Алаш кезеңінің ұлттық буржуазиясын зерттеу мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі. Себебі Алаш қозғалысының бірден-бір дем берушісі қазақ байлары болды. Олар экономиканың ұстыны болып қоймай, рухани түлеу мен жаңғырудың, әсіресе әскери күштің де ықпалды тобы болып қалыптасты.
«ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа, әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі қазақ байлары болғаны талас тудырмайды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталмыш әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Өйткені жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ байлары тарапынан өтеліп отырды» деп жазады тарихшы Е. Рахметуллин [1].
Бұл зерттеу жұмысымда шығыстағы Зайсан қаласының, өңіріне қорған болған Алаш кезеңі байларының қызметі талданады. Зайсан – шығыстағы шолпан қала. Жонын Сауыр-Сайхан тауларына, қапталын Маңырақ тауларына, аяғын Зайсан көліне малып, бетін Ебі мен Күзуін сүйіп жатқан тарихи шаһар.
Тарихы қандай бай болса, табиғи байлығы тіпті атын атап отырып жаңыларсың, тауларында сары алтынан бастап қара алтының да бірқанша түрі бар, тіпті газ де осы өңірден шығып шығысқа қарай жөңкіліп жатыр деседі.
Тауларында қызыл қарағайдан бастап дәрілік-емдік өсімдіктер мен қатар күнделікті өмірде тұтынатын жеміс-жидектердің түр-түрі бар. Көлінде су өнімдерінің, соның ішінде балықтың алуан түрі ұшырасады.
Ал, тарихына келер болсақ, тарихы тым тереңде һәм әріде жатыр, тарихи шаһардың іргетасы бүгінгі дереккөзінде ХІХ ғасырдың бел ортасында Ресей имперясының бекінісімен байланыстырады-мыс, ал бұл дерек әлі зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тақырып.
Қазақ меценаттығы және Бидахмет Бобкин тұлғасы
Иә, Зайсан (Жайсаң) қаласында көпестер, татар байларымен қатар қаланың дамуына тікелей әсер етіп отырған қазақтың ұлттық буржазиясының ірі өкілдері болды. Солардың ішінде бірі және бірегейі – Бидахмет Бокин.
Шығыстағы байлардың ішінде жоқшылықтан жетіліп, ірі ауқаттының қатарына қосылған Б. Бобкин жайлы деректер өлкетанушы Ғ. Байбатыровтың, Ф. Жүнісовтің, Қ. Алтыбаевтың еңбектерінде, белгілі жазушы М. Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы» атты туындысында, алаштанушы З. Кәрімханның мақалаларында кездеседі.
«Қазақ» газеті, 1913, №19
Өлкетанушы Ғ. Байбатыров: «Қазақ баласы Бидахмет Бобкин бай саудагерлерге жалданып, сауданың қыр-сырын үйреніп, кейін Зайсан өңіріндегі ірі байлардың бірі болады. Зайсан қаласының сәулетіне сән берер үй және сауда орындарын салдырады. 1913 жылы 22 маусым күнгі №19 санында «Қазақ» газеті «Зайсан қазағы Бидахмет Бобкин 13 жастағы қызы Айшаны Мәскеуге орысша оқуға апарды» деп жазды» деген дерек келтірсе [2, 151], «Бидекең кезінде Семейге ұрымтал Омбы, Барнауыл, Новониколаев (қазіргі Новосібір қаласы), алыстағы Төмен мен Ірбіт жәрмеңкелерін түгел ақтап, Мәскеуге де барып, әйгілі орыс алпауыты, ірі фабрикант Савва Морозовпен «тамыр» болып, мануфактура тауарларын молдап алдырған-мыс. 1910 жылдарда ол Еділдің төменгі сағасындағы Нижний Новгородта қысы-жазы жұмыс істейтін халықаралық жәрмеңкеге де барып, өзіне тиесілі тауар айналымын еселеп асырған деседі. Сол жаққа ол Алтайдың бұлғын терілерін жүздеп апарған. Сол табысқа Бидахмет отағасы тынымсыз еңбекпен, жаратылыс сыйлаған ақыл-ойының ұтқырлығымен жеткен, арғы тегі сіңірі шыққан кедей болыпты-мыс...» [3, 148].
Бидахмет Бокин XIX ғасырдың соңын ала қазақтан шыққан тұңғыш құрылысшы Баязит Сәтбайды Семей қаласынан арнайы Зайсан қаласына алдырып қалада бұрын-соңды болмаған кең әрі сәулетті үйді салдырған екен.
«Үй құрылысы 1891 жылы құрылысы басталып, 1894 жылы аяқталған. Мұнда Бидахмет Бобкиннің отбасы тұрған. Үйдің жалпы аумағы өте кең, бірнеше бөлмелер мен үлкен залға бөлінген. Жылыту пеші екеу болып екі жағынан жағылатындай орналастырылған. Үйдің жоспарлы формасы П әрпі секілді. Қасбеттері рустпен үзілген, үзілмелі рельефті белдеуі бар, карнизі өрнектелген және жоғары жағы плиястермен әшекейленген» деп жазады алаштанушы З. Кәрімхан [4, 128].
Бидахмет Бобкин және қызы Айша
Зайсанда оқу жайы жылдан жылға ілгерілеп келеді. Оқушы балалар 300-ден аса бар. Мұнда екі жүздей ноғай, қазақ приказчиктері бар. Бұлар әдебиет құмарлар. Газет, журнал, түрлі кітаптар оқуға қолдарының босауына ғана қарап ынтық болып тұрады.
Бұлардың ішінде көбінің газет, журнал, кітап сатып алып оқуға ақшасы болмайды, болса да жетпейді. Көңілге алған ынтық болған нәрселерін оқи алмайды. Сондықтан бір кітап оқитындар үшін (кітапхана) ашамыз деп сұранған кісілер де бар.
13 жастағы әйел баласын Мәскеуге орысша оқытуға алып кетті. Қай мектепке беретіні беймағлұм. Бұл бала Зайсанның өзінде екі-үш жыл оқыды. Оқу-тәрбиені мен қызбын демей-ақ ынтық болып сүйетін бала болса керек. Тек қайда жүрсе де дені-сау, аман-есен жүріп, арманына жетсін, оқысын бізден де Биахметтей әке, балаларға сирек табылар да!
Бидахметтің үйін көрген қаладағы қазағы һәм татар, орыс көпестер шетінен Баязитке үй салдыра бастаған, шамамен жиырмадан аса үй әйгілі сәулетшінің қолынан шықса, Зайсан қаласынан 70 шақырым жердегі Жалши ауылындағы Зейнолла Бұтабайұлының да кесенесі 1923 жылдары тұрғызылғаны турасында кесененің жоғарғы жақ тұсында сәулетшінің аты және кесененің салынған жылы тайға таңба басқандай анық жазылған.
«Жауап хат»
(Зейнолла Бұтабайұлына)
Қыр баласы «Қазақ» газеті, 1913. №35
Зейнолла кім?
Зейнолла – болыс, аға сұлтан Бұтабайдың ұлы, тарихта әділдігімен һәм батырлығымен есте қалған тарихи тұлға. 1917 жылғы «Сарыарқа» газетінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның Зейнолла Бұтабайұлына жауап хаты турасында Зейнолла Бұтабайұлынан бастап жергілікті жердегі ел жақсыларының қоныс тебуі, мал-жаны һәм әр болыстың жерінің түйілісер тұсына дейін анық әрі нақты баяндап отырған, ұлт көсемі жауап хатты жазбас бұрын ел ағасы Зейнолланың алаш көсемі Әлихан Бөкейханға жазған хаты бүгінге дейін із-түзсіз мүмкін ақпарат бетіне жарияланбаған болуы мүмкін дегенімен, Алаш ардақтысының қолына тигені анық.
Ауылдағы ақсақалдар: Әсет Әбділдабек болыс немересі, Айтмұхамед һәм Иісбек Тайтұяққажы ұрпақтары Зейнолла болыстың жіберген хатының тұспалды ойларын былай баян етті. Зейнолла өте аңғарлы адам болған, заман ағымын һәм жер мәселесі жайында ұлт көсемінің ақылына бағыт-бағдар беруіне жүгінген деседі. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Шілікті болысына Сорокин деген көпес генарал-губернатордың бір парақ қағазын құшақтап Жәжеңе (жергілікті халық болыстың атын атамай «Жәжең» деген) келіп ұлтарақтай жер беруін сұраған деседі-мыс.
«Жәжең» өз рұқсатын бере келіп Сорокинге жергілікті халықтың салт-дәстүріне оғаш, қарама-қайшылықты іс-қимылды жасамауды ескерткен.
Арада біршама жылда Сорокиннің малы мыңғырып, тіпті қорсылдақ пәлелерін Қандысудың басына өрбіте бастағанын естіген ел ағасы тізгін ұшымен келіп шектеу қойып, ескертсе, екіленіп алара-бөртіп алған көпес үйінен бір парақ қағазды алып шығыпты. Мұқым Шілікті жазығын астыртын заңдасырып жатқан құжатын кесе-көлденең қойып масайрап тұрғанын көріп қағазды жұлып алып, жұмарлап-жұмарлап жырта салып көпестің басына әңгір-таяқ ойнатқан деседі.
Болыстан таяқ жеген көпес арыз-арманын айту үшін қаланы бетке алып тайып тұрған, ат-арбамен жеткенше бірнеше ай өтеді. Ақыры қаладан шенді-шекпенділерін ертіп келсе, үйі де, қора-қопсысы да жоқ, мәнісін ұқпаған комиссия өзін жер аударған.
Негізінде батырлығы мен парасаттылығы қатар Жәжең көпес арыз-арманын арқалап кеткен тұста, үй-жайын, қора-қопсысын құлатып, үйір-үйіржылқы, табын-табын сиыр, қора-қора қойды бірқанша күн ары-бері өткізіп, орнын тегістеп тастаған деседі.
Осы оқиғаны Ғ. Байбатыров былай жазады: «Күздің алғашқы қары жауған бір түнде Сорокиннің барлық малын, жиған шөбін халыққа таратып, қоралары мен үйлерін талқандатқызып, ең аяғы күл-қоқысына дейін Қандысуға ағыздырып жібереді. Сонан кейін осы жерге үйір-үйір жылқы айдатып, із де қалдырмайды. Кейін Сорокин заң орындарының адамдарын ертіп келгенде ешқандай заттық айғақпен Зейнолланың әрекетін дәлелдей алмайды. Ауызша айтылған куәліктер ғана бар. Зейнолла сегіз ай Зайсанда қамауда жатады. Ел наразылығынан, әрі жоғарыда болған тосын да батыл әрекеттерден қауіптеніп, жағдай одан ары шиеленісіп кетеді деп ойлап, Ояз бастықтары Зейнолланы қамаудан босатады» [2, 142].
Заманында азуын айға білеген ел жақсылары, ұлттың ардақтылары бүгінде көмескі күйде еш насихатсыз, елеп-ескерусіз қалыс қалып жатыр. Жарықтық Зейнолла болыстың ұлт тарихына қосқан өлшеусіз еңбегі бүгін де тасада қалып бара жатқандай көрінеді.
Бірде ауылдағы бірақсақалдың айтуына қарағанда, Жалши ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептің атын тарихи тұлға Зейнолла болыстың атына берсек деп ұрпақтарымен қатар ауыл тұрғындары қол жиып, облыстық ономастика комиссиясына өтініш-тілектерін кіргізгендерін айтады. Облыстан көңіл қуантарлық жауап келмепті, айтуларына қарағанда Зейнолла болыс қызылға қарсы, адам атын мемлекеттік мекемеге беруге болмайды деген жауап алыпты.
Міне, бұл жайт осыдан жиырма неше жылдың алдында болған, енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Зайсан қаласының өсіп-өркендеуіне тікелей әсер еткен маңайындағы әр болыстың һәм ұлттық буржазияның әсері өте зор болған.
Әлихан жолдас санаған тұлға немесе Қыдырмолданың арманы
Қыдырмолда Құрбанқажыұлы деген ел ардақтысын ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтағы жолдасымның бірі деп құрметтеп, қадір тұтқан. «Әлекеңнің бір жолдасы – қарқаралық қаракесек Хасен Ақайұлы, найман Зайсан елі Қыдырмолла – байжігіт. Қазақтың әр елінде «Әлиханмен жодаспын» деп жүрген қазақ баласы аз емес. «Қазақтың баласын оқытып, егін салып отырықшы ғып, қала салғызып ел қылу, бірте-бірте оқумен болады, күшпен болмайды; бай-кедей демей-ақ үйретеміз» – деуші еді» деп жазады естелігінде ұлт көсемінің туған бауыры Смахан төре [5, 9].
Қыдырмолда Терісайрық болысына қазақтың өлең өлкесіне аққан жұлдыздай жарық еткен аяулы Сұлтанмахмұт Торайғырдай ақынын Терісайрыққа арнайы алдырып бала оқытуы нені білдіреді, ұлттық буржазияның ұлттың болашағына әу бастан әрекет жасағанының бір белгісі.
«Ел жақсыларына ортақ Сұлтан Махмұтты Құрбанқажы да аттай қалап шақыртып алады. Әке пәрменімен жаңаша ашылған мектепте Сұлтан Махмұт Қыдырмолданың бауырлары Мырзасадық, Халым, Молдасадықтарға және баласы Ғабділмәлікті де оқытады. Кейін Қыдырмолла Мырзасадықты Семейдегі орыс мектебіне, Уфа қаласынан келген оқымыстылар сабақ беретін гимназияға жібереді. Кейін Алаш қозғалысына қатысады. Бұл тұлға жайлы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. Соңынан Қыдырмолла өз балалары Арынтай, Халық, Әнуарбектермен бipгe немepeci Айтқазыны да Семейдегі орыс мектебінде арнайы оқытып, орта білімді маман етіп шығады» [4, 47-48].
Қыдырмолданың бауыры Мырзасадық Шығыс Түркістанға өтіп, онда Алаш идеясын насихаттап, ағартушылықпен айналысты. Ол – тағдырлы жазушы Қ. Шабданұлының «Қылмыс» романының кейіпкерлерінің бірі.
Бұл тұлғаның жазған мақалаларын, бұрын-соңды шықпаған, ғылыми айналымға енбеген еңбектерін тауып отырмыз, оны кейінгі кезеңге өткен кезде айтып беруге уәде етейін.
1906 жылғы сайлау
1905-1907 жылдар Қазақстанның саяси өмірі мен ұлттық интеллигенцияның тарихында I және II Мемлекеттік Думаға (бүкілроссиялық парламент – авт.) сайлауға дайындық пен оны өткізуге байланысты оқиғалар ерекшеленді. Бұл науқандарға ұлттық интеллигенцияның белгілі өкілдері белсенді түрде араласты» дейді академик К. Нұрпейіс «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде [6, 40-41].
Бұл сайлау өңірлерде байлар мен болыстарды, ел ардақтыларын да желпіндірді. Біздің зерттеуімізге арқау болып отырған ауқатты тұлғалар да шет қалмады.
Мәселен, Қыдырмолла Құрбанқажыұлы Терісайрық болысынан, Ақыш қажы Шідеріұлы Маңырақ болысынан, Зейнолла Бұтабайұлы Шілікті болысынан, Жәкула Күшікұлы Өкпеті болысынан, Отыншы Әлжанұлы Нарын болысынан қатысып, сайлау көрігін қыздырды.
ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған «Приговоры волостный выборных и разная переписка» атты №540-қорда жоғарыда біз есімін келтірген шығыстағы Алаш байларының уездік сайлаудағы нәтижелері жарияланған.
«Сарыарқа» газетінің демеушілері
«Алаш қозғалысы» энциклопедиясында «Байлардың пейiлi меценаттыққа ұласып, ортадан қаражат шығарып кiтап, газет-журнал жариялау, қозғалысқа бiрiгу – Алаш ағартушылығының дәйектi жұмысы» деп пайымдалған [7, 16].
Бұдан байқап отырғанымыздай, шығыс өңірдегі қазақ байлары ұлттық мұрат жолында қолындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды, Алаш идеясына берілгендіктерін көрсетті және осы жолда аянып қалмады.
Қорытынды
Басында айтып өткеніміздей, Бидахмет Бобкин Зайсан қаласынан мектеп ашып, өзі бас болып, мектепке жыл сайын 500 сомдай қаржылай көмек көрсетіп отырған, бұл деректе архив құжаттарында және ұлттық баспасөз де нақты жазылған.
Өзі ашқан мектепке қазақтың адуынды ақыны, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлын арнайылап алдырып, Міржақып бірқанша жыл Зайсан қаласын да ұстаздық қызмет атқарған. Міне, ұлттық буржазия өкілдері, алаштың арқатіректері ұлт болашағы үшін қара бастарының қамынан ұлттың келешегі үшін аянбай тер төккендерінің бір парасы.
Біз осы неге жалтақпыз, неге қорқақпыз, әлде құлдық сана маңдайдан өтіп табанға жетті ме? Әлде сондай қаперсіз, дүбәра болып қалған жоқпыз ба? Неге? Ақиқатқа тура қарамаймыз, не үшін тарихи тұлғалар тәуелсіз қоғамда, тәуелсіз елде өз бағасын алмауы қаншалықты заңды.
Зайсан қаласының оқу-ағартуына өзіндік үлесін қосқан Алаш зиялылары Міржақып Дулатұлы мен Сұлтанмахмұт Торайғырдың атында аудан көлемінде неге бірде-бір мектеп атауы жоқ? Алаштың қос зиялысы да ұлттың болашағы үшін осы қалада табан ет маңдай терін төкті. Қаладағы Гагарин атындағы һәм Ломоносов атындағы қос мектептің аты жаңа Қазақстанда жаңаша атау мен Алаштың айбоз ұлдары Міржақып Дулатұлы һәм Сұлтанмахмұт Торайғырдың атына берілсе, құба-құп болар еді.
Бидахмет Бобкин, Баязит Сәтбай, Зейнолла Бұтабайұлы, Қыдырмолда Құрбанқажыұлы, Ақыш қажы Шідеріұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыр сынды ұлттық буржуазияның ірі өкілдері мен ұлт зиялыларының атына Зайсан ауданымен қолтықтасып жатқан Тарбағатай ауданы Ақжар ауылынан өңі түзу орталық көшелерден көше атаулары берілуі тиіс.
Зайсан қаласындағы бас-аяғы атшаптырым аудандық акиматтың қарсы алдындағы Әліби Жангелдин атындағы көше атауы тұңғыш президентіміздің сөзінше айтқанда қалаға қатысы жоқ адамның һәм Алашқа жау болып өткен жауыздың қаланың қақ ортасынан көше иеленуге хақысы жоқ, қайта қаланың дамуына тікелей әсер еткен ұлттық буржазияның өкілдері немесе тарихи тұлғаларға берілсе.
Қазақтың Ханбатыры Қабанбайға Зайсан қаласынан бір шолақ көше берілген. Осы ұсыныстардың барлығын Шығыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясы оң шешімін шығарады деген сенімдемін.
Өткен тарихына үңілмеген халықтың болашағы бұлыңғыр!
Әдебиеттер тізімі:
Рахметуллин Е. ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ меценаттары: тарихы мен тағдыры. // «Қазақстан тарихы» порталы, 07.09.2015. https://e-history.kz/kz/news/show/3166 Байбатыров Ғ. Зайсан. Өлкетану тақырыбындағы тарихи-танымдық туындылар / Ғ. Байбатыров. – Астана: Фолиант, 2014. – 344 б. СәрсекеM. Ноқталанған тарихшы: роман-эссе / М. Сәрсеке. — Астана: Фолиант, 2023. – 608 б. Кәрімхан З. «Толағай». Тарихи-танымдық толғаныстар. – Нұр-Сұлтан: Qyr balasy, 2021. – 188 б. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866–1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. /Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т. 6. – 520 б.Нұрпейісов К. «Алаш һәм Алашорда». Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.«Алаш қозғалысы». Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 б.