Тана мырза Тілемісұлы жайында
23.10.2023 2787

Тана мырза Тілемісұлы (1803-1868) қаракерей елінің ішінде руы Жанайдан шыққан ел ағасы, болыс басқарушы және мырзалығымен есімі ел есінде сақталып қалған тарихи тұлға. Жанайдан тараған ұлдары үшеу: Байбол, Байшора, Қарадөң. Байболдан - Тоңаша, Торғай, Жауғашар. Торғайдан – Базар, Тілеміс, Тана, Омар, Тілепалды тараған. 


Тананың әкесі – Тілеміс өз заманында беделді шешен, би болған. Малға бай болғанымен, баласы жоқ адам екен. Жасы егделеніп қалған шағында бір қорқынышты түс көріпті. Түсінде батыстан қазандай қара бұлт шығып, ақыры аспан әлемін түгелдей бүркеп, күн көзін көлегейлеп, қалың нөсер жаңбыр жауып, күн күркіреп, найзағай ойнап, Тілемістің шаңырағына жай түсіп, қазанын қақ бөліп, табалдырығынан шығып кетеді.

Тана Тілемісұлының өскен ортасы

Ол кезде түсті кез келген адамға айтпайтын заман. Ел шінен ауызы дуалы ел ағасын қос ат жіберіп, күншілік жерден шақыртыпты. Келген адам аузы дуалы, шарапаты мол адам екен. Ол кісі келгеннен кейін Тілеміс оңашалап отырып, көрген қорқынышты түсін айтады. Сонда ел ағасы Тілемістен үлкен болса керек келінді шақыршы, түсіңді содан кейін жориын депті. Келін есіктен сәлем бере кіріп, басын игеннен кейін ел ағасы: «Бара ғой, қарағым» деп қайтарып жіберіп, түсті жорыпты. «Келін екі қабат екен, ұл табады» депті. Шаңырағыңа түскен жай – бұл ұлың найзағайдың отындай жалынды болады екен, қазанды қақ бөліп, табалдырығыңды жарып шығып кеткені халқының ырысы, қара қылды қақ жарған әділ болады екен, ұлдың атын Тана қой, елден асқан дана болады», - депті.

Айтқанындай Тілеміс би баласының атын Тана қойып, Тана 16 жасқа келгенде ел билігіне араласыпты. Ол тұс Қазақ жерінде Хандық билік жойылып, Аға сұлтандар мен Болыстар билейтін заман екен. Жанболат деген бір атадан тараған - Шойтабан, Жарылғап, Сары, Қарабай, Қожет, Ырсақ, Жанай және Тоқабай деген сегіз ұлының ұрпағы Нарын деген болысқа қараған [1]. 

Тананың үрім бұтақ тарихнамасы туралы 1901 жылы Семей қаласында орыс тілінде басылып шыққан «Памятная книжка Семипалатинской области» деген жинақ кітапшасында В.Майевский: Назар-Мұрын болысының ауыл ағасы, шежіреші Сүлеймен Сақауовтың айтуы бойынша 1874 жылы съезге және асқа жиналған қазақтардың арасындағы белгілі шежірешіл адамдарға көрсетіп, толықтырғанын баяндағын. В.Маевскийдің ескертпесінде Тана, оның баласы Омар және Омардың туған Тілеуберді (Тілебалды) жөнінде деректер келтірген.

Қазақ даласында Патшалық Ресей империясының әкімшілік-аумақтық бөліністері туралы В.Маевский келтірген мәліметтерге назар аударсақ, Зайсан уезінің батыс жақтағы жартысын құрайтын Мұрын руының бөлімшесі сол кезде 6 болыс ел екен, оған енетіндер: Бірінші, Лаба болысы (қыржы мен қыдырлар); Екінші, Нарын болысы (назар руы); Үшінші, Боғас болысы (қыдырлар мен мырзастар); Төртінші, Қарғыба болысы (құттықадам руы); Бесінші, Өкпеті болысы (құттымбет руы); Алтыншы, Базар болысы (жанай руы) [2]. Міне, осындай қалың елдің арасында Тана Тілемісұлы бала күндерінен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, билер институтының құрылымын, олардың ел ішінде дауларды әділ шешуін өз көзімен көріп өскен. 

Тана мырзаның ел басқарған кезеңі

1838 жылғы Аягөз округіне қатысты архив дерегінде: Тілеміс Базаров Бәйжігіт, Мұрын елінің старшыны. Әрі би. 1780 жылы туған. Оның баласы Тана (мырза атанған) Тілемісов 1803 жылы туған. Мұрын-Назар руларын басқарады. Әскери шені поручик. Сіңірген қызметі үшін қасиетті Анна лентасына алтын медаль тағылып берілген. Елге абыройлы, жомарт, әрі батыл адам деп сипатталған [1,71].

Тана мырза 39 жасында болыс сайланған. Бірақ, болыстық беделінен азаматтық ұстанымы, парасатты тұлғасы көбірек танылып, ел ішінде төре тұқымы болмаса да елге жақсы таныла бастаған. Оған А.Влангали, Г.Потанин, В.Майевскийдің жазбалары дәлел. Тіпті өзіне қарсы әрекетте жүрген Тана мырзаны орыс үкіметі ерекше бағалаған тәрізді. 1842 жылы берілген мінездемеде: «Тана Тілемисов, 39 лет, умен, стоек и шедр» - деп жазды. Бұл формулярда оның саяси жағынан сенімсіз адам екені айтылмайды. Тек, әкесімен бірге көшіп жүретіні, болыс болып сайланғаны ғана көрсетілген. Қазақ арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауы тәрізді мәселелерді шешуге үнемі Тана мырза қатысып өзінің тура билігімен көзге түсіп отырған екен.

1846 жылы Патшалық Ресей империясының құпия экспедициясы ұйымдастырылып Ұлы жүз жеріне әкімшілік қызметкерлері, әскерилері және Тана Тілемісов  барған. Онда жер дауы шешілген. Осы сапардан кейін 1847 жылы «Тана Тілемісов. Саяси сенімсіз» - деген мінездеме берілген [3]. Бұл арада өзге ұлт өкілдері Тана мырзаның қазақ халқына жанашырлығы мен ұлтжандылығын байқаған сияқты.

1844 жылы 29 сәуірде Патшалық Ресей империясының патша  Жарлығымен Басқарушы Сенатқа арнайы тапсырма берілген. Онда Көкпекті Сыртқы округтік приказын құру және бұрынғы Аягөз округіне қарап келген 4 болыстықты жеке бөліп, осы Көкпекті округінің құрамына қосу туралы нұсқау көрсетілген. Міне, осы жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша бұрынғы Аягөз дуанынан жеке бөлініп алынған 4 болыстықтар: Мұрын-Назар, Мұрын-Құттымбет, Мұрын-Қыдыр  және Мұрын-Кенже халқы Көкпекті сыртқы округінің құрамына қосылып, барлығы – 12 болыстықты құраған [4]. 

Көкпекті сыртқы округінің штаты 1844 жылы сәуірде бекітілген. Оның құрамы 60 адамнан тұрды. Құрамына назар аударсақ, Аға сұлтан, орыстар тарапынан - 2 Заседатель, қазақтар жағынан - 2 Заседатель, 1 хатшы, 1 дәрігер, 1 аспаз, 3 аудармашы, 1 кеңсе қызметкері, 12 Болыстық басқарушылары және тағы басқаларының орындары нақтыланған. Осы жоғарыда аталған жарлықтан кейін Көкпекті округінің ресми құрылуы туралы құжатта Омбы қаласындағы Батыс Сібір Генерал губернаторлығында 1844 жылы 30 мамыр күні хабарланған [5].

Одан кейін Сібір Қырғыздарының (қазақтардың) Шекара басқармасы 1844 жылы құрылған Көкпекті округінің Аға сұлтаны, Заседательдері, билері, болыстары және старшындарына жеке-жеке мөр жасату үшін тізім жасаған. Оған назар аударсақ, әр адамға жеке мөрді күмістен жасау үшін 240 сом ақша жұмсалатындығы аталған [6]. 

Батыс Сібір Генерал губернаторылығының Шекара басқармасы 1844 жылы 26 қыркүйекте Штабс-Капитан, Аға сұлтан Қисық Тезековті жаңа басталған 3 жылдық мерзімге бекіткендігі жөнінде бұйрықты жолдаған [7]. 

Қисық Тезековті Көкпекті округіне Аға сұлтан лауазымына бекіткен құжат. 26 қыркүйек, 1844 ж. 

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА). 374-қор, 1-тізім, 4227-іс, 1-п.

1850 жылы 20 маусымда Батыс Сібір Генерал губернаторлығының Шекара басқармасы Көкпекті  округіндегі Болыстықтар, оның басқарушылары және олардың жағдайы туралы рапорт жазылған. Сонда Аға сұлтандыққа сайлауға түскен Қисық Тезеков пен Рүстем Жангөбеков, одан кейін олардың төңірегіндегі адамдар туралы формуляр тізімдері толтырылған. Міне, осы тізімде сол уақытта Назар-Мұрын Болыстығының басқарушысы – Би Тана Тілемісовтің де есімі жазылған. 

Архив деректеріне назар аударсақ, 1851-1853 жылдар аралығына Көкпекті округіне Аға сұлтандық лауазымға үшінші мәрте Қисық Тезеков (руы Кенже-Мұрын) сайланған. Оның 2 орыс және 2 қазақ тарапынан заседателдері де сайланған. Қазақтар тарапынан сайланған 2 Заседатель (Аға сұлтан орынбасарлары): Шерубай Құлов (Тоқабай Кегенбай бидің немересі), Қайқы Бекчурин және Болыстық басшыларының тізімі жазылған. Мұндағы 15 болыстықтың ішінде Назар-Мұрын Болыстығының басшысы – Би Тана Тілемісовтің де есімі аталған [8].

Көкпекті округіне қарасты Болыстықтарды басқарушыларымен тізімдеген құжат. Осында Назар-Мұрын Болыстығының басқарушысы – Би Тана Тілемісовтің де есімі аталған. 20 маусым, 1850 ж.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА). 374-қор, 1-тізім, 4465-іс, 6-п.

1852 жылы 17 қазан күні Батыс Сібір Генерал губернаторына Шекара Басқармасының бөлімшесі Көкпекті округіне қарасты 15 болыстықтың атауы және басқарушы лауазымды тұлғалары туралы мәлімет жолдаған. Онда Көкпекті дуанына қарасты болыстықтардың тізімі мен басшылары былай деп жазылған: 1) Көшік-Терістаңбалы болысы. Болыс Басқарушысы – Досалы Майлыбаев; 2) Қоңдыбай-Буранайман болыстының басқарушысы – Би Қазыбек Өтеулинов; 3) Ақымбет-Сыбан болыстығының басқарушысы – Түйте Аталықов; 4) Буранайман болыстының басқарушысы – Бозай Шөкин; 5) Жебетей-Буранайман болыстының басқарушысы – Би Құттықожа Шүршітов; 6) Терістаңбалы болысының басқарушысы –Би Көшер Құтықов; 7) Сарыжомарт болыстығының басқарушысы – Әлхан Тілеубердин;                        8) Құттымбет-Мұрын болыстығының басқарушысы – сұлтан Әбілдә Сартов; 9) Қыдыр-Мұрын болыстығының басқарушысы – сұлтан Қалихан Жошы; 10) Қыржы-Мұрын болыстығының басқарушысы – Жәңгір Уәлиев; 11) Кенже-Мұрын болыстығының басқарушысы – Тәукенбай Жәпеков; 12) Көнші-Мұрын болыстығының басқарушысы – Болат Барақов; 13) Бәки Тілес Матай болыстығының басқарушысы – сұлтан Айтхан Даутов; 14) Мұрын-Назар болыстығының басқарушысы – Би Тана Тілемісов; 15) Қарауыл-Жасақ болыстығының басқарушысы – Жангөбеков Асыл [9], - деп жазылған.

Көкпекті округіне қарасты 15 Болыстық тізімінде Назар-Мұрын болыстығының басқарушысы – Би Тана Тілемісов деп жазылған құжат. 1852 ж.

Обмы облыстық тарихи архиві (ООТА). 3-қор, 3-тізім, 3221-іс, 9-11 пп.

Осы Көкпекті округінің ең алғашқы Аға сұлтаны Қисық Тезеков туралы Омбы тарихи архивінде мынадай құжат сақталған. Онда: «Батыс Сібір Генерал-губернаторы мырзаға 1856 жылы 11 тамызда Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесіне Семей облысының әскери губернаторы Штабс-Капитан Қисық Тезековті Аға сұлтан лауазымында үш жылдан үш мәрте қызмет еткендігі туралы атай келіп, оған және оның әулетіне мұрагерлік жолмен дворян атағын беру туралы хат жолдап отыр» [10], - деп жазылған. Міне, осылай үш мәрте (1844-1853) Көкпекті округінің Аға сұлтаны қызметін атқарған Қисық Тезеков халық арасында «Қарадан шыққан Хан Қисық» атанған беделді тұлға болған. Ал, қызмет жасап жүрген кезінде 1833 жылы Поручик, 1843 жылы Штабс-Капитан атағын алған екен. Кейін дворян атағы да берілген.

Қытай мен Ресейге танымал білікті билердің бірі – Тана мырза Тілемісұлы 1858 жылы Лепсі аймағының Шұбарағаш жерінде өткен орыс-қытай шекарасын бөлу жөніндегі комиссияның мүшесі болып, шекара бөлісу туралы маңызды құжатқа қол қоюшылардың бірі болғаны тарихтан белгілі мәлімет.

Жалпы шекара сызығын белгілеу науқаны елдің жанын пышақпен кескендей әсерлі, әрі ауыр кезең болғаны анық. Аталған комиссияның жұмысы барысында, белгілі Әріп Тәңірбергенов тілмәш ретінде қызмет атқарған [11]. Бұл жағдай ХІХ ғасырда қазақ жеріндегі шекара сызықтарын айқындаумен байлансты жүрген оқиға болатын.

Тана мырзаның мектептер мен мешіттер салдыруы

Қазақ даласына Патшалық Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесі енген қиын заманда елді жат ағымдардан қорғап, сауатын аштыру және халықтың діни ахуалын жақсартуды ертерек ойлаған білікті тұлға – Танамырза Тілемісұлы болды.

М.Мұхамадиұлы: «Тана мырзаның дін саласындағы және ағартушылық қызметі» тақырыбында жазған мақаласында: «Тана мырза салдырған Үш мешіттен басқа, халық аузында бізге жеткен саны 7. Көкпекті, Кеңтүбек, Қаражар, Ақмектеп, Ақсуат, Көкжайдақ, Құйған оның ішінде, Кеңтүбек мешіті 1848 жылы салынып, қасындағы медреселерге келушілер көбейіп, мұсылманша оқығандар орыс тілін біліп, текке желінбеу жолына түсті. Тана халқының қамқоры, ел басықарушы адам болды. Одан басқа 1850 жылы Семей облысы көлемінде жұқпалы аурулар асқынып, ел өлім құшқанда Көкпектіде дәрігерлік училищені ашуды талап етіп, жоғарыға хат жолдаған [12]», - деп тарихи мәліметтер келтірген.

Тана мырза ендігі жерде елде орыс тілінің де тиер пайдасы бар екенін ескеріп, оны да бір бөлім сабақ ретінде жүргізуге нұсқау берді. Бұл бағытта Тананың сенімді көмекшілері өзінің інілері, етене жақындары Ғалим мен Дәуіт молла болды. Екеуі Семей қаласынан бірталай ноғай отбасыларын көшіріп әкелді. Олардың арасында дін қариялары, білімді ұстаздар, орыс тіліне жүйрік аудармашылар, жер телімінің бабын білетін бағбандар, саудагерлер бар еді. 

Шаруаның қиын түйіні мешіт салу үшін рұқсат алу (патент) болса керек. Себебі, 1947 жылы ойға алынған шаруа сәл созылыңқырап барып басталған. Соған қарағанда жергілікті ұлықтар мешіт салу ісіне аса құлықты болмай, реті келсе салдырмауға ұмтылған болуы керек. Мынандай бір құжат бар. Сонау шалғай жатқан Том қаласындағы орталығы орналасқан «Алтай және қырғыз (қазақ миссиясы)» деп аталатын христиан дінін насихаттап, бұратана халықтарды шоқындыруға бағыт ұстаған мекеменің сол жылдардағы есебінде үкіметке жеткізген тілегінің арқасында шіркеулер салуға қаржы молынан бөлінетіндігі, ал оған керсінше мешіт, медресе салуға бір тиын да бөлмеу туралы бұйрық шыққаны айтылды. Қаржы өз алдына болсын. Ал жер бермеу, оған мешіт салуға патент бермеу, қарсы саясат жүргізілген [3,40], - деп жазды Тана мырзаның өмірі мен қызметін зерттеуші А.Тілеухан.  

Осындай шырғалаң кезеңде Тана мырза 1848 жылдан бастап алғашқы болып Тарбағатай мен Көкпекті өңірінде мешіттер тұғызға бастаған. Тана мырзаның осы бастамасынан кейін ел ішінде мешіт, медреселер көптеп ашыла бастайды. Тана мырза діни білімге ертерек сусындаған татар азаматтарын мешіттер мен медреселерге имам, ұстаз ретінде дәріс беруге шақыру мақсатында, оларды Семей шаһарынан көшіріп, маңына қоныстандырған. Олар, атап айтқанда – Ғабидолла, Дәуіт сияқты білімді ұстаздар болған [11,5].

Тана мырза шын мәнінде білім мен рухани жан азығын іздеп шөліркеген, тұтас бір өңірге өз қаражатымен алғаш рет мешіт, медресе салдырып, қолына білімдар молла, діндар ишандар ұстаған, мектеп ашқан игі ниеті нағыз мәрт және мырза адам болған. 

Ел басқарған тарихи тұлға Тана мырза Көкпекті ауданының ортасындағы және сол ауданға қарасты «Үлгілі малшы» ауылының Ертіс өзені жағасына жақын жатқан елді мекенде «Тана мешітінің» орны күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Тарбағатай ауданындағы «Ақмектеп» деген атпен Тарбағатай мен Қалба тауларының баурайында Танадан бұрын мешіт салдырып, мектеп ашқан бір қазақ болмағаны тарихтан белгілі [1,68].

1860-1863 жылғы Көкпекті окугінің сайлауында Тана мырзаны қазақ бұқарасы қолдай тұра, Аға сұлтандық лауазым дуан кеңесінде бұрынғы Саржомарт болыстығының басқарушысы, тілмәш Әлхан Тілеубердинге бұйырыпты. Соған қатты назаланған Тана мырза үйіне келіп қайғырып жатып қалған. Содан бәйбішесі Бостан ерінің қайғысын серпілту үшін әкесіне барып Ертіске құятын үш өзеннің тоғысқан жеріндегі түбекті сұрап алып, сол түбекке 1863 жылы Тана мырза мешіт салған, сөйтіп ол жер «Тана мешіті» ауылы атанған, - деп жазған Қалихан Алтынбаев [13]. 

Тана мырзаның қазақ еліне келген экспедицияларды қарсы алуы

Тана мырза өмір сүрген XIX ғасырда оны өз көздерімен көрген 2 экспедиция мүшелері болды. Оның біріншісі, 1849 жылы келген А. Влангали бастаған ғылыми-зерттеу экспедициясы алтын және тағы басқа пайдалы қазба байлықтарды іздеп келген; Екінші, Карл Струве мен Григорий Потанин бастап келген экспедиция. Оның біріншісін Тана мырза күтіп қонақ қылған және жол бастайтын адамдар қосып берген. Бұл Тана Тілемісұлының Назар-Мұрын болысының басқарушысы қызметінде жүрген кезеңі еді. Ал, екінші экспедиция К.Струве мен Г.Потанин 1863-1864 жылдары келген уақытта Тана мырза Көкпекті дуандығына Аға сұлтандыққа өтпей қалып, қызметті қойған, біржола елге қамқорлық жасаудың игі істерін елдегі білікті адам ретінда жалғастырған және қолы бостау кезінде келген.

1849 жылы 24 тамыз - 3 қыркүйек аралығында Александр Влангали экспедициясы Көкпекті жеріндегі Бөкен өзені жағасына келіп тоқтаған. Осы жерде олар Мұрын-Назар болысының болысы Тана Тілемісовпен танысып, бірнеше күн аялдаған. Сол кезде Тана мырзамен көршілес көшіп-қонып жүрген Рүстем төре әкесі Жамбөбек сұлтанға ас беріп жатқан. Бұл аста ат шаптырып, балуан күрестірген екен. Келген қонақтарды жеке киіз үйге түсірген. Меймандар ретінде оларға жылқы және қой еті табақтармен тарту етілген. Саяхатшылар бәйгеге шапқан 100 атты, оның ішінен топ жарып келген 20 атты және жүлде берілген 15 атты көздерімен көрген. Оның соңында біраз дау болып, ел ағалары дөңгелене отыра қалып, осы жүлделерді дұрыстап шешкеніне куә болыпты.

Осы сапарында А.Влангали күнделігінде Тананың әкесі Базарұлы Тілеміс биді, Тананың әйелі мен қызын көргендігін жазған. Сондай-ақ, Тана қызының суретін салуды сұрағандығы да баяндалған. Бірнеше күн тоқтап, осында қонақ болған кезде Тана мырзаның келбетін де сипаттап жазған. Оның жазбасына назар аударсақ, Тана орта бойлы, өткір көзді, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, қара шоқша сақалы бар және толықтау келген адам ретінде сипатталған [14]. 

Енді Тана мырза көмектескен және қатысқан екінші экспедицияның сапарына назар тоқталайық, 1863 жылы 25 сәуірде К.Струве мен Г.Потанин Көкпектіден шығып, Қалба тауларының арасынан өтіп, Тана мырза қонысына келіп жеткен. Саяхатшыларды Тана Тілемісұлы өз ауылында киіз үйлерге арнайы түсіріп қонақ қылған. Онда кірген қонақтарды қазақ салт-дәстүрімен күткен. Олар өте риза болған. Сонда ерекше таң қалған. Киіз үй ішінде отырып қараса, Тананың үйінде Еуропалық және Шығыстық жиһаздар мен ыдыс-аяқтар, киінген киімдердің түр-түрін көрген. Өте ауқатты және таза тұрады. Бұл өңірде мал бағады және Бөкен өзені мен Қарғыба бойында егін салады, диірмендері де бар, халықтың тұрмысы жақсы деп сипаттап жазған.

27 сәуір күні Тана мырзаны жол бастауымен олар Көкпекті өзенін бойымен Зайсан көліне қарай жол жүрген. Саяхатшылардың осы аталған жылдағы мақсаты Зайсан төңірегін зерттеуге бағытталған. Сапарда Зайсан көліне бара жатып, Ертістен өтіп, Зайсанның солтүстік жағын да зерттеген. Онда жануарлар әлемі, өсімдіктер және тағы басқасын зерттеген. Осы сапардан қайтып келе жатқанда оларды Тана мырзаның туысы Мұхаммед күтіп алған. Қазақ үйге түскен қонақтар оның анасын да көрген. Тана мырза қонақтарды ретімен отырғызып, алдарына түрлі ас әкелткен. Олар тамақтанып болғаннан кейін үй иесі саяхатшыларға сыйлық ретінде бие, сиыр және бірнеше қой берген. Осы уақытта керуен Шеңгелді жерінде тұрған. Г.Потанин бұл жерде қазақтардың «Қыстауын» өз көзімен көрген. Одан ары жол жүргенде Сарытауға келе жатып жолдан ақбөкендер мен құландардың көп жүргенін байқаған. Саяхатшылар Қалжыр өзені жағасындағы жазық жермен өткенде 22 мамыр күні Марқакөлге жақындаған. Бұл арадан ары асып жол жүргенде Алқабек жерінде жайлауда отырған Қожамбет руының қазақтарын көрген.

Тағы жол сапарда келе жатқанда Тана мырза жергілікті сұлтандармен сөйлесіп, саяхатшыларға таза киіз үй алдырып, оны арнай тіктірген. Ал, қонақтарға ас дайындауда Тана мырзаның жеке аспазы – Алпыс және молласы, орысша аудармашысы – Момын есімді қазақ жігіттері ілесіп жүрген. Осы жерде қожамбет руы қазақтарының шешілмеген дау-дамайы бар екен. Жергілікті халықтың өтініші бойынша Тана мырзаның араласуын және шешімін айтуын сұраған. Мұнда негізгі дау жайылым, қонысқа қатысты болған екен. Сол жерде бір күні кешке дейін осы дауды шешуге Тана мырза қатысып келген. Оның біліктілігі мен даналығын жергілікті сұлтандар өте жоғары бағалаған.

Экспедиция мүшелері 1863 жылы 12 маусымда Зайсан көлін артта қалдырып, Сарытауға шыққан. Бұл жер теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте болған. Осы биік жерден олар Күршім және Нарым жоталарын көрген. Бұл тауға экспедиция мүшелері 5 рет көтеріліп шығып зерттеулер жасаған. Табиғаты өте қатал, салқын болғандықтан от жағып жылынып, тоң киіп жүрген. Осы сапарда Қалжыр және Қалғұтты өзендерін бойлап жолда 25 маусым күні Зайсан көліне қайта келіп, одан кейін Көкпектіге жеткенде экспедиция жұмысын аяқталған.

1864 жылы 26 маусымда К.Струве мен Г.Потанин экспедицияны бастап Тарбағатайдың күңгей беті Үржар бекетінен жолға шығып, алдымен оңтүстік жағын, одан кейін солтүстік жоталарына өткен. Осы бағытта ұзақ жол жүріп Қытаймен шекарадағы Хабарасуына жеткен. Одан ары Тана мырзаның жол бастауымен Шәуешек жеріне дейін барып қайтқан. Бұл шетелдік зерттеушілер осы сапарда жол бастаушы Тана мырза болғандығын анық жазып кеткен [15]. 

Тана мырза мен Құнанбайдың достығы

Құнанбайдың үлкен әйелі – Күңке (Қаракерей ішінде Тоқабай Ағанас батырдың қызы). Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан, ол Құнанбайдың інісі Құттымбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі – Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Міне, осы Құнанбайұлы Ысқақ Тана мырзаның немере інісі Жәмпейіс батырдың Текті есімді қызына үйленген. Одан атақты Кәкітай (Ғабдүлхакім) Ысқақұлы Құнанбаев (1869-1915) туылған. Осы Кәкітай өсе келе оқыған, дарынды адам ретінде қалыптасып, Абайдың бауырына басқан баласы, шәкірті болған және кейін Абай шығармаларын 1905 жылдан Әлихан Бөкейхановпен кеңескен соң жинақтап, ең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлдары болды [16]. 

1851 жылы шілде айында Үш жүзге сауын айтқан Құнанбай әкесі Өскенбайға ас береді. Бұл ас Абыралы жерінде Көкшетауда Арғын ішінде Қамбарлар отырған «Көкжайдақ» деген жайлауда өткен. Осы Өскенбайдың асында 300-ден астам қазақ үй тігілген ұлан-ғайыр ас үш күнге созылған. Атасының асына 6 жастағы Абайда қатысқан [17]. Сол асты Құнанбайдың өзі Тана мырза, Алшынбай, Тәттімбет, Жанақ ақынға басқартады. Бұл Тана мырзаның ел ішіндегі биік абыройын байқатса керек. Тана мырза өзінен бұрынғы би-шешендердің тапқырлығын, әдет-ғұрыпқа негізделген салтты, билік айтуда, дау шешуде даналықтың бәрін меңгерген кемеңгерлікті жалғастырушы адам болған [18].

Қазақ елінің тарихында Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» өлеңі мен әнін білмейтіндер бірен-саран. Бұл ойын-тойларда махаббат жырына айналған. Осы ән мен өлең Қаламқас есімді қызға арналғаны даусыз. Осындағы Қаламқастың кім екені, қай елдің адамы екені «Абай жолы» эпопеясында да айтылмайды. Сонда Қаламқас кім?

Жалпақ жатқан найман елінде Абай мен Қаламқас туралы аңыз ертеден келе жатыр. Бұрынғы білетін қариялардың айтуынша, Қаламқас Тана мырзаның інісі Жәнібектің қызы. Тана мырза бауырына салып өсірген. Тана мырза Көкпеті дуанына Аға сұлтандыққа өтпей қалған кезде, оның орынына бұрынғы Саржомарт болысы, тілмәш Әлхан Тілеубердин сайланған. Одан кейін Ертіске құйятын үш өзеннің түйісіне Тана мырза 1863 жылы мешіт салыпты. Сол мешіттің салынып бітуіне құтты болсын айта, әрі Тананың көңілін жұбата Құнанбай келіпті. Он сегіз жастағы Абай әкесімен бірге ере келген. Келе жартылай қала үлгісімен киінген киінген әрі сұлу, әрі инабатты Тұржанға (жеңгелері «Қаламқас» атандырған) Абайдың көңілі құлап түседі. Инабатты, өңді қыз Құнекеңе де ұнапты. Тіпті құда түсуге ниеті ауыпты. Екі жас та бір-біріне «кет әрі» емес. Бірақ Тұржан бұрынырақ бір елдің азаматына атастырылыпты. Ол да бір аталықты жер. Тана мырза осыны ескерткенде, Құнанбай ойланып қалған. Оғанда қарамай бір есебін табарма еді, қайтер еді, егер сол мезетте ақ орданың маңынан ашулы мінезді біреудің ащы айқайы мен дөкір сөздері естілмесе. Әлгі ашулы адам бір көзіне ақ шорланған түйені бақыртып ұрып жатыр. Ара-тұра:

«Көзіңді қу соқыр», - деп боқтап жібереді.

Мұны естіген Құнанбай қатты ашуланып, әлгі оңбағанға ат-шапан айып кестіреді. Қоналқаға қарамай аттанып кетеді. Жігітке айып кесіп, жік-жапар болған Танаға аттанарда Құнанбайдың айтқаны:

Істеп отырған өзіңсің,

Содан бері «Түйені соқыр десе, Құнанбайға тиеді», - деген мәтел қалыпты. Екі жастың болашақ махаббатына осы болмашы көрініс бөгет жасапты. Алыстан бір-біріне бірер хат жолдасып, келген-кеткен кісіден сәлем айтысумен тынған. Қатынасуға жер шалғай. Мұнан кейін Қаламқас өзі дүниеге келген өңірде Тоқтардың інісі Быжы есімді азаматқа тұрмысқа шыққан [13,163-169], - деп жазған Қалихан Алтынбаев.

Тана мырзаның батылдығы мен даналығы

Ауылынан ақын мен балуан, белдеуінен бәйге ат кетпеген. Аягөзде өткізілген Орта жүз қазақтарының үлкен жиынында Тана мырзаның аты көбіне екінші келгені айтылады. Тананың осы «шағыр» тұлпары басқа жиындарда да бәйгенің алдын бермейді. Мырза сондай-ақ, Матай руынан шыққан Кешімбай ақынды қолына ұстаған. 

Ол бір жылы нөкерлерін ертіп Өскеменге сапар шегеді. Жолшыбай бұлар Қалба тауының ішінде үлкен аюға кездескен. Түз тағысы өкіре ұмтылғанда, қасындағылар (ішінде атақты Ақан палуан бар) тым-тырақай қашады. Жалғыз қалған Тана қашпайды. Мойынынан пілтелі мылтығын алып басып қалады. Аю сеспей қатыпты. Біртіндеп жинала бастаған серіктерінің басқасына назар аударған Тана жоқ, тек Ақан балуанды сөзбен сөгіп, жерден алып, жерге салыпты. Осы жерде аюды алып соғатын күшің бар еді ғой, өлсең меннен жаның ардақты ма еді, деп қатты ашуланыпты. Көңілінің қалғаны соншалық, Ақанға тиесілі ақысын беріп, еліне қайтарыпты.

Тағы бір батылдығына назар аудара қарасақ, ХІХ ғасырда Қытай мен Ресей мемлекеттерінің арасында шекара сызығы тартылған. Осы науқанның құрметіне Өскемен ұлықтары әскери ойын ұйымдастырған. Атпен шауып келе жатып, қылышпен тал кесу, нысанаға мылтық ату, сынынан Тана мүдірмей өткен. Мұнан кейін ойынды басқарушы жоғары шенді офицер Танаға ат үстінде найзамен түйенің құмалағын шабуды бұйырады. Тана «мынау мені мазақтап тұр ма» деп ойласа керек, «Атаңа нәлет, мен құмалақты емес, сені шаншамын» деп, найзасын кезеп, офицердің өзіне ұмтылыпты. Офицер ойбайлап қашып, киіз үйге кіріп кеткен. Ол заманда бір орыстан жүз қазақ қорқатын заман екенін ескерсек, бұл Тананың анық жүректі адам болғанын байқатады [1,72].

Қорытындылай айтқанда, ХІХ ғасырда Қазақ елінде өмір сүріп, есімі қазақ халқына кеңінен танымал болған Тана мырза Тілемісұлы саналы ғұмырында халыққа қалтықсыз қызмет жасап, болыс басқарушысы, би, старшын және мырза атанған тарихи тұлға болды. Тана Тілемісов 1868 жылы өзі дүниеге келген өңірде (қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданы, Сұлутал ауылының маңында) қайтыс болып, сонда жерленген. Оның ел мүддесін қорғап сөйлеуі, отаршылдыққа қарсы шығып, салт-дәстүрді насихаттауы, оқу-ағарту мәселесін көтеріп мешіттер, мектептер салдыруы және қазақ арасында түрлі дауларды шешуде әділ қазылық жасап, билік шешімін айтуы нағыз елдің жанашыры болғандығын байқатады. Осы аталған атқарған істерінің барлығы Тана мырза Тілемісұлының батылдығы мен даналығы деп айтуға толық негіз болады. Сондықтан, қазақ халқы осындай халқына қалтықсыз қызмет жасап, жанашыр болған тұлғаларын ұмытпай, оларды жас ұрпақ пен халықтың есіне салып отыруы керек. 

Кезінде қазақ халқының тарихи тұлғалары туралы айтқызбай тұмшалап келді, тіпті оларды білдірмеудің түрлі айла, тәсілдерін жасады. Тұлғалардың жерленген жері мен тарихи деректерін жойып жіберуге тырысты. Қазақ елі егемендік алғаннан кейін ұлттық тарихқа және тұлғаларға қатысты зерттеулер жасалып, жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Оның барлығы тарихи сананы қалыптастырып, ұлттық рухты көтеріп және жас ұрпақты тәрбиелеу үшін керек. 

Осы бағытта елдің азаматтары Тана мырзаның 220 жылдығына байланысты 2023 жылы «Тана мырза тағылымы» қоғамдық қорын ашып, алда атқаратын бірталай жұмыстарға жоспарлар жасап, жақсы бастамалармен жұмысқа кірісіп кетіпті. Солардың ішінде Тана мырза елінен шыққан азамат, ел жанашыры, Ақсуат ауданында дүниеге келген, қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын меценат Кәкен мырза Тоқтаровтың есімін де атап өткенді жөн көрдік. Кәкен Кәлімұлы ел игілігіне жасалып келе жатқан талай іс-шараларға қол ұшын беріп, көп жақсылықтар жасап келеді. Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді. 2022 жылы Омбы архивінен құжаттарды әкелуге барғанымда маған демеушілік жасаған да, 2023 жылы осы мақалада көрсетілген Тана мырза Тілемісұлының суретін салдыруда идея авторы да Кәкен Тоқтаров мырза. Ал, суретті арнайы тапсырыс ретінде салған суретші - Кравцов. Сондықтан, алғыс айтамыз!

Тана мырза Тілемісұлының суреті жәй ғана салына салған жоқ. Бірнеше тарихшы ғалымдармен ақылдасу арқылы, сол кезеңнің киім үлгілері мен Тана мырзаны көзімен көріп, оның түр тұлғасын сипаттап жазып кеткен Александр Влангалидің экспедиция күнделік жазбалары, тікелей ұрпақтарының түрі мен келбеті негізге алына отырып орындалған жұмыс екендігін айта кетуіміз керек. Демек, тарихи тұлғаның суретін салуға негіздер болды.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:

Құсайынұлы Б. Ақсуат өңірінің ұлы адамдары. – Алматы: «Құрмет» баспа үйі, 2005. - 69 б.Маевский В. Материалы для родословной киргиз // Памятная книжка Семипалатинской области на 1901 г. Выпуск 5. Семипалатинск:  «Плещеев и К», 1901. – С. 1-4.Тілеухан А. Тарихи тұлға-Тана мырза // Тана мырза. – Семей: «Дом печати», 2023. – 37-38-бб.Омбы облыстық тарихи архиві (ООТА). 3-қор, 2-тізім, 2121-іс, 103-104 пп.ООТА. 3-қор, 2-тізім, 2188-іс, 4-п.Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА). 374-қор, 1-тізім, 4002-іс, 108-п.ҚРОМА. 374-қор, 1-тізім, 4227-іс, 1-п.ҚРОМА. 374-қор, 1-тізім, 4465-іс, 5-6-пп.ООТА. 3-қор, 3-тізім, 3221-іс, 9-11 пп. ООТА. 3-қор, 3-тізім, 4675-іс, 23-п. Ордағали Ғабділхақұлы ұрпатары. Алғы сөз // Тана мырза. – Семей: «Дом печати», 2023. – 4-б. Мұхамадиұлы М. Тана мырзаның дін саласындағы және ағартушылық қызметі // Тана мырза. – Семей: «Дом печати», 2023. – 55-б.Алтынбаев Қ., Жұмахан Е. Ақсуат. – Ер-Дәулет, - 1998. - 165 б. Влангали А. Геогностические поездки в восточную часть Киргизской степи в 1849 и 1851 годах. СПб., 1853. Ч.1-2. Обручев В.А. Путишествия Г.Потанина. – Москва: Молодая гвардия, 1953. – С.37-48. Сапаралы Б. Құнанбай қажы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1995. – 288 б. Көкшетаудағы Өскенбай асы // Абай энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, Атамұра, 1995. – 284-б. Асылбеков М.Қ. Іскерлігіне салтанаты сай Тана мырза // Тана мырза. – Семей: «Дом печати», 2023. - 30-б.

Қанат ЕҢСЕНОВ,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы 

институтының жетекші ғылыми қызметкері, 

тарих ғылымдарының кандидаты, 

қауымдастырылған профессор