Бағзы заманда ғұмыр сүрген бабалармыз ұрпағына «Қарғыс алма, алғыс ал» деп өлмес өсиет қалдырған. Сол сияқты «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» немесе «Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» дейтін аталы сөздері де бар. Бұдан шығатын қорытынды: басқаны риза қылу арқылы алғыс алып, пенденің рахметіне бөлену қазақ баласының ғұмырлық қағидаты екенін аңғарамыз.
Осы орайда 2016 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президентінің №173 Жарлығымен Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған 1 наурыз күні – «Алғыс айту күні» деп жарияланып, ресми құжатта: «Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды» делініпті.
Сондай-ақ бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстан диаспорасының ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақкөңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні екені анық.
Белгілі ғалым-демограф Мақаш Тәтімов келтірген дерекке назар аударсақ, соңғы үш ғасырда Қазақстанға сырттан әрқилы жағдайда 8,5 миллиондай басқа ұлт өкілі келіп қоныстанған екен. Таратып түсіндірер болсақ, XVII-ХІХ ғасырларда Қазақ жеріне сырттан, нақты айтқанда Жайық бойы, Ащылы өзек, Ертіс әскери шептерін құру үшін 325 мың казак-орыс жасағы келіп орнықса, 1861-1915 жылдар аралығында Ресейдің еуропалық бөлігінен 1,15 млн шаруа-мұжықтар, 1917-1930 жылдары діни ұстанымы үшін қуғындалған 150 мың кержақ-баптистер, 100 мың әскери қашқын, 25 мың кәмпескеге ұшыраған байлар келіп қоныстанса, 1930-1945 жылдары 1,25 млн адам Қазақстанға өндірістендіру мақсатында, 1,30 млн адам зорлықпен жер аударылып келген екен. Бұған 1954-1959 жылдары тың игеруге келген 1,9 млн тыңгерді қосыңыз.
Осылай бір жағы тағдырдың жазуы, екінші жақтан қазақ даласын демографиялық отарлау мақсатында қоныстандырылған диаспора өкілдері қазақ жерінде өмір сүріп, ұрпақ өсірді, тәңір жазған ризық-несібесін тапты.
Жоғарыдағы қоныстанушылар арасында 1930-1945 жылдары зорлықпен жер аударылып келген 1,25 млн адамның тағдыры аса маңызды. Өйткені бұларды советтік идеология сенімсіз ұлттар ретінде жер аударғандықтан тағдыр-талайы қиын болды. Осы топтың қатарына болған тұлға 1941 жылы Саратов облысы Энгельс қаласынан ата-анасымен бірге Солтүстік Қазақстанға жер аударылып келген, ұлты неміс, үлкен қаламгер Герольд Бельгер өзінің естелігенде: «Біздің отбасы қазақтар шоғыр тұратын ауылға тап болып, жанымыз қалды, әйтпегенде орыс селоларына барған немістердің көрген күнін ауызбен айтып жеткізе алмаймын» дегені нағыз ақиқат. Жарықтық өзі өмірден өткенге (2015) дейін «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым...» деп бар саналы ғұмырында қазақ халқына алғыс айтумен өтті.
***
Осы орайда ертеректе қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа аудан орталығы Атасу стансасына соғыс жылдары қоныс аударған шешендер хақында жазылған шағын естелікті оқыған едім. Ол жазбада айтылғандай, 1942 жылдың ақпан айында Атасу станциясына тоқтаған вагоннан жер аударылып келген шешендер түсіп жатады. Ондайды көрмеген халық вокзалға беттепті. Арқаның ақ түтек боранына тап болған шешендерді қазақтар аяп, кәрі-құртаң, бала-шағаларды бөлісіп үйлеріне кіргізіп алудан басқа амалы болмайды. Тіпті жас сәбиін құшақтап не істерін білмей дағдырып тұрған жас әйелге Бибіжар деген апамыз барып «үйге жүр» десе, анау түсінбейді. Әбден тарыққан ол шешен әйелдің қолындағы баласын жұлып алып, кең шапанының қолтығына тыға сала үйіне қарай зулапты. Келіншек байғұс жанұшырып артынан ілесіпті. Осылай атасулықтар жер аударылып келген бейбақтарды үйді-үйлеріне кіргізіп алып, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, алғысын алыпты.
***
Бертінде қазақ газеттерінің бірінде жарияланған алақандай жазбаны да көзім шалып, оқып шықтым. Соғыстан кейін Жамбыл облысының бір ауылына бір топ неміс ағайын жер аударылып келген екен. Жағдайлары біршама жақсы. Қолдарында азын-аулақ заттары бар. Бомази көйлек, галифе шалбар, әмірқан етік, байковый ішкиім. Олар қолындағы заттарын ауқатқа айырбастапты. Жұқана да болса ел іші ғой қазақтар айырбасқа алып киім алып, оларға азық-түлік беріпті.
Әңгіменің түйіні: уақыт өте келе немістердің айырбасқа берері түгесіліп, қинала бастапты. Абрам дейтін неміс заты түгесіліп күңірене бастайды. Ол көрші қазаққа келіп: «Мен төрт күннен кейін өлемін», – депті.
– Тәйт, әрі оны қайдан білесің? – дейді көрші қазақ. Абрам болса:
– Асым таусылды. Айырбасқа затым жоқ. Енді аштан өлмегенде қайтем?
– Қой, қарағым! Қарайған халықтың ішінде отырған адам аштан өлу деген не сұмдық?! Не деген ауызың жаман адамсың, – деп кейиді. – Біз бар емеспіз бе?
– Сіздер өздерің әзер күн көріп отырсыңдар. Маған қалай бересіңдер?
– Ойбай-ау, көршің аштан қатып жатқанда біздің өңешімізден қалай ас өтпек, жарқыным!
Қазақтың сөзіне Абрам аң-таң. Қысқасы, Абрам аштан өлген жоқ. Кейін ауылда пешші болады. Қоңданып-жонданып бертінде қартайып өліпті.
***
Жоғарыда айтылғандай ауып келген адамдарға дәм-тұзын татырып, ажал мен аштықтан арашалап қалған оқиғалар ел арасында өте көп. Соның өзім жазған «Әкесінің басын қимаған неміс» (https://vk.com/wall-121753531_64924) атты деректі мақала.
Бұл жазбада өткен тоқсаныншы жылдары Германияға көшіп кетіп, кейін асырып адам қатарына қосқан қазақ әкесінің басын қимай айналып келген Қайыс (Гаинс Редольф) атты жігіттің оқиғасы сөз болады.
***
Жалпы айтқанда, өткен ғасырда қазақ даласы сталиндік қуған-сүргін көрген халықтың баспасына айналды. Мысалы, 2010 жылы өз басым қажылық парыз өту үшін Меккеге барған сапарымда 1940 жылдары Жамбыл жеріне айдалып келген сонда туған, кейін атажұртына оралған қапқаздық қарияларға жолыққан едім. Осы ақсақалдардың қасиетті жерде қиын күндері өздеріне пана болған қазақ халқына бағыштап жасаған дұғасы мен алғысына куә болдым.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсам, қазақ халқы жайлы ресейлік зерттеуші Виктор фон Герн: «Қазақтар – табиғи жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілдігімен және қонақжайлық қасиетімен ерекше халық. Бұлар олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиеті» деп жазып қалдырса, неміс ғалымы Ф. фон Хелльвальд: «Қазақтар қонақжай, қайырымды, мейірімді болып келеді. Олардың кигіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне болады» деген екен.