Біз қайда асығамыз?
07.11.2023 1252

«Қазіргі адамдардың бәрі асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқандарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой…», дейді Оралхан Бөкей. Біреу жұмысқа, біреу сабағына, ал біреу баласын мектепке жеткізуге немесе алып қайтуға асығып бара жатқандықтан «қайда асығып бара жатқанымызды неге білмейді екенбіз? Білеміз!» деуі әбден мүмкін. Сөйтсек бізді байыз таптырмайтын үш секундта не бір жағдайлар болып жатады екен ғой. 


Үш секунд. «Бағдаршамның қызыл, жасыл түстері ауысардағы үш секунд өте маңызды. Сарысы жыпылықтай бастағанда келе жатқандар өте шығам деп, тұрғандар тез қозғалам деп асығады. Есіңде болсын, осы үш секундта көлік апаты ең көп болады», деп қадап айтқан еді көлік жүргізуді үйреткен ағай. Көлік жүргізуді де көңіліміз көтеріңкі күйде үйренбедік. Сондай бір құйындай ұйтқыған такси жүргізушісінің себебінен 26 жасқа енді ғана толған інім қыршын кетіп, көлігіне ие болмасқа шарамыз қалмаған соң ғана рольге отырдық...

Алып ұшып асыққан жандарға сол кезден куә бола бастадық. Оң, сол қапталыңнан жалт етіп, белгі шырағын жақпастан шыға келетін такси жүргізушілерін айтпағанда, сол сары шырақ жыпылықтағанда өтіп үлгермедің деп артыңнан сигнал беріп безілдейтін жұрт та жетерлік екен. Өткен апта ғана бір жағдайға куә болдым. Қызыл шырақта қаздай тізіліп тұрған көліктің ең алдыңғысы жасыл жанса да қозғалып үлгермеген. Оның артындағы көлік баяғы сол асыққаннан бензинді барынша басып қалған. Сөйтіп оның артындағы да соны қайталаған. Тіпті оның артындағы да... Сөйтіп ана жерде төрт көлік бірінің артына бірі кіріп, жабысып қалған. Сенсеңіз, тұмсығынан түк жоқ. Қарап отырсаңыз, ол жерде біз айтқандай қатты жылдамдық та жоқ. Тек асығыс қозғалғаны анық. Сол кезде тағы көлік жүргізуді үйреткен ағайдың: «Сен анау жасыл шырақ жанды екен деп бірден қозғалма. Өйткені мынау қозғалмаса ешқайда бара алмайсың, ұшып өтпесең», деп алдағы көлікті көрсетіп айтқаны есіме оралды. Бір-екі апта бұрын ғана үйіміздің қасындағы мектептің бір мұғалімін көлік қағып қайтыс болды. Сыныбы бар мұғалім артына 100 метр жүрсе жететін бағдаршаммен айналмай, үлкен жолды кесіп асығыс өтпек болған. Ал көлік жүргізушісі алдында келе жатқан жүк көлігін басып озам деп жініккен. Өкініштісі, мұндай мысалдар айналамызда сәт сайын болып жатыр. 

Ішкі істер министрлігінің берген ресми дерегіне сүйенсек, жыл басталған он айдан бері елімізде 11 618 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның 1942-сі қайтыс болса, 14 456 адам жарақат алған.  Бұл жағдайлардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Жамбыл облысында болғанын тағы да ресми мәліметтер растап отыр.  

Ал әлем бойынша жыл сайын 1,2 миллион шамасындағы адам осы көлік апатынан көз жұматын көрінеді. Демек жер бетінде күніне 3 мың адам жол бойында жан тапсырады. 10 млн-нан 50 млн-ға дейін адам түрлі жарақат алып, олардың 20%-ы мүгедек болып қалады екен. Ол аздай жол-көлік оқиғаларының артуы алдағы жиырма жылда өлім көрсеткішін 66%-ға жеткізуі мүмкін екенін айтады мамандар. 

Қазіргі уақытта елімізде 5 млн-ға жуық автокөлік бар. Оның саны күн сайын артып отырғанын ескерсек жол кептелісіндегі сабырсыздардың да көбеймесе, азаймайтыны анық.   

Осындайда көлікті байыппен, ақырын жүргізетін бір ағамыздың айтқаны еске орала береді. Көпқабатты үйлердің тар бұрышынан асықпай айналып өткенше артындағы кісі асыққаннан бір неше рет сигнал басып үлгерген ғой. Сол кезде ағамыз көлігінен басын шығарып: «ажалыңа асығып барасың ба?» деген ғой. Шынымен де біз жақсылыққа асыққан боламыз, әсілінде Оралхан айтқандай сәт сайын ажалығымызға асығатынымызды өзіміз де байқамайды екенбіз ғой...