Көкбай ұстаз
24.07.2024 1290

ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, төңкерістерге толы за­манда өмір кешкен, ұлы Абайдай қазақ поэзиясының асқар шыңының ақындық тәлімін алған, артына мол әдеби мұралар қалдырған, ел ортасынан медресе, мешіт ашып, ұстаздық қылып, молда атанған, қажы Көкбай Жанатайұлының әдебиет тарихындағы алар тұғыры әрқашан биік бола бермек. 


Көкбай Жанатайұлы (1861-1925) – Абайдың ең дарынды шәкірттерінің бірі және онымен бірге 25 жыл өмір сүрген адал досы. Көкбайдың балалық шағы ауылда өтті, онда ол ауыл молдасынын сауат ашқан. 17 жасында ол Семей қаласына келіп, үш сыныпты орыс училищесінде оқыды. 1901 жылы 10 қыркүйекте әскери Губернатор оны Мұқырға молда етіп тағайындады. Сол жылы ол мешіт-медресені ашып, балаларға сабақ берді.

Көкбай медресесі – 1901 жылдан 1921 жылға дейін жұмыс істеген діни оқу орны. Медреседе көбіне  араб және орыс тілдерінде оқытты. Оның шәкірттерінің бірі Ахметбек Мұртазаұлының әңгімелеріне қарағанда, шәкірті медресесінде ислам әлемінің мынадай: Тұхмат әль мүлік, Мұхтасар, Бидан, Шарх молла және ханафит мазхабының басқа да танылған кітаптары оқылды.

Көкбай өз шәкірттері үшін араб грамматикасын поэтикалық түрде баяндап, орыс тілін оқыту үшін Семей қаласынан орыс мұғалімдерін арнайы шақырды. Кейін Көкбайдың өзі орыс тілінің негіздерін үйретті. Қазан төңкерісінен кейін ол өз бастамасымен медресені жаңа типтегі мектепке айналдырды.

1917-1920 жылдар аралығында медреседе оқушылар саны азая бастады. 1920 жылы Көкбай Совет одағының арнайы мектептері үшін медресе ғимаратын босатып, 1928 жылға дейін құрылымы мектеп ретінде болды.

1913 жылы Меккеге қажылық жасады. 1924 жылы Абай қайтыс болғанына 20 жыл толуына орай Семей қаласында өткен кешке қатысты. Өз ұстазына Көкбай "Семей Абай келсе бізге думан", "Абайдай ұлы тумағы болар ғайып", "Абайдан сабақ алдым бала жастан" және басқа да өлеңдерін арнады. 

Көкбай ақын Алашорда қайраткерлерімен жақсы араласты, олармен сәлемі түзу болғанымен, әу басында белсеніп, кірісе қоймаған сияқты. Олай дейтініміз, Міржақып Дулатұлының  Бозбай есімді кейіпкерге арнап жазған өлеңінде Көкбайдың образы бар. Бұған ақынның өзі де жауап жазады. Өлеңде Міржақып “медресе ғана салып, алаш ісіне араласпай отырсың, партияға қосылмадың” деп жазғырады. Көкбай  жауап хатында “адамды басқа адам билеп түзетпейді, көшкен жұртқа ілесіп қаңғырмаймын, екеуміздің дауымызда қалың жұрт айтсын” деп жазады. Соңында Міржақып қатесін түсініп, кешірім сұрауымен аяқталады. 

1927 жылы ұзақ аурудан кейін ақын қайтыс болды. Кейбір дарынды оқушылар тәлімгер және ұстаз Көкбай Жанатайұлының жасаған еңбегін жалғастырды. Олардың арасында белгілі ақындар Тайыр Жомартбаев пен Есентай Беріұлы бар.

Қазір қазақ ақыны Көкбай Жаңатайұлының мешіт-медресесі Тақыр жерінде орналасқан және Абай мемлекеттік қорық-музейінің филиалы болып қызмет істейді. Ұлы ақын Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Көкбай медресесінің ғимараты жөнделіп, "Көкбай Жаңатайұлы мешіт-медресесінің экспозициясы" ретінде Абай тарихи-мәдени мемориалдық кешенінің экспозициясына енгізілді. Бүгінгі таңда Көкбай мұражайының қорында ақын мен оның шәкірттері туралы бірегей фотосуреттер мен жазбаша құжаттар жиналған.

Көкбай Жанатайұлының зираты және оның атындағы мұражай

Мұражай экспозициясында оның педагогикалық қызметіне жеке орын берілді. Мұражай коллекциясы ақынның өмір кезеңдерін, оның оқуы мен қоғамдық қызметін, шығармашылығы мен жеке өмірін бейнелейтін шынайы құжаттарға бай. Мұрағаттық құжаттардың ішінде: болашақ ақын оқыған "Семей уездік училищесі оқушыларының жетістіктері мен мінез-құлқы туралы Ведомость"; 1901 жылы Мұқыр болысы кезінде ақынның губернатордың атына жазған өтініші", Мәскеу мемлекеттік кітапхана мұрағатынан әкелінген 1891 және 1893 жылдардағы "Семей облыстық Ведомостары" газеттерінің көшірмелері бар. Бұл газеттерде Көкбай Жанатайұлының молда болып тағайындау туралы бұйрықтар жазылған. Мұражайдың ең маңызды экспонаты - ақынның қолжазбасы.

Мұражай экспозициясында "Көкбай Жанатайұлы мен Алаш қайраткерлері" тақырыбына ерекше назар аударылған. Мұнда ақынның Алаш үкіметінің қайраткерлерімен бірге түсірген екі тарихи фотосуретінің көшірмелері ұсынылды. Бұл фотосуреттердің түпнұсқалары Абай мемлекеттік қорық-музей қорында сақтаулы.

1917 жылы Семей уездік Земствосындағы ақынның қоғамдық қызметін сипаттайтын бірнеше мұрағаттық құжаттар ұсынылды. Экспозицияны Көкбайдың Әлихан Бөкейханға арналған өлеңі және Міржақып Дулатұлымен жоғарыда келтірген айтыс-сайысы толықтырады.

1918 жылғы суретте  Көкбай ортада отыр 

Көкбай Жанатайұлының педагогикалық қызметі мұражай экспозициясында арнайы бөлімге лайық — мұнда оқушылар ашқан медресесі, үй-жайда тұрған жиһаз және тағы басқалар туралы мәліметтер ұсынылған. Белгілі ақынның ұрпақтары туралы баяндайтын материалдар да ұсынылды.

Музейдің діни-этнографиялық бөлімін ерекше атап өтуге тұрарлық, онда мұсылмандардың ғибадат ету орны – михраб егжей-тегжейлі көрсетілген. Экспозиция бөлімін Меккенің суреті мен Жаңатайұлының философиялық өлеңдері толықтырады. Жеке залда бай этнографиялық материал ұсынылған "медресе оқушысының бұрышы" орналасқан.

Көкбай Жаңатайұлы мұражайы ШҚО әкімінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 560 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Жалпы Көкбай Жанатайұлының шығармашылығы туралы осыған дейін біраз талдау жасалған екен. Жазушылар оның импровизацияға жүйрік ақын екендігін алға тартып, дарын иесін Абай Құнанбайұлы өлеңдерін Көкбайдың атынан таратқанын жазады. Даңқты Көкбайдың ұйымдастырушылық қабілеті де өз алдына. Осыған дейін табылған құжаттар оған дәлел. 

Сонымен қатар, Көкбай туралы Абай мұражайының қызметкерлері Мәскеу сапарында ол туралы құнды құжаттарды тапқан. Көкбайдың өз заманында би болғаны туралы нақты деректерді кезіктірген. 

Құжатта 1891 жылы Көкбай Жанатай­ұлының Мұқыр бо­лысының №8 ауылына би болып та­ғайын­далғаны жайлы мағлұмат жазылып, оған сол кездегі Семей облыстық әскери генерал-губернаторының бұйрығы шық­қаны жазылған. Мұражай қызметкерлері құнды құжаттың  көшірмесін Абайдың әдеби-ме­мо­риал­дық қорық-мұражайына алып келген. 

«Биылғы жылы 150 жылдығы той­лан­ғалы отыр­ған Абайдың дарынды шә­кірті Көкбай Жанатайұлына қатысты де­рек­тер табылды. Көк­байды «біз әрқилы қызметтерде істеді, би болды» деп жатамыз. Бірақ оның бар­­лы­ғы құр ауызша естеліктерде кел­ген бо­латын. Енді мынау біздің қолы­мыз­­дағы деректер бойынша, Көк­бай­дың би бол­ған­дығы, және екі рет осы биге кандидат бо­лып сайланғандығы белгілі болды», – дейді әдеби-ме­мо­риал­дық қорық-мұражайы­ның дирек­то­ры болған көкбайтанушы Жандос Әубәкір.

Бүгінде Көкбай Жанатайұлының есімі ұлықталып келеді. 2011 жылы оның туғанына 150 жыл толуына орай айтулы дата қарсаңында түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырып, мүшәйра өткізілген. Мерейтой қарсаңында ақындар айтысы және ұлттық ойындар сайысы да ұйымдастырылды.