Тұрар Рысқұлов: 10 дерек
09.02.2024 3039

«Түркі тілдес, түгел бол» деп ұрандаған Тұрар Рысқұловтың биыл туғанына 130 жыл толады. Бұл деректер топтамасы мемлекеттік және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жайында болады.


Ол алғашқылардың бірі болып біртұтас түркі республикасын құру идеясын алға тартты.  XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресейдің отаршылдық саясатына қарулы қақтығыстар азайып, ұлт зиялылары ағартушылыққа зейін қойған уақыт еді. 

Қазақ зиялы қауымы мерзімді баспасөз бен әдебиетті тарату арқылы халықты білімге шақырды. Көбі Ресей мен Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарында оқыды. Дәл осы әрекеттер мемлекеттің тәуелсіз ұлт болуып қалыптасуына жасалған алғашқы қадамдар еді.  Қазақ ұлттық интеллигенциясы ұлттың мәдени ғана емес, саяси атрибуты ретінде ана тілінің тағдырына әрқашан қамқорлық көрсетті. 

Тұрар Рысқұловтың өзі 1917 жылдың қазан айы қарсаңында қазақ зиялыларын сипаттай отырып, былай деп жазды: «Революцияға дейін қазақ зиялылары арасында екі ағым қалыптасты. Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауымның бір бөлігі кадет партиясымен бірге болды. Ал екінші бөлігі-мұсылмандардың панисламдық ағымдарына».

Ол өзін социалистік революция идеяларын қабылдаған және оларды шығыста белсенді жүзеге асырған мұсылман зиялыларының өкілдеріне жатқызды.   Тұрар Рысқұлов 1918 жылдары өзінің жақтастарымен бірге «Түрік Социалистик Республикасын» құру бойынша жоспар әзірледі. 

Саясат саңлағының бұдан басқа да тың идеялары мен өміріне қатысты деректер ұсынамыз. Мақаланың оқылу уақыты – 5 минут, 53 секунд. 

1. Тұрар Рысқұлов 1894 жылғы 26 желтоқсанда Жетісу облысы Верный уезінің Шығыс-Талғар (қазіргі Алматы облысының Талғар ауданы) болысында малшы отбасында дүниеге келген. 1907-1910 жылдары Меркіде орыс-қазақ мектеп-интернатында оқыды. Содан кейін Пішпек ауылшаруашылық мектебіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп, 1916-1917 жылдары Ташкент педагогикалық институтын тәмамдаған.

2. 1916 жылғы Орталық Азия халықтарының ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы ретінде тұтқындалды. 1917 жылы Меркеде «Бұхара» қоғамын (қазақ жастарының революциялық одағы) ұйымдастырды.

3. Тұрар Рысқұлов Түркістан коммунистік партиясының мұсылман бюросының төрағасы (1919), Денсаулық сақтау халық комиссары және  ТАССР ОСК төрағасы (1919-1920), Бакуде шығыс халықтары съезінің делегаты (1920), Төралқа мүшесі және «шығыстағы іс-қимыл Кеңесі» съезінде сайлаған органның мүшесі болды. Содан кейін Әзірбайжан Республикасындағы РСФСР Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының өкілі (1921), РСФСР Халық комиссарының орынбасары (1921-1922), Түркістан АССР Халық Комиссарларының төрағасы (1922-1924), Моңғол Халық Республикасындағы Коминтерннің уәкілетті өкілі (1924-1925), РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары (1926-1937). РКП ОК мүшелігіне Кандидат (1923-1924).

4. 1923 жылғы маусымда Сталин ұлттық республикалар мен облыстардың басшы кадрларының IV жиналысында «пантюркизм» саясатын жүргізуде және Татарстаннан келген көрнекті революционер-қайраткер Сұлтанғалиевті қолдағаны үшін де Сталиннің ұлттық мәселе бойынша саясатына ашық қарсы болды деген айыптар тағылды. Рысқұлов керісінше Сталиннің өзі Сұлтанғалиевті мадақтап, оны революцияға берілген коммунист деп атады, енді саяси конъюнктураға басқаша пікір білдірді деп сынға алды.

5. Тұрар Рысқұлов Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Моңғолия республикаларының экономикалық қайта құрылуына үлкен үлес қосты: оның бастамасы бойынша Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар – Қарағанды көмір өндіру және металлургия кешендері, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі пайда болды. Қазақстан мен Орталық Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар құрылды. Сонымен қатар Моңғолия астанасының атауын да ұсынған Рысқұлов болатын. Оны америкалық тарихшы «Моңғолия астанасы» атты жинағында растайды. 

6. Қоғамдық-саяси жұмыстармен қатар теориялық зерттеулермен де айналысты. Ол Қазақстанның советтік кезеңінің тарихшыларының бірі, талантты журналист ретінде танымал болды.

7. Сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезеңінде Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп айыпталып, 1938 жылы 10 ақпанда атылды. «Мемориал» қорына берілген Ресей ФСБ мәліметтері бойынша, «Коммунарка» деп аталатын НКВД арнайы объектісінде жерленгендер тізімінде Рысқұловты жерлеу туралы мәліметтер бар. 

8. Тұрар Рысқұловтың бірінші әйелі Татьяна Колосовскаядан Александр (Ескендір), екінші әйелі Надежда Пушкаревадан София есімді қызы бар. Үшінші әйелі Әзиза Түбекқызынан Майя деген қызы дүниеге келген.

9. 2011 жылдың 11 тамызында Мәскеуде 1931-1934 жылдары Рысқұлов (Покровский б-р, 14) тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылды.

10. Әдебиетте Рысқұловтың көркем бейнесін Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» атты романдар сериясында сомдады.