ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының арасында ең бір ғажайып оқиға – Міржақып Дулатұлының үйленуі болды. Үркердей болған осы Алаш зиялыларының ой-мұраты, арман-мүддесі демократиялық көзқарастармен ұштасып жататын. Қазақ сахарасына еуропалық мәдениетті әкелген, оларды өз өміріндегі сәулелі сәттермен көрсете білген тұлғалардың арасында Міржақып Дулатұлы да бар еді.
Ғасырдың түндігі ашылып, жарығы түсе бастаған шақта Петербордағы толқуларға қатысып, азаматтығын танытқан жас өршіл ақын алғашқы жыр жинақтарын «Азамат», «Терме» кітаптарын шығарып, әсіресе оның «Оян, қазағы» қалың жұрттың қолынан түспей, есімі де жиі аталып, даңқы дүрілдеп тұрған шағы. Алаш ұлт-азаттық күресінің бастау кезеңінде алғашқы болып ел ағалары Әлихан, Ахметтермен бірге атқа қонып, қазақ мүддесін қозғаған Міржақып та халықтың ұлына айналып үлгерген кезі болатын.
Сонымен, сағат тілі жылжып, 1914 жылдың 14 мамырына жетті. Орта көктемнің лебімен бірге Ертістің екінші жақ беті де ерекше күйге енген. Құстар сайрап, төңірек толық гүлденіп, бүршік атып, көктемнің нағыз мамыражай дер кезі. Әдетте бірен-саран адам ғана кіріп-шығатын «Куломзино» мейманханасының алды да бүгін қарбалас, ерсілі-қарсылы жүгірген адам, асыққан албырт жастарға толыпты.
Бүгін осындай үлкен той өтпек. Бұл қазақ өмірінде бұрын-соңды болмаған, ерекше тойға ұқсайды. Қыр өлкесінің әр өңірінен келген үлкен адамдар, ел ағалары мен игі жақсылары бас қосатын аста-төк дастарханның басты себепкерлері де тегін адамдар емес. Жас жұбайлардың үлкен өмірге қадам басқан алғашқы тойларының беташары да қазақ мәдениетінің ізашар тойына айналмақ.
Сонымен күйеу жігіт – екі жасында анасынан, он жыл салып әкесінен айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленіп, ер жетіп, «ауыл мұғалімі», «жас ақын», «жалынды азамат» деген лақап атақтарға ерте жеткен, Петербордағы шеруден кейін ел тағдырына алаңдап, азаматтық қарсыласу майданына білек сыбана кіріскен, өр, рухты жырларымен елді қалың ұйқысынан оятуға ұмтылып, сонысы үшін патша абақтысының табалдырығынан сан аттаса да, көсемдер Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының бастаған ұлт мұратынан қайтпаған арыстан жүрек Міржақып болса, қалыңдық – өз дәуірінің хас сұлуы және оқыған азаматы, ибалы мінезімен, тәрбиелі тәртібімен, кенен білімімен қазақ қыздарының арасынан озық шыққан, сол заманғы көз ашық, дәрігер Баймұрат Досымбекұлының қызы Ғайнижамал.
Ғайнижамалдың шыққан тегі бай, ауқатты әулет болып саналған. Әкесінің есімі Баймұрат болса, анасы Қанипа. Дәрігер Баймұрат отбасы Омбы қаласының Любинский даңғылында (қазіргі Ленин даңғылы) астық базарына жақындау жерде ағаш үйде тұрған. Оқыған әрі бай әулеттен бұлғақтап, үлде мен бүлдеге оранып өткен Ғайнижамалдың Сара (1892-1972) есімді әпкесі, Гүлшахра (1900-1933) деген сіңлісі болды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін нағашылары (Оматай) қамқорлық жасайды.
Жиырма тоғыз жастағы жігіт ағасы Міржақып он тоғыздағы Ғайнижамалды алғаш рет көріп танысқан. Орынборда «Қазақ» газетінің қайнаған жұмысының арасында Омбыға келген Міржақып бұл қаладағы алашшыл пікірдегі ағайынды Сейітұлдарымен (Асылбек, Мұсылманбек, Мұратбек), Қошке Кемеңгерұлы, Боштай Мұқышұлы, Ғалым Әбдірахымов, Омбы қаласы мешітінің имамы, оның анасы Урдафи, өзгелер бас қосқан жиындарда көріп, кездескен екі ғашықтың жүрек лүпілі махаббат хикаясына ұласты.
Көзкөргендердің айтуынша, ғашықтардың бұл махаббатына сүйсінбеген адам кемде-кем болыпты. Есесіне Міржақып үйленбестен бұрын болашақ жұбайына: «Гая, отау құрғанға дейін көп мәселені шешу керек. Менің әйелім боламын деп асықпа, тағдырыңды, болашағыңды ойла, саған оңай өмір жасаймын деп айта алмаймын, өкінбейтіндей бол. Үлгі көрсетуден бас тартпаймын, соған қол жеткізгім келеді, халқым үшін күрескім келеді, қажет болса бар күшімді саламын, алда талай қиындықтар мен азаптар бар. Сіз шыдай аласыз ба? Ойланыңыз» деген ақыл айтыпты.
Гая – Ғайнижамал бұл кезде бәрін де іштей түсініп, ойланбастан болашақ жарына тағдырын сеніп тапсырып, уәде береді.
Осылайша, өмір бойы кездесетін қиындықтар мен ауыртпалықтарға бірдей төтеп беруге серттескен жас жұбайлардың тойы «Куломзино» мейманханасында дүркіреп өтті. Тойды Гаяның нағашы ағасы Оматай басқарды. Алаштанушы Е. Тоқтарбайдың жазуына қарағанда, «бұл – қазақ тарихындағы алғашқы еуропалық мәдениетте өткен тойлардың басы. Тойға Әлихан, Ахмет бастаған алаш ағалары мен Омбыда оқып жатқан Мағжан, Сәкен, Нығмет бастаған жастар да қатысып, ақ жарма тілек айтқан, би билеп, ән салған керемет кеш болған-тын».
Айдын көлде қалқыған қос аққудың сыңарындай аппақ, жұқа матадан тігілген еуропалық стильдегі сәнді қалыңдық көйлек Гаяны үлде мен бүлдеге орап, ажарына ажар қосып, тіпті құлпыртып жібергендей. Арудың әдемі сұңғақ бойы мен нәзіктігін аша түсетін қынама көйлек те үстіне қона кетіпті. Қолына киген ақ қолғабы да, мойнына таққан алқасы да сондай әсем. Шашына, белі мен етегіне қыстырған түйреуіштер де гүл түрінде сәнді бола түсіпті. Қос бұрымның орнына толқындана қиылған қою қара шаш, именшектеп төмен қараған жанар емес, болашаққа деген нық сенімді көзқарас шыққан тегінің осал емес екенін, нағыз интеллигент қазақ қызына лайық тұрыс екенін һәм аңғарлы азаматқа ақ-адал жар болатынын аңғартқандай.
Бұған дейін ұзатылатын қазақ қыздарын тек сәукеле, бүрмелі көйлекпен көрсек, Гаяның бұл көйлек киісінің өзі қазақ даласына әкелген үлкен жаңалық еді. Міржақып қалыңдығының осындай салтанатты әсем киімімен той басталардан бұрын арнайы фотостудияға барып түсіріп алған жалқы суреті де тойдың қас-қағым мезетіндей болып сақталып келді.
Омбыда өткен ұлан-асыр тойдың картинасын толық сезіну үшін режиссер Мұрат Есжан түсірген «Міржақып. Оян, қазақ» телехикаясын тамашалауға болады. Онда жарқыраған зәулім сарай, ыдыс сыңғыры мен жайылған дастархан, салтанатты кешке қымбат киімдерін киіп келген алаштың аристократтары, тойға жиылған қалың көпшіліктің арасынан көлде жүзген аққудай болып Міржақып мен Ғайнижамал шалқыған әсем әнге мың бұралып билей жөнеледі. Алаштың азаматы кім дегенде – Жақаңды, хас сұлу кім дегенде – Гаяны көрсетуге болар. Екі ғашықтың махаббат вальсіне шыр айнала билеген бақытты сәті ақынның үйінен «Оян, қазақ» кітабына жанұшыра іздеген тіміскінің әрекетімен параллел беріледі. Осы кадрлардың арасында Гаяның да өзінен өткен хас сұлу сіңлісі Гүлшахраға көз тігетін үш жас жігітті байқауға болады.
Міржақып тойынан соң далаға жайылған тағы бір дақпырт: Гүлшахра сұлуға таласқан жігіттердің жайы. Мағжан мен Сәкеннің алып ұшып тұрған албырт шақтары әрі өлең өлкесінде аты шыға бастаған жас ақын деген аттары бар, екеуі де Жақаңның сүйікті шәкірті болуымен қатар туған бажасы болуға ынтық. Тойдан соң, өрекпіген өр көңілді екі жас бір сұлуға жұдырықтасып та алған екен. Несі бар, арулардың бір меңіне қаланы сыйлай салатын дархан даланың ұрпағы емес пе, Гүлшахрадай сұлуға кімнің көзі түспесін, қолы жетсін дейсіз.
Сәкен өмірін зерттеген профессор Тұрсынбек Кәкішев «Мағжан – Сәкен» атты ғылыми эссе кітабының 18-бетінде: «...Гүлшахра (Гүлия) Баймұратқызы Досымбекованың Сәкен мен Мағжан Омбыда оқыған кезде кездесіп, дидарласып жүргеніне еш шүбә келтірмек былай тұрсын, екеуінің арасына көздің құртындай болғанын да жасырмайық.
...Әйтеуір осы тұста Сәкен мен Мағжанның арасы алшақтағаны байқалады. Бұл үлкен себептің сырт көзге бірден көрінер белгісі. Ертеден танитын Гүлиядан көз жазып қалу кімге болса да оңай бола қоймас» деп бекер жазбаса керек.
Алайда тағдыр деген адамның өз қолында болушы ма еді...
Армандаған ақ сұлуға екі ақынның да қолы жетпеді, тағдыр жолы Міржақыпқа өз елінің азаматы, ол да бір Алаштың айтулы ері Ахметсафа Жүсіпұлын бажа етті. «Тойдан кейін Мағжан мен Сәкен төбелесіп қалыпты» деп жүргенінің сыры осындай.
Міржақып тойы – қазақ мәдениетінің өлшемі, жаңа еуропалық мәдениеттің бастауы. Әрбір қазақ азаматы туған жерінен алыста, оқыған жерінде өзге ұлттың қыздарына үйленіп, оны елі жақтырмай, бата бермей, қабылдамай жатқан уақытта өтуінен біз көп нәрсені байқаймыз:
Әуелі, Міржақып тойы – қазақ отбасының құндылығын дәріптеген той. Барлық сән-салтанатымен, жөн-жоралғысымен атап өтіліп, даңқы мен дақпырты қатар тараған айрықша кеш.
Екіншіден, қазақ азаматтарының қазақ қызын алып, оны бақытты ете алатынын, туған ұрпақ әке қанын, ана сүтін адал ақтайтын дәлелдегенімен құнды.
Үшіншіден, қандай қатерлі кезең келсе де, қаншама ауыр азаптар тартса да, бір-бірімен айнымаған, адалдық, уәдеге берікті сынды қасиеттерді сіңірген отбасы болып қалыптасты.
Міржақып пен Ғайнижамалдың шаңырағында бес бала дүниеге келді: тұңғыш қызы Гүлнар (1915), одан кейін Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925). Қайраткердің кейбір балаларының фотосуреттері сақталғанымен, олардың өмірлері ұзақ болған жоқ. Гүлнардан басқа балалардың бәрі сәби кезінде қайтыс болды. Әкесі 1928 жылы тұтқындалғанда Гүлнар небәрі 12 жаста еді, бірақ ол әкесінің мұрасын бір жәшікке жинап, құпия ұстады. Әкесі жайлы ғана емес, Алаш ардақтылары жайлы керемет құнды естеліктерді жинаушы, куәгер Гүлнар Дулатова апамыз жүз жасқа толар-толмас шағында өмірден озды. Гүлнар Міржақыпқызының Алаш тарихы мен қазақ өмірін бейнелеген «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес оттары» атты естелік кітаптары алаштану бағытындағы құнды еңбектер қатарында екені даусыз ақиқат.
Адам өмірінің ең бір бақытты шағы үйленіп, шаңырақ көтеруі десек, Міржақып өмірінің де керемет кезеңі осындай қызықты оқиғалармен ерекшеленеді. Алаш азаматтарының отбасы дегенде алдымен Міржақыптың шаңырағы, біріне-бірі сенген, арқа тіреп сүйенген, қиындықтармен күрескен, барлық ауырпалықты жеңе білген қайсар рухты, төзімді де шешімтал отбасы еріксіз ойға оралатыны сондықтан.