседі. Бұл емеурін, арбасулар алда Іле үшін екі ел арасында дипломатиялық тартыс жүретінін аңдатты.

 

Іле (Тараншы) сұлтандығы 

Азияға қарай анталап ірге кеңейтіп, түбі Үндістан арқылы мұхитқа шығар жол іздеген Ресей үшін Іле маңызды аймақ саналды. Шығыс Түркістан халқы өз бостандығы үшін күрес майданына шыққанда ұрымтал сәтті қалт жібермеген Ресей 1871 жылы Ілеге басып кірді. Әл-дәрмені әлсіз Тараншы сұлтандығы әп-сәтте орыс иелігіне өтті. 

Ресей Іле сұлтандығын басып алғанда ең кемі үш мүддені көздеді. 1867 жылы Ташкентті орталық етіп, Түркістан генерал губернаторлығы құрылған болатын. Жаңадан өмірге келген әкімшілік құрамына ұлы жүз бен қырғызды қосып жатқан қарсаңда іргеден әлдеқалай бір мұсылман билігінің бой көтергені өлкедегі өз ықпалына көлеңке түсірді. Екіншіден, албан Тазабек батырдың өзіне бағынышты ел-жұртымен Іле сұлтандығының қарамағына көшіп кетуі өзге би-сұлтандарға да желік берерін бағамдап, қалай да оның алдын алу қажет болды. Тазабек батырды жазалап, өзге қазақ би-сұлтандарына сабақ ету мақсатында Іле сұлтандығынан көшіп кеткен ел-жұртты шартсыз қайтаруды талап етті. Алайда Тараншы сұлтандығы бұл талапты орындамай, Тазабек батырды беруден үзілді-кесілді бас тартты. Міне, осы ілік сұлтанатты басып алудың таптырмас сылтауына айналды. Үшіншіден, Ресейдің тағы бір бұққан ойы Іле арқылы Шығыс Түркістандағы өзара билікке таласып жатқан күштерге ықпал жасау болатын. 

Оқи отырыңыз: Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы ІХ бөлім

Шүршіт билігінің әлсіреуі Батыс Қытайда азаттық қозғалыстарына жол ашты. Әр жерде ұлттық көтерілістер бой көрсетті. Алғашқыда әр этникалық топ өз мүддесі үшін жеке күрескенімен, уақыт өте Чиң билігін құлату үшін бірігу қажетін түсінді. Соның бірі – ұйғыр, дүнген халқының ортақ тізе қосып, Чиң әкімшілігін құлатқан Іле көтерілісі.

1864 жылдың маусымында Кушарда басталған бостандық бұлқынысының ұшқыны әр жерге тамызық тастады. Қыркүйек айында Іледегі ұйғырлар мен дүнгендер де қолдарына қару алып, қарсылыққа шықты. Ұйғырларды Әбдірасыл бек, Садыр палуан, Алахан қатарлы жетекшілер ұйымдастырып, Ажы ахун дүнгендердің басын біріктірді. Бастапқыда екі ұлт өз бетімен, жеке-жеке әрекет етті. Алайда қолдарындағы қару-жарақтың кемдігі, төңкерістің әлсіз ұйымдастырылуы бәрібір байқалды. Дүркін-дүркін жеңілістерге ұшырап, беті қайта бастады. Содан өз алдына, дербес қимылдаған ұйғыр, дүнген көтерілісшілері бірігіп, ортақ күш қосып жұмылды. Ілгергі сәтсіздіктер мен жеңілістердің сабағы және тізе қосқанның арқасында көздегендеріне жетті. Ұйғыр Мазамзат бекті сұлтан сайлап, Іле сұлтандығының құрылғанын жариялады. 

1864 жылдың 9 қазаны. Сұлтандық құрып, шемен боп қатқан шерлері жібіген мұсылмандар әлі де бекініс ішінде бұғып жатқан шүршіт-қытайды  мүлдем жоймаққа Жаңа Құлжа бекінісіне шабуыл жасады. Бірақ бекініс алынбады. Қақпасын тарс бекіткен Чиң күштері сұлтандық жасақтарын ішке енгізбей қарсыласты. Іле сұлтандығының қолы бекіністі толық қоршады. Біршама уақыт қоршап тұрғанмен, әрі қарай жағдай өзгермеді. Елегізіп тұрған сұлтанат қолы дегбірсізденіп, қоршауды тастап, Баяндай бекінісіне шабуылдады. 1865 жылдың ақпанында Баяндай толық Іле сұлтандығының ықпалына өтті. Артынша жаз шыға Сүйдің, Күредегі шүршіт бекіністері толық күйреді. Іштен тас түйін бекініп, сыртқа алдырмай тұрған Жаңа Құлжа қамалы да қирады. Іле өлкесі толықтай Іле сұлтандығының меншігіне өтіп, Шығыс Түркістан топырағындағы азаттық жалауын желбіреткен бес әмірліктің біріне айналды. 

Сыртқы жауды күйретіп, бостандыққа қолы жеткенімен, 1866 жылдан ішкі қайшылықтар көріне бастады, екі этнос ұйғыр, дүнген арасында келіспеушілік туды. Алауыздық соңы сұлтан Мазамзат пен дүнген қалпесі Ажы ахун қақтығысына әкеліп, билік тартысына ұласты. Бірқанша қан төккен ұрыстар өтті. Соның ірісі 1867 жылдың сәуірінде Ескі Құлжа маңында болды. Ұйғырлар мен дүнгендер арасындағы бұл шайқаста тараншылардың жұлдызы биік жарқырап, жеңіске жетті. Дүнген жетекшісі Ажы ахун шайқас үстінде қаза тапты. Араға ай салып, Ажы ахунның ізін басқан дүнгендердің жаңа жетекшісі Хиуаса Үрімжіден қосымша күш топтап, қарымта шайқасқа шықты. Баяндай түбінде Алахан мен Садыр палуан басқарған ұйғырлар жасағы Хиуасаның дүнген қолымен тағы да ауыр ұрысқа түсті. Бұл жеңіс олардың Іле өлкесіндегі ықпалын анықтайтын еді. Сол себепті ешқайсы да тартынып қалмады. Екі тарап та жанқиярлық танытып, «не бел кетеді, не белбеу кетедімен» барын салды. Жеңіс бұл жолы да ұйғырлар қолына қонды. 

Бірнеше сәтті ұрыстарға қолбасшылық етіп, дүнген жасағын ойсырата жеңгеннен кейін Алаханның мерейі өсіп, мәртебесі көтерілді. Десі жүріп, дегені болған оның іштегі бір пенделігі оянды. Көзге көрінген жаудың бәрін жеңгеннен кейін қолбасшы лауазымының бәсі құлдырап кеткендей көрінді. «Жұрт қолбасшы деп қолпаштағанмен, орным төрден төмен, сұлтан етегінде. Соның үйірсе сақасы, жер тіресе тағасы болып төменшіктеп тұрғаным ба? Алтын басым төрде отырса, ерлігіме сай болмас па» деп бір қиялға басын шырматты. Жатса тұрса, «сұлтан болу» санасын матап алды. Бұл ойын жанындағы жолдасы Садыр балуанға айтып көріп еді, оның да тыйған сыңайы байқалмады.

Ақыры Алахан сөз байласқан серіктерімен бірқатар қастандықтар арқылы Молда Шапқат ахунды тақтан тайдырды. Ішкі төңкеріспен билікті өз қолына алды. 1867 жылы Ескі Құлжа түбінде Іле ұйғырларының ақсақалдар алқасы Алаханды билік иесі ретінде танып, Іле сұлтаны етіп жариялады. 1867 жылдан бастап, Ресей басып алғанға дейінгі 4 жыл аясында сұлтандықта билік тұрақталды. Хандық бейбіт тіршілік ырқымен көркеюге бет алды. Дәл осы 1867 жылы Ресей империясы Ташкентті орталық етіп Түркістан генерал-губернаторлығын құрып жатты. 

Түркістан өлкесінде отарлығын ұлғайтып, сұғына жаулап жатқан Ресей империясы иек астындағы кішкене хандықты назар тоқтатып зерттей бастады. Сұлтанаттың Ресей шылауындағы ел-жұрттың көшіп келіп орнығуына орай тудырған «теріс» әрекеті империяның Орта Азиядағы мүддесіне көлеңке түсірді. Жайынның шабақты жұтуы тек уақыт еншісіндегі іс еді. Тазабек батыр бастаған мың үй қазақтың Іле сұлтандығына көшіп кетуі Ресейдің Іле сұлтандығын басып алуына өте жақсы ілік болды. Қару-жарақтан кенде, қара бұқарадан әскер топтап отырған Іле сұлтандығына мұзай қаруланған орыс қолы аттанды. 1871 жылы генерал-майор Колпаковскийдің табаны Ілеге тиді. Іле сұлтандығының әлжуаз әскері әп-сәтте талқандалды. Бас-аяғы екі айға жетпес уақытта Іле сұлтандығының территориясы тұтасымен Ресей бақылауына көшті. Алахан тұтқынға түсті. Басын аман сақтағанымен, Алматы шетіндегі қорған ішінде, сыртқа аттап баса алмай мырза тұтқын есебінде өмір сүрді (Алматының Райымбек батыр көшесінде Сұлтанқорған аталатын орын әлі бар). Алахан тірі қалу үшін Тазабек батырды алдап шақырып, губернаторға ұстап берді. Батыр Тазабек арада жыл өткенде абақты азабын тартып, көз жұмды. Батырдың көтеріліске мұрындық болған басқа да серіктері итжеккенге айдалды.   

Құрылғанынан құлауына дейін аз-ақ өмір сүрген Іле сұлтандығы екі алып империяның саяси тартысындағы, алпауыт ойыншылардың мүдде қақтығысындағы шағын тарих штрихындай болып хатқа жазылды.