Нар Кемпірбайдың туғанына 190 жыл
27.05.2024 1426

Қазақ елінің, жерінің тарихы – ондағы әр кезеңдегі ғылым, білім өнер және әдебиетке үлес қосқан адамдардың тарихы. Сонау арғы кезеңдерден бастап, күні бүгінге дейінгі есімі елге белгілі адамдар – өз дәуірінде жұртшылыққа танымал болып, тарихта қала алған тұлғалар. Сондай тұлғалардың бірі – Нар Кемпірбай ақын. 2024 жылы қазақтың әйгілі дүлдүл көмей ақыны Кемпірбай Бөгенбайұлының туғанына 190 жыл толып отыр.


Кемпірбай ақын 1895 жылы алпыс бір жасында Семей қаласында, Серкебай атты ұлының қолында ауыр науқастан дүниеден өтеді. Ақын жатқан зираттың кейінгі тағдыры қасіретті болды. Қазақстанда, Кеңес Одағында ғана емес, әлемдегі ең ірі ет комбинаты болған, АҚШ-тың Чикаго ет комбинатының жобасымен салынған Семей ет комбинатының жоспарланған аумағы үлкен болыпты. Осы комбинатты салуға бөлініп, игерілген аумақта қазақтың әйгілі сөз сүлейі Кемпірбайдың зираты болған екен. Өкінішке қарай ақынның сүйегі сол алып ғимараттың астында қалады. 

Біз бұл мақаламызда Кемпірбай ақынның айтыскерлік қырына көбірек тоқталуды жөн көрдік. Себебі ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы аса көп деректер бізге жетпеген. Өткен ғасырда Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, т.б. ғалымдар алғаш пікір айтып, өлеңдері жинаққа кірген. Сонымен қатар жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар да Кемпірбай өмірі мен шығармашылығы туралы біршама ізденіс жасағанын көреміз. Ақынның өмір жолы мен қазіргі жағдай туралы көптеген тың пікірлер баршылық. Енді Нар Кемпірбайдың өмір жолы туралы қысқаша тоқталайық.

Қазақтың халық ауыз әдебиеті мен кітаби ақындар дәуірі аралығында өмір сүрген әйгілі сөз зергерлерінің бірі – Кемпірбай Бөгембайұлы 1834 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауы баурайындағы Айыртас деген жерде дүниеге келеді.

Қазақы жөнмен алғанда арғынның бес мейрамының бірі қаракесек руынан тарайды. Ақынның шежірелік кестесі Қаракесек – Ақша – Бошан,  - Таз – Бұлбұл – Ағым – Қияқ – Қызық – Бөгенбай – Кемпірбай болып түзіледі. 

Кемпірбай өз заманының ең әйгілі ақындарының бірі болғандығын зерттеушілер атап көрсетіп, лайықты бағасын берген. Кемпірбай – ең әуелі айтыскер ақын. Ол Шөжемен, Тезекбаймен, Әсетпен т.б. айтысқан. Кемпірбай ақынның өлеңдерінің бәрі сақталып жетпеген. Кемпірбайдың белгілі деңгейде жазба сауаты болғандығын 

Кемпірбай ақынның өлеңдері өзінің көркемдігімен, ұйқастарының, тармақтарының нық болуымен ерекшеленеді. Кезінде Сәкен Сейфуллиннің жинақтауымен жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (Алматы, 1931) атты еңбекке Кемпірбай ақынның өлеңдері енген екен. Ақын өзін таныстыруында былай деп толғайды:

Бөгембай әкем аты, мен – Кемпірбай,

Өзге ақын мен сөйлесем тұрар былай.

Талабым Тәңір берген таудан үлкен,

Алмаса өз бақытын қайтып Құдай.

Ақынның сөз саптауынан өзіне деген сенімділікті анық аңғарамыз. «Өзге ақын мен сөйлесем, тұрар былай» деп бекерден бекер айта салмаса керек. Ақынның өлеңінен туып-өскен өлкесі туралы мәліметті де кездестіреміз:

Едірей Арқалық пен малыма жай,

Арда емген құлынынан жабағы, тай.

Ағайын, қайыр берсең өзіме бер,

Кенже ұлы кедейліктің мен – Кемпірбай.

Ақынның былай айтып отырғанын рас деп қабылдаймыз ба, әлде шыныменен соншалықты кедейлік сансыратқан жан болды ма, ол жағы бізге беймәлім. Қазақта «біреудің адал асына қол сұқпа, жарымай өтесің» деген қағида бар. Мына бір шумақтан Кемпірбайдың жасында жортуылшы, барымташы болып та көргенін байқау қиын емес:

Бөгембай – әкем аты, Кемпір едім,

Өлеңді кәсіп қылып тентіредім.

Даусымның келмей тұрған мәнісі сол,

Бақырдан ұрлық етін жеңкіредім... 

Мұндағы «бақырдан ұрлық етін жеңкіредім», - деуі осыны меңзейді. Кемпірбайдың өмір жолы туралы қарастырғанда, мандымды деректер шамалы екендігіне көз жеткіземіз.

Әсет Найманбайұлы 1867 жылы туғандығын ескерсек, Кемпірбайдың Әсетпен арыздасу немесе бақұлдасу жыры айтылған кезде жиырма сегіз жаста болған екен. Екеуі де түбі бір атадан тараған Кемпірбай мен Әсет ақындар Арқа мен Жетісу, Алтай-Ертістің бойын, Қояндының жәрмеңкесін талай рет бірге думандатып жүргені сөзсіз. 

Кемпірбай сырқаттанып қалды дегенді естіген Әсет ақын Семей қаласына арнайы іздеп келіп жолығады. Көңіл сұрау – қазақтың игі дәстүрі ғой. Сонда әріптес інісінің алыстан іздеп келгеніне көңілі көтерілген Кемпірбай былай деп толғайды:

Көңілді Әсет келді көтергелі,

Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.

Артыма бір‑екі ауыз сөз тастайын,

Басымды жастықпенен көтер бері!

Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,

Қу тақтай екі ішекті әпер бері.

Аузыма айрыларда сөз салмасаң,

Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?

Әбден қартайып, бәйгеден қалған кәрі жүйрік, жас арғымақтардың тұяғының дүбірін естігенде елеңдей ұмсынып, қиқуға үн қосып, шабыс тілейтіні сияқты Әсет ақынды көргенде ауру меңдеткен Кемпірбай ақын да сергіп сала береді. Қолына екі ішекті қара домбырасын алып, ақтық жырын, өлмесі туындысын шырқай толғайды:

Ал енді шіркін көмей былпылдасын,

Сөзімді әшиесіз кім тыңдасын.

Ішінде Арғын, Найман салдым айғай,

Не қылып шіркін көмей жыртылмасын!

Мойынға әзірейіл салса құрық,

Білемін ғазиз жанның құтылмасын.

Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,

Білемін енді өзімдей ұл тумасын.

Ақын өзіндей асқақ ән шырқап, өрелі өлең тудыратын құдіретті талант күшіне анық сенеді. «Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе, білемін енді өзімдей ұл тумасын» деуі сол болса керек. Арқаның алып сары даласын әнмен тербеген дәуренін еске алады. Кемпірбайдың Әсетпен бақұлдасу жыры өзінің өмір жолынан, азаматтық мұратынан хабар берумен қатар, көркемдік сипатымен де ерекше.

Суырған қынабынан наркескендей,

Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын.

Көңлімді Әсет сұрай келгенінде,

Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын, - 

деп өзінің күні кетіп, ауру меңдеткен ғаріп халін еріксіз мойындауға, мойынұсынуға мәжбүр. Ақын жырындағы мына бір жолдар шынымен де оның дені сау, басы аман, шабыты шалқар шағындағы талант биігі қандайлық мықты болғанынан хабар беріп тұрғандай:

Боз шапса, боз озбай ма буырылдан,

Мен шапсам, жер табаны қуырылған.

Жай тастап, құлашымды алып жылдам,

Жабының күнде озушы ем тұғырынан.

Шұбырта екпіндеп, жас кезінде ешбір ақынды өзінің шеніне алмаған дүлдүл болғанын ол осылай сөзбен кестелейді. Төмендегі толғау үзіндісінен ақынның ұсталық өнерден де хабары болғанын анық аңдаймыз

...Ер Дәуіт жеті жаста иектеген,

Жасынның суын іштім құдығынан.

Тереңдеп Сырдың суы қаптаса да,

Сонда да келмеуші еді жұлығымнан.

«Ер Дәуіт жеті жаста иектеген» дегеніне қарағанда, Кемпірбай ақынның жеті жастан бастап-ақ өнерге бейім бола бастағаны сөзсіз. Шығыс ұғымында Дәуіт – ұсталықтың пірі болып саналады. Ұста болып дүкен құрып, темір соғып қызмет қылғаны туралы мәліметтерді ақынның өзге өлеңдерінен кездестіре қоймағанымызбен, Кемпірбайдың осы бір киелі өнерге қатысы болғаны анық.

Әй, Әсет, осы дерттен мен өлемін,

Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.

Ұшса да қанат байлап аспанменен,

Өлімнің кім құтылар құрығынан?

Сұрасаң хал-жайымды, Әсетжаным,

Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан...

Бұл жалғанда ажалдың құрығынан құтылған кім бар? Сұм ажал «Сырдың суы жұлығынан келмейтін Кемпірбайды да құрықтауға айналған. «Тұғырымнан ұшайын деп жатырмын» деп меңзеуінен ақынның ажал алдындағы шарасыз халін танимыз. Дегенмен ақын өлімді соншалықты бір қасірет деп те санап отырмағандай. «Шыбын жан – жаратушының аманаты, сол аманатын берер уақытым болды», - дегендей сабырлылық танытады.

Әсетжан, осы аурудан өлем білем,

Алланың аманатын берем білем.

Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,

Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем.

Жалпы өнер иелерінің киелі иелері болады деген аңыз бар. Атап айтқанда Сүйінбайдың киесі қызыл жолбарыс болғаны, ол кейін шәкірті Жамбылға қонғаны туралы аңыздар айтылады. Батыр әрі шешен Ер Жәнібектің киесі қос бөрі болыпты. Ақын Кемпірбайдың көкірегіне қонған киесі көгала үйрек екен. Бұл дүниеден өтерінде сол көгала үйрек те қоштаса ұшып шығады. «Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем», - деуінен расымен адамға шын қонған асыл өнердің ғажап құдіретін танығандай боламыз.

Басымда отырды өксіп қимай, тоқтап,

Кете алмай бөтен жаққа, айналсоқтап.

«Серігім, қош, аман бол, Кемпірбай» деп,

Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.

Көгала үйрек – Кемпірбайдың сонау ес білгеннен бастап, елді аузына қаратып, Арқа мен Алатау, Алтай арасын әнмен тербеп жүрген шағындағы шабыт берген демеушісі еді. «Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап» деуі қандай әсерлі. Ақынның бойындағы өнер киесі өзіне сан жылдар бойы серік болған дарын иесін қимай жатқаны анық еді.

Әсетжан, осы ауру қоймас білем,

Алланың әмірі екі болмас білем.

Қамығып, «қош» деп жылап, ұшып кетті,

Осы өлең Серкебайға қонбас білем.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Сүйімбайдың қызыл жолбарыс киесі өзінің жолы қуған шәкірті Жамбылға қонғанындай, Кемпірбай да өнер киесі, өлең киесі болған көгала үйрегінің тым алысқа ұзамағанын қалағандай. Жалғыз ұлы Серкебайға қонудан үміт жоқ. 

Сәлем айт Арқадағы хан‑қараға,

Қара Ертіс, Қарқаралы жандаралға.

Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,

Қараөткел таныс едім екі араға.

Семейде топырағым болар білем,

Кемпірбай – дұға қылсын бейшараға. 

Кемпірбайдың бойдағы дарынының өршіл өлеңінің, асқақ әнінің арқасында аз күндік тірлікте қазақ даласының көп жерлеріне барғанын көреміз. Жоғарыдағы шумақтағы өлең жолдарына зер салып қарайтын болсақ, ақын Қызылжар-Көкшетааудан бастап қазіргі Алматы облысына, Шығыс Қазақстанға дейінгі жерлерді аралағанын, сол елдердің игі-жақсыларымен дәмдес, сыйлас болғанын аңдаймыз.

Кемпірбай бұл үлкен асқа өзі ғана бармай, дәмелі көк жүйрігін де жаратып барады. Оны мына жолдардан аңғарамыз:

...Сол асқа жұрт жиналған барайын деп, 

Жаратып, жалғыз көктің тілін будым. 

Осы астың кезінде Сәттібайдың қаралы үйінің сыртында Шөжеге ойда-жоқта кездесіп қалғандығын айтады:

Талайды салып едім омырауға,

Құдая, бергеніңе сансыз тәубе! 

Сыртында қаралы үйдің жетектетіп, 

Жолықтым бара жатқан Шөже жауға!

Кемпірбай Шөжені бірден сөзбен түйреп, оны ықтырып-бұқтырып алмақ болады. Шөже де көпті көрген нағыз суырыпсалма ақынның өзі болғандықтан, Кемпірбайдан қорқақтап айылын жия қоймайды. Дегенмен осы аста Кемпірбайдан өзіне соқтықпауын сұрағандай болады:

Жүзіндей ұстараның ауған дүние, 

Қақсадың мені көріп мұнша неге?

Ай мен Күн, жер мен көкті көргенім жоқ, 

Кемпірбай, ақылың болса, маған тиме!

Баласы Жаныс мырза – Сәтбай марқұм, 

Барамын Құран оқи қаралы үйге.

Шөжемен айтысудың орайын келтірген Кемпірбай ақын осы кезде Шөженің асқа шақырусыз келгенін және ақынның шыққан тегін қазбалай ықтырып алмақ болады. Шөже бұл бопсаға да шыдайды:

Мен дін ислам, қазақтың жедім қамын, 

Сөйлейін мойныма алып неше тайын?! 

Балта, Орынбай, Шортанбай түк қылған жоқ, 

Сен аламын деймісің менің жаным?!

Осылайша өзінің мысы басым екендігін Кемпірбайға сезіндірмек болады. Кемпірбай да Шөжені сөзден ұстап алмақ болып, осал жерін іздеумен болады.

Бұл елге ақын болған Шөже қайдан?

Шөже дәндеп Орынбай, Шортанбайдан. 

Жарлы байып, жас өскен заман болды,

Жүрмесін жаның шығып Кемпірбайдан?!

Жолықпай шын ақынға жүр екенсің, 

Берейін сыбағаңды, соқыр хайуан!

Осыдан кейін екі ақын айтыс табиғатына тән бас мінесу мен ел мінесуге бірден көшіп, бір-бірінің жанына тиетін небір шумақтарды жаудырумен болады. Дегенмен Шөженің сөз тастасы, шумақтарының шымырлығы мықты шығып жатқаны анық:

Кемпірбай, көңіліңді тындырармын! 

Озса – Құдай, қалса, аруақ, ұрдырармын! 

Оралдан түлеп ұшқан мен – ақиық, 

Топшыңды қанатыммен сындырармын!

Кемпірбай да Шөжеден көркем сөздің жүйесіне келгенде қалыспайды. Айшықты сөздің небір ғажайыбын төгілтіп, қарсыласқа лайықты жауап қатады:

Қой, соқыр, сеніменен сөйлеспен,

Көргем жоқ сендей арсыз жаннан кешкен. 

Болғанда сен ақиық, мен – бидайық,

Бір жағын қанатыңның қимай, түспен!

Екі ақын бас мінесумен, ел мінесумен біршама айтысып, жеңісе алмайды. Сондықтан айтыскерлердің біреуі өзгеше тәсіл табуы қажет еді.

Шөже Қаржаубайұлы Кемпірбайдан екі мүшелден астам үлкен, талай қысылтаяң жерлерде қарсыласын тұқыртып алудың әдістерін әбден меңгерген тісқаққан ақын. Ол Кемпірбайдай арынды ақынды суырпысалмалықпен, тақырыбын ел өмірінің ауқымында ала отырып жеңудің мүмкіндігі жоғын білген Шөже қиынға салады. Яғни ислам дінінің аңыздары бойынша білім салыстыруға көшеді. Кезегі келгенде Шөже былай деп сұрақ қояды.

Бұл сөзім Орта жүзді ағаласын, 

Мұны сен ақын болсаң, таба аласың. 

От туры, минал бәйіні, илал ләйлі, 

Тауып бер осы сөздің мағынасын!

Кемпірбай ақын Шөженің діни аңызға құрылған бұл жұмбағының жауабын шеше алмағанымен, осындай сұрақ қойғаны үшін разы еместігін де танытқандай болады:

Сен, соқыр, мына сөзден пақыр болдың, 

Айрылып, халал малдан тақыр болдың! 

Өлеңге Құдай сөзін қосамын деп, 

Қатының – талақ, өзің һәм кәпір болдың!

«Айтыс – сөз барымтасы», - деп Мұхтар Әуезов айтқанындай, өзара сөз сайысында кейде барымталап алатын, кейде барымтаға қарымта жасай алмайтын кездер болып тұратыны сөзсіз. Шөже ақын осылайша үстем шығып, кете барады. Кемпірбай ақын өзінің жеңілгенін мойындай отырып, былай дейді.

Келіп ем бұл жиынға өктемделіп,

Жүруші ем қу соқырдан секемделіп.

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп, 

Жығылдым төрт аяғым көктен келіп

Кемпірбай мен Шөженің осы айтысына мән берген академик Мұхтар Әуезов былай деп пікір білдірген екен: «Шөже Кемпірбайды жеңгенде «уаттури уәззейтуни» деген аяттың мағынасын айт деп қысады. Онысы, діндер аңызы бойынша, Мұсаның Син (Синай) тауына шығып, құдаймен жауаптасқанын келтіріп, сондағы айтысқан сөздерін өлеңмен шешіп бер дегені еді. Кемпірбайда бұны шешерлік білім болмай, жеңіліп қалады» (М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы, 17-том, 282-283 беттер). Мұны да Шөжедей азулы ақынның алпыс айласының бірі десек болады. Кемпірбайдың ақындығы зор болмаса, оның есімі бүгінгі күнге дейін ұмытылмай жетпеген болар еді.

Кемпірбай ақынның есімі тәуелсіз Қазақстан тұсында біршама аталып, халық жадында сақталып келе жатыр. Кемпірбайдың атында туған өлкесінде, Астана қаласында көшелер аталған. Ақынның 190 жылдық мерейтойы қарсаңында да көптеген игілікті іс-қаралар жүргізілетініне сенім зор. Астана қаласының Сарыарқа ауданында Кемпірбай Бөгенбайұлының атында көше бар. Өзі дүниеге келген топырағы, Қарқаралы ауданындағы Арқалық аулына ақынға арнап ескерткіш тақта орнатылған екен. Жоғарыда Кемпірбай ақын жерленген жер Семей ет комбинатының астында қалғаны туралы жазылған еді. Осыған байланысты дерек іздегенімізде «БАҚ.кз» тілшісі Халима Бұқарқызының белгілі ұлтсүйер азамат ретінде өзінің көзі тірісінде қазақтың көптеген әйгілі адамдарының басына ескерткіш белгі қойған Қуат Есімхановпен сұхбатындағы мына бір деректі кездестірдік: «Анам Шығыс Қазақстан жақтан келе жатқанда Семейдегі ет комбинатының зират үстінен салынғаны туралы естиді ғой, кезінде сол зиратта Кемпірбай ақынның да жатқанын «Социалистік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен Жекен Жұмаханов та жазып кеткен еді. Шешем сол жерден өтіп бара жатып: «Құдай-ай, қазақтың талай қасқасы мына ет комбинатының астында жатыр ғой» деді зор өкінішпен. Анамның сол сөзі ойымда қалып қойды. ШҚО-дан қызмет бабымен ауысқаннан кейін сол ет комбинаттың жанындағы зиратқа белгі орнаттық. Кемпірбайдың: «Кеудемнен көгала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін кәрі жолдас өлең білем» деген өлең жолын жазып, бұл жерде Кемпірбай ақын жерленген, ет комбинаттың астындағы аруақтарға бас иеміз деп белгі қалдырдық. Аруақтарға бағыштап ас бердік». 

Қуат Есімхановтың өмірден өтуіне байланысты, ардақты азаматтың елге сіңірген еңбегін атап өте отырып, белгілі журналист Мақат Садық мынадай деректі келтіреді: «Нақты мәліметке қанық жандардан көзі тірісі академик Зейнолла Қабдолов қалыпты. Алматыға арнайы ат басын бұрған. Сонда Зекең ол жерде суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан Кемпірбай Бөгембайұлы ғана емес, Алашорда белсенділері мен әскербасылар жерленгенін айтқан.» Яғни Қуат Есімханов осы араға ескерткіш белгі орнатарда академик Зейнолла Қабдоловқа жолыққан. Семейдің бір заманда Алашорда астанасы болғаны белгілі. Біздің есімізге 1918 жылы 6 наурызда Алашорда милициясының жатытғуы кезінде большевиктердің қолынан Қази Нұрмұхаметұлы деген кіші командирдің қазақ болғаны, осы құрбанды жерлеу үстінде Міржақып Дулатұлының «Тұңғыш құрбан» деген өлең оқығаны, жерлеу рәсіміне Алаш белсенділері Райымжан Мәрсеков, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкерім Құдайбердіұлы бастаған тағы да біршама адам сөйлегені жайында «Сарыарқа»газетінде жазылғандығы туралы ақпарат оралды. Демек Кемпірбай ақын жатқан жерде қазақтың көптеген аяулы тұлғалары жерленген деген сөз. Мұны да жергілікті өлкетанушылар мұқият зерттеуі керек шығар.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, азаттық дәуірде Кемпірбайдай нар тұлғалы ақынның жерленген жеріне белгі орнатылған екен. 2024 жылы Нар Кемпірбайдың 190 жылдығына орай туған өлкесінде, Қарағанды, Абай облыстары мен Астана қаласында еске алу шаралары өтіп жатса құба-құп дейміз.