Қалдырған ізі мəңгілік. Досым Манарбек туралы бір үзік сыр
27.05.2024 2116

Адам барлық нəрсенің өлшемі ғой. Алла тағаланың жаратуында адамнан артық еш нəрсе болуы мүмкін емес. Өйткені, адам дегеніміз бір өзіне бүкіл əлемді сыйғыза алатын керемет күш десек, кім қарсылық білдіре алар еді? Осы қасиетті ұлы Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – деп заман ағымынан қалып қоймай, əрдайым алда жүргенді қалады емес пе? Өскелең ұрпағын осы мақсатқа үндеді.


Манарбек Бексейітов те уақыт ырғағымен адамгершілік туын көтеріп, уақыт көшінің алдыңғы қатарында жүре білген сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын. Ол көкейкесті арманына жете талпынды, өз қатарластарының алды болды. «Сырт көзге ғана жақсы болып көрініп, ішің сасық болмасын» деген ежелгі грек философы Фалестің қағидасына адал болды.

Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Солардың ішіндегі ең қиыны да, құрметтісі де – ұрпақ тəрбиесі. Яғни, ұстаздық ету. Білдей бір елдің Президентінен бастап министр де, əнші де, ақын да, заң қызметкерлері де, құрылысшы да, тракторшы да, малшы-бағбаны – барлығы да алғашқы сауатын ұстаздың көмегімен ашады. Ал, ұстаздық етуден жалықпай, сан ұрпаққа жүрек жылуы мен мейірім шуағын төккен, Көкше халқының ықыласына бөленген досым Манарбек Қасымұлының өмір жолын тебірене еске аламын.

Шығыс халықтарында ұстаз түсінігі əр дайым қастерлі де құрметті саналады. Мен белгілі күйші, сазгер, дирижер, дарынды азамат Бексейітов Манарбек Қасымұлымен замандас ретінде қатты сыйластым. Атақты үнділік сопы Ыдырыс Шах: «Кемеңгер ұстаз деп сені түзететін, үйрете алатын адамды емес, сені əлденеге үйреткен адамды айтамыз», – деген екен.

Манарбек байлық, баршылықты мақсат тұтқан адам емес еді. «Кім бай болғысы келмейді – құдайы қаламайды, кім батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды», - деп Шəмші Қалдаяқов айтқандай, барына қанағат ете жүріп, ашкөздіктен аулақ жүрген қолы таза, басқалардың болған-толғанын қызғанбайтын, басы артық сөзге барып, сыртынан біреуді ғайбаттамайтын, өрісі шалқар, пейілі кең, көкірегі ояу жан еді. Бір данадан жақсылық пен жамандық туралы сұрағанда: «Бұл дүниеде жамандық пен жақсылықтың сан түрі бар...

Олардың бəрін айтып тауыса алмайсың. Əсіресе, жамандық таудан тас домалатқандай жеңіл болса, ал жақсылық тауға жаяу өрмелегендей ауыр болады, əйтсе де екеуінің арасы бір-ақ қадам», - деген екен. Манарбек маңайына жақсылық жасаудан танған емес. Көбіне қайырымы болмайтын. Сөйте тұра Манарбектің өкінгенін көрген де емеспін, естіген де емеспін. Міне, жігіттің маңғазы деп осыны айтады. Өзінің айтқанына қарағанда, домбыраны 4-5 жасында үйренсе керек. Əкесі Қасым баласының домбыра тартқанын мақтаныш көріп, келген кісілердің алдында тартқыза берсе керек. Ерке ұл бірде ұжымшардың төрағасы келгенде, тіпті басын да көтермей жатып алса керек.

Уа, домбыра, жан серігім жасымнан,

Сен қымбатсың жердегі бар асылдан.

Бабалардың аманатын арқалап,

Жеттің маған сонау алыс ғасырдан.

Манарбектің қолындағы домбыра күмбірлеп қоя берді. Ол күмбірлеген жоқ, пернесіне тіл біткендей сөйлеп кетті, «аман бол, шешем, аман бол», «бұқтым, бұқтым», «қиту-қиту, қайт-қайт», жанымызды қалтыратып, жүрегімізді шымырлата сөйледі бабадан қалған қасиетті қара домбыра. Қыран күйшінің салалы саусақтары перне үстінде тынбай жортып, талмай жорғалап барады.. Домбырадан шыққан азалы əуен бізге ғасырлар үнін əкелді. Əлмисақта күн кешкен ата-бабаларымыздан жеткен, бертінде Құрманғазының дауылпаз, Динаның екпінді, Тəттімбеттің тəтті, Құлшардың арынды, Махамбеттің жалынды күйлері. Білім-қабілеті мен саналы ғұмырын музыка кадрларын даярлауға арнаған Манарбектің тəрбиелеген шəкірттері еліміздің жасөспірімдеріне музыкалық тəрбие беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жайдары мінезімен, жанашыр қамқорлығымен ел есінде қалған аяулы досымды құрметпен еске аламын. Бес мезгіл намазымда дұғамнан қалдырмаймын. Жаны жəннатта болсын деп Құдайдан тілеймін.

Мен Манарбек Қасымұлымен 1981 жылы таныстым. Ол кезде Көкшетау облыстық партия комитетіндегі қызметім бойынша мен жоғары жəне орта оқу орындары, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің жұмысын қадағалайтын едім. Бір қызығы, бір қарағанда такаппарлау, екі иығына екі кісі мінгендей, жауына жауырынын қақтырмаған батыр тұлғалы, оңайлықпен иіле де, кез келген адамды көзіне іле де қоймайтын, əдемі қара көзілдірігі бар, ине-жіптен жаңа шыққандай үстіне қара костюм-шалбар киген, бекзат азаматпен бір көргеннен көңіліміз жарасып, өмірінің соңына дейін жанұяларымызбен керемет араластық. Қуаныштар мен тойларда, соғым кезінде ойын-əзілдеріміз үйлесіп, қатты сыйласып едік. Манарбек жаны таза, пейілі даладай, елге өте сыйлы болды. Өте ұлтжанды азамат болатын. Бұл сөзімнің дəлелі, сонау қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрғанда, қазақтың ұлттық өнерін əспеттеп, Көкшетау қаласындағы музыкалық мектепте домбыра ансамблін құруы, оған өнерлі балаларды тарта білуі, кез келген босбелбеудің қолынан келмесі ақиқат емес пе? Төл туындысы «Оқжетпес» ансамблімен қазақтың күй дəстүрін паш етіп, шалқыған əн мен күйін Қазақстанның түкпір-түкпірінде, Еуропаның Польша, Югославия, т.б. елдерінде асқақтатқан осы Манарбек емес пе?

Мемлекеттік телерадиокомитетінің төрағасы Сағат Əшімбаев «Оқжетпес» фольклорлық-этнографиялық ансамблін республикалық орталыққа арнайы шақыртып, Тұңғышбай мен Құдайбергеннің «Тамаша» ойын-сауық отауына қатыстырған. Сөйтіп, қазақстандық көрермен алдында көгілдір экраннан өнер көрсетіп, Көкшетау жұртшылығының мəртебесі өскен еді.

Ұстаз шəкірттерімен мəңгілік. Бұл енді рухы биік, намысқой, өз ісін жетік білетін, өз ұлтын құлай сүйетін шын мəнінде, биік дəрежедегі мамандық иесінің ғана қолынан келетін келелі шаруа. Жүйелі білім беру мен талмай ізденістердің арқасында Манарбек біраз биік асқарлардан көріне білді. Өнер сүйер Көкше халқы еңбегін жоғары бағалап, өнерпазды танып, аялады. Талмай төккен тер өз жемісін беріп, Көкшетау облыстық партия комитетінің шешімімен 1976 жылы Манарбек Қасымұлы музыкалық училищенің директоры болып тағайындалып, іргетасын қалау бақыты бұйырды. Тағайындалып қана қойған жоқ, іргетасын құламастай етіп берік қалады. Облыстық партия жəне атқару комитеттерінің тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Бұрынғы ҰҚК-нің ескі ғимаратын мектепке меншіктеп алды. Ескі болса да өзінің шаңырағы бар, оқу орны болды. Арада санаулы уақыт өтпей жатып музыкалық училищенің материалдық базасын нығайтумен қатар, педагогикалық тəлімгерлік ұжым қалыптастырды. Сапалы білім мен саналы тəрбиенің арқасында, оқушылары талай облыстық, республикалық додалардың жеңімпаздары атанды.

Қасиетті білім ордасында училище директоры М.Бексейітовтің басшылығының негізінде студент-жастар тəрбиесін жан-жақты жəне кең ауқымда қамтитын тəрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. Əсіресе, студенттерді адами адамгершілік қасиеттерге баулитын шараларға көп көңіл бөлінді. Биік дəрежелі, лауазымды басшылардың талай рет алдына барып, соңдарынан қалмай, талмай, қаймықпай, ықпай жүріп, жастарға деген жанашырлығының арқасында студенттердің жеке өздеріне ғана бес қабатты жатақхана салғызып берді. Тоқырау кезінде осы жатақхананы үй-күйі жоқ училище ұстаздарына жекешелендіріп беруі мəрттіктің, жомарттықтың үлгісі емес пе? Мəкең ағайын-туысқа қолынан келген жақсылығын аяған жоқ, көбін өзі басшылық етіп жүрген оқу орнына тартты. Соның бірі Қайырлы Сəрсенбаевке домбыра класын бітірткізіп, қолына диплом ұстатты. Бұл туысы əрі шəкіртіне жатақхананың екі бөлмесін, ұлттық аспаптар жасау үшін тағы екі бөлмесін шеберханаға лайықтап меншігіне алып берді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық», - деп ұлағат қалдырған. Осы қасиет Мəкеңнің бойынан үзілген жоқ. Республикадағы үздік музыкалық училищелер қатарына қосып, үлкен беделге ие болды. Директор, ұстаз, күйші, сазгер Манарбек Қасымұлының беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті тек Көкшетау облысына ғана емес, Қазақстанға кеңінен танымал болды.

Манарбекпен əр кездесуіміз береке, əр жүздесуіміз шалқар шаттық мереке еді ғой, шіркін! Қою шəйді қана ішіп, маңдайы терлеген соң, қолына домбыра алып, құлағын бұрап, күйге келтіріп, біраз шертіп алатын. Жай қарағанда нəзік көрінетін саусақтары, домбыра ұстағанда салаланып кететіндей еді. Қыза келе домбыраға жан енгендей, ішектеріне тіл біткендей болатын. Сол кезде:

– Қайдасың, домбыра шерт, домбырашы,

Ішегінен сорғаласын көздің жасы.

Сарнасын Сарыарқаның сай-саласы,

Құлағын домбыраның оң бұрашы.

Күңірентші, күй тасып, толқын атсын,

Қызулы жас ұрпақты қиқулатсын.

Атаның көрген жолын көргендей,

Жай жатқан жүрегімді бір тулатсын, –  деген ақын өлеңі ойыңды билеп алады.

Манарбек күй тартқанда тыңдаушысын қуанта да алады, жұбата да біледі. Толғандыра отырып ойландырады, əлдилей отырып əдемі əсерге бөлейді. Онда атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік асыл қасиеттер, инабат иірімдері, мейірім мен рахым шапағаты жаныңды баурайды, онда мұқалмас жігер, қанаттандырар қайрат, өрлік пен өжеттілік, ұлттық рух, намыс бар. Қазақтың əн-күйлері тыңдаған жанды бейжай қалдырмайды, өйткені ол ықылым заманғы бабалар рухымен, арман-мақсатымен сабақтас.

Қараңыз, біз өткен ғасырдың 50-жылдары «Сəуле» ұжымшарының «отгоны» он-шақты ғана үйі бар Сапақта тұрдық. Сонда кешке мал өрістен қайтып, ел орынға отырып, шəй-пұлын ішкеннен кейін бəріміз бір үйге жиналып, əн тыңдаймыз. «Севкрайдан» көшіп келген Қажыкен Тезекбаев деген жігіт домбырамен қиссаларды, Жамбылдың «Жиырма бесін», халық əндерін нақышына келтіріп айтып, айызыңды қандырады. Əкем Ыдырыс «Сұржекей» əнін ыңылдап айтып жүретін, анам Əмина:

Есіл өзен Қараөткелдің жағасы,

Таныс жердің сайы менен саласы.

Туған қала, өскен жерім, қош сау бол,

Шақырады мені майдан даласы..., – 

деп соғыс кезінде туған шерлі əнді айтатын. Қайыржан деген шешеміз Ақан серінің «Құлагерін» шырқағанда, көзіне жас алмайтын жан болмайтын. Марқұм замандасымыз Төлеген Қажыбайдың орын дауындағы Иманжүсіптің «Ерейментауы»:

...Мен елімде жүргенде жұрттан астым,

Менменсінген талайдың көңілін бастым.

Жаныма ерген жігітке олжа салып,

Бір түнде сегіз қызды алып қаштым..., –  деген əні естіген есті жігіттің қайраты мен намысын қайрап, жігерін жанып, рухын асқақтатпай ма? Əн де кім көрінгеннің қолайына келе бермесе де, Төкеңнің орындаушылық шеберлігіне, даусына сəйкес келіп, характерін ашатыны белгілі.

Төлеген Қажыбайдың «Сəуле – менің ауылым» кітабында белгілі ақын Баянғали Əлімжанов: 

Ауыл бар біздің елде Сəуле деген,

Толған күй, толған аңыз, толған өлең.

Əр үйі, əр көшесі бір ансамбль,

Сəуленің шөбіне де өлең қонған, - деп жырлағаны бар.

Ал, енді өзім ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевтың алдында Үкілі Ыбырайдың əні «Қалдырғанды» орындағанымды мақтанышпен еске аламын. Қазақтан шыққан күміс көмей əншілерді санап тауысу мүмкін емес. Таспаға түскен «Қазақтың дəстүрлі мың күйі», «Қазақтың дəстүрлі мың əнімен» қоса біздің ұлтта 10 мыңнан асатын əн-күй бар дейді. Осы айтқандарым қазақ халқының əдебиеті мен өнерін зерттеген Шоқан Уəлихановтың досы Григорий Николаевич Потаниннің: «Маған бүкіл қазақ даласы əн салып тұрғандай болып көрінеді», - дегенін айшықтап тұрған жоқ па?

Мəкең күй орындамас бұрын, сол күйдің шығу тарихын, күй туралы аңыздарды майын тамызып, естіген адамның есінде жатталып қалатындай əдемі дауыспен, жүрекке қонымды етіп айтатын.

Қазақ халқының əнге, күйге құмарлығын Варшава университетінің профессоры А. Яновский келтірген мына бір деректен айқын аңғаруға болады: «Рухани жағынан қазақтар дарынға бай халықтар қатарына жатады. Əн əуендері мейлінше алуан түрлі əрі бірегей. Қазақтардың айтуынша, бір кездерде əн жер үстінен қалқып өткен жəне əн жер бетіне жақындап өткен жерлердегі адамдар əнді жақсы айтуды үйреніп алған. Əн қазақтардың көшіп жүретін даласы үстінен өте жақын ұшып өткендіктен де, қазақтар əн айтудан əлемде алдына жан салмайды». Осы бір аңыз астарында үлкен шындық жатыр. Халқымыздың əн-күйі туралы аңыз-əпсанадан бастау алған байырғы өнер шежіресі есімі ел ішінде ғана емес, исі түрік жұртына мəшһүр, тіпті ортақ тұлғаға айналған тұлғаларымызды алға тартады. Қорқыт-ата, əл-Фараби, Ұлы жыршы Кетбұға, Сыпыра жырау, Асан-қайғы, Қазтуған, Əбу əл-Қадыр, Əбдірахман Жəми, Нысан абыздардан басталатын күйші-сазгерлеріміздің ұлы көші XVIII-XIX жəне XX ғасырда Байжігіт, Бұқар жырау, Раздық, Байжұма, Ықылас, Құрманғазы, Абыл, Есжан, Дəулеткерей, Тəттімбет, Сары Тоқа, Сейтек, Қазанғап, Қыздарбек, Сегіз сері, Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Жамбыл, Дина, Мəди, Сүгір, Мұқан Төлебаев, Əбікен Хасенов, Жаппас Қаламбаев, Сыдық Мұхаметжанов, Латиф Хамиди, Төлеген Момбековтермен сабақтасып, олардың туындыларын насихаттап, өзі де əн шығарып, күй жазған, риясыз халқына қызмет еткен ұстаз Манарбек Қасымұлының еңбегі ескерусіз қалмаса екен. Сонау көне заманнан ата-бабадан кейінгі ұрпаққа мирас боп қалған ұлттық музыканың, əн-күй деген ғаламаттың құдіретін қазіргі ұрпақ сезіне білсе ғой, шіркін!!! Бүгінгі жаһандану заманында, одан кейін де ұрпақ жалғастығы, өнер жалғастығы, дəстүр жалғастығы үзіле көрмесе екен деп тілейік Жаратқаннан.

Тəуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін оң-солымызға, жүрген жолымызға шынайы ұлттық тұрғыдан көз жіберуге, барымызды бағалап, жоғалтқанымызды іздестіріп табуға, болашағымызды бағдарлап, сенім артудың сəті туды. Ол кезде мен Көкшетау қазақ педагогикалықучилищесінің директорымын жəне облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасымын. Облыс əкімі Нəжімиден Есқалиевпен бірнеше рет кездесіп, кабинетінде болып, өзім басқаратын педагогикалық училищемен таныстырып, Ақан серінің туғанына 150 жыл толуына байланысты, əкімнің тапсырмасымен облыс орталығында қазақтың ұлттық-қолданбалы қолөнері бойынша, Орталық алаңда көрме ұйымдастырдым. Той өтіп жатқан Айыртау ауданында  училище атынан киіз үй тігіп, Қарағанды облысының делегациясы алдында өзіміздің «Қараторғай» ансамблімен өнер көрсеттік. Сол тұста елге жақсы істерімен аты мəлім, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері, өзіме көптен бері қамқоршы болып жүретін, сыйлас ағамыз Аманкелді Бəйкенұлы Жақыпбеков облыс əкімінің аппарат жетекшісі болып істейтін. Біздің қарым-қатынасымыз, сыйластығымыз Аманкелді Бəйкенұлы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері Еңбекшілдер ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істегеннен бері үзілмей келетін еді. Мені аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырғанда, қолымда жасы үлкен анам бар деп келісімімді бермеген едім. Қазақ дегенде, ұлттың тілі, өнері дегенде ішер асын жерге қоятын. Бір күні мені өзіне шақырып, облыс əкімі Нəжімиден Есқалиевтің кабинетіне алып барды. Нəжімиден Ихсанұлының маған айтқаны: қасиетті Көкше жерінде не ұлттық театр жоқ, не ұлт-аспаптар оркестрі жоқ екен. Бұл қасиетті елге сын дегенді білдіріп, осы мəселелерді шешуді сізге жүктегелі отырмын деді. Көп ұзамай Аманкелді Бəйкенұлы мені Көкшетау облыстық мəдениет басқармасының ұжымымен таныстырып, орынтағына отырғызып кетті. Бұл 1993 жылдың қазан айының 6 жұлдызы болатын. Жаңа қызмет, жаңа лауазым, дегенмен мақсат айқын. Неден бастау керек деген ой, толғаныс, бұл мақсатқа жету үшін не істеу керек?

Ел ағалары Мəулетбай Кəрімов, жазушы Естай Мырзахметов, Оразбек Ахметов, Төлеген Қажыбай, өзге де ақын-жазушыларымыз, аға-інілеріміз келіп құттықтап, ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Сөйтіп жүргенде араға екі-үш күн салып жарқын жүзді, аузын ашса, жүрегі көрінетін ескі досым Манарбек келіп, менің қызметіме қайырлы болсын айтып, ақжол тіледі. Əңгіме қыза келе мен облыс əкімінің маған ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастыруды, театр ашуды жүктегенін айта келіп, оркестрді жасақтауды Мəкеңе: «Сіз қолыңызға алыңыз», - деген сөзді тілге тиек еттім. Ескі досым күтпеген жерден бұлқан-талқан ашуланып, өңі бұзылып шыға келді: «Мен оны істей алмаймын, бұрын обкомның бөлім басшысы пəтерімді кеңейтіп бермеген», - деп кəдімгідей ашуланып, шығып кетті. Көтере алмайтын шоқпарды беліңе неге байладың, сорлы Мұрат?.. Салым суға кетіп, мəңгіріп мен қалдым. Енді не болады, оркестрді ұйымдастыру тек Мəкеңнің қолынан ғана келеді. Қалада, тіпті облыста одан басқа осы істі ұйымдастыра алатын ыңғайлы адам жоқ. Бұл жалғыз əкімнің ғана тапсырмасы емес, бүкіл ел күтіп отыр, ер жігіттің сыналатын кезі осы емес пе? Шын қиналған сəтім осы кез болды. Артқа жол жоқ, не істеуім керек? Басқа амал жоқ, бір жұма өткен соң музыкалық училищеге баруға бел буып, кеңседен шықтым. Ойымды кернеген бір үміт сəулесі, тəтті қиялға ұласып көз алдыма шалқытып күй орындап жатқан оркестрді келтірсе, күмəн-сұм келіп, ол сəулені сөндіріп, көңілімді жабырқатып жібереді. Совет көшесіндегі бұрынғы қалалық партия комитетінің ескі ғимаратында орналасқан оқу орнының алдына келіп, ішке кірдім. Бойымда қобалжу бар, үміт пен күдік арпалысып берекемді алып келеді. Мəкеңнің кабинетіне имене де, қысыла кірдім. Не де болса сөйлесіп көрмекпін. Асыл досым бұрынғы жайдары мінезімен, күмістей сыңғырлаған күлкісімен құшағын жайып қарсы алды. «Жақсылардың ашуы жібек орамал кепкенше» дегенге сонда көзім шын жетті, алдыңғы ашудың ізі де жоқ. Біраздан бері көріскеміз жоқ, əңгіме жүйесі жарасып, біраз отырған соң Мəкеңе: «Мен мына қызметтен кетемін, текке əуре болыппын, оркестр құру қолымнан келмейді, сіз де көмектесудің орнына ат-тоныңызды ала қаштыңыз», - деп, бір жағынан інілік, бір жағынан достық назымды айттым. «Жақсыда жаттық жоқ» деп бекер айтпаған бабаларымыз, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендері тағы бар, ол кісі: «Жарайды, сіздің меселіңізді қайтармайын, бірақ менің айтқанымды түгел орындайсыз жəне оркестрге керек аспаптардың бəрін əпересіз», - деді. Сол кездегі қуанышымда шек болсайшы, атып тұрып, құшағым жетпесе де таудай Мəкеңді құшақтай бердім, құшақтай бердім. 

Қазақтың ұлттық өнерінің тоқырап тұрған шағында облыс орталығынан қазақтың ұлт-аспаптар оркестрін құру шынында да, əркімнің қолынан келе бермейтін күрделі іс болатын. Əрине, бұл іске, «жақсыдан – шарапат» дегендей, облыс əкімі Н.Есқалиевтің əсері зор болды. Дарынды директор, қабілеті асқан Манарбек Қасымұлы бірер айдың ішінде болашақ оркестрдің сүйегі мықты қаңқасын жасап та үлгерді. Оркестрді жаңа туған сəбидей əлпештеп, қолым босай қалса, қасынан табылатын болдым. Талай тер төгілді, қаншама түндер ұйқысыз өтті.

Нəтижесінде, келесі жылы, яғни 1994 жылы мамыр айының 3-жұлдызы күні, Ленин атындағы Көкшетау мəдениет сарайында облыстық филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұсаукесер рəсімі өтті. Оркестрдің белді мүшелері: ұстаздар Мұхамеджар Рахимбердин, Гүлжанат Бегалиева, Болат Əминов, Жанат Мерекеқызы, Əнуар Құлақметов, Зейнеп Ибраева, Тұрлықожа Базаров, Бақыт Дөненбекова, Лəззат Көбенова, Руслан Хабибуллин, Əміржан Мəкенов, Қайырлы Сəрсенбаев пен талантты Сəкен Біржанов, Мүсілім Мəкеев, Бауыржан Сыздықов, Қайырбек Кəрібаев, Жанна Базарова, Елена Иткина, Ақшолпан Ивахина сияқты студент жастармен қатар бас қобызда ойнаған Шəдет Серік, Берік Оңғаров болды. Жиналған халықты санап болмайсың, бос орын болмай көбі түрегеп тұрса, сонша адам сыртта қалды.

Елдің қуанышында шек жоқ, бойларын күйге деген, əнге деген, ұлттық өнерге деген сағыныш билеген жұрт, сахнаның шымылдығы ашылуын тағатсыз күтуде. Сол мезеттегі көңіл-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын. Өйткені, дүниедегі ең бақытты адам жалғыз ғана өзім болғандаймын. Сахна ашылып, қазақтың ұлттық киімдерін киген оркестр мүшелері орнынан тұрып, дирижер Манарбек Бексейітов оркестрдің алдына шыққанда, халықтың қол соққанынан құлағың тұнады. Менің досым, ақын, жазушы Тыныштық Шəменов: «Мұрат Ыдырысұлы, мына оркестрді əкесі бар балалардай киіндіріпсің ғой», - дегені ойымда жатталып қалыпты. Табиғатынан жігерлі де талантты Манарбек оркестрге басшылық еткенде, тіпті айбарланып кететін. Дирижердің сиқырлы таяқшасы музыканттарға бағыт сілтеп, бүкіл əуен бір арнаға төгілетін. Көрермен біткен шабыттанып, дауылдай толқитын, нұрдай шалқып, əуенмен ырғалатын. Бойы балқып, жүзі құлпырып, көзі тұнжырап, қиял дүниесін аралап кететінін қайтерсің. Манарбек əрбір əуен ырғағын тап басып, соны өзіндік нақышпен бейнелеу, ишара жасаумен оркестрдегі домбыра-тенор, шертер, домбыра-прима, домбыра-бас, домбыра-контрабас, қобыз-прима, қылқобыз, бас қобыз, қобыз контрабас, флейта, гобой, сырнай, дауылпаз, барабан, литавра, тарелка, треугольник, тоқылдақ сияқты əрбір музыкалық аспаптың өз арынымен, өз мақамымен үн қосуына жол ашып отыратын шеберлігіне Көкше халқы тəнті болды. Концертте Құрманғазының «Сарыарқа» «Адай», «Балбырауын», Құлшардың «Көңілашар», халық күйі «Кер толғау», Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын дəн» поэмасы, «Кел, еркем, Алатауыма» əні, қазақ, шетел композиторларының əндері орындалды. Бір жарым сағаттық концерттің қалай біткенін көпшілік, тіпті аңғармай да қалды. 

Сонда төгілген ақ тілектер, Мəкеңе деген, оркестрдің əн-күйді орындау шеберлігіне деген елдің ризашылығында шек болсайшы. Елдің көңіліне қатты жаққаны Қазақстан Республикасы Ақындар одағының президенті, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың ақындық дəстүрін жалғастырушы, алдына жан салмаған ақын Көкен Шəкеевтің сахнаға шығып, бата беруі, айбынды ақын Төлеген Қажыбайдың жыр-арнауы. Бұл үлкен серпіліс, үлкен жеңіс, исі қазақтың үлкен тойы болатын. Өйткені, қазақ ұлт-аспаптар оркестрлері тек қана Алматыда Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар, «Отырар сазы», Атырауда, Қарағандыда, Ақтөбеде ғана болатын. Манарбектің көрегенділігін де айта кеткен жөн сияқты. Өмірінің қысқа екенін сезді ме, əйтеуір өзінің жанында тəрбиелеп жүрген Тұрлықожа Базаровты дирижердің пультіне зорлағандай тұрғызып, дирижердің таяқшасын қолына ұстатқанының куəсі болдым. Сол жылы Тұрлығожа Базаровты әдейі Семейге жіберіп, Абылай ханның күйі «Қара жорғаның» нотасын алдырды. Бұл 1995 жыл болатын. Манарбек оркестрді құрып, сара жолға салса, Тұрлықожаның бағын оркестр жандырды.

Күн ортақ. Ай ортақ. Жақсы адам ортақ. Мəкең шынайы достықты жоғары қойды. Қолынан келсе, кімге болса да көмектесуге дайын тұрды. Достықты таусылмайтын қазына деп санады, бағалай білді. Манарбектің талантын, алғырлығын, ұйымдастырушылық қабілетін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев, Көкшетау обкомының бірінші хатшылары Еркін Нұржанұлы Əуелбеков, Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев, идеология жөніндегі хатшысы, майдангер-журналист, атақты Михаил Шолоховтың майдандас досы Бейсен Жұмағалиев, облатком төрағасының орынбасары Зура Шуатаева жоғары бағалады, қолдай білді, жанашырлық танытты. Бейсен Жұмағалиев шетелдік гастрольдерге Манарбектің өнерлі артистерін өзі бастап  барды. 

Манарбектің еңбегі мен шығармашылығын лайықты бағалағандардың алдыңғы қатарында көркем сөздің хас шебері, дарынды журналист, қарымды жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, экс-сенатор Жабал Ерғалидің болғанын елдің есіне сала кетуді жөн көрдім. Манарбектің айналасындағы достарымен таныссаң, Мəкеңді бұрынғыдан да тереңірек танисың. Қазақстанға еңбегі сіңген дəрігер Өмірбек Бəйкенов, ақын, драматург, жазушы Төлеген Қажыбай, Қазақстанға еңбегі сіңген хирург Əкімбай Ерғалиев, облыстық орман шаруашылығы басқармасының бастығы Шəбдан Тоқмұрзин, облыстық мəдениет басқармасының басшылары Аманкелді Ахметжанов, Мұрат Жексембин, Аманкелді Жақыпбеков, Күміс Мұратбекова, ақын, сазгер Кəрім Ілиясов, қалалық мəдениет бөлімінің меңгерушісі Базарбай Кəкенов, ғылым докторы, профессор Сағынтай Елубаев, Көкшетау облыстық кəсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Қабдөш Ахметов, Көкшетау кооперативтік техникумының директоры Сұлтансейіт Хамитов, № 1 Көкшетау қалалық кəсіптік-техникалық училищесінің директоры Еркін Қақабаев, Ақан сері атындағы мəдениет колледжінің директоры Рафаэль Сұлқарнаев сияқты Көкшенің зиялы қауымы мен ақын-журналистері еді. Ақындар Иран сал Тасқараның, журналист Маман Ементаевтың өлеңдеріне əн жазды.

Ал, енді Көкшенің ақиық ақыны Еркеш Ибраһим, қазақ вальсінің «королі» Шəмші Қалдаяқов, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның Халық əртісі Қаршыға Ахмедьяров, композитор Кеңес Дүйсекеевтермен ұдайы шығармашылық қарым-қатынаста болғанын атап, қадап айтуымыз керек. Дауылпаз Сəкен сері Сейфуллин жырлаған Арқаның кербез сұлу Көкшетауы қазақтың ары, намысы, рухы, жер-жəннаты емес пе? Өйткені, хан Абылай ордасын тіккен қасиетті мекен, Науан хазіреттің ілімі қалған рухани орта, қазақтың азаттығы үшін жанын қиған Кенесарының туған топырағы, жер жəннаты. Осы қасиеттерін музыкаға өзек ете отырып Мəкең «Көкшетау маршы» күйін шығарды. Осы мақаламды жазу барысында Көкшенің қадірлісі, «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы», дəрігер Болат Жанəділовпен сұхбаттасқанымда, ол Манарбектің биязылығын, оркестрге жетекшілік еткенін, үлгілі жан болғанын тілге тиек етті.

Манарбектің арқасында менің де музыкаға деген ынтам ашылды. Өйткені, немерем Алмастың домбыра ұстап, күй тартуына өзі тікелей ықпал жасаған адал досым. Алмас төрт жасқа келгенде Манарбек ұлағатты ұстаз Мұхамеджар Рахимбердиннің домбыра бойынша педагогика класына беруге кеңес берді. Бір күні Алмас сабаққа дайындалмай келсе керек. Содан Мұхаң: «Алмас, сен бүгін сабаққа дайындалмай келдің. Мен атаңа айтамын, ол сені ұрады», - дейді ғой баяғы. Сонда Алмас жұлып алғандай: «Атам мені в жизни ұрмайды, ал мына кемпір может», - деп апасы Үмітжанды нұсқапты. Əжесі жаман ұялыпты. Бұл əңгіме Мəкеңе жетеді. Оған риза болған Манарбек, қызық көріп, осыны оркестрдің алдында айтады. Алмас тым жас кезінен сөзге алғыр, анекдоттар айтуға əуес болды. Содан Манарбек оны қызықтап, оркестрдің алдында айтқызатын. Алмаста қысылу, ұялу деген жоқ, анекдоттың түрлі-түрлісін, тəттісін, қаттысын айта беретін. Манарбек оны оркестрдің пультіне шығарып қойып айтқызады. Қыз-келіншектер ұялып төмен қараса, Манарбек ірі денесі селкілдеп, жас баладай мəз болып, көзінен жасы аққанша күлетін. Бұл үрдіс жылына екі рет, Алмас емтихан тапсырған сайын қайталанатын. Бұл енді Манарбектің жас балаға деген риясыз махаббаты, досқа деген шын ықыласы. Мəкеңнің демеуінің, дем беруінің арқасында Алмасым 10 жасында республикалық «Балақай» радиофестивалінің үш, облыстық, қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. 12 жасқа келгенде Құрманғазының «Сарыарқа» «Төремұрат», «Адай», «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар», Тəттімбеттің «Сарыжайлау», Динаның «Əсем қоңыр», Дəулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін, Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны», «Өкініш», Дүнгенбай Ботбаевтың «Бəйге» күйін фортепианоның сүйемелдеуімен оркестрмен қосылып тартты. Қазақтың асыл күйлерін Кремльдің Съездер Сарайында, мұхиттың арғы жағы Америкада да күмбірлетті. Мəкеңе кейде күй тартыңыз десек, мен Алмастың алдында домбыра тартуға ұяламын дейтін. Алмастың домбыра тарту шеберлігіне Манарбек Қасымұлының ұстазы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Тмат Мерғалиев, Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-журналист, Көкшетау обкомының бұрынғы идеология жөніндегі хатшысы Бейсен Жұмағалиев риза болып, оң бағаларын берді.

Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,

Ойлайды олар сонымен ұшталғанын.

Мəңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,

Шəкіртінің биікке шыққандарын.

Манарбектің осындай шынайы қамқорлығына қанық жалғыз мен ғана емеспін. Мəкеңнен үлгі алғандар саны ондап саналады. Шынында, кімде-кім өскен ортасына, тəрбиелеген халқына адал қызмет етіп, азаматтық борышын жоғары ұстаса, сол адам тарихта қалып, құрметке бөленуі тиіс деген даналық қағиданы əбден қабылдауға болады.

Абзал азаматтар өз ескерткішінің тұғырын өз қолымен орнатса, ал мүсінін болашақ соғатыны даусыз. Манарбек Қасымұлы өз бойындағы асыл қасиеті мен дарынын, ұлттық музыканың құдіретін өскелең ұрпақтың бойына дарыта білді, шеберлігін ұштай білді. Кеуде көтермеді, қазақи қарапайымдылығымен елге жақты, ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмеді, үлгілі отағасы, адал жар, аяулы əке. Намысты еді, тізесін бүкпеді, басын имеді, кеудесін бастырмады, төбесіне ешкімді шығармады, басынан сөз асырмады.

«Жігіттің екі гауһары бар» деген сөз бар екен. Олар – білім, бақыт. Бірақ, олардың өз жауы бар. Білімнің жауы – надандық, бақыттың жауы – көре алмаушылық, қызғаныш. Өмірде осы дұшпандар тұрғанда ешқандай таланттың өрісі кеңімейді, тасы өрге домаламайды. Өмір – өткінші, өмір – келте. Сөйтіп жүрген таланттар өз деңгейіне қайдан жетсін! Олардың көп армандары артында қалатыны сондықтан... 

Дегенмен Манарбектің Серікті консерваторияда оқытсам деген арманы өзі өмірден озғаннан кейін барып орындалды. Сонымен қатар Манарбектің тағы да талай асыл арманы ішінде кеткен шығар-ау! Манарбектің бойындағы өжеттік, жақсылық өсіп-өніп, қанат жайған ұясынан дарыған деседі. Ия, адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын соғұрлым өзгенің жақсылығын бағалағыш келеді. Ол мұндай абзал қасиетті өзінің жан дүниесіне жас шағынан сіңіре береді. Туған əкесі Қасымның бір ерлігін Манарбектің өз аузынан естіген едім. Қасым атамыз қыстың бір күні буаз биесін жегіп, көрші ауылға бара жатады. Біраз жүргеннен кейін жолда бір қасқыр кездеседі. Алыстан көрінген қасқыр біртіндеп жақындап, жолдан онша алыстамай, шанамен қатарласа жүріп, ақсақалды тіпті мазақ еткендей, кейде шоқиып отыруға айналады. Ақсақал дала бөрісінің тəсіл-айласын жақсы меңгерген болуы керек, біраз жүргеннен кейін тоқтап, шананы доғарып, биенің үстіндегі ер-тоқымның айылын тартып, бір үзеңгісін шешіп, қолына алып, биеге салт мініп, ақырын ілгері қарай аяңдай береді. Байқасаңыз, ақсақал қолына жетекті алып қасқырды қумайды. Қуғанмен, буаз биенің бөріге жете алмайтынын жақсы біледі. Айлакер қасқыр да Қасекеңнің əр қимылын қалт жібермей аңдып келеді. Бір уақытта аттылымен қатарласа бере қасқыр атылды дейді. Сол кезде Қасым ақсақал қасқырдың ең осал жері тұмсықтан ұрып, олжаға батады. Бұл Манарбектің айтуынша, əкесінің алпысты еңсеріп қалған кезі болса керек.

Пенде баласы өзінің тағдыр жолында жеңіс не жеңіліс, өсу, өшу, өрлеу, құлау сияқты əртүрлі күйге, жағдайға, сезімге тап болады. Ол толқиды, толықсиды, бұлықсиды, бұлқынады, буырқанады, бұрсанады, торығады, салығады, жасиды, мүжіледі, морт кетеді, сынады, қайта тұрады. Қысқасы, басын тауға да ұрады, тасқа да ұрады. Ал, кейде əлдебір жақынынан немесе танысынан, досынан, тіпті қасынан, дұшпанынан не болмаса əйтеуір білетін біреулер бұл дүниеден озғанда, оның бұл дүниедегі ойсыраған орнын жоқтап, пенде баласының кейде құлазитыны бар. Осындайда ішкі дүниең бос қалғандай көрінеді. Не қуаныш жоқ, не реніш жоқ. Əйтеуір бір кеуек дүние. Ал, кейде жан дүниең жабығып, өтіп кеткен əлденелерге деген ғаламат сағыныш оянып, ұлы мұң билейді бойыңды. Ішкі дүниең үнсіз жылап, егілгендей боласың.

Көгала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егіліп,

Жас ағады аулақта, – 

деген ұлы Абай. Айна-қатесі жоқ. Бұл күйде есі бар, ақылы бар əрбір пенде болады. Осындай күйге өзің де енесің. Өйткені, адам болып туылғаннан кейін, көрмейін десең, көзің бар, сезбейін десең, сезім бар болған соң. Осындай ауыр қасіретке Манарбек жұбайы Күлəй қайтқанда душар болды. Бəріміздің де қабырғамыз қайысып қайғырдық. Амал не, Алланың пендесіне жіберетін сынына қарсы тұру еш адамның қолынан келген емес, келмейді де. «Бақ пен талант құдайдан, ердің күтімі жұбайдан» деп бекер айтылмаған. Атбегі, құсбегі сияқты ер адамға да азаматбегі – жар, бапкер керек. Еркек те баққан-қаққан сайын, сылап, сипаған сайын құлпыра түседі, жасара түседі. «Əйелің жақсы болса, шешеңнен кем болмайды» дегенді біздің қазақ тауып айтқан. Мəкең – сүйіп қосылған жары Күлəйдің мейірімін, қамқорлығын, адал қызметін молынан көрген азамат.

Күләй Тұяққызы

Өзіміз куə болғандай, Күлəй жеңгей Манарбекті алақанына салып аялап, ішкенін алдына, ішпегенін артына қойып, күнде үйдің төріне отырғызып, төреден кем күтпеді. Серікті күтемін деп Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жұмысын қалдырып кетті. Күлəй мен есімі бүкіл Көкшеге мәшһүр Салиха Илиясқызының анасы Күлмəрəт бірге туған екен. Əкелерінің есімі Тұяқ. Манарбек Қасымұлы мен Мұрат Айтмұқанұлы бажа. Қазақта «Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату» деген мақал осы екі асыл азаматқа қарата айтылғандай. Атадан бата алған бұл бажалар бескүндік жалғанның өткінші екенін шын мəнінде түсініп, бір-бірімен қатты сыйласты, бірін-бірі қолдады, көңілдерінің аласы болған жоқ.

Бақыт деген – қолмен ұстап, көзбен көретін, өлшеуге, санауға, салыстыруға сыймайтын ерекше бір құбылыс, ерекше бір күй. Сайып келгенде, бақыт деген қанағат, шүкіршілік, тəуба. Ал, домбырашы, баянист, пианист, композитор, жетіген, сазсырнайдың шебері, дарынды Мəкең «бар» деп аспайтын, «жоқ» деп саспайтын қанағатшыл, шүкіршіл, тəубешіл, ынсапшыл жан еді. Жалғыз ұлы Серікті, тіпті желге тигізбей мəпелеп өсірді десе де болады. Біз Мəкең мен Күлəй жеңгейді қонаққа шақырсақ, Мәкең маған: «Серікті өзіңіз шақырмасаңыз, өкпелеп келмей қалуы мүмкін», - дейтін. Содан кейін мен əдейі телефон шалып, ерке ұлын қонаққа шақырып, мəз болатынбыз. Серік сондай əдемі əрі сүйкімді, қылығы тəтті бала болды. Манарбектің жора-жолдастарының бəрі жақсы көр ді, еркелетті. Мəкең болашақты болжай отырып, Серікті қаланың атақты №1 орта жəне музыкалық мектептерінде оқытып, музыкалық училищеде екі бірдей: домбыра жəне вокалдан мамандық алғызды: «Əкең өлсе де, əкеңді көрген өлмесін» деп тегін айтылмаған. Манарбек дүниеден озған соң Серікті біз, жолдастары, ағайын-туыстары жалғыз қалдырғамыз жоқ. Əсіресе, Мəкеңнің ұстазы Тмат Мерғалиев, туған нағашысы Самат Қадіралин, асыл текті азамат Сағынтай Елубаев, жас кезінен бірге өскен, атақты ұстаз Сабыр Мəліковтың жиені, Абай Мырзахметов атындағы университеттің ректоры, заң ғылымының докторы Мəди Сағынтайұлы Елубаев, Біржан сал атындағы колледждің оқытушылары қамқоршы, шын жанашыр болды, бар ауыртпалығын көтерді, жəрдем берді, қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ, құлағанда тұрғызды, сүрінгенде сүйеді, жебеді, желеді.

«Жақсы əке баласына қырық жыл азық» дегенге осы жолы анық көзім жетті. Серік музыкалық колледжді бітірісімен, Мəкеңнің ұстазы Тмат Мерғалиев əдейі келіп, оны Алматыға алып кетіп, жетектеп жүріп Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсірді. Өзінің үйінде тұрғызып, халы, күш-қуаты барда демеді, бас-көз болды, ақыл-кеңесін аямады. Бірақ Серік басқа оқу орнына ауысып, дипломды мерзімінен көп кеш алды. Соған қарамастан, Күмісбек Кенжебеков атындағы Ақмола облыстық филармониясының басшылары Людмила Александровна Богапова мен Нұргүл Ескендірқызы Шəйкенова Серікті ұлт-аспаптар оркестріне домбырашы əрі əнші қылып жұмысқа алды. «Қыз-Жібек» операсынан Төлегеннің ариясын орындатты, «еркелігін» көтерді, қабақтарын шытпады.

Серіктің бір осалдығы – жас баладай аңқау, əркімге сенгіш, алды-артын терең ойлауды білмейтін ақкөңіл жігіт. Осы аңқаулығын əркім пайдаланған кезі болған. Мысалы, тіпті Манарбекті жақсы білетін жəне өзімен бірге жүрген бір жылпос жігіт, бұзылып, жүрмей тұрған «Волга» жеңіл автокөлігін Серікке алдап сатып, мойнына бірнеше жүз мың кредит іліп қойды. Негізінен Серік жаны жомарт адам, кездескенде шəйға шақырудан айнымайды. 

Шынында да, біз балаларымызды, немерелерімізді көзсіз еркелетеміз, өмірге шынайы бейімдемейміз. Кейбір жастардың өмірдің ауыртпашылығына төзбей жататыны осыдан. Қазақтың бас ақыны, төбе биі Абай кесіп айтқан: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бəрі виноват». Осы аталы сөздің бəрімізге де қатысы бар сияқты.

«Адам ессіз болып туады, есалаң болып өмір сүреді, есі кіргенде өледі» деген екен Асқар Тоқпанов. Осы айтылған сөзде даналық бар. Мұрат Мөңкеұлы қазақ елінің тəуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады.

Мен қауіп еткеннен айтамын,

Кейінгі туған баланың

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін.

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін.

Адыра қалғыр заманның,

Мен ұнатпаймын реңін, – 

деп зар заманды толғаған Мұрат ақынның жырлары бүгінде өз маңыздылығын жойған жоқ. Ал, бүгінгі қазақтың қайғы-қасіреті, трагедиясы рухани дағдарыс, адамдарды аздырып, тоздыруда, барлық адами қасиеттерді құнсыздандырып, жақсылық атаулыдан жұрдай қылып, адамды құлқынның, нəпсінің құлақкесті құлына айналдырып барады. Əсіресе, ұрлық-қарлық, зинақорлық, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, өтірік-өсек, көзбояушылық, имансыздық, ұятсыздық сияқты санамызға сыймайтын жаман əдеттер жастардың бойына сіңуде. Қоғам болып, ата-аналар бірлесіп, қаулап келе жатқан өртті өршітпей, дер кезінде сөндіруіміз керек, ағайын.

Желден жүйрік уақыт. 2017 жылы қаңтар айының 27 жұлдызында Манарбектің өмірден өткеніне 20 жыл толды. Мен Манарбектің өмірі, шығармашылығы туралы, көз көрген жандардың естеліктерін жинап, «Қалдырған ізі мәңгілік» кітабын жаздым. Сол күні Кенжебек Күмісбеков атындағы облыстық филармонияда Манарбекті еске алу кеші өтіп, кітаптың тұсаукесерін өткіздік. Кейін Біржан сал атындағы музыкалық колледжде Манарбектің атындағы класс ашылды. Манарбек 57 жасында өмірден өтті. Әйтпесе, биылғы жылдың маусым айының 16 жұлдызында 85 жасқа толар еді. Оның өмір жолы тұнып тұрған үлгі-өнеге деуге əбден болады. Бізге өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қай-қайдағыны үлгі тұтып, табынудың қажеті керек пе? Өмір сүре білудің, адал еңбек етудің, табандылық пен төзімділіктің, отансүйгіштіктің, бір сөзбен айтқанда, тіршілік үшін күресудің үлгісі міне, мəңгілік із қалдырған Манарбек Қасымұлы сияқты ағаларымызда. «Тірі өледі, жер қойнауы жатағы, ізі қалады, жақсы болса атағы» деген екен Жүсіп Баласағұн. Күйші, сазгер, ұлағатты ұстаз, адал достың Көкше өңіріне сіңірген еңбегін бағалай отырып, аты өшпес үшін Көкшетау қаласындағы балалар музыкалық мектебіне Манарбектің есімін беру керек деп ойлаймын. «Өмірден өткен адамдар замандастарының санасында өмір сүреді» дейді. Сондықтан, біз, бірге ойнап-күліп жүрген замандастары, шəкірттері, туған-туыстары Манарбекті ұмытуға хақымыз жоқ. Ендеше, артында өшпестей із қалдырған Манарбектің есімін əспеттеп, елдің есінде қалдыру біздің достық қарызымыз, азаматтық парызымыз деп санаймын.

Мұрат қажы Ыдырысұлы, 

Біржан сал ауданының құрметті азаматы, үздік өлкетанушы,

«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі