Ақын Әсет Найманбайұлын фотоға түсірген кім?
06.10.2023 2057

Қазақтың ән өнерінде айырықша орны бар тұлғаның бірі – Әсет Найманбайұлы. Қазақ музыка өнерін зерттеуші, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, академик Ахмет Жұбанов 1963 жылы жарық көрген «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында: «Әсет Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылы) туды. Алғашқы мекені Кертас тауы, Қаршығалы өзені болды. Руы – қаракесек, оның ішінде – майлық. Самегой деген қызының жоқтауына қарағанда және баласы Қожекенің сөздеріне сүйенгенде Әсеттің туған жылы 1867 болып шығады. Әсет жас кезінде әкесі Найманбай қытай елімен шекаралас Бақты – Көктұма (қазіргі Абай облысы Ұржар ауданы жері) маңына көшіп барады. Әкесі Әсетті Көктұмадағы Зейнұлла медіресесіне оқытады» деп жазыпты. 


Сонымен қатар академик-сазгер тарихта тұңғыш рет жоғарыдағы кітабының 262-ші бетіне Әсет Найманбайұлының фотосын жарияланған екен. Одан кейін, қазақ әдебиетінің белді өкілі, балалар жазушысы Сапарғали Бегалин «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1977 жылғы желтоқсан айындағы санына «Әнші Әсет» атты мақаласымен бірге осы фотоны жариялайды. Бұл үрдісті – көрнекті ақын, әнші-композитордың бейнесі қазақ баспасөзіне тұңғыш рет жарық көруі десек қате емес. Аталмыш оқиғаны – көзі қарақты оқырман һәм өнертанушы қауым үшін зор жаңалыққа баланғаны анық. 

Қазіргі таңда жаппай қолданыста жүрген Әсет ақынның фотосының түп негізі осы бейне. Осы күндері ақын бейнесі компьютерлік мүмкіндіктер арқылы өңделіп, көркем түрлендіріліп тарап жүр. 

****

1963 жылы Алматы қаласында жарық көрген А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында жарияланған фото.

«Мәдениет және тұрмыс» журналының 1977 жылғы

желтоқсан айындағы санына жарияланған фото

Келесі кезекте Әсет ақынның жоғарыдағы фотосын кім, қайда түсірді деген сұрақ туары анық. Өйткені, бұл жәдігер туралы әр жерде,әр кезде қадау-қадау айтылғаны болмаса, жүйелі зерделеніп баяндалған жоқ. Бізге бұл фотоны қандай жағдайда кім түсіргені туралы Алматы қаласының тұрғыны – жасы 94-ке шыққан Инкарь Бапина апамыз айтып берді. Бұл кейуананы таныстырар болсақ: апамыз әуелі өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Шығыс Түркістан тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі, ұлтазаттық армиясының полковнигі, аудармашы – қаламгер Балқаш Бапинның жары болса, одан кейін Әсет ақынның суретін түсіріп оны тарихта қалдырған әуесқой фотограф Мұхаметжан Юсуповтің туған қызы екен. Аталған суреттің түп нұсқасы қазір осы кісінің қолында тұр. 

Жуықта телефон арқылы апамызбен тілдескенімізде, әкесі Мұхаметжан Әбдікәрімұлы 1896 жылы Шәуешек қаласында туғаны туралы айтты. Мұхаңның әкесі Әбдікәрім атамыздың ұлты өзбек болса, осы кісінің бәйішесі Зұлқижа Шөкіманқызы найман – қаракерей – тума екен. Әбдікәрім кезінде Шәуешектегі патшалық Ресей консулының шабарманы міндетін атқарыпты. 1901 жылы консуль Борниман қайтыс болғанда оның отбасын көшірісіп Петерборға жеткізіп тастаған көрінеді. Яғни, орыс, өзбек, қазақ, қытай т.б. тілдерді өз деңгейінде игерген тұлға көрінеді.  

«Менің әкем Мұхаметжан консулдық мекеменің қасынан ашылған үш жылдық орыс мектебінде оқыпты, жастайынан өнерге бейім, оның сыртында Ресейден орыс, қазақ, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды алдырып оқитын. Әкейдің алғырлығына тәнті болған консулдық мекеменің фотографы З.С.Суменко еліне қайтарда өзінің меншік фото аппаратын әкеме беріп кетіпті. Осыдан бастап сурет түсіруге әуестенді. Шәуешек қаласының байлары әйелдерінің бетін бөгде адамға көрсетпейтін болғандықтан оларды менің анам Әмина барып түсіріп жүрді» дейді Инкар апай. 

Заман құбылып, қуғын-сүргін өрістеген 1938 жылдары фотограф Мұхаметжанды қытай билігі түрмеге жапқан екен. Осы алмағайып күндері фото сіңірілген бейнелі әйнектерді (ол кезде пленка болмаған) нан жабатын пештің көмейіне жасырады. 1951 жылы екінші дүркін тергеуге алынған тұста әйнек-фотолардың дені жойылып кеткен көрінеді. Бір ғажабы алаш арыстарымен бірге түскен Әсет ақының фотосы аман қалған. 1955 жылы Мұхаметжан фотограф отбасымен Совет еліне қоныс аударып Алматыға келіп, Балқаш Бапинге жолығады. Балқаш Әлімқазыұлы бұл кісіні композитор Ахмет Жұбановпен таныстырады. Мұхаметжановтың қолынан Әсет Найманбайұлының фотобейнесін көрген композитор оны өңдетіп суретті жоғарыда айтқанымыздай, «Замана бұлбұлдары» атты кітабына жариялайды. 

Әсеттің фотосын түсірген фотограф Мұхаметжан Юсупов (1896-1975)

Осы орайда, атап өтуге тұратын келесі бір дерек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 18 мамыр күнгі санына «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?» деген бір тұтам жазба жарияланыпты. Авторы – Инкарь апамыз. Жазбада әкесінен естіген естелікті келтіреді. Онда: «1918 жылдың апрель айы. Шәуешекке Россиядан қонаққа келген қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсековтердің құрметіне қала сыртындағы бақшалардың бірінде қаланың қазақ жастары қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісінен бүтін уәләият бойынша бірден-бір фотограф мені рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжіліс ашылысында Бақтыдан Шәуешекке жеке ісімен келген қәдірменді Қанағат болыс Сүйлейменұлы (Қабанбай батырдың нәсілі) жолдастарымен жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақында бар еді. Бұл Әсет ақынды мен осыдан төрт-бес жыл бұрын Барлық – Арасанға бара жатқан жолымда Еміл бойында Әлімғазы болыстың (Балқаш Бапинның әкесі) атажұртында михман болып қонған кезімде көргем, уә салған әнін естігем. 

Келушілер мен шақырылған михмандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтінді. Бұған сонда болған халықта қосылды. Басында Әсет кайфы жоқтығын, ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып арлы-берлі шертіп көріп, мұнымен ән-күй айта алмайтындығын білдірді. Және: «Жақсы гармонь болса» деді. Гармонда табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып ыңғайсызданып отырды да, әнге салып өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болды. Әсет сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді» деп жазады.

****

Жоғарыдағы әңгіменің жалғасы ретінде байырғы қаламгер, қазақ баспасөзінің ардагері бүгіндері 90 жасқа толып отырған Уахап Қыдырханов атамыз: «Алаш көсемдерінің бұл сапарынан бізге Әсет ақынның басқосуда айтқан шағын толғауы мен фотосы мұра болып қалды» дей отырып, жиын үстінде айтқан Әсет ақынның бірнеше шумақ өлеңін келтіреді:

Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың,

Мен бе ақын, сен тұрғанда ой табатын, 

«Алаш» деп ағайынға сауға салып,

Ахаң ер отырмай ма жол табатын, – деп сөз бастаған Әсет ақын алаш арыстарына біршама наз айтыпты. 

Қызық деп қара жерде түлкі қусаң,

Бір бел аспай қалмай ма шаршап атың,

Туған ой – туған төлмен бір негізде,

Аяқтанып, оттығып, марқалайтын,

Тумаған ту сиырдан уыз ішіп,

Халықтың кезі ме бұл шалқалайтын,

Өзімнің ат тұрманым сай болды деп, 

Жаяу-жалпы халыққа жар саласың,

Аттыға ерген жаяудың таңы айырылса,

Қайда қалмақ мәйегің сорпалайтын? – деп бір қайырып тасайды да, тіке Ахаңа, Ахмет Байтұрсыновқа қарата: 

О, Аха, не дегенің – бүй дегенің,

Алашқа бар қазақты жи дегенің,

Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүрмейді түздегі елдің, 

     Жарыссаң – төбеге озып шықсаң нетті,

Белдессең – белін үзіп жықсаң нетті,

Тозған елден тойынар күй іздемей, 

Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті, – деп өлең сөзбен түйрегендей кейіп танытады.

 Мұндағы Әсет ақының аузынан шыққан жыр тіркестері жайлы Уахап аға: «Жырдың астарынан жай наразылық емес, ақынның саяси көзқарасы қылт-қылт етіп көрініп тұр. Әсетті саясаттан сырт адам еді, бұл өлкеге өнер еліктіріп, ән көтеріп, өлең ертіп әкетті деуге келмейді. Ол – заман ауқымын ерте аңғарған батыстан өріп келе жатқан отарлаушылардан қатты сескенген, олар қазақты қақсататынын болжаған... Оның сыртында өз топырағында өнбеген ұрықтың басқа өлкеде көктемейтінін білген. Сонан соң ақын ретінде ашығын айтқан» деген тұжырым жасапты. 

«Шәуешекте болған қонақ-мәжілістен бір ай өткенде Әсетті ұшыраттым. Өзінен әнеу күнгі мәжілісте ән салғанда қысылып-қымтырылуынның себебін сұрадым. Сонда Әсет: «Ей, қарағым-ай! Онда қонақ болып отырып, ән салуымды сұрағандар – бір-бір дария-теңіз асқан білімді адамдар емес пе! Мен олардың қасында кішкене бір бұлақпын. Олардың алдында өзімді байқап, аяғымды абайлап аңдап баспасам бола ма? - деді. Осы мәжілісте мен Әсетті жеке өзін бір мәртебе рәсімге түсірген едім, ол пленка нашар болғандықтан шықпай қалды» деп естелік жазып қалдырыпты Мұхаметжан фотограф.

Сондай-ақ, Алаш арыстарының Шәуешекке келген себебі туралы Мұхаметжан Юсупов көкейге қонымды пікір айтады: «1916 жылы патшалық Ресейдің «Қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы» оғаш саясатының кесірінен көптеген шаңырақ қытай еліне асып кеткен болатын. 1917 жылы орнаған Совет үкіметі сол адамдарды қайтарып әкелу мәселесі бойынша қазақ зиялыларын жіберген» депті. 

Жоғарыдағы әңгімелерді айып берген Никарь апамыз: «Әкем Мұхаметжан Юсупов 1975 жылы Фрунзе (қазіргі Бишкек) шаһарында қайтыс болды. Осы күнде әркез Әсеттің суретті жарияланғанда оны түсірген менің әкем екені ешқашан айтылмайды. Өкпе-аз айтайын деп отырған жоқпын. Бірақ қаншама қуғын-сүргіннен өткенде пештің көмейіне, құран қобдишасына, етігінің қонышына тығып, аман-есен сақтаған еңбегінің ескерілмегені көңілге қаяу түсіреді» деп назын айтты.