Күрескер ақын Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл
18.07.2024 744

2024 жылы көрнекті ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, күрескер тұлға Бүркіт Ысқақовтың туғанына бір ғасыр толады. Бүркіт Ысқақов – ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық идеясын аңсаушылардың алдыңғы шебінде болып, өзінің батыл әрекетімен, өршіл жырларымен ерекшеленген тұлға. 


Жер бар, аты – Көкмөлдір

Бүркіт Ысқақов 1924 жылы қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданы жеріндегі Көкмөлдір деген жерде дүниеге келген. Жасынан зерек, арманшыл бала болып өскен Бүркіт ақын қисса-дастандарды жаттап өседі. Сол жырлардың ұйқасына, мақамына еліктеп өскен бала қаршадайынан өзі де жыр жазуға әуестенеді. Ең алғашқы өлеңі анасына арналады. «Ана туралы жыр» атты өлеңінен кейін сол кезеңдегі қызу еңбектің жаршысы болған комсомол жастарға арнап «Қарағанды комсомолы» газетінде бірнеше өлеңі жарияланады. Сонымен қатар, өзінің туған жері Көкмөлдірге арнап «Көкмөлдір» атты өлең жазады.

Жағасында Нұраның, 

Жер бар, аты – Көкмөлдір,

Болғанмен бірі жыраның,

Суы қандай мөп-мөлдір!

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Бүркіт ақын үшін де Нұра өзенінің бойындағы осы бір Көкмөлдір атты тұма бұлақты өңірден артық жұмақ жер бетінде жоқтай. Ақын өзінің туған жерінің сұлулығын жырлаудан еш жалықпаған:

Бойы – бітік бетеге,

Жасыл құрақ жағасы,

Төскейі – гүл текемет,

Балдан тәті ауасы.

Тоғыз жолдың торабында жатқан бұл өңірде де талай әйгілі адамдардың ізі қалған екен. Бүркіт ақын бұл турасында былай деп жырлайды.

Халық сүйген қарт Қайып

Осы жерде туыпты,

Ақын Сәкен жантайып,

Суына бетін жуыпты.

Атам соны қоныс қып,

Мен де сонда туыппын,

Сонан маған ол ыстық,

Сондықтан ол – сүйіктім.

Қайып Айнабеков – халық ақыны, бірнеше жыр-поэмалардың авторы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмірге келіп, ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін (1885-1955) өмір сүрген эпик ақын. Қазақ поэзиясының Жамбыл дәстүріндегі халық ақындары шоғырының үлкен өкілі Қайып Айнабеков пен ақын Бүркіт Ысқақовтар осы Көкмөлдір айналасында дүниеге келген екен. Әйгілі ақын Сәкен Сейфуллин де Ақмолаға сапары барысында Көкмөлдірге ат шалдырып тоқтаған екен. Осындай киелі жерде туып-өскен ақынның көркем табиғатты Көкмөлдірін жанындай жақсы көрмеуі мүмкін де емес болар.

Шығармашылық өрінде

Бүркіт Ысқақов – жан жақты тұлға. Ол өзін жастай шығармашылық жолына арнауға шешім қабылдағандықтан, осы жолда аянбай қызмет қылуға кіріседі. 1938 жылдан бастап өлеңдері жарық көрді. Жас ақын Бүркіт Ысқақов орта мектепті бітірген соң 1940 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына оқуға түседі. Қаладағы «Советтік Қарағанды», «Қарағанды комсомолы» газеттерінде өлеңдерін молынан жариялатып тұрады. 1942 жылы оқуын бітірген соң «Советтік Қазақстан» газетіне қызметке тұрады. Осы жылы әскерге алынып, майданға аттанады. Майданға бастан-аяқ қатысып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен наградталады. 1946 жылы майданнан оралған соң өзінің бұрынғы газеттегі жұмысына қайта оралады. Ұзамай Алматы қаласына аттанып, «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында, «Лениншіл жас» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. 1948 жылы С.М.Киров (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби) атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіреді. Жоғары оқу орнын бітірген соң ҚР ҰҒА жанындағы аспирантураға түсіп оқиды. 

Б.Ысқақовтың шығармашылық өмірге кең құлаш ұруы 1940 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына түсуінен басталады. Сол жылдары жазған өлеңдері «Советтік Қарағанды», «Қарағанды комсомолы» газеттерінде үзбей жарияланып тұрады да, оқуын бітірген соң 1942 жылы «Советтік Карағанды» газетіне қызметке келеді. Сол жылы әскерге алынып, соғысқа аттанады.

1946 жылы еліне жеңіспен оралған жауынгер ақын еңбек жолын бұрынғы өзі істеген газетте жалғастырады. Халық ақыны Доскей Әлімбаевтың хатшысы міндетін де атқарады. Ақын көп ұзамай, Алматыға барып, «Пионер», «Білім және еңбек» журналында, «Лениншіл жас» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады.

1946 жылы ҚазПИ-дің І курсына қабылданады. Мұнда академик Мұхтар Әуезовтен сабақ алады. Мұрағатшы ғалымдардың дерегінше, М.Әуезовтің белгілеу дәптерінде Мыңбай Рәшевке – «жақсы», Балемер Сахариев, Айқын Нұрқатов, Рақыш Әміров, Амантай Байтанаевтармен қатар, Бүркіт Ысқақовқа – «өте жақсы» деген баға қойған екен. 

Бүркіт Ысқақов 1948 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының аспирантурасына түседі.

1958 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. «Сенің отаның» атты шығармалар жинағынан кейін «Москваны тыңдаймын», «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Әлемнің әлегі», «Өлеңді жылдар», «Шындық дауысы» атты поэзиялық жинақтары, «Қазыналы Қарағанды», «Арқаның алып жүрегі», «Нұрлы Нұра бойында» көркем очерктері жарық көрді. Аудармашылықпен де шұғылданып, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, И.Франко, Назым Хикмет, Самед Вургун және басқа да ақындардың өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетуге атсалысқан. 

1970 жылдан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген ғалымның филология ғылымдарының кандидаты ретіндегі әдеби зерттеу еңбектері бір төбе. «Қазақ-татар әдеби байланысы», «Қазақ-башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан» атты монографиялық еңбектер жазған. Ғалым Бүркіт Ысқақовтың құрастыруымен «Орта Азия Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты көлемді кітап жарық көрген. Ғалым өзінің «Еділ бойы халықтарының қазақ әдебиетімен идеялық-шығармашылық байланыстары» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғап үлгермеген.

Бүркіт Ысқақов – көрнекті балалар жазушысы

Ақын Бүркіт Ысқақов балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Оның қаламынан балаларға арналған жүздеген тақпақтар мен өлеңдер, шағын поэмалар туды. Балалар әдебиетіне қалам тартудың өзі былай қарағанда, оңай болғанымен, баланың жан дүниесін, олардың жасына сай түсіну – қиын іс. Бүркіт Ысқақовтың «Отан» атты классикалық өлеңін соңғы алпыс жыл ауқымында мектепте оқымаған, жаттамаған қазақ баласы жоқ болар, сірә!

Отан – сенің ата-анаң,

Отан – досың, бауырың.

Отан – тарих, Отан – тіл,

Жасаған елің, ер халқың.

Отан – өлең, Отан – жыр,

Көтерген көкке ел даңқын...

Әрбір адамның аузымен әдетте айтыла беретін, бірақ кей кезде мәніне жете бойлай бермейтін «Отан» деген қастерлі ұғымның не екенін жас ұрпақтың көкірегіне құйып, санасына шегелеп берген өлеңнің әрбір сөзі – құнды:

Отан – осы, достарым,

Көңілге мұны түйе біл.

«Отан» деп өс, жас қауым,

Оны ардақтап, сүйе біл.

Сонау коммунистік кезеңде жазылса да, Отанды сүю, оны ардақтау тұрғысындағы бұл ұғымның мәні мен маңызы қазіргі күні тіпті де арта түскені анық. Бүркіт Ысқақовтың балаларға арналған өлеңдері қазіргі күні де балабақша тәрбиленушілері мен бастауыш сынып оқушылары арасында аса танымал. «Қыста қызық жұмыс бар» атты өлеңі қыс қызықтарын суреттейді:

Қыста қызық жұмыс бар,

Көше бойы омбы қар,

Жиналамыз топтала.

Демей бетім домбығар,

Соғамыз зор ақ қала.

Қыстыгүні аппақ қарды сықырлата, көшені бойлап, ойнауға шыққан балалардың аққала соғуға кіріскен сәтін ақын тамаша суреттейді.

Ауыл сырты – биік жар,

Бізді күтіп, тұр қарап.

Төбесіне шығып ап,

Жөнелеміз сырғанап.

Мінеки, бұл – барлық балалардың жақсы көретін ойыны. Биіктен төмен қарай сырғанау – қандай рақат! Қыстың күн шайдай ашық күнінде немесе жел соқпаған сәтінде далада ойнау балалар үшін нағыз мереке емес пе?

Көктің жүзін бұлт торлап,

Жерді жапса күміс қар.

Үйде ұстамақ кім зорлап,

Қыста қызық жұмыс бар!

Бүркіт Ысқақовтың балалар қазақ әдебиетіне қосқан ерекше бір еңбегі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты өлеңмен жазылған ертегісі. Бұл ертегінің негізінде қазақ аннимациялық фильмінің негізін салушы Әмен Хайдаров 1966 жылы мультфильм жасап шығарды. Бұл фильм әлемнің қырық сегіз еліне тарап, дүниежүзілік мультфильмдер қорының жауһарлары қатарына қосылды. Мультфильм көптеген әлемдік сыйлықтар мен аталымдарға ие болған.

«ЕСЕП» партиясы және күрескер ақын Бүркіт Ысқақов

Патшалық Ресейдің отарлау саясатының құрбаны болған қазақ халқы бодандықта үнсіз бағынып жата берген жоқ. Хан-сұлтандар, би-батырлар ХІХ ғасырда сан мәрте көтеріліске шыққанымен, бәрі жеңіліс тауып отырды. ХХ ғасырда ұлт-азаттық күрес жаңаша сипат ала бастады. Бұл кезеңде оқыған, көзі ашық ұлт интеллигенциясы қалыптасты. Әйгілі «Қарқаралы петициясынан» бастап, саяси күрестің сан алуан түрлері қазақ даласында өрістеді. Бұл үрдіс Кеңес үкіметі құрылған кезеңде де өз жалғасын тапты. Кеңес Одағы тұсында да қазақтың сан мыңдаған азаматтары жазықсыз жазаға ұшырап, көз көрмес, құлақ естімеске айдалды, атылды, із-тозсыз кетті. Қазақ халқының тілі мен ділі, дәстүрі мансұқтала бастады. Бұл келеңсіздіктерге қазақ азаматтары бей-жай қарап жүре алмады. Коммунистер билеген тұстағы отаршылдық саясатқа қарсы қазақ оқығандары өз үнін айтуға тиіс еді. 

Осы үн қату алғаш Қарағанды өңірінің жастарынан шықты. Осындағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген елін сүйген ер мінезді жастар бас қосып, партия құрды. Партияның аты «ЕСЕП» болды. Бұл «Елін сүйген ерлер партиясы» деген мағынаны беретін қысқарту сөз болатын. Бұл партияның құрамында 17-20 жастағы жігерлі де, отаншыл жастар болды. Олар өздері сенімді деп тапқан пікірлес жастарды қатарына ілестіріп отырды. 

Партияны құрушылардың басты мақсаты – қазақ халқын оятып, отаршылдық езгіден құтқару болды. Оның құрамында Махмет Темірұлы, Кәмел Жүністегі, Кәрім Сауғабай, Рымқұл Сүлейменов, Бүркіт Ысқақов т.б. болды. Партия қатарына студенттермен қатар мектептің жоғары сынып оқушылары да кірген. Сталиндік зұлматтың нағыз дүрілдеп тұрған уағында құрылған бұл партия мүшелерінің істеген ісі ерлік деп бағалауға әбден болады. Бұл партияны құрудағы басты дем берушілердің әрі, идеологиялық жетекшілерінің бірі Бүркіт Ысқақов болады. Ол туралы партия жетекшілерінің бірі Махмет Темірұлының 2012 жылы 7 қазанда «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында «ЕСЕП» париясы» мақаласында былай деп жазады: «...1951 жылғы ақпан айының бас кезі. Әдеттегідей, Бүркіттің әңгімесін тыңдап отырмыз. Бүгін ол ерекше шабыттана сөйлеп тұр. Жан-жақты дамыған АҚШ, Англия, Франция сияқты капиталистік елдерде бірнеше партиялардың қатар өмір сүретіндігін, мемлекет басқаруға сайлауда жеңіп шыққан партияның басшылары тағайындалатынын айтып берді де: «Ал біз халық қамын ойлайтын, халық үшін ғана қызмет ететін жаңа партия құруымыз керек», - деді. Бұл пікірі біздерді қызықтыра түсті. Мұндай әңгіме өмірімізге зор қауіп төндіретіні ойымызға кіріп те шыққан жоқ. «Жаңа партиямыз тек ел үшін еңбек етуі керек. Ал ойлаңдаршы, сонда оны қалай деп атаймыз?» - деді Бүркіт бәрімізге қарап. Осыдан кейін партияның атауына байланысты пікірталас басталады. Ақыры жұртшылықтың пікір ауанын тыңдап болғаннан кейін кесімді сөзді Бүркіт Ысқақов өзі айтқан екен. Бұл жөнінде естелік мақала иесі былай деп жазады: «...Ақыры Бүркіт өзі бұрыннан көп ойланып осы дұрыс болады-ау деп есептеп жүрген жаңа партияның атын біздерге сенімді түрде жария етті. «Жолдастар, – деді ол, – біздің партиямыз «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқартып айтқанда «ЕСЕП» деп аталады. Осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы жаңа партияның мүшесіміз. Елдің қамын ойлайтын, елі үшін адал қызмет ететін партия болса, халық еш уақытта күйзеліске ұшырамас еді», - деді ол шабыттана сөйлеп.

Күрескер ақын Бүркіт Ысқақовтың Кеңес Одағындағы қазақ қатарлы бодан болып езілген ұлттардың хал-жағдайын өзге мемлекеттер арқылы ишаралай суреттеп, баяндағанын көреміз. Сондай туындысының бірі – «Үндістан ұраны». Ол заманда қазіргі Үндістан, Пәкістан, Бангладеш елдері Ұлыбританияның отары ретінде бодандық бұғауын үзе алмай жатқан еді. Осы кезде Махатма Ганди басқарған отаншылдар ағылшын отаршыларына қарсы күресті бастайды. Бұл туралы ақын былай деп жырлайды: 

О, Үндістан, ұлысың, 

Ұлылығың құрысын! 

Құрысын демей қайтейін, 

Ағылшыннның құлысың! 

Ғасыр бойы қаналып, 

Тарылуда тынысың, 

Тайып бақыт басыңнан, 

Кетті қолдан ырысың. 

Мұндағы «Үндістан» деген сөзді «Қазақстан» деп ала салса, бұл – Үндістанның, үнділердің емес, Қазақстанның, қазақ халқының да көріп жатқан құқайы болып шығатыны ап-айқын емес пе? Мұның өзі кешегі Алаш арыстарының қазақты ояту үшін ұрандай жазған өлеңдерімен сарындас екендігі анық көзге көрініп тұрғандай.

Есептесең, ерен көп 

Шығысыңнан кірісің. 

Бір өзіңе жетерлік 

Бақыт, байлық, ырысың. 

О, Үндістан, ұлысың, 

Туды бүгін ұлы сын! 

Осы кезеңде қазақ даласының асты-үстіндегі қисапсыз байлық орталықтың өзім білемдігі арқылы тонап алынып, игілігін жат көріп жатқан болатын. Үндістан мен Қазақстанның тағдырында еш айырмашылық жоқ.

Оят, тұрғыз ұйқыдан 

Ұлдарыңның тірісін! 

Отаршылдық бұғауы 

Қиратылсын, үзілсін, 

Қанаушылық қамалы 

Талқандалсын, бұзылсын.

Бұл – қазақша айтқанда «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, қазақ халқын ұлт-азаттық көтеріліске үндеу болатын. Мұндай жағдайлар, әрине кеңестің қырағы сақшыларының назарынан тыс қалмағаны анық еді. 

Осылайша «Есеп» партиясының көсемі Бүркіт Ысқақов советтік биліктің хас жауы ретінде сотталып, үкім оқылғаннан кейін жазазсын өтеу үшін алысқа айдалады. Түрме мен жазалау лагерінің азапты күндерін бастан кешуге мәжбүр болады. Осы айдауда жүрген кезінде де ол жазудан бас тартпайды. Түрмедегі азапты өмірі туралы «Тас еденнің ызғары» атты цикльді жырлар жазған ақынның осы сарындағы өлеңдерінен оның қиындық көрсе де жасымаған өршіл рухы айқын аңғарылады:

Қайғының қара қанжары,

Қадалып ғазиз жүрекке.

Жараланып жас жаным,

Отырмын оймен түнекте.

Түрмеде отырған ақын өзінің күрескерлік жолы – әділет жолы деп біледі. Сондықтан да ол өзіне жаза жүктеп түрмеге тоғытқандардың түбінде бір есеп береріне сенеді:

Есіңде болсын бірақ та,

Торғай емес, бүркітпін.

Кетпессің сен де ұзаққа,

Төлерсің құнын Бүркіттің.

Ақынның жырларындағы азатшыл рух, ертеңге деген сенім – алапат. Мұны ақын өлеңіндегі мына жолдардан анық аңғарамыз:

Бермесе де тағдыр ерік, сыбаға,

Өмір сүрем тек үмітпен бір ғана.

Көрсем деймін кең даламды өзімнің,

Ыстық болған қарасындай көзімнің.

Мұнда өзінің кең даласына деген сағыныш пен шексіз махаббат бар. Сталиндік жазалау машинасы мүлтіксіз істеп тұрған заманда, яғни 1951-1953 жылдары белсене жүргізілген  «Космополитизм мен ұлтшыл-буржузалияшылдарға қарсы күрес» деген кезекті репрессиялық науқанның құрбандарына айналып, сотта үкім оқытып, жаза жүктеп кете барады.

1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты КСРО Қылмыстық істер кодексінің 58-бабы, 11-12 тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақовты, М.Темірұлын, Айтбай Нәрешевті 25 жылға соттап, 5 жыл адамдық құқығынан айыру туралы үкім шығарады. Олармен бірге Жекен Қалиевті, Мұстахым Азанбаевті, Рамазан Нәрешевті 10 жылға, Адырбек Аманқұловты сегіз жылға соттайды. 

Жас ғалым Бүркіт Ысқақов жастар газетінде қызмет істеп жүрген шағында студенттер мен аспиранттармен тығыз араласып, олардың қоғамдық ой санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Белгілі қаламгер, әрі мұраттас досы, Жаппар Өмірбеков кейіннен Бүркіт Ысқақовтың қайраткерлік тұлғасы жайлы былай деп жазады: «Бүркіт Ысқақовтың саяси көзқарасын шын болмысыммен анықтай түссем, ол – ұлтжанды, интернационалист, адам тіршілігін жақсарту үшін үндеп, қалам қайратымен қызмет еткен отаншыл ақын, тындырымды ғалым еді. Сол қыруар еңбегі ұмыт бола қоймас, қастерленері, өз бағасын алары хақ»

Жазалау лагері мен түрмеде жүргендегі хал-жағдайы, ондағы шығармашылық өмірі туралы сұраған адамдарға ақын кейіннен былай деп жауап берген екен: «Кейбіреулер менен: «Осындай ауыр жағдайда жүріп, өлеңді қалай жаздыңыз?» - деп сұрайды. Мен оларға былай деймін: «Маған мұндай сұрақты қоймас бұрын әуелі Юлиус Фучик, Мұса Жәлел, Назым Хикметтердің фашизмнің тас түрмесінде отырып қалай шығарма жазғанын еске түсіріңіздерші. Ал оларға қарағанда менің жағдайым жеңілірек болды ғой. Біріншіден, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында болдым ғой. Мені Америкаға немесе Жапонияға айдап жіберген жоқ. Ал өз елің қандай жағдайда және қандай уақытта болсын, ол – алтын бесік. Екіншіден, менің елім – Совет Одағы, дүние жүзіндегі ең демократиялық және гуманистік елден саналады. Басқалар фашизмнің тас түрмесінде (тас қапшығында) отырып шығарма жазғанда, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында отырып өлең жаза алмасам, осындай мүмкіндікті пайдалана алмасам, онда менің кім болғаным? Үшіншіден, адамдардың бәрі бірдей аң емес, жұрттың бәрі бірдей жыртқыш емес. Олардың арасынан да ақылы бар, ары бар, адамгершілігі бар адамдар көптеп табылады. Мен прокурор З.Қажыбековты, шахта участогінің бастығы Ә.Бөпеевті, лагерь басшылары Н.Кибенко мен С.Әбуевтерді осы күнге дейін ізгі сезіммен еске аламын. Міне осындай жақсы адамдардың арқасында тірі қалдық, еркіндікке шықтық. Сондай жақсы адамдардың арқасында өлең де жаздым, өзімді де, өлеңімді де аман сақтап қалдым». Бұл, әрине, жұмсатрып айтылған болса да өмірге үлкен оптимизмммен қарайтын, өршіл де шығармашыл адамның аузынан шығатын сөз болып табылады. Шынымен де Бүркіт Ысқақов абақтыда отырғанда тағдырына мойынсұнып, қарап отырмаған екен. Өмірдің өзі қандай жағдайда болмасын күрес екенін, осы күресте тек мойымаған жандар ғана жеңіске жетерін анық түсінген жанның тілегі сәтімен орындалғандай болады.

Лагерьдің, ауыр азапты күндерін өткізіп, жер қазып, ағаш дайындап, шаршап-шалдығып жүрсе де, өлеңнен ешқашан бас тартпайды. «Жазуға мүмкіндігің болмаған кезде жаз» дегеннің өзі нақ осы болар. Ол қазақ поэзиясындағы, өкінішке қарай «өнімді тақырып» болған түрме туралы жырларға Бүркіт Ысқақов та үлкен үлес қосады. Ақынның «Тұтқын жыры», «Лагерьдегі өлеңдер» деп аталатын цикльді жырлары жазылады.  Бұл туралы өзі де осы кезеңде түрме мен жазалау лагерінің азапты күндерін бастан өткерген, әдебиеттанушы ғалым, академик Мұхаматжан Қаратаев былай деп атап көрсеткен екен: «Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы – Б. Ысқақовтың жырлары толтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады.»

Осылайша Бүркіт Ысқақов бастаған «ЕСЕП» ерлері бес жыл бойғы азапты жылдарды артқа тастап, КСРО көсемі И.В.Сталин өлгеннен кейін, оның орнын басқан  Н.С.Хрущев заманындағы сәл де болса жылымыққа байланысты, 1956 жылы аман-есен босап шығып, елге оралады.

Көзінің тірісінде кеңестік билік тарапынан қиындықты көп көрсе де мойымаған қайраткер тұлға Бүркіт Ысқақов қандай жағда»йда да қаламын тастамай, қажыр-қайрат таныта білді. Ол ұзақ жылдық шығармашылық еңбегінің нәтижесінде көптеген кітаптар жазды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы орденінің, көптеген жауынгерлік медальдардың иегері болып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған қайсар жазушы 1991 жылы 22 қаңтарда өмірден өтеді. 

Елі үшін күрескен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Сондай ерлердің бірі – ақын, ғалым, майдангер, күрескер азамат Бүркіт Ысқақов болатын. Бүркіт Ысқақовтай айтулы тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай атқарылатын істер аз болмауы тиіс деп білеміз. Себебі қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның ұлт саясатындағы солақайлықтарға қаймықпай қарсы тұрып, ұлтының мұңын мұңдаған Бүркіт Ысқақовтай батыл жандарды бүгінгі ұрпақ үлгі тұтып өссе, ертеңіміз жарқын болмақ!