«Егемен Қазақстан» және елорда
21.05.2024 1468

Біз өткен мақаламызда Қазақстанның астаналары және сол әр кезеңде ауысқан астаналармен бірге көшіп отырған еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» жайлы аз-кем жазған едік. Бүгін ел газетінің Астана жайлы толғаған тақырыптарына тоқталатын боламыз. 


«Астананы көшіру – еліміздің тарихындағы ерекше белес. Ұлттық тарихымыздың жұлдызды сәті бұл» [Ақордалы астана. 2008. ARNA-B. 3-бет]. Елорда шежіресін жазуда «Егемен Қазақстанның» үлесі зор. Астананың елорда болып түрленуін, бұрынғы тарихы мен бұрынғы дидарын, келешек келбеті туралы әңгімелейтін ойлы, проблемалы мақалаларды, қаламгерлер толғанысын, қайраткерлер сұхбатын, арнаулы беттерді бас басылым бүгінге дейін үзбей жариялап келеді. Бұл тақырыбымызда «Егемен Қазақстан» газетінде 1998-2010 жылдар жарық көрген материалдарды талдауға тырысамыз. 

Тәуелсіз, дербес мемлекеттің басты белгілері ретінде өз ақшасы, әскері, мемлекеттік басқару органдары және осыларға сәйкес мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны болуы керектігін білеміз. Мұның бәрі де Қазақстан сонау тәуелсіздігін жариялап, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданғаннан бері жүзеге асып үлгерген. Ал мемлекеттіктің тағы бір белгісі – астана, ол – тәуелсіз мемлекеттің әкімшілік, саяси, экономикалық, мәдени орталығы. Астана – өкімет пен мемлекеттік басқарудың жоғары органдарының және жоғары сот, әскери, әкімшілік мекемелердің орналасқан жері. 

Қазақстанның астанасы Астана осы айтылған талаптардың бәріне де жауап беретін қала. Яғни, республикамыздағы әкімшілік, саяси құрылымдар шоғырланған ірі экономикалық және мәдени орталық, қайталанбас сәулеті тамаша қала Астананы бүгінде бүкіл қазақ халқы, республикамыз тұрғындары мақтаныш тұтып, жақсы көретіні шындық. Астананы мекендеп, осында еңбек ету әрбір адамның асыл армандарының бірі десек артық айтқандық болмас. Республикамыздағы басқа көптеген қалалар мен ауыл тұрғындарының астаналықтарға қызыға қарайтыны әркімге де белгілі. Өйткені, бұл – астана ғой.

          Кезінде астананы Алматыдан Ақмолаға көшірер сәттегі ең алғашқы айтылған ойлар мынадай еді: «Алматының бір-ақ күнде немесе бір-ақ жылда мұндай тамаша қала болып шыға келмегенін ескерген де жөн. Егер республикамыздың облыс орталықтары болып тұрған кез-келген қаланы астана етіп белгілесе, оның да осы талапқа сай әрленіп, жаңғырып, құлпырып шыға келуі әбден мүмкін. Өйткені, қалаларды жасайтын, тұрғызатын адамдар емес пе! Қазақстан астанасы ретінде баяғы қалпында Орынбор немесе Қызылорда болып қалғанда осы күні олардың атын аузымыздан түсірмей тамсанып отырмасымызға кім кепіл?! Осы екі қалаға да тұрақты орын тебе алмай астана Алматыға көшірілді. Әрине, әсем Алатау аясындағы қаланың тамаша көркіне бола астананың бұнда ауыстырылмағаны аян. Оған түрлі саяси, әлеуметтік, мемлекеттік маңызды оқиғалардың өз әсерін тигізгендігі белгілі...» [Досымжан ҚАПАС ТЕГІ. Астананы Ақмолаға көшірсек... //Қазақ әдебиеті, 18 қыркүйек, жұма, 1992 жыл N38]. Десек те, біз аз ғана жылдар ішінде әлемді аузына қаратар айбынды да әсем, қазақы болмысы бар қала – Астананы тұрғыздық. Бұл – тарих талғамы,... ежелден еркіндік аңсаған ер қазақ баласының батырлығының, батылдығының тағы бір көрінісі екендігіне көз жұма алмаймыз. 

Бас қаланың тарихы 

Ендеше, әңгімеміздің әлқиссасын Астананың өткен тарихынан бастайық:

Ақмола – сол жерде көп кездесетін ақ қайрақ тастардан қаланып, әдемілеп жасалған ескерткіш-белгілер. Сондай ескерткіштердің (мола) бірі Есіл өзенінің бойында, ескі керуен жол өтетін Қараөткелде болған. «Мола» сөзі ғұндар тілінде де кездеседі. Византия жазушысы Прокопийдің айтуынша, бұл сөз арқылы ғұндар қорған, қамалдарды білдірген екен. Ақмола XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған сәулетті күмбез болатын. Ондай тастан, күйдірілген кірпіштен жасалған күмбездер Есіл мен Нұра бойында көп (Ботағай, Сырлытам, Көктем, Сұлутам т.б.) кездеседі. Ақмола күмбезінің табаны (қабырғасы) төртбұрышты текше түрінде қаланып, үстіне шардың жартысына ұқсаған, не киіз үйдің шаңырағы тәрізді күмбез орнатқан. Ол жолаушының көзіне алыстан жарқырай көрініп, Есілдің жағасын бес-алты ғасыр бойы сұлулыққа бөлеп тұрған екен. Сондықтан да жұртшылық оны «Ақмола» деп әлпештеп атап, ғасырлар бойы сол төңіректегі Есіл өлкесінің атауына айналады. Есіл бойына 1832 жылы дуан салынғаннан кейін Ақмола сол дуанның, кейін қаланың, оның уезінің және облысының ресми атына айналды. [Досымжан ҚАПАС ТЕГІ. Астананы Ақмолаға көшірсек... //Қазақ әдебиеті, 18 қыркүйек, жұма, 1992 жыл N38]

1922 жылдың әкімшілік реформасы (Александр I қабылдаған «Сібір қырқыздары туралы жарғы») бойынша қазіргі Ақмола облысының аумағы жаңадан құрылған Омбы облысының құрамына енгізіліп, әкімшілік дуандар мен ауылдарға бөлінген болатын. Арқа түкпіріндегі ең маңызды дуандардың бірі Ақмола сыртқы, яғни «шекаралық» дуан болды. 

Бастапқы кезде бекіністі қазіргі қаладан 35 шақырымда Нұра өзенінің бойындағы Ақмола межелі аумағында салмақ болған. 1822 жылы 18 маусымда қазақ болыстықтарының сұлтандары мен ақсақалдары дуандық бұйрықты салу үшін орынның таңдауымен келісіп, қолхат берді. Бұрынғы орын қолайсыз болған. Өйткені Нұра мен Есіл көктемде жағасына шығып, жан-жақты су басып кететін болған. 

Құрылыс Есіл өзеніне, Қараөткел межелі аумағына көшірілді. Осы жерде Есіл өзенінің үсті арқылы ертеректе сауда керуендері өткен болатын. 

Бұл 1822 жылы 18 маусым (жаңаша жыл санауы бойынша 1 шілде) күнін Ақмола қаласының негізі қаланған күн деп санауға болады. 

Құрылыс 1822 жылы  25 маусымда басталды және құрылыс материалдарының жеткіліксіз болуы салдарынан және олардың көбі Петропавл мен Омбыдан әкелінгендіктен өте қиын жағдайларда жүргізілді. 

Ең басында қорғаныс кезінде баспана және қорған болған бірнеше саман казармалары мен ағаш үйлер салынды. 

Бұйрықты бекіту үшін алқаптық бекініс салу ұйғарылды. 1824 жылы салынған (1921 жылы бұзылды) Ақмола бекініс мұнарасы орталық солтүстік бастионды бекітті. Қазір бұл жерде Қажымұқан Мұңайтбасов атындағы стадионның қақпасы тұр. Жоспар бойынша Ақмола бекінісі оңтүстік жағынан Есіл  өзеніне тиіп тұрған, ал батысы мен солтүстік жағында қалың қамыс басқан батпақ пен шығысында кең даламен қоршалған, сондықтан да әскери-стратегиялық жағынан бекініс өте тиімді орналасқан және қорғалған.

Уақыт өте келе, оның батыс жағында (казактар отриядының тұрағы мен Замарайка өзенінің арасында) отставкаға шыққан солдаттар, ұсақ саудагерлер мен кәсіпкерлер мекендеп, «Слободка» атты топты құрды. 

1845 жылы Горький станциясынан Ақмола қаласына жеребе бойынша 100 казак отбасы көшірілді. Олар бекіністің шығыс қабырғасы астында «Казачье» станциялық поселекесін құрды.

Кедей жатақтар мен базарда ұсақ саудамен немесе ұсақ кәсіппен шұғылданған ауқаттылау адамдар бекіністің солтүстік-шығысына қоныс теуіп «казак поселкесін» құрады.

Осылайша болашақ Ақмоланың негізгі аудандары: «бекініс» (қазіргі Желтоқсан, Кенесары көшелері шегінде), «слободкалар» (Сарыарқа көшесінің ауданы және т.б.), «Казак слободасы» (Республика даңғылы) және одан кейінірек – «қала» құралды.

1862 жылы Ақмола қала мәртебесіне ие болды. 1869 жылы онда 5172 адам тұрды. Бекініс біртіндеп өзінің мәнін жойды да, 1876 жылы бекініс ретінде жойылды. 

Ол кезде Ақмола өнеркәсібі қолдан жасау сипатында болды. 1913 жылы қалада 9 кірпіш зауыты, 4 қыш шеберханасы, 2 механикалық диірмен, 21 ұстахана, 1 қой-елтірі зауыты, 2 тері-былғары зауыты және т.б, жалпы саны 208 адамдық 40 кәсіпорын болған. Сонымен қатар қалада 100-ден астам жел диірмені болған. 

Революциядан кейінгі бірінші бесжылдықтарда Ақмола облысы ауыл шаруашылықты аудан ретінде дамыды. Сондықтан да ірі өндірістік кәсіпорындар тек қана Ұлы Отан соғысы кезінде, неміс-фашист басқыншылығына ұшыраған облыстардан кейбір зауыттар көшірілгенде ғана пайда болды. Осылайша Ақмола насос зауыты, Қазақауылмаш және т.б бір талай зауыттар пайда болды. 1956 жылы Ақмолада ірі кәсіпорындар және темірбетон құрылғылар зауыты, паровоз және вагон деполары, май зауыты, нан комбинаты және т.б жұмыс істеді. 

1954 жылы Ақмола облысы аумағында 27 жаңа дән совхозы пайда болды, 710 000 гектар тың жер игерілді. Осылай Ақмола облысында ССРО Үкіметінің «Елдегі дән өндіруді арттыру және тың мен тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулысын іске асыру басталды. 

Өткен ғасырдың 60-жылдары Қала дамуы бас жоспарының концептуалдық негізі жасалған болатын [Астана қаласының тарихы// Астана – жаңа қала. 97-98 б.].

1961 жылы Ақмола аты өзгертіліп Целиноград қаласы, Целиноград облысы атанды [Досымжан ҚАПАС ТЕГІ. Астананы Ақмолаға көшірсек... //Қазақ әдебиеті, 18 қыркүйек, жұма, 1992 жыл N38]. ССРО Министрлер кеңесі 1961 жылы қаланың түбегейлі өзгерістерін жоспарлаған Целиноградты дамыту туралы арнайы қаулы қабылдады. Көпшілік ірі панельді құрылыс жоспарланды, Мәскеу қаласының 29 құрылыс индустриясы зауыты құрылыс механизмдері мен материалдарын жеткізіп берді. Те қана бір жылдың ішінде мәскеуліктер мен ленинградтықтар 100 мың м² тұрғын үй ауданын, бірнеше мектептік және мектеп жасына дейінгі учаскелерді пайдалануға тапсырды. 

Сол кезде Ленинградтың «Горстройпроект» жобалау институтымен (архитектор Г.Я. Гладштейн) басқа қалалардың бас жоспарлары үшін үлгі болған, сол кездегі совет қала салу теориясы мен практикасы көрініс тапқан, Целиноград қаласының жаңа ас жоспары әзірленді.

Осы жұмыс практика жөнінде Н.Милютиннің поястық қалаларды ұйымдастыру жөніндегі өз табиғаты бойынша жаңа идеясын іске асырды. Бұл ұсыныстың мәні параллелдік аймақтарда, бірінің жанында бірі орналасқан тұрғын үймен, қоғамдық қызмет көрсетумен және өндіріспен тығыз байланысқа қол жеткізу. Адамдардың қозғалысы қала дамуының линиясы бойында емес, оның көлденеңінде көзделеді. Бұл сұлбаның жаңалығы мен принципиалдығы болып табылады. 

Целиноград қаласының дамуы кезінде, кейбір алшақтықтар болған күнде де, негізінен функционалдық аймақты сақтайтын бас жоспарға сәйкес болды. 

1992 жылы Совет Одағы таратылғаннан кейін Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізді. Қалаға оның бұрынғы Ақмола деген атауы қайтарылып берілді. Егеменді Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы астананың Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілуі туралы шешім қабылдады [Астана қаласының тарихы// Астана – жаңа қала. 97-98 б.].

Ия, бұл шешім аяқ астынан қабылданбағаны да белгілі. Ақмолаға еліміздің елордасы мәртебесін беру туралы мәселе алғаш көтерілген кезде-ақ оны сан-саққа жүгіртіп, жоқты бардай, болмашыны дардай етіп көрсетуге тырысушылардың аз болмағаны белгілі. Болашақ астананың кескін-келбеті, орналасқан жері, табиғаты мен ауа райы хақында сол шақта небір жеңіл сөздердің селдей ескені де ешкімге құпия емес. 

Таңдау Ақмолаға түсті!

 Егерде дүние жүзіндегі мемлекеттердің даму тарихына үңіле қарайтын болсақ, онда әр елдің саяси, экономикалық, басқа да өмірінде астананың өте үлкен орын алатындығын байқаймыз. Өйткені, астана болатын қала жайдан-жай белгілене салмаған. Оған сол кездегі мемлекеттің саяси, экономикалық жағдайы, ұстанған позициясы, астана болатын жердің географиялық орналасуы, т.б. факторлар әсер еткен. Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты барлық мәселелер міндетті түрде ескерілген. Тек содан соң ғана барып нақты шешім қабылданатын болған.

Еске түсіріп байқасақ, көптеген мемлекеттер өз астаналарын бірнеше қайтара өзгертіп, бір орыннан екінші орынға көшірген. Басқаны былай қойғанның өзінде Қазан төңкерісінен соң Ресей астанасы Петербордан Мәскеуге көшірілді. Батыс және Шығыс Германия мемлекеттерінің бірігуіне орай астанасын Бон қаласынан (екінші дүниежүзілік соғыстан соң құрылған Германия федеративтік Республикасының астанасы) қайтадан Берлинге көшірді. Бұл да сол кезеңдегі саяси өмірден туындаған қажеттілік. 

Жоғарыда атап өткеніміздей біздің елдің астанасын Ақмолаға көшірудегі себеп те әуел бастан анық айтылған еді. Деректер мен дәйектерге жүгінер болсақ «Қазақ әдебиеті» газетінің 1992 жылғы 18 қыркүйектегі нөмірінде жарияланған «Астананы Ақмолаға көшірсек» деген мақаланың оқырман назарын бірден аударғанына күмәніміз жоқ. Авторы – Досымжан Қапас тегі. Бұлай деп сеніп айтуымызға да дәлелдер жетерлік. Осы мақалада Алматының ендігі жерде ел астанасы болуына қолайсыз тұстарын айтып өтеді: «Ең алдымен, тәуелсіздік алып, дербес мемлекет атануымызға орай халықаралық аренадағы геосаяси жағдайымызға көз жіберуіміз қажет. Осы тұрғыдан қарағанда астананың орналасуы айта қаларлықтай қолайлы емес. Болашақта мемлекетіміз астанасының сырт күштер шабуылынан қорғалуы мәселесін ескерсек, оны республикамыздың ішкері жағына, мүмкіндігінше орталыққа қарай көшіргеніміз жөн болатын сияқты. Екіншіден, Алматы қаласы орналасқан жер сейсмикалық жағынан өте қауіпті аймақтардың бірі. Тектоникалық жер қыртысы жарықтарының бірі дәл Алматының асты арқылы өтетіндігін де мамандар айтып отыр. Ғасыр басында ғана Верныйда болған жер сілкінісі кезінде пайда болған жарықтар әлі де бар. Үшіншіден,экологиясы. Қазір Алматы республикамыздағы экологиялық жағдайы ең қолайсыз қалалардың бірі. Алматы үстінде тұтасып, үнемі сейілмей тұратын түтінді-газды улы қалдықтар шешуін таппас мәселе болып отыр. Кей сәттері тау аңғарынан келетін үп еткен самал жел де бұрынғыдай емес, түтін бұлтын ыдыратуға қауқарсыз. Өйткені, қала тау баурайындағы ойпатқа орналасқан. Әрі көп қабатты құрылыс жүргізілгенде архитектуралық-жобалау жұмыстарының жеткілікті ойластырлмағаны да өз әсерін тигізуде. Олар таудан келетін самал желге көлденең салынып жолын бөгеп қалғандығын енді-енді шуылдап айтып жатырмыз. Төртіншіден, сел қаупі. Бұл да табиғат апаты. Тылсым да дүлей күш. Тауды жарып, тасты ағызатын сел үшін Медеу сайындағы бөгеннің айтарлықтай қауқар көрсете алмауы мүмкін. Бесіншіден, қала халқының жыл сайын көбейе түсуі де қолайсыз факторлардың бірі. Деректерге қарағанда астана халқы жыл сайын 200-250 мың адамға ұлғайып келеді екен. Мемлекет астанасына тұрғындардың көп шоғырланып, қала көлемінің тоқтаусыз өсе беруі заңдылық. Осыған сәйкес қала ұлғайған сайын оның өзекті мәселелері де көбейе бермек. Ал, Алматы үшін дәл қазіргідей жағдайда халық санының тым көбеюі апатпен тең. Өйткені ең басты тажал – экологиялық жағдайымыз бұдан да күрделене түсетініне сөз жоқ» [Досымжан ҚАПАС ТЕГІ. Астананы Ақмолаға көшірсек... //Қазақ әдебиеті, 18 қыркүйек, жұма, 1992 жыл N38]. 

Бұдан отыз екі жыл бұрынғы пайым осы болатын. Астананы көшіруді әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, республиканың Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы Николай Михайлевич Макиевский 1995 жылы 21 қыркүйекте ҚазТАГ тілшесісіне берген сұхбатында да осы салдарды көрсеткен-ді. Аллаға шүкір, бүгінде Алматы аман-есен. Бірақ біз жоғарыдағы себептерді көлденең тарта отырып астанамызды Ақмолаға көшірдік. Ендігі сөз не үшін кең байтақ қазақ даласынан тек қана Ақмола таңдалғаны жайлы болмақ. 

Бұл орайда бірқатар жәйттер ескерілді, – дейді сол кездегі астананы көшіруді әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, республиканың Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы Николай Михайлевич Макиевский ҚазТАГ тілшісіне берген сұхбатында. Сұхбат барысында жаңа астананың орналасу орнын елдің географиялық кіндігіне жақын жерден таңдау принципі оны Ақмола қаласында орналасудың жөн екенін көрсетті делінген. Атап айтар болсақ, Ақмола республиканың негізгі аумағына қарағанда оның орта тұсында, Қазақстанның географиялық кіндігіне орналасқан; қала аса ірі күретамыр жолдардың қиылысында, Ресейдің жол қатынастарына жақын орналасқан; әуе қатынасы үшін іс жүзінде ешқандай бөгет жоқ. Ақмоланың әуежайы жыл бойы «ашық» тұрады; Ақмола өзінің аумағын кеңейту тұрғысынан ешқандай қиыншылықты сезінбейді; қалаға әлдеқандай қауіпті табиғат апаттары төніп тұрған жоқ; Ақмоланың тіршілікті қамтамасыз етудегі инженерлік жүйесі тұтастай алғанда қанағаттанарлық; Ақмоланың электр қуаты арзан; мұндағы аймақтардың орналасуы мынадай. Тұрғын үйлер мен қаланың қаланың қоғамдық бөлігі оның жел жағына орналасқан. Ал өнеркәсіпті аймақтың ластары желдің ығымен ауа кеңістігіне тарап кетеді [Елорда/ құрастырған, түсініктерін жазған Аупбаев Ж. – Астана: Фолиант, 2008. 15-16 бб.].

Қандай себептер көрсетілгеніне қарамастан ел арасында да, бұқаралық ақпарат құралдарында да алып қашпа арзан сөздер де аралап жүрді. Ілияс Қарағозинның «Арқа ажары» газетінің 1993 жылғы 29 қаңтардағы нөмірінде жарық көрген «Астана болуы да ғажап емес» атты мақаласында Ақмолалықтардың астана көшіп келеді екен деген сыбысты бастағанын, Президенттің сөзінен кейін сыбыс сейілгенін жазады. Бірақ Мәскеудегі «Комсомольская правда» газетінде Ақмола қаласының астана болатындығы жөнінде шағын мақала жарияланғаннан кейін сол сыбыс аржағында бір шындық жатқандай болып көрінді деп сабақтайды автор мақаласн. Шынымен де «Комсомольская правданың» «Ақмоланы орталық ету жөнінде Республика Жоғары Кеңесінің қазан айында өтетін сессиясында қаралады» деп жазуы негізсіз емес еді. Осыдан іле-шала «Халық кеңесі» газетінде «Меніңше, бұл мәселе Республика Президентін де біраздан бері толғандырып жүрген тәрізді. Бәлкім Жоғары Кеңестің алдағы сессиясында бұл күн тәртібіне де қойылып қалар» деп жазылуы айтылған алып қашпа сөздердің ақиқатқа бір табан жақындап қалғанын аңғарта бастады. Себебі бұны жазған автор осы газеттің бас редакторы Сарбас Ақатаев. Ал газет үкіметтің өз газеті. Осыдан 4-5 күн өткен соң «Егемен Қазақстанға» Ержұман Смайылдың «Алматы астана бола алмай ма?» атты мақаласы шықты. Бұнда редактордың бірінші орынбасары астананы әзірше көшірудің қажеті жоқ екенін дәлелдейді [Ілияс Қарағозин. Астана болуы да ғажап емес. // Арқа ажары. 29 қаңтар, 1993].

Ақыры Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 20 қазанда астананың Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілуі туралы шешім қабылдады.

Көш

Іле-шала Ұлы көш басталды да кетті. Президент Жарлығының бұлжымай орындалып жатқанының бір айғағы ретінде алғашқы көш Арқа төсіне ат басын тіреді. Ең алғаш болып 1996 жылы 25 желтоқсанда келген республиканың Көлік және коммуникациялар министрлігі болды. 

1997 жылы қарашаның 8-і күні Арқадағы жаңа астанаға еліміздің асқақтығын әйгілейтін мемлекеттік нышандары – ту, елтаңба бет алды. Көш бастаушысының Алматыдан аттанардағы салтанатты сәтін газет тілшісі Гүлзейнеп Сәдірқызы былай деп жазады: «Егемен Қазақстанның елдігін, еркіндігін айғақтайтын ол мемлекеттік рәміздері десек, көк түсті, алтын шапақты күні күлімдеп, қыраны көкке өрлеген мемлекеттік туымызды, ай мүйізді, алтын қанатты пырақ пен қарашаңыраққа шаншылған уық шашырап келе жатқан таңның шапағаты бейнеленген Елтаңбамыз бен Президенттің мөлдір аспан түстес көк байрағын желбіретіп жаңа астанаға көшіру – сөз жоқ тәуелсіз ел тарихындағы ғасыр табалдырығын аттар кездегі ұмытылмас ғажайып сәт» [Гүлзейнеп Сәдірқызы. Мемлекеттік рәміздер жіберілді. // Егемен Қазақстан. 11 қараша, 1997]. 

«Егеменнің» сол кездегі Ақмоладағы журналистері Сейфолла Шайынғазыұлы, Мағжан Садыхан және Мұратбек Тоқтағазылар осы сәттегі қуаныштарын жұрттан жасырмай, репортаждарына арқау етіп те үлгерді: «Әрісі анау Тоныкөк пен Күлтегіннен басталып, берісі кешегі Абылай хан дәуірімен жалғасқан Қазақ елі өз тарихында талай-талай қилы замандарды басынан өткерді. Бір уақыттарда қасиетті Түркістан, Сауран мен Ұлытау елдегі ұлы оқиғалар кіндігіне айналса, кейін Орынбор мен Ақмешіт сияқты қалалар мемлекет астанасы атанды. Ал соңғы 70 жыл көлемінде көк желегі мен гүл бақтары көмкерген әсем де асыл Алматы кең байтақ қазақ даласына шапағатын таратып, бүкіл халық жүрегімен бірге соқты. Енді міне, осындай абыройлы да жауапты шақ қазақтың құтты мекендерінің бірі – Қараөткел төріндегі Ақмола қаласына да туып отыр» [Шайынғазыұлы Ш., Садыхан М., Тоқтағазы М. Ту келді! // Егемен Қазақстан. 11 қараша, 1997].

Астананың ақпараттық кеңістігі кеңи бастағанын ұлы көштің алғашқы кезеңдерінен-ақ байқауымызға болады. Алматыдан Астанаға бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде алғашқы болып қоныс аударғандардың қатарында Қазақ радиосы, «Қазақстан – 1» телеарнасы, «Хабар» және сол кездегі «ҚазААГ» бар еді. Бұл жайлы сол кезде, яғни 1999 жылы 2 наурызда бас басылымның тілшісі Сейфолла Шайынғазыұлы деректер көрсетіп, дәйектер былайша айтып кетеді: 

1). Күн сайын таңертеңгілік сағат 6.00-де өз хабарларын еліміздің әнұранымен ашып, түнжарымында сол әнұранмен аяқтайтын Қазақ радиосы Астана студиясының жаңа елордада жұмыс істей бастағанына бір жылдан астам уақыт өтті. Бас қаладағы ең алғашқы хабарын Ақмола Президент Жарлығымен еліміздің ресми астанасы болып жарияланған күн – 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастаған аталмыш студия елордадан бастау алып жатқан саяси оқиғалар мен әлеуметтік-экономикалық саладағы жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып бүкіл Қазақстан жұртшылығына таратып келеді. 

2). Ал енді Алматыдан сол кездегі Ақмолаға республикалық бұқаралық ақпарат құралдары ішінде тұңғыш қоныс аударған алғашқы қарлығаш – «Қазақстан – 1» телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасы екенін ерекше атап өту қажет. 1997 жылдың 8 қарашасында жаңа елордадан бірінші болып эфирге шыққан «Ақшам» бастапқы жұмыс ырғағынан әлі күнге дейін танған емес. Осы орайда жоғарыда аттары аталып өткен Қазақ радиосы мен «Қазақстан – 1» телеарнасының бастарын біріктіріп бүкіл республика аумағына хабарларын тарататын Қазақстан теледидары мен радиосы республикалық корпорациясы басшылығының толық құрамымен Астана қаласында жұмыс істеп жатқандығын да айта кету ләзім. 

3). Құрылғанына онша көп уақыт болмаса да көрермендер көңілінен шығып үлгерген келесі бір телеарна – «Хабар» агенттігі. Ол Ақмола жеріне алғаш рет 1997 жылдың 21 қазанында табан тіреген болатын

4). 1997 жылдың аяғында Қазақ ақпарат агенттігі – ҚазААГ-та Астанада өз бөлімшесін ашқан болатын. 

5). Бұл айтылғандардың сыртында «Арқа ажары», «Ақмолинская правда», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», «Инфо-Цес» тәрізді ертеден шығып келе жатқан облыстық және қалалық газеттердің қатарына соңғы кездері «Эпицентр» атты жаңа бір газет келіп қосылды. Сонымен бірге «Европа плюс Казахстан», «Радио НС», сияқты ірі-ірі радиостансалардың хабарлары да Астананың әуе толқынына өзіндік үн қосып келеді. 

6). Астана ең негізгі әкімшілік орталығы болғандықтан қалаға төрткүл дүниенің түгелдей көз тігетіні мәлім. Шетелдік «Рейтер», «Интерфакс», ИТАР–ТААС агенттіктері мен «Азаттық» радиосының бас қалада өз өкілдерін ұстауы да соның айғағы» [Сейфолла Шайынғазыұлы. Астанадағы ақпарат кеңістігі. // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 1999].

Күн өткен сайын Ақмолада биік крандар саны көбейе түсті. Ақмолалық газеттерде «Жұмыс іздеймін» айдарындағы хабарландырулар азая бастады. Оның орнын «Жұмысшылар қажет» айдары басты. Көбінесе тас қалаушылардан бастап, құрылыстың түрлі жұмысшылары, бригадирлер, цех бастықтары мен шенеуніктер жетіспей жатты. Ол түсінікті де. Бастапқы көшпен аса қажет мамандық иелері келіп, қалған мамандарды сол жерден іздей бастады. Тоқсан жетінші жыл тұрғын үй бағасының қымбаттауымен де есте қалды. Наурыз-сәуір айларында облыстық жылжымайтын мүлікті бағалау және тіркеу басқармасының дерегі бойынша, бір шаршы метрдің орташа бағасы 150 доллар болса, шілде айында 250-300-ге жеткен.    

Иә, аңыз ақиқатқа айналды. Ғасыр ғажайыбы – ару қала Астана, шынымен де, жылдан жылға көркейіп, гүлдене бастады. Астана экономика, құрылыс және әлеуметтік салада ғажайып қиялдарға ғана пара-пар жетістіктерге жетті. Астана қаласы әлі де шырайлана түспек. Өз заманының озық үлгісі саналған «Шабыт» шығармашылық сарайы мен «Хан шатыры» ойын-сауық сауда орталығы (бұл құрылыс Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба еді) және жаңа университет халыққа қызмет көрсетті. Ал 5000 орындық «Хазірет Сұлтан» мешіті, 1000 орындық классикалық опера және балет театры мен Тұңғыш Президент қоры және кітапханасы — Астананың рухани-мәдени өмірі үшін аса маңызды нысандар-тұғын. 

«Егемен Қазақстан» газетіндегі Астана келбеті 

Ендеше сол ғажайып құрылыстарға «Егемен Қазақстан» аясында шолу жасап өтсек:

Құрылыс: Әсем қаланың көз тартар сұлулығына, архитектуралық ерекшеліктеріне аты әлемге әйгілі сәулетшілердің өздері тамсануда. Астана қаласындағы ұлттық нақыштағы нысандар, бәрін айт та бірін айт, қазақ халқының салт-дәстүрінен, бай тарихынан және рухани қазынасынан хабар беріп тұрғандай. Астана келбеті арқылы ұлт келбетін көруге болады. Тізе берсек, қаланың іргетасы қаланған жылдан бері салынып үлгерген әсем де биік архитектуралық туындылар жетерлік.

«Әлемдегі ең көне астана Дамаск болса, ең жаңасы – біздің Астанамыз, ал оның рухтық сипаттары – «Бәйтерек», Президенттік «Ақорда», «Нұр-Астана» мешіті, құрылыс өнерінің бар сәнін бойына жинақтай салынған «Хан Шатыр» биігі, «Қазақ елі» кешені, шаңырағының түндігін ашып қойып та, жауып қойып та отыруға болатын 30 мың орындық стадион және қазақы мазмұнға қаныққан басқа да ғимараттар, үлкенді-кішілі ескерткіштер мен алаңдар» [Оңайгүл Тұржан. Астана философиясы. // Егемен Қазақстан. 1 шілде, 2008] .

Астананың дамуы үшін қомақты қаражат қажет болды. Олар шетелдерден келіп жатты. Шетелдік инвестициялар есебінен 1999 жылы Ұлттық мұражай, Еуразия ұлттық университетінің оқу корпусы, 240 орындық аурухана, тұрғын үйлер бой көтерді. Су желісі мен халықаралық әуежай құрылысы үшін ірі несие желілерін Франция мен Жапония ашты. 

Бәйтерек: «Астана-Бәйтерек» металдан, шыныдан және бетоннан жасалған әдемі архитектуралық ғимарат. Тамаша сәулет өнерінің туындысы темір, бетон және шыныдан жасалған. Темірден жасалған жалпы діңінің биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан астам. Ұшар басындағы шар тәрізді үлгі (ұя) 500 қада діңгекке  байланған. Алып шардың түсі хамелеон шынылармен көмкерілген. Күннің шапағына шағылысып, әртүрлі түске құбылып тұрады.  Осы  құбылмалы шар жер тағаннан 97 метр биікте орналасқан. Төменгі қабат немесе өмір ағашының нәр алатын жер асты бөлігі 4,5 метр тереңдікте орналасқан. 

Елбасымыз өзінің алып ағаш Бәйтерек туралы қиялының жүзеге асуы үшін белгілі ағылшын архитекторы  Норман Фостерді шақырған-ды. 

Ақорда: Ақорда деген айшықты атауымен қазақ тарихын бүгінгі заманмен ұштастырып тұрған осынау алтын шаңырақ ел архитектурасының шыңы десе болғандай. Олай дейтініміз, Ақорданың ішкі-сыртқы сәулеті ұлттық өнер мен дәстүрге тұнып тұрғанын көрген жұрттар жоққа шығармайды. Құрылыстың 2001 жылы маусым айынан басталғанынан пайдалануға берілгенге дейінгі жұмыстарын «Егемен Қазақстан» жіпке тізгендей жазып отырды. Пирамида: Астана тағы да адамзатқа ағынан жарылды. Дүниені бейбітшілік пен келісімге шақырды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентің қалауымен Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің дүниежүзілік форумы шақырылды. Оған қатысушылар мұндай басқосуларды ұдайы өткізіп тұруға келісті. Әлемді бейбітшілік пен келісімге шақыру әрі оған қол жеткізу адамзаттың міндеті екені баса айтылды. Діндарлар жиыны тұрақтылық ен үйлесімге қол жеткізе алған елдің жаңа астанасында өтіп тұрсын деп ықыластарын білдірді. Дәл, осы тұста республика Президенті Астана үшін де, бейбіт өмір мен татулықты аңсаған миллиондар үшін де қуанышты шешім жасады, келесі форумға дейін елордада сәулеті мен келбеті осындай айтулы жиынға сай келетін арнайы сарай салатынын атап өтті. Сол сарай қазіргі – Пирамида еді. 

Ел газетінің тілшісі Анар Төлеуханқызының «Пирамида» атты мақаласы былай деп басталады:

Биіктігі 25 қабатты үйге тең. Сыртқы бетіне 900 шаршы метр әйнек, құрылыс жұмысына 14 мың 800 тонна цемент, 3800 тонна арматура жұмсалды. Ішіндегі жұмыстарға 12000 шаршы метр гранит, 10000 шаршы метр керамикалық плиталар кетті. 

Бұл ғимаратты 1000 қазақ, 1000 түрік құрылысшысы Арқаның кәрлі аязы мен аңызғақ аптабына қарамастан тым қысқа мерзімде, небәрі 14 айдың ішінде салып шықты [Анар Төлеуханқызы. Пирамида. // Егемен Қазақстан. 27 қыркүйек, 2006].

Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы қыркүйектің 1-інде ашты. Біле білсеңіз, Бейбітшілік және келісім сарайына ұқсас әлемде сәулеттік ғимараттар жоқ. Әрине бір шаңырақтың астында әртүрлі діни дәстүрлерді жинақтайтын ғимараттар болғанымен, Қазақстан ғибадатханасы мәнді келісімсөздер жүргізетін бір биік мұнара болып табылады. Сондықтан мұнда әртүрлі әлемнің дәстүрлі діндерінің жиналуы және Мәдени мұражайдың, Өркениет университетінің және 1500 орындық опера театрының ашылуы өте орынды екеніне көз жұма алмаймыз.

Бүгінде әлемдік басқосулар мен бейбітшіліктің бесігіне айналып үлгерген Пирамиданың маңызы ерекше. Сондықтан да бас басылымның да басты назары әсем ғимарат пен осында өкен әрбір іс-шаралардан ауытқыған емес. Ашылу салтанатынан ақпарат берген Жақсыбай Самраттың мына материалы «Пирамида қандай екен?» деген сауалымызға жауап берді: «Елбасының ұсынысымен салынған бұл ғимарат барлық өнер мен өркениеттің, татулық пен келісімнің басын біріктіретін бірегей орталық болмақ. Онда мұражай, көрме, кітапхана және Қазақстандағы барлық дәстүрлі діндер мен тұратын ұлттардың өнер орталықтары қатар орын тебеді. Осылармен бірге өркениетті ортада қашан да өнердің төресі саналған операның 1500 орындық театры болатынын айрықша айта кеткен жөн. Оның ішінде дауыстың барынша еркін шығуына, әншілердің өзін қалауынша ұстауына және көрермендердің өздерін тамаша сезініп, демалуларына барлық жағдай жасалған [Жақсыбай Сасат. Шуақты күнге ұмтылған әсем ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы. // Егемен Қазақстан.  2 қыркүйек, 2006].

Қазақстанның жас астанасындағы бұл ғимаратты сарапшылар «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған.  Осы барлық сән-салтанат әлемнің қолдарын білдіретін төрт мығым бағанға тірелген. Бұл Қазақстанның қонақжайлылығын, еркіндігін және діни төзімділігін көрсететін белгі. Бейбітшілік пен келісім сарайын салу идеясы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Бүгінде ол, зорлық-зомбылықтан бас тарту және адамдардың теңдік және сенім символы  діни түсініктің ғаламдық орталығына айналды.

Оған дәлел, өткен жылдың соңындағы 56 ел басшыларының осы ғимаратта бас қосуы. Әлем назарының және бір рет қазақ еліне аууы. 

Хан Шатыр: Есімізде болса, 2010 жылы шілденің 6-сы сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл, Украина Президенті Виктор Янукович, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Серж Саргсянның қатысуымен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өткен еді. Ғажап құрылыстың Астана ақшамын нұрға бөлеп, тамсандырар тамаша «Көшпелілер» қойылымы ел есінде ұмытылмастай қалған. 

Осы ұмытылмас сәттен қазақстандық оқырмандарға газет тілшісі Әлисұлтан Құланбай да өз репортажын ұсынып, оқырмандарға көргендей әсер сыйлағанын айтқанымыз артық болмас: «Бірегей кешен жобасының авторы – әлемге танымал ағылшын сәулетшісі Лорд Норман Фостер. Атауының өзі айтып тұрғандай, биіктігі 150 метрлік әсем ғимарат көшпелі халықтың қолымен тұрғызылған хан шатырларының жиынтығы іспеттес. Көз алдыңа есіктерін айқара ашып тұрған хан шатырларын елестетіп, таң-тамаша қалдырады. Орталықтың бірегей сәулет-құрылысы ежелгі Сарыарқаның қатал климатына бір өзі төтеп беретіндей келісті ойластырылған. Оның ішкі жағы көздің жауын алатын бірнеше табиғи ландшафт пен өрнектеліп, безендірілген. Ғимараттың әрбір қабатында мейрамханалар мен дәмханалар жұмыс істейді. Оларда дүние жүзі асханаларының тәжірибелі аспаздары астаналықтар мен елорда қонақтарына тіл үйіретін дәмді ас дайындайтын болады. Ал алтыншы қабатта жүзу бассейні, аквапарк және әмбебап жабық жағажай орналасқан. Сондай-ақ орталыққа келіп демалушылар құсжолы биіктігінен Астананың көрікті жерлерін тамашалай алады. Көрікті келбетімен көз тартатын бас қаламыздың сәулетіне сән қосатын бұл тамаша архитектуралық нысанда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын барынша жайлы да көңілді өткізетін басқа да ойын-сауық орындары молынан қамтылған.

«Хан Шатырдың» астыңғы қабатында 700 орынды автотұрақ, бұдан бөлек орталықтың іші мен сыртында 1400 автокөлікке есептелген автотұрақ тағы бар. Сонымен қатар, көрмелер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін алаңдар, залдар да жетерлік. Ал орталықтың 40 мың шаршы метрін мейрамханалар мен дәмханалар, дүкендер мен кинотеатрлар алып жатыр. Мысалы, Multіplex кинотеатрының бір өзі 450 көрерменге есептелген. Орталық бір мезетте 10 мың адамды қабылдай алады» [Әлисұлтан Құланбай .... // Егемен Қазақстан. 6 шілде, 2010].

«Қазақ елі» монументі: Тарихи – мемориалдық «Қазақ елі» кешені –  мемлекетіміздің ұлттық мақтанышына айналған бірегей архитектуралық ғимарат, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен бүгінгі өмірінің лайықты бейнесі. Ол – жаңа мазмұнмен байытылып, өткеннің өнегесімен, бүгінгінің парасатымен кемелдене түсетін ұлт болашағының жарқын символы. Тарихи-мемориалдық «Қазақ елі» кешенінің жалпы аумағы 5,2 гектар да, монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Монументтің түсі – ақ. Бұл ақ мәрмәр тас эллинизм дәуірінде ашылған «Эфесус» кен орынынан арнайы жеткізілген. 

Тарихтан тамыр тартып, ұрпақ көңілінен терең ұя сала білген, көрегендік пен жасампаздықтың туындысын ел газеті жазбай кетуі мүмкін емес. Газет тілшілері берген ақпараттардан гөрі жазушы Қойшығара Салғараұлының «Қазақ елі» атты талдамалы мақаласының оқырманына терең ой тастай алғанына күмәніміз жоқ:

«Қаланың бас алаңының төріне орналасқан, төрт қыры төрт түрлі барельефпен айшық­талған алып іргетастан шырқау көкке шаншыла тік көтерілген биік мұнараның ұшар басында қанатын жая қомдап, аспан әлеміне самғауға ұмтылған құс патшасы қыран қонақтаған бұл алып монумент қаланың қай тұсынан да асқақ та айбарлы көрінеді. Монумент «Қазақ елі» деп ата­лады. Осынау киелі атқа ие болған сәулет өнерінің жаңа туындысы қасына барып, ондағы әр детальға зерде көзімен үңіле қараған әр адамға Қазақ елінің кешегісі мен бүгінінің болмысын көз алдыңа әкеліп, болашағына бағыт сілтегендей әсер береді. Төрт бедер елдіктің төрт тірегін меңзейді. Ел – халықтың ұясы, халық – елдіктің негізі. Халықсыз ел болмайды. Ал сол бар елдің басшысы көреген дана болса, халқы бақытқа кенеледі, Елбасы мен халық мүдделі бір тұлғаға айналып, елі әрқашан өсіп, өркендей береді. «Халық пен Президент» деп аталатын бірінші бедер бізге осылай дейді. Екінші бедер – «Қаһармандық» деп аталған. Қаһармандықтың қайнар көзі – махаббат. Шынайы махаббатсыз шынайы ерлік те, қаһармандық та жоқ. Елін сүйген ердің елі үшін ойланбай отқа түсуге баратыны да содан. Өркендеп өсіп, қарыштап дамыған елге қызығушылармен бірге, қызғанушылардың да табылатыны ежелден белгілі. Сондайда сұқтанған сырттың сұғынан елді сақтау – әр азаматтан өз еліңді өлердей сүйіп, қажет кезінде қайсар ерлік, қаһармандық көрсетуді талап етері хақ. Екінші бедер дің айтпағы, міне, осыған саяды. Расында да, «Елдікті сақтаудың бір тірегі – қаһармандық» деген ойды біздің әрқайсымызға еншілеп тұрғандай мына алып кешен.

Жақсы өмір жасампаздықты тілейді. Ал жасампаздық негізі – еңбек. Еңбексіз, әрекетсіз тіршілік жоқ. Демек елдің де өсіп-өркендеуі, гүлденіп көркеюі тікелей еңбекке байланысты. «Ерінбей еңбек еткен елдің ері – айбынды, елі – жасампаз» дегенді аңғартады бізге «Жасампаз» атты үшінші бедер.

Ертеңін ойламаған ел азады. Барын бағалай отырып, болашағына байыппен қарап, ұрпағын үмітіне сай тәрбиелеген ел озады. Ертеңіңнің иесі жас ұрпақты ұлттық дәстүрдің бесігінде тербетіп, ана тілдің уызымен ауыздандыру арқылы білігіне білімі сай тәрбиелеп өсірген елдің болашағы қашанда жарқын, іргесі берік, мәртебесі биік болмақ. «Болашақ» деп аталатын төртінші бедер осындай ойларға жетелейді.

Осындай төрт бедерлі төрт тіректі ірге тасты негіз етіп шырқау көкке шаншылған биік мұнараның ұшар басындағы алып қыран – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіміздің символы, кемелді келешегіне қарышты қадам басқан Елдің еркіндігінің символы.

Шығармашылық ойдың шымыр туындысы – «Қазақ елі» осылайша қиялыңды қияға жетелеп, өз ғұмырында «мың өліп, мың тірілген» «қайран елім, қазағым – қалың жұртымның» өткенін еске оралтып, бүгінімен баурайды, ертеңі жаңа ойларға жетелейді» [Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, Қазақ  елі. // Егемен Қазақстан. 20 Қазан, 2009].

«Нұр Астана» мешіті (қазіргі әл-Фараби атындағы мешіт): Бүгінде әлем жұртшылығын өзінің әсем сәулетімен тамсандырған «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталды. 2005 жылы наурыз мерекесі күні Елбасы өз қолымен ғимаратты ашқан болатын. Бұл мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың 6840000 АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері - Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген.

Әрине Астана сәулетіне қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Астана жаңа қала ретінде біршама қалыптасып үлгерді. Қала қазірдің өзінде XXI ғасыр архитектурасының алып алаңына айналған. 

Тізе берсек қаланың іргетасы қаланған жылдан бері салынып үлгерген әсем де биік архитектуралық туындылар жетерлік: Президенттік мәдениет орталығы, «Қазақстан» спорт кешені, Цирк, «Интерконтиненталь – Астана», «RIXOS» президенттік қонақ үйі, Астана халықаралық әуежайы, «Думан» ойын-сауық кешені, т.б.

Экономика: Кез келген елдің экономикалық өсімінің деңгейін тұрғындардың әлеуметтік мүмкіндіктерімен, оның ішінде ана мен баланың жағдайымен бағалауға болады. Бұл сала мемлекеттің қоғамдық-экономикалық өмірінің барлық салаларын қамтиды. Астана қаласының елорда мәртебесіне ие болуы болашақты экономикалық өсуге және дамуға үлкен мүмкіндік береді. 

Елордалық экономиканың кешегісі мен бүгініне және келешегіне басты назар аударылып келе жатқаны да мәлім. Тұрақтылық пен дамудың тетігін тауып, даму бағдарламаларының жүзеге асқаны жайында газеттің баяндағаны да, баяндары да мол. Газеттің арнайы айдарымен беріліп тұратын әр жылғы әкім есебінде қаланың қаржылық қауқарының өсуі назардан тыс қалған емес. Бұл туралы сөзді әріден, яғни астана алғаш көшіп келген кездерден бастаған жөн болар.

Тілші Мағжан Садыхан 1999 жылы маусымда, Астана күні қарсаңында қала әкімі Әділбек Жақсыбековпен әңгімесінде экономикалық өсімдер мен өзгерістер былайша өрбіген еді: «Астанада 8692 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, осы салада 30666 адам жұмыс істейді. Жекелеген кәсіпкерлердің саны – 4180. Ұсынылған 203 бизнес-жоспар бойынша 172 миллион теңге несие берілді. Қаланың шағын кәсіпкерлік субъектісі 5,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген және халықа тұрмыстық қызмет көрсеткен. 1999 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында қала бойынша орташа еңбекақы 12950 теңгені құрады. Ал әр сала бойынша алатын болсақ, бұл көрсеткіш құрылыста – 10757, көлік пен байланыста – 7942, білім жүйесінде – 9514, мемлекеттік басқару саласында – 15334, қаржы қызметкерлерінде  – 22841 теңгеге жетті» [Мағжан Садыхан. Астана: ақиқатқа айналған арман. // Егемен Қазақстан. 10 маусым, 1999 ].

Елорданың сыртқы экономикалық байланыстары кеңейді. Мысалы, 2000 жылы Астана әкімдігі ТМД елдерінің және алыс шетелдердің шамамен жиырма бизнес-миссияларының өкілдіктерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Кездесулердің нәтижесінде өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Сол 2000 жылы қала аумағында 140 шетелдік және бірлескен кәсіпорындар іске қосылды [www.astana10.kz]

Мынау 2003 жылғы көрсеткіш. Ол кез әкім Темірхан Досмұханбетовтың кезеңі еді: «Қалада кәсіпкерлікпен шұғылданатын 12020 заңды тұлға тіркелген. Олардың ішінде 659 мемлекеттік меншік нысаны, 10898 жеке меншік және 463-і шет мемлекеттің меншігінде. 2002 жылдың қорытындысы бойынша елордалық өнеркәсіп орындарының күшімен өнліріглен өнім мен көрсетілген қызметтің қаржылай көлемі 28,2 млрд. теңге болды. Экспортқа шығарылатын өнімнің көлемі де екі есеге дейін артып, жергілікті өндірісшілердің қаржылай жағдайы жақсаруда. 

2004 жылы қабылданған Астананың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бұл орайда өзінің жемісін беріп отыр дер едім. Ол қабылданғаннан бері қала аумағында жалпы сомасы 7,7 млрд. теңгеден асатын 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылды» [Қайсар Әлім. Бағаналы ордам, бақ ордам! // Егемен Қазақстан. 5 сәуір, 2006].

Астананың он жылдығы кезінде, әрине, елорда экономикасы биік көрсеткішін көрсетті. Бүкіл ел болып астананың он жылдығын бар ынтамен, ерекше дайындықпен қарсы алған сәтте қала дайындығы мен жасаған жұмыстары экономикаға оң әсерін де тигізіп жатты. Сол кездегі әкім Асқар Маминің есебінде қаржыдағы қарқынды қадамдар былайша айтылып өтті: «Қала экономикасының өсу деңгейі жоғары, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 116,3 млрд. теңгеге жетті. Баса назар аударылып отырған шағын және орта кәсіпкерлік серпінді дамуда. Осы кәсіп түрлерімен айналысатындар қатары 1 жыл ішінде 19,5 пайызға көбейіп, 106 мың адамды құрады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері есепті кезең ішінде жалпы сомасы 259,1 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді, басқа да қызмет түрлерін көрсетті. Салық түсімдері айтарлықтай артты. Ол 20,1 млрд. теңгені құрады. Ондағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық пен төлемдердің үлес салмағы 10,4 пайызға жетті. Ал өткен жыл ішінде экономиканың нақты секторында 18,6 мың жаңа жұмыс орны ашылды» [Егемен Қазақстан. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі. 2008-02-16].

«2009 жылы жалпы аймақтық өнімі 0,1% өсіп, 1 трлн 373,7 млрд теңгені құрады, Астананың республика бойынша негізгі капиталға құйылған инвестициядағы үлесі 7,9%. Ал 2008 жылы қаладағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 95 млрд теңгеден астам қаржығы өнім шығарып, түрлі қызметтер көрсеткен. Астаналықтардың орташа айлық еңбекақысы 95 мың теңге, экономикалық белсенді халыққа шаққанда жұмыссыздар саны 0,8%-ды, жұмыссыздық деңгейі - 6,1%-ды құраған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2010 жылдың соңына дейін 102,2 мың шаршы метр тұрғын үй тап сырылатын болады» [www.astana.kz].

Әлеуметтік ахуал: 2001 жылы 3 мамырда Астана қалалық статистика басқармасының бастығы Әнурбек Дәуркнбеков «Егеменге» берген сұхбатында «Біз жарты миллионбыз!» деп қуана айтқаны бар еді: 1999 жылдың 25 ақпанында Астана тұрғындарының саны 319324 болса қазір ол жарты миллионға жуық, үш жыл ішінде қала тұрғындары 171322 адамға көбейді. Қазақ ұлтының үлес салмағы – 5,7 пайыз. 

«2003 жылдың 1 қазанында халық саны 507,5 мың адамды құраса, халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға 715 адамнан келеді деген сөз. Соңғы үш жыл ішінде 207941 адам көшіп келсе, олардың 633-і алыс шет елден, 3231-і ТМД елдерінен қоныс аударғандар. Ал, республиканың түкпір-түкпірінен бас қалаға орналасқандар саны-201330 адамды құрап отыр. Осы бір жылдың он бір айының өзінде 221,065 шаршы метр 1848 жаңа пәтер пайдалануға берілді. Бұл 2002 жылға салыстырғанда 10,1 пайыз жоғары» [Қайсар Әлім. Елорданың болашағына баршамыз жауаптымыз. // Егемен Қазақстан. 27 желтоқсан, 2003] .

«Статистикалық деректерге жүгінсек, Ақмола қала сын да қазақтардың сандық үлесі 17%-ды ғана құраса, бұл көрсеткіш бүгінде 58,7%-ға жетіп отыр. Осы бір жағымды фактор қаламызда қаза қы ортаның қалыпта суына, мемлекеттік тіл дің қолданылу аясының кеңейе түсуіне жол ашты» [Қайсар ӘЛІМ. БАҒАНАЛЫ ОРДАМ, БАҚ ОРДАМ! // Егемен Қазақстан. 2006-04-05].

«2007 жылы қаржыландырудың барлық көзі есебінен жалпы алаңы 1852,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық. Елорданың сыртқы тауар айналымы да едәуір ұлғайып, 8,6 млрд. долларды құрады» [Егемен Қазақстан. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. АСТАНАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНДЕУІ. 2008-02-16].

«Астана қаласының халық саны 2008 жылғы 1 маусымға қарағанда 616,3 мың адамды құрады (елдің жалпы халық санының 3,9%). Қала халқының тығыздығы 1 шаршы километрге шаққанда 872,3 адамды құрайды. Халықтың орналасу тығыздығы бойынша Астана  республика бойынша Алматы қаласынан кейінгі екінші орында.

Астана қаласына елорда мәртебесін беру оның алдында дамудың кең перспективаларын ашты. Соңғы 5 жылда, 2002 - 2006 жылдар аралығында, қаланың өңірлік жалпы өнім көлемі (ӨЖӨ)   ағымдағы бағалар бойынша 4,6 рет өсті және 2006 жылы 957,1 млрд. теңгені номиналды түрде, бұл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ)  9,4%  құрады (1 кесте). Жалпы республикалық тауарлар мен қызметтер өндірісіне салымы бойынша Астана Қарағанды облысымен бір деңгейде (9,0%)» [www.astana.kz].

Білім беру: Астана қаласының білім беру жүйесіне 112 мекеме біріктірілген. Оның 35-і мектепке дейінгі мекемелер болса, 12-сі мектептен тыс мекемелер. Бұған жұмысшы жастар мектебін, қосалқы мектеп-интернаттарды, балалар үйін, 5 кәсіптік-техникалық мектепті, 4 колледжді, өзге де орталықтарды қосуға болады. 40 жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар саны 50 мыңға таяу. Оларға 4095 адам сабақ береді. Бұл жаңа астана аяғын апыл-тапыл басып келе жатқандағы, 1999 жылғы көрсеткіш еді. 

Ал, 2006 жылғы білім беру ісіндегі қажеттіліктер мен жетістіктер жайында сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Шүкеев былайша түйіндеген еді: «Астана қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елорда тұрғындарының өсуін ескере отырып, білім саласында мынадай нысандарды іске қосу жоспарланған: 13200 орындық 13 жалпы білім беретін және мектепке 600 орындық бір қосымша құрылыс; 375 орындық еңбекпен түзету мектеп-интернаты, 300 орындық мамандандырылған мектеп-интернаты; әрқайсысы 800 орындық құрылыс және байланыс саласындағы мамандар даярлайтын 2 кәсіптік мектеп; 800 орындық аграрлық-құрылыс бейініндегі колледж; жалпы білім беретін кәсіптік оқу орталығының ғимаратына қосымша құрылыс (спортзал, шеберхана); 6 мектепке дейінгі мекеме; 280 орындық санаторийлік балабақша; балалар үйіне арналған 4 тұрғын үй корпусы. 1997 жылдың өзінде қалада жалғыз-ақ қазақ мектебі болды. Астана атанғаннан кейін көзқарас өзгеріп, бұл күнде қазақ мектептерінің саны 14-ке жетті. Мемлекеттік тілде оқытатын тағы да 3 мектеп салынуда. Өткен жылы қазақ тілінде тәрбие беретін 4 балабақша болса, осы оқу жылында 2 балабақша іске қосылды. Әрине, бұл қордаланған мәселелерді түпкілікті шеше алмайды. Сондықтан да біз жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінші қабаттарынан жиырма шақты ықшам балабақшаларды іске қосу жөнінде ұсыныс жасадық.

Білім саласында жетістіктерге қол жеткізіп, әр түрлі сайыстардан жүлделі оралып жүрген мектеп түлектері де қашанда әкімдік тарапынан марапатталып отырады» [Қайсар ӘЛІМ. БАҒАНАЛЫ ОРДАМ, БАҚ ОРДАМ! // Егемен Қазақстан. 2006-04-05].

«Астана ана тіліміздің де қайта өрлеу кезеңіне келгендігін дәлелдеп тұр. Қазір Елордада қазақша сөйлейтін қазақтар басымдыққа ие. «Астананың тлі орысша» деп сендірмекші болатындар – өздері орысша сөйлейтін аздаған шоғыр ғана. Астанаға қазақша сөйлейтін қазақтардың көбірек шоғырланып жатқаны – тіліміздің де күш алу кезеңіне жаңа Астана арқылы аяқ басқандығы. Қазақ тілі күштеп өлтірмекші болғанда да өлген жоқ, ендеше, әлдекімдер күтіп жүргендей, ол табиғи өліммен ешқашанда өлмейді. Тіліміздің қайта өрлеу дәуірінің орталығы және негізгі қорғанышы – Астана. Ұлттық тіл – жаһанданудың теріс бағыттағы тежегіш күштерінің ықпалынан ұлттық сана-сезімді тазартып отыратын табиғи қорғаныш» [Оңайгүл Тұржан. Астана философиясы. // Егемен Қазақстан. 1 шілде, 2008].

Денсаулық сақтау: Сәні мен салтанаты жарасқан Астана сәулет өнерінің қайталанбас қазақстандық үлгілерін төрткүл дүниеге паш етумен қатар, әлемдік озық технологиялар мен инновациялық бағдарламаларды, ұлттың болашақ бренділерін іс жүзіне асыратын ғылыми жетістіктер орталығына айналды. Соның айшықты көріністерінің бірі – Елбасының тікелей бастамасының қолға алынған «Астана қаласының медициналық кластері» бағдарламасы. Астана қаласы медициналық кластері  кешенінің құрамына кіретін клиникалардың бүгінгі заман медицинасының озық құралдары және технологиялары мен жабдықта­луы әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға толық жауап береді. Мәселен, Республи­калық нейрохирургия орталығы Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы бүгінгі заманның ең озық хирургиялық жүйесінің бірден-бір озық орталығы болып табылады. Мұнда қолданылатын технология адам миының қалың қыртыстарындағы кінәрат­тарды тауып, маңызды өміршең органға күрделі де дәлме-дәл операциялар жасауға мүмкіндік береді.

«Жолдауда елорданың сол жағалауында осы заманғы медицинаның негізгі бағыттарын біріктіретін жаңа орталықтың негізінде осы заманғы, инновациялық және серпінді медициналық қызмет кластерін құру қажеттігі міндеттелген. Соны жүзеге асыру үшін бірқатар нысандардың құрылысы басталып кетті. Олардың қатарында, бір ауысымның өзінде ғана 500-ге жуық келушілерді қабылдайтын емдеу орталығын ерекше айтар едім. Сонымен қатар, көпсалалы 360 орындық стационар, реабилитациялық орта лық та биылғы жылы пайдалануға тапсырылмақ. Ана мен бала денсаулығына жоғары талап деңгейінде көңіл қойып отырмыз. Әйелдер кеңесі бар жаңа  перзентхана ғимараты да қарқынды жүргізілуде. Бұндай жағымды жаңалық­тарды жұқпалы аурулар ауру ханасы мен қан орталығын тапсыруға бергелі отыр­ғанымыз толық тыра түсері сөзсіз» [Қайсар ӘЛІМ. Бағаналы ордам, бақ ордам! // Егемен Қазақстан. 2006-04-05].

Астана қаласының ең алғашқы әкімі – Әділбек Жақсыбеков. Ол Есіл жағасында әлемдік қала құрылысы үрдістері негізінде бой көтере бастаған бас қаланы 1997 жылдың желтоқсанынан бастап, 2003 жылдың маусымына дейін басқарды. Бұрынғы Ақмоланың құрылысын, инфрақұрылымын астана мәртебесі бар қала талаптарына сай түбегейлі өзгерту мен алғашқы күрделі әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық мәселелерді шешу Әділбек Жақсыбековтің қайраткерлігіне сын болды. «Бәйтерек» монументінің салынып, елдің қастерлі нышанына айналуы, басқа да зәулім ғимараттардың бой түзеуі – елорданы Жақсыбеков басқарған тұс. Әділбек Жақсыбеков бүгінде (2009 жылдың 24 маусымынан бері) – ҚР қорғаныс министрі. Астана қаласының әкімі қызметіне одан кейін Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мәминдер тағайындалды. Ал 2008 жылдан бері Астананың әкімі – Иманғали Тасмағамбетов [Берік Құралбаев. Астананың әкімдері кім? // Егемен Қазақастан. 3 шілде, 2010].

Жалғасы. Басы бар.