Атазаң – ел тәуелсіздігінің құқықтық негізі
31.08.2024 1792

Осы күндері Қазақстан халқы қолданыстағы Атазаңымызды 29-ншы жылын рет атап өтуде. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға жан-жақты сәйкестендірілген. 

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев  2020 жылы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысып айтқанындай: «Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты». Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады. Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты [1]. Бірақ олардың барлығы тек Парламенттің шешімімен ғана жүзеге асырылды. Ал 2022 жылғы, төртінші конституциялық реформаның ерекшелігі – ол бүкілхалықтық реформа арқылы жүзеге асырылып отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, 2022 жылғы 5 маусымда жалпыұлттық референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. «Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды.  Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болды. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік» [2].  Президент өз пікірін былай деп түйіндеді: «Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік...  Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады» [3]

ҚР  Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің пікірінше, Конституцияға енгізілген  өзгерістердің негізінде  Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Оның айтуынша, Атазаңымызға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Конституциялық реформа дегеніміз – Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жалғасы,   конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылуда. «Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеді. Бәлкім көпшілігіңіз үшін Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылықты бірден көру қиын болады. Сондықтан біз барлық өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөлдік, олардың әрқайсысы жаңартылған Конституцияда не өзгереді деген басты сұраққа жауап береді», – деген еді Е. Қарин [4]

Түзетулердің  алғашқы  блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. «Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті күшейту және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға да  құқығы болмайды.  

Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған. «Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылды. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл бұрынғыдан төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылып отыр: 6 судьяны Парламент тағайындап, төрт судьяны Президент тағайындайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді.

Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылған. Мемлекеттік кеңесші Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді. «Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады», – деп атап өтті Е. Қарин [5]

Конституцияға енгізілетін түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады. 

Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіліп отыр. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді. Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болды. Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы пайда болды. Осы аталған түзетулердің, Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше,  Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болды. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артып  отыр [6].

Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оған елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің барлық мүдделерінің қорғалып отырғандығының нәтижесі дәлел болып отыр. Қазақстан халықтарының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды орын алады. Түрлі ұлыстардың өкілдері түрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған [7]. Өткен XX ғасырда Қазақстанда бес Конституция қолданыста болды, олар: Қазақ АССР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ ССР-нің 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер.  

1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. Тәуелсіздік жылдардың конституциялық реформалары саяси билік институттарын ары қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған. Сонымен қатар Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің халықаралық беделін жоғарылатудағы тарихи маңызы ерекше атап көрсетілген. Онда біздің егеменді мемлекетіміздің әлем қоғамдастығы алдындағы мән-мағынасы, рухы мен бүкіл болмысы, оның өркениетті даму кезеңінің ерекшеліктері, әлемдік демократиялық құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Ата Заңда қоғамда қолданылып жүрген жаңа ұғымдар мен атаулардың ғылыми және күнделікті айналымға енгізілгенін байқау қиын емес. Соның арқасында жаңа кезеңдегі нарықтық термин атаулары арнаулы, түбегейлі теориялық және қолданбалы салаға ауысты, қоғам тұрмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл Конституцияның сөзсіз жаңашылдығы. Ата Заңның ерекшелігі – ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол бермеуінде. Мейлі, ол елдің Президенті немесе қатардағы қызметкер болсын, негізгі конституциялық құқықтарды, соның ішінде адам құқықтары мен бостандығын аяққа басуға жол бермейді. Бұрынғы Атазаңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні қазіргі Конституцияда жаңаша шешілген.  Мәселен, Конституцияда республиканың азаматтығы туралы талас-тартысқа біржолата нүкте қойылған. Осыған байланысты Қазақстан Конституциясында қос азаматтық болмайтыны заң жүзінде бекітілді. Қазақстан жаңа Конституцияны кабылдау арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алды. Қазіргі Атазаң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті. 

Ата заңымыздың негізгі қағидаларына сүйене отырып, соңғы кездері мемлекетіміздің басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қабылданған бағдарламалық-стратегиялық құжаттардың негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады.  Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде де жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты.  Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда өзінің алғашқы ант беру сәтінде былай деген еді: «Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Олардың қатарында Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар» [8].   Қорытып айтқанда, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Атазаңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, оған 2022 жылғы референдумда енгізілген  аса маңызды саяси, түбегейлі демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру, атап айтқанда: Жаңа Қазақстан қоғамының экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту арқылы жетеді. 

Мақаламның соңында Мемлекет тарихы институтындағы әріптестерімді  Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Отанымызға тыныштық, халқымызға бірлік, сіздердің әрқайсыларыңызға амандық-саулық. зор қуаныш пен сарқылмас күш-қуат тілеймін! 

Әдебиеттер: 

Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ант беру сәтіндегі сөзі.Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 2007. Қазақстан тарихы. Оқулық. Алматы, 2008. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.Қасым-Жомарт Тоқаев: «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы сөзі. Нұр-Сұлтан қ., 2020. Е. Қарин. Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру.  inform.kz›…erlan-karin-konstituciyaga-engiziletin…

 Талғатбек ӘМИНОВ, Мемлекет тарихы  институтының жетекші ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор 
 

[1] Қасым-Жомарт Тоқаев: «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы сөзі. Нұр-Сұлтьан қ., 2020. 

[2] Қасым-Жомарт Тоқаев.  Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзі. 2022 жылғы 16 маусым.

[3] Бұл да сонда.

[4] Е. Қарин. Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру.  inform.kz›…erlan-karin-konstituciyaga-engiziletin…

[5] Бұл да сонда.

[6] Бұл да сонда.

[7] Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.

[8] Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ант беру сәтіндегі сөзі.