Азаттықты аңсаған қаламгер
20.05.2024 1272

Еліміз егеменді ел болып, тәуелсіздік алғанымызға да біраз болды. Аңсап күткен тәуелсіздігіміз жолымызды ашты. Кеше ғана әлем танымай келген Қазақ елі бүгінгі күні дүниежүзілік қауымдықтың алдыңғы қатарынан көріну мақсатын орындауда. Десек те, өткеніміз бен бүгінгімізге терең көз салып, қыры мен сыры мол сол жылдарды ой елегінен өткізіп, олардың ішінен тек қана бүгінгі күндерге сай ғана емес, елдің ертеңгісіне, болашағына лайықты құндылықтарды анықтап алу қажеттілігі де туындап отырғаны даусыз.


«Бүгінгі таңда біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қандай болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді. Кеңінен айтсақ, мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау болып отыр».

Тарих көрсетіп отырғандай, қандай да болмасын заманның адамдарын ынталандыра алатын, олардың тек қана жеке бастарының ғана  қамдары үшін емес, қоғам мүшелерін қоғамға лайықты қызмет жасауға лайықты идеялармен де қамтамасыз ету қажет. 

Адамдар әлеуметтік қоғамның негізі бола аларлық идеологияны әрқашанда іздестіру жолында. Бір уақытта ол идея табылғандай да болып көрінуі де мүмкін. Соның ішінде, мысалы, адамдар тарихында олардың тағдырына терең әсер етеді деп саналып келген соғыстар мен революциялар. Және де осыларға сәйкес бір ерекшелік: олардың қоғамды астаң-кестең қылған іздері жазылады да, уақыт өте – негізгі идеяларға байланысты өзгерістер ғана маңызды болып қала беруінде. Мысалы француз революционерлері қарсыластарына өз мақсаттарын күшпен мойындату үшін гильотинаны ойлап тапса, американдықтар қоғамдағы наразылықтарды тоқтатудың бір жолы – электр үстелiн дүниеге әкелген. Ал Ресейдегі болған революция қаталдығы жағынан олардың бәрінен де асып кетіп жатты...

Ілияс Есенберлиннің тарихи да, социалистік реализм тұрғысында жазылған шығармалары да осы бір қағидаға сәйкес жазылған туындылар. Олар негізі ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің кешегісі, бүгінгісі мен ертеңгісі.

Белгілі жазушы, қазақтың Ұлы қаһарманы Бауыржан Момышұлымен тікелей тілдесу негізінде жазылған «Ақиқат пен аңыз» романының авторы Әзілхан Нұршайықов Есенберлиннің кезеңіне байланысты сипаттама бере отыра, былай деген екен: «Жазушылар одағы ол кезде жасыл орманға ұқсаушы еді. Ол орманда аю да, түлкі де, қасқыр да, қоян да мекендейтін. Одақ ішінде рушылдық-жүзшілдік ниеттегі жазушылар тобын жоғарыдан астыртын түрде қолдап отыратын құпия күш те бар болатын. Өз жүзінен емес, өзге жүзден шыққан жүйрік жазушыларға астыртын айбалта сілтеп, Құлагердей құлатып отыру олардың тактикалық тәсілдері болатын» [1]. Бұл өте бір өкінішпен айтылған сөздер. Қазақ қоғамында болсын, басқа да бір ұлттық қоғамға байланысты болсын, олардың ішінде ұлтжанды өкілдер аз емес. Қай заманда болсын, олардың жатса-тұрса ойлағандары ұлттың жанға батар проблемаларын көтере отырып, олардың оң түрде шешу жолдарын көрсету, нәтижесінде ұлтты өркениеттің кезеңіне сай биіктеріне көтеру. Дей отырсақ та, қоғамның барлық өкілдері бірдей осы тұрғыдан ойламайды. Есенберлин заманына байланысты айтылатын мәселелердің бірi осы.

Оның алғашқы таңдаған инженерлік мамандығынан бас тартып, өте қиын шығармашылық ортаға бас бұруы да, мүмкін, осыдан болар. Десек те, қарсы жақтың осы бір шырғалаңға толы топтың бетін нағыз ұлттық мүдделерге бұру екенін мойындап отырған. Солардың бірi Сейілбек Қышқашев жазғандай: «Бүгінде жалғыз қазақ әдебиеті емес, бүкіл совет әдебиетінде ұнамды кейіпкерлер жөнінде әңгімелер көп-ақ. Біреулер ұнамды кейіпкердің аздығына уақыт кінәлi, азамат соғысы, кешегі Ұлы Отан соғысы туғызған кейіпкерді бүгінгі бейбіт заман туғыза алмайды десе, енді біреулер бар кінәні өзіміздің талғампаздығымызға аударады. Әрине, бар болғаны осы екі-ақ себеп болса, онда қызыл кеңірдек боп айтысудың да жөні болмас еді. Гәп – сол жаңа кейіпкердің тууына бұл бір екеуі ғана емес, сансыз көп себептердің әсер етуінде. Осы себептердің түп-тамырына жетіп, талдап-тармап, кейіпкердің өмір жолына олардың қаншалықты әсері болғанын саралап, зерттеу қай автордың арманы емес дейсіз. Осы тұста баршамызға белгілі ақиқатты тағы бір қайталауға тура келіп тұр, ол – өмір қандай шексіз болса, жаңа кейіпкерді жасау жолы да сондай шексіз» [2].

ХІХ ғ. Орта кезінен бастап Еуропада байқала бастаған үлкен үдерістің бір бағыты – саяси аренаға шыға бастаған мемлекеттерді ендігі жерде таза ұлттық тұрғыдан қарастыру, яғни олардың үлкен мемлекеттер арасында өзін-өзі сақтап қалу инстинктерін осы тұрғыдан қалыптастыру. 

Ілияс Есенберлин өзінің шығармасында оқырмандарды болып жатқан оқиғаға тап сол кездегі көзқараспен емес, араға жиырма, отыз, мүмкін одан да көп жылдар салып қарауға шақырады. Бұл өте қиын тақырып. Адамның бойында философиялық толғанудан гөрі, нақ өзі өмір сүріп отырған кезеңге құлшылығы басым. 

Өз заманында ең көп роман жазған қазақ жазушысы атанған Ілияс Есенберлин де олардың қуанышына малынғаны, рахатына молынан батқаннан гөрі, қай болмасын шығармасының, әсіресе тарихи тұрғыдан жазылған еңбектерінің оқырман қолына жетуі үшін көп күшін жоғалтқан адамдардың бірі.

Замандастарының айтуынша жазушы Ілияс Есенберлин өте ауыр болмаса да, күрделі өмір сүрген адамдардың бірі. Бірақ, тегінде, ол сияқты ірі тұлғаларға тағдырдың өзі жеңіл, тыныш өмір силамайтын болса керек. Осыны ұмытпау керек...

Тұлға туралы ой толғау – өте қиын да, жауапты. Ілияс Есенберлин сынды жазушының шығармалары тек тарихи санаға ықпал етуге лайықты шығармалар болып қалмауы керек. Қазақ - сөз қадірін ұғына білетін, түсіне білетін дана халық. Оның бойындағы асыл қасиеттердің бірі кезіндегі сөз шеберлері – билер мен ел басындағы азаматтардың сөздерін, шешендік мұраларын ұмытпай, кейінгі кезеңге – Тәуелсіздік алған қазақ еліне аманат етті.

Ілияс Есенберлин туралы осы еңбекті жазу барысында біз оның жеке басы өз халқы тарихының өте тереңдегі тамырына шым батып, нәр алғанын, сонымен бірге табиғи дарынының арқасында болашақты болжай білген өте күрделі тұлға екендігіне көз жеткіздік. Өзінің творчествосын лирикалық жанрда бастаған ол сол заман үшін өте қауіпті тақырыптарға ойысып, халқының бес-алты ғасырдан бергі өмірін көркем бейнелей отырып, тарихи деректерден ауытқымаған өте пайдалы, танымды, тартымды, сонымен бірге ұлттың патриоттық, отансүйгіштік рухын оятқан ерен шығармалар жазып шықты. Қазақ әдебиетінде мұндай масштабты өзінің әдеби әлеміне сыйдырған, игерген басқа ешқандай жазушы болған жоқ. Жаулары оның осы еңбегін көре алмай, келешекте оның басына үйілетін ұланасыр даңқты қызғанып, аяқтан шалып, етектен барынша тартып жатты. Қолдарынан келсе тіпті жардан құлатып та жіберер еді. Бірақ оның бақыты – салыстырмалы түрде айтқанда тыныш заманда өмір сүргендігі және өзін қолдайтын құдіретті қолдар мен талантты адамдар тобының болғандығы еді. Сонымен бірге «асылды соға берсең жетіледі, жасықты соға берсең кетіледі» дегендей, жауларының аяқтан шала бергені асыл адамды ширата да берген секілді. Өйткені, ол тарихи романдарды бірінен соң бірін ағын судай тасқындата берді. Таудан құлаған ағын суға тоқтау да жоқ қой қашанда, сол сияқты Ілияс Есенберлин еңбектерін тоқтатуға да қанша тырмысса да жауларының құдіреті жетпей қалды. Бірақ олар жазушының біршама қажытуға, соның арқасында оның денсаулығына зиян келтіруге қол жеткізді. Үсті-үстіне жазылып жатқан нешетүрлі жамандаған шағымдар, тырнақ астынан кір іздеп, шығармаларынан табылып жатқан нешетүрлі «саяси қателіктер», «қоғамдық зиянкестіктер» романдарын баласына балайтын авторға оңай тиді дейсіз бе?

«Бойы орташадан төмен, көз тоқтатып қараған жанға әрдайым сыпайы да сырбаз көрінетін жазушы шын мәнінде қазақ топырағында туып, жиырмасыншы ғасырдың тауқыметін көтерген алыптардың бірі екендігі бұл күні баршамызға аян» – деп жазған еді кезінде академик, тарих ғылымдарының докторы М.Қ. Қозыбаев, - «Ілияс ағамыздың асылдығы неде? Қазақ әдебиеті бұл күнде барша шығыс халықтары әдебиетінің ең алдыңғы қатарында. Оның прозасы да, поэзиясы да соңғы ғасырда ғажайып есейді де, дүниежүзілік әдебиеттің легіне ілікті. Міне, осы тұрғыдан қарағанда қазақ әдебиетін әлемдік тұғырға қондырған біздің мәдениетіміздегі асылдарымыздың бірі, де болса бірегейі, осы талантты жазушы», деген еді ол [3].

Өз еңбегін жазушы мына бір өлең жолдарымен қорытқан секілді: 

Ойға қалдым.. Неден шықты сөз басы?

Паш етеді немен тарих, тұстасы -

Адамзатты? Әрине, жақсы ісімен!

Өйткені адам өз ісінің ұстасы.

Қаздар, қаздар,

Қаздар қайтып барады...

Жүдетіп бір, 

Қоштасып ән салады.

Дейсің сонда:

Өтер бәрі.

Тек қана.

Жақсы ісімен

Адам мәңгі қалады [4].

Ілияс Есенберлин қайтыс боларынан аз уақыт бұрын өз мақалаларының бірінде былай деп жазған: «Менің қазір тарихқа көбірек көңіл бөліп жүргенім неліктен? Қазіргі өмірдің маған қызықсыз болғандығынан ба? Жоқ, мүлде олай емес! Мен қазір өткенге көп қараймын, себебі... менің ой өрісім тереңдеп, қызықты болып келеді. Өйткені, ағаш биіктеп өскен сайын оның тамыры жерге тереңдеп бойлай береді ғой. Адам да сондай. Ол болашағын неғұрлым көбірек ойласа, өткенін соғұрлым көбірек білгісі келеді. Олай етпейінше болашақты жасау мүмкін емес».

Ілияс Есенберлин халқының болашағын көп ойлағандығынан да тарихтың қалың қатпарларына терең бойлаған. Ендеше бүгін қол жеткізілген сол – жарқын болашақ өзінің өмірін қатерге тігіп, болашақтың іргетеасын қалаған жанкешті жазушыны қалайша төбесіне көтермесін? Оның еңбектерін бағалап, ұлттың асыл құндылықтарына қалай баламасын? 

Кезінде Әнуар Әлімжанов: «...Бүгінгі таңда өздерін жәбір көріп, жапа шеккендер етіп көрсетіп, өз кітаптарына тиым салғандарын айтып жүргендер Ілияс ағаның еншісіне тиген моральдық соққының жүзден бірін де бастан кешірген жоқ [5]. Ендеше, соншалық соққының өтеуі – оның бүгінгі таңда айрықша бағалануы емес пе?

Кешегі бір шерлі қазақ даласы,

Алтын өлке міне бүгін қарашы.

Құшағында салтанаты, мархабаты сан ұлты

Жарқыраған жаңа өмірдің қаласы [6].

деп өзі жазғанындай тәуелсіз елі бүгін оған құшағын айқара ашып, есімін төбесіне ту етпесіне лажы жоқ.

ЕЛІМ, ЖЕРІМ, ҰЛТЫМ деген  ауыр жүкті арқалап, өмір мұхитынан жүзіп өтіп, оларды МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ жеткізуді армандаған Ілияс Есенберлин бүгін арамызда жоқ болғанымен оның шығармалары бүгінгі күні қиыршық алтынның үлкен кесекке айналғандығындай бүгінгі өскелең ұрпақтың қажетіне жарап, мүддесіне толық сай болып, керегін толтырып отыр. Сонысымен де ол бізге қымбат.

Әдебиеттер тізімі

Әзілхан Нұршайықов. Есенберлин // «Егемен Қазақстан». 2002 жыл. 30 қаңтар. Сейілбек Қышқашев «Табиғилық пен нанымдылық іздесек» // «Жұлдыз». 1967 жыл. №2. 134 Б. Қозыбаев М. Тарих зердесі (Арыстар тұғыры). 2-кітап. – Алматы: «Ғалым», 1998.Адам – мәңгілік.Әнуар Әлімжанов. Қазақ әдебиеті. 1993 жыл, 8 қазан.І. Есенберлиннің ертеректе шыққан «Жасыл өлке» атты өлеңінен. // «Арқа ажары». 2000 жыл. 13 қаңтар.

Күнсәуле Шайзада, Қоянды №2 мектебі тарих пәнінің мұғалімі