Батыс өлкедегі Алаштықтардың қоғамдық-саяси қызметі. 2-бөлім
01.06.2023 1934

Сонымен екі жылға созылған қанқұйлы соғыс жаудың құртылуымен аяқталды. Мағынасыз соғыс барысында талай мың адам құрбан болды, көп мал, дүние, мүлік шығын болды. Ақтығында ақ генералдар бас сауғалап шетелге қашты да, еңбекші қазақ адам айтқысыз күйзеліске ұшырады. Жаудан босаған жерде жаңа өкімет орнату, соғыстың жарасын жою жұмыстары басталды. Жазға дейін әлі де топ-топ болып жасырынып жүрген ақ казактарды тұтқынға алу, қарсыласқанын құрту шараларын жүргізеді. 


Соңында екі жылға созылған қанды сойқан тоқталды, қазақтың екі облысы мен оған көрші Ресей губернияларының тұрғындары бірлескен күшпен басқыншыдан азат етіледі.

Контрреволюцияның негізгі күштері талқандалуымен байланысты Қазақстанда Қазақ автономиясын құру мәселесі күн тәртібінде тұрды. РСФСР-дың ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының қазақ бөлімі бірталай жұмыс істеген. Соның бірі – Орынборда Кеңестердің жалпы қазақтық съезін шақыруға инициативалы топ құрылғаны. Оның құрамына Шафқат Бекмұқамбетов, Құсайын Бекентаев, Мажит Шомбалов, Ғазиз Мұсағалиев, Абдолла Бөкейханов, Ғұмар Қарашев кірді.[5] 

Жаудан босаған жерде Қызыл армиялық саяси бөлімдерімен Қазақ революциялық комитетінің өкілдері уақытша ревком тағайындап, жергілікті халықтың жиналыстарын өткізіп, түрлі саяси-ағарту жұмыстарын өткізді. Соғыс зардабынан көптеген жұқпалы ауру көбейді, өлім де кездесті. Оба ауруына қарсы төтенше комиссия құрылды. Жайық, Ілбішін уездерінде қараша, желтоқсан айларында ауыл кеңес сайлаулары өткізіле бастады. Соғыстың бұл ауыр зардабымен әлінше күресе отырып, жаңа өкімет орындарын ұйымдастыру, шаруашылықты, оқу, мәдени жұмыстарын жолға қою істері қолға алынды.

РК(б) Орталық комитеті Қазақстандағы бытыраған партия ұйымдарын біріктіру үшін «Ұйымдастыру бюросын» белгілеп еді, бұл Орал облысының басшылары мен оның көсемі П.Петровскийге тіпті ұнамады. Олар Орал губерниясының екінші конференциясында қазақ халқы маркстік дүниетанымға толығынан дайын болмағандықтан өлкелік партия орталығын құру да мүмкін емес, РКП(б) ішінде жергілікті жағдайды білетін, басшылық партия жұмысын жүргізе алатын қабілетті қызметкерлер болмағандықтан. Губкомға төтесінен "Орталық комитетке бағынсын"-деген қаулы алдырды. Бұл қаулы көптеген коммунистердің де партия бағдарламасын білмейтіндігінен және ұлыдержавалық шовинистік көзқараста екенін көрсетті. Бұлар өздерінен білімі, білігі, тәжірибесі мол Б.Қаратаев, И.Құлақметов, Ғ.Әлібеков, Е.Қаратілеуов т.б. жоғарғы білімділерді менсінбеді. Орта білімділер тіпті көп еді. РКП(б) губком мүшесі А.И. Никитин: "1919 жылы көкек- қыркүйек айларында қалың бұқара арасында партия жұмысы жүрмегенін айтады". Бұған қарамастан РКП(б) Орталық Комитеті 1920 жылы көкек айында Қазақстанда РКП(б) облыстық бюросын құру туралы шешім қабылдап, оның 7 мүшелерінің үшеуі Орал облысынан, қазақ болды: С.Арғыншиев, А.Әйтиев, М.Мырзағалиев. Сөйтіп, Петровскийдің жергілікті жағдайды білетін, қабілетті партия қызметкері жоқ деген сәуегейлігі де жоққа шықты.

РКП(б) Орталық Комитеті, оның Қазақстандағы облыстық бюросы бұл ұлыдержавалық ұғымдарға қарсы батыл күрес жүргізіп, біраздан кейін губревкомды, губпарткомды таратып, оның басшыларын босатады. Қазревкомның 1920 жылғы 28 мамырдағы қаулысы бойынша "РКФСР ХКК-нің 1919 жыл 10 шілдедегі қаулысын орындай отырып, Орал облысы қазіргі әкімшілік шекарасымен толығынан қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитетіне " кіретіндігін жазды және осыған байланысты бірталай шараларды белгілей отырып, Орал губревкомын қайта құрды. Председателі П.Струппе, орынбасары Е.Қасабулатов пен Чеботарев, мүшелері – Почиталин, Е.Қаратілеуов, Н.Ипмағамбетов, Кировшейн т.б. Бәрі 11 адам. Бұған қоса қазақ зиялыларын мобилизациялау жүктелді. Жаңа басшылар қазақ зиялы қауымын, сауатты адамдарын Кеңес, шаруашылық, мәдени, ағарту мекемелеріне жұмысқа тарту жөнінде бірталай шаралар атқарды. Облыста, өлкеде тәжірибелі, сауатты саяси ұйымы орталығы болмағасын қазақ зиялыларының кейбірі бағыт таба алмай, әуелі алаш қозғалысына қатысып көрді, бірақ ол көңілді қанағаттандырмады.

Мүмкіндік тапқаны большевиктер жағына шықты. Өйткені азамат соғысы жылдарында ақтар келіп қазақ оқығандарын алдап,не қорқытып өз қызметіне пайдаланды. Қызылар келіп ол зиялыларға сенімсіздік танытып, қудалай бастағанын, сонда олар кімге сенерін білмейтінін Қазревком ашып айтып берді.

Большевиктердің бәрі бірдей интернационализмді түсіне бермеген, көпе-көріне партия саясатын  бұрмалаушылар, зорлық жасау, орынсыз тұтқындау, зәбірлеу, бөлектеу, сенімсіздік көрсету, қудалау т.б. жағымсыз әрекеттерге жол берген. Бұның бәрі ұлттық зиялы қауымының Кеңес өкіметіне сенімін азайтқаны белгілі. Екіншіден, олардың бәрінің бірдей саяси күрес тәжірибесі болмағасын тартыншақтай берген.

Енді Оралда партия комитеттері де қайта құрылып, жұмыс жігерлі қолға алынды. 1920 жылы 12 қыркүйекте Оралда Кеңестердің губерниялық 1- съезі өтті. Губерниялық революциялық комитет өз қызметін аяқтады. Бүкіл облыста Кеңес өкіметі сайланды. Оның председателі тәжірибелі большевик БОАК мүшесі  П.Струппе болды.

Батыс Алаш қозғалысының мүшелері кеңес органдарымен өзара түсінісіп кете қоймады. С.Меңдешов басқарған Казревком комиссиясы Жаһанша мен оның төңірегіндегілерге күдікпен қарады. Олар Алашорданың Батыс бөлімінің Кеңес жағына шығуы осы өкіметтің идеясын жақтағандықтан емес, керісінше бұрынғы одақтасы болған Орал казактарының жағдайының нашарлауынан және облыстан қашып кету мүмкіндігі қалмағандығынан деп санады. Әрине саяси мәдениеті төмен сатыдағы жергілікті кеңес "көсемдерінен" басқаша әрекетті күту қиын еді. Алашордаға кешірім жасалғандығына  қарамастан, оның жетекшілері саяси тұрғыдан оқшаулануға тиісті болды. Алашорда мен оның басшылығына осындай көзқарас Казревкомның 1920 жылғы наурыздың  5-нде қабылданған "Алашорданың Батыс бөлімін тарату туралы" қаулысында және Жаһанша мен оның серіктерінің (Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәлелов, Беркінғали Атшыбеков) жазған мәлімдеме хаттарында аса анық көрінеді. Шын мәнінде қазіргі таңда белгілі бірқатар мәліметтерге қарағанда Жаһанша өмірінің соңына дейін Кеңес өкіметін мойындамаған. [6]

1922 жылы Орынборда Жаһаншаға сот болды. Сотта Жаһанша өзінің кінәсіз екендігін, Кеңес үкіметіне ешбір зиян келтірмегенін, Орал қорғанысы кезінде ақ гвардияшылар мен казактарға алаш тарапынан көмек бермегенін, тіпті Қызыл армияға 500 жылқы бергізіп, көмектескендігін айтып, ақталып шығады.

Сол жылы наурыздың орта шенінде ресми түрде «делегация» аталған топ Кирревком төрағасы Песковскийдің бастауымен Мәскеуге келіп, осында Петроград көшесіндегі қонақүйге жатып, «Батыс Алашорда үкіметінің қызмет -әрекеті туралы баяндама хат» әзірледі.[7] Баяндама хатты Жаһанша В.И.Ленинге, И.В.Сталинге және Л.Д.Троцкийге өз қолымен табыс етті. Осы хаттың негізінде Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің Батыс Алашорда басшыларын қызметке пайдалану жөніндегі  «үшінші шілде қаулысы» қабылданды. Нәтижесінде Жаһанша Досмұхамедов Бас тоқыма өнеркәсібі басқармасының жүн-жұрқа бөлімшесіне инспектор болып орналасты. 1920 жылдың қыркүйектің аяқ шенінде аталмыш мекеменің жолдамасымен Түркістан Республикасы  халық шаруашылығы Орталық кеңесінің жүн-жұрқа бөлімшесіне меңгеруші болып, Ташкент қаласына жіберілді және Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды.

1921-1922 жылдары мешін-тауық  жұты кезінде Қазақстанның аштыққа ұшыраған Батыс және Солтүстік аймағы халқына азық-түлік жинап жөнелту үшін Түркістан атқару комитетінің тапсырмасымен Қарақол (Пржевальск) қаласына барды. Кейінірек, 1922-1924 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары Білім комиссиясы жанынан құрылған «Талап» мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен «Жауыздық низамы» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік қылмыстық кодексті әзірледі.[8] Жаһанша Досмұхамедов 1927 жылы қарашадан 1929 жылға дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық банкісінде заң қызметшісі қызметін атқарды. 1928 жылы Қорғаушылар коллегиясына мүше болып қабылданады. 1930 жылы ақпан айында отбасымен Мәскеуге жұмыс ауыстырады. Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылдың қазан айында «Скотовод» басқармасында істеп жүрген кезде, Замоскворечье ауданындағы Шаболовка көшесіндегі үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапталды. 1932 жылы 20 сәуірде Қазақстан ОГПУ үштігінің «1921 жылы Ташкентте М.Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы қимыл жасады » деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылды, осы қалада жоғары оқу орындарында  сабақ берді. 1938 жылы жазасын өтеп келген соң Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен.

Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Халел Досмұхамедұлы – аумалы-төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі, мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, әдебиетші, шебер аудармашы.

Халел Досмұхамедұлы бір өзі бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминалогия жасау ісіне ат салысады. Жер-жерлерде қаулап ашыла бастаған ұлттық мектептерге ана тілінде оқулық жазу қажет болады. Осындай қажеттілік Халелді атқарып жүрген толып жатқын қоғамдық қызметтерін ана тіліндегі оқулықтар жазуымен және оны шығару жұмыстарымен ұштастыра жүргізуге мәжбүр етті. Ол «Табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі» (қазақша- орысша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» атты еңбектер жазды. Сондай-ақ оның қаламы жүйрік журналист болғаны қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалалардан айқын көруге болады.

Қазақ халқына тәуелсіздік алу үшін күрескен жылдары Батыс Алаш орданың белсенді басшылары бола жүріп, бірнеше маңызды саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Алайда 1919 жылы Кеңес үкіметін амалсыз мойындап, Қазақ өлкесіне басқару жөніндегі революциялық комитеттің 1920 жылы 5 наурыздағы Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бір тобымен Х.Досмұхамедов Ресейдің Орталық губернияларына жіберілді. Осы жылдың жазынан бастап, Ташкентке келіп жұмыс істеді. 1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медецина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушінің орынбасары қызметінде болды. Жауапты қызметтер атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына мол үлес қосты. «Табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер» т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды. 1922-1925 жылдары мәдениетті көркейту мақсатында құрылып, жұмыс жасаған «Талап» қауымының жұмысын ұйымдастырып, халқымыздың мәдениетіне, тарихына қатысты материал жинақтап, тілдің дыбыс жүйесін зерттеді. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингорманизм заңы» (1924), «Шернияз шешен» (1925), «Алаш не сөз», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана» (1927) т.б. жинақтарын шығарды. 1924 жылы Ресей ҒА-ның орталық өлкетану бюросының мүшесі болып сайланды, осы жылы Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеуде өткен Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шарупшылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Алайда келесі жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етті. Сондағы бір жыл келісімді мерзім бітсе де, елге оралмады. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып Мәскеуге, кейін Алматыға әкелінді. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды» деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ. 1958 жылы 11 ақпанда ақталған.[9]

Қазақстанның ірі тарихи тұлғаларының бірі – Бақытжан Бейсалыұлы Қаратаев. Алғашқы қазақ заңгері, көрнекті қоғам қайраткері. Оның есімі жиырма жылдай бойы Ресей мен қазақ баспасөзі беттерінен түспей, қаламы «Айқап», «Қазақстан», «Орал» т.б. көптеген басылымдардың бағыт-бағдарына үлкен әсерін тигізген еді. Терең мағыналы публтцистикалық мақалалары қазақ қоғамының көкейтесті мәселелеріне арналып, Ресей мұсылмандарының назарын аударғанды. Өткір сынды, ашына жазылған мақалалары халықты азаттық пен бостандық идеяларына болумен қатар, қазақ халқының рухани өсіп, шыңдалуына да өлшеусіз үлес қосты. 

Б.Б.Қаратаевтың қоғамдық –саяси қызметке белсене араласуы 1905 жылдан басталады. Осы жылдары Қазақстанның қоғамдық дамуындағы  ескі патриархалдық қатынастарды жойып, қазақ мемлекетінің саяси –демократиялық, өркениетті дамыған мемлекеттер қатарына қосуды арман еткен Б.Б.Қаратаев қазақтарды Ресей империясында мекендейтін басқа мұсылмандармен біріктіру мақсатында татар-мұсылман партиясымен байланыс орнатуды, ал қазақ даласында оппозициядағы орыс халық бостандығы патиясынан үлгі алар саяси ұйым құруды алғашқы болып жүзеге асырды. Ол қазақ тарихындағы айрықша оқиға тұңғыш саяси ұйым «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының» құрылуына себепші болды. Б.Б.Қаратаевтың басшылығымен Ғ.Бердиев, М.Бақтыгереев, И.Тоқбердиев, Х.Досмұхамедов, Н.Айтмұхамедов, М.Мұқанов, Ғ.Рахымбердиев, А.Ізбасаров және Ү.Дүйсенбиндер қазақ кадет партиясының бағдарламасын дайындап шығарады. Бағдарлама «Азаматтардың негізгі еркіндіктері», «Патшалық қалпы», «Халықтың өзін-өзі билеуі», «Сот», «Дін», «Жер», «Алым-салықтар», «Жұмысшылар», «Мектептер» мәселелерін қамтитын тоғыз тарау, қырық төрт баптан тұрды. [10]

Б.Б.Қаратаев қазақ халқының өз жеріне толық ие болып, оны пайдалану және билік ету құқығына жетуін мақсат етті. Қазақ елінің жері, суы империяның қол астында талан-таражға түсіп бөлшектенуінен халқының құлдыққа, езгіге душар боларын жете түсінді. Жерінен айрылған халықтың болашағы да болмайтындығын білген Б.Б.Қаратаев қазақ халқының жер мәселесін үлкен саяси мәселе етіп көтерді. Қазақ мемлекетін өркениетті, демократиялық мемлекеттер деңгейіне көтеру үшін ең алдымен, елдегі сауатсыздықтан арылу керектігіне баса назар аударған Б.Б.Қаратаев қазақ даласында қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу және т.б. оқу-ағарту мәселелерін көтеріп, партия бағдарламасына енгізді. Сонымен қатар, бағдарламада сот жүйесіне өзгерістер енгізу, халықтың діни істеріне мемлекеттің араласпауы, салық мөлшерін азайту, жұмысшыларға еркіндік беру сияқты қазақ қоғамының көкейтесті мәселелері де қарастырылды. [11] 1905 жылы желтоқсанда Орал облыстық кадеттердің Орталық комитеті мүшелерінің ұйымдастыруымен Орал қаласында Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу облыстарының делегаттық съезі өтті. Съезге Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин,  Б.Сыртанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов қатынасып, партия бағдарламасын құптап, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдайды. Бірақ қазақ зиялыларының саяси патия құру әрекеттері қазақ қоғамында жалпыұлттық негізде саяси партияның құрылуына қажет алғышарттар әлі пісіп жетіле қоймағандықтан, сәтсіз аяқталған болатын. [3] Сол кезеңдерде оқыған, көзі ашық қазақ зиялыларының әр жерде қызмет атқарып, өздерінің бытыраңқылығынан халқына ықпал ете алмай отырғандығы, әрі қазақ даласында патша үкіметінің зұлымдығына қарсы тұрып, қазақтарды басқарып, олардың мүддесін көздейтін ұйымның жоқтығын Б.Қаратаевты қатты қынжылтты. Ол 1910 жылы Ә.Бөкейхановқа күллі қазақ зиялыларының басын біріктіріп, қазақ халқын басқаратын ұлттық ұйым құру керектігі жөнінде ұсыныс білдіріп, «Меніңше, жалғыз сен халықтың сеніміне лайықсың. Жалғыз сен халқыма қызмет қылдым деп айтуға құқылысың»- деген сөзін айтып, хат жолдайды. [10] Б.Б.Қаратаевтың бұл әрекеттерінен Қазақ мемлекетінің, қазақ халқының мүддесін қорғайтын, елді біртұтас жүйелі басқаратын ұлттық партия құру мақсатын айқын байқауға болады.

1917 жылы төңкерістен кейін патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметінің билік басына келуі қазақ зиялыларының саяси кұрестерін екі бағытта өрлеуіне әкеп соқты. Ә.Бөкейханов бастаған ұлт қайраткерлері қазақ облыстарының ұлттық автономиясын жариялап, тәуелсіз мемлкетке тән нышандар мен белгілерді айқындап, Алашорда үкіметін құрса, екінші тобы Кеңес үкіметінің ұлт саясатын қазақ халқы мүддесі үшін оңды шешу мақсатында қызмет атқарды.

Б.Б.Қаратаев Кеңес үкіметі әкімшілігінде де түрлі қызметтер атқарды. Батыс Алашорда басшылары Халел және Жаһанша Досмұхамедовтармен аса құпия жағдайларда кездесіп, келіссөздер жүргізіп, Орал өңірінің саяси жағдайының күрделенген тұсында Батыс Алашорда мен Кеңес үкіметі арасын жалғастырып,ұлттық келісімге келтірді.

  1919 жылдың күзімен 1920 жылдың басында, Алашордашыларға рақымшылық жасау туралы қаулысын енгізген Кеңес үкіметі құлашын кеңге жайып, қазақ даласындағы билікке үстем болғаннан бастап, қазақ зиялылары қауымын қудалай бастады. Алашорда үкіметінің басшылары Семейде Ә.Бөкейханов, Оралда Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер тұтқындалады.

Б.Б.Қаратаевтың Кеңес үкіметінің Алашорда қайраткерлеріне рақымшылық жасау туралы қаулысын басшылыққа ала отырып, көптеген азаматтарды тұтқыннан босатуға септігін тигізгендігін мұрағат құжаттары дәлелдейді. Ал, Кеңес үкіметі қызметінде жүрген Б.Б.Қаратаевтың бұндай әрекеттері билік басындағыларға ұнай қоймағандығы анық. Сондықтан да, оның әрбір басқан ізі кеңестік әкімшілік билік органдары тарапынан жасырын түрде бақылауға алынды. Оның үстіне, Кеңес үкіметі Б.Б.Қаратаевқа А.Кенжин және М.Мырзағалиевпен бірге кезінде Алашорда үкіметімен жасырын байланыс жасап, Торғайлық Алаш әскерін құруға қатынасты деген айып тағып сенімсіздік білдіреді.

Сөйтіп, Кеңес үкіметі қызметінде жүріп, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен Б.Б.Қаратаев та тоталитарлық жүйе құрбанына айналды. 1920 жылы 6 шілде Жымпиты уездік милициясысының қатаң бақылауына алынып, үй тұтқыны ретінде қамалды. Оған «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін», «пара алғаны үшін» деген айыптар тағылып, 1920 жылы 28 шілде Қазәскерревкомның қаулысымен қызметінен ығыстырылды. Сөйтіп, Б.Б:Қаратаев небір сорақы айыптаулар тағылып, Орынбор қаласына тергеуге жібереді.

1920 жылы 21 қазанда РКП(б)-ның Қазақстан облыстық бюросының Президиумы мүшелері И.А.Акулов, С.М.Киров, В.А.Радус-Зенкович жиналып, Б.Б.Қаратаевтың тергеу ісін тоқтатып, ескерту беру шешімін қабылдады. Сонымен бірге болашақта оны жауапты басқару лауазымдарына қоймау туралы мәселені біржолата бекітті. Құрамында жергілікті ұлт өкілдерінен бірде-бір мүше қатыспаған үштік Президиум осылайша ұлты сенген тұлғаларды қызметінен ығыстырылғандығын мұрағат деректері айқын дәлелдейді. 

Большевиктердің құйтырқы саясатына әбден қаны болған Б.Б.Қаратаев 1927 жылы партия қатарынан шығады. 1921-1924 жылдары ол Ақтөбе қаласында адвокаттардың губерниялық коллегиясының төрағасы қызметін атқарады. Езілген халықтың құқығын қорғау жолында көп еңбек сіңіреді.

Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтерген қайраткер. 1932 жылы көктем айларында И.Голощекин «Кіші Қазан» саясатын ұйымдастырып жүрген кезінде Ақтөбе қаласына келіп, митингіде сөз сөйлеп тұрғанында оның жанына Бақытжан Қаратаев келіп, тайсалмастан былай деген : "Большевиктер адамдар аштықтан шыбынша қырылуы үшін күресті ме екен ? Бос сөзді қойыңыз!". Бұл оқиғадан кейін И.Голощекин сөзін аяқтай алмай, халық алдында масқара болады. Ал, Бақытжан Қаратаевтың беделі ел арасында арта түскен. Бақытжан Қаратаев 1934 жылы 26 тамызда Ақтөбе қаласында дүниеден өткен.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда саяси-құқықтық, қоғамдық және философиялық ой-пікірдің дамуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан ірі тұлғалардың бірі – Ғұмар Қараш.

Халық үшін жан-тәнімен күйе білген азамат 1917 жылғы ақпан революциясын қуанышпен қарсы алды. Сол заманның басқа да озық ойлы азаматтары сияқты патшаны тақтан құлауын ірі саяси оқиға деп таниды, самодержавиелік зорлықтың күйреуі халықтарды отарлық езгіден құтқарады деп санады. Қазақ қоғамының барлық зиялы азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ірі тұлғалары  «Алаш» туының астына бірігуін қолдайды. Әйтсе де, Колчак әскерінің халыққа қарсы айуандық әрекеттерін көрген соң Кеңес өкіметі жағына өтеді.

Ол Кеңес өкіметінің теңдікті жариялаған, азаттықты паш еткен жалған идеяларына сеніп, ұлттық езгіден көзін аша алмай жүрген қазақ халқын жаңа өмір жолына түсіп, өркениеттің биік шыңынан көрінуін көксейді. 1918 жылы жаз айларынан бастап, Орал облысының Казталов уезінде Кеңес өкіметінің жұмысына белсене араласады, жаңа өмірдің жаршысы болады. Сонымен қатар, Орда қаласында қазақтардан атты әскер ұйымдастыруға белсене араласады. Мәселен Ғұмардың тікелей араласуымен В.И.Чапаев дивизиясын жергілікті адамдармен жасақтау және жергілікті Кеңес үкіметі құрылысына қарсы күштерді талқандау, тазарту тағы да басқа жұмыстар жүзеге асырылған. 

Ел жұртының ұлттық мүддесін ойлап, қоғамда болып жатқан өзгерістерге белсене араласқан Ғұмар Қараш 1919 жылы Ордада Иманғали Меңдіханов, Нұғман Манаев, Ғабдіғали Сұлтанов, Ғали Бағалиев, Халел Есенбаев сияқты мұғалімдер тобымен «Жазушылар құрамасы» деген атпен ұйым құрады. Кейбір зерттеушілер «Жазушылар құрамасын» қазақ жазушыларын біріктірген алғашқы одақ деп санайды. [12] Қазақстан әдебиетін биік деңгейге көтеру мақсатында Орда қаласында «Дұрыстық жолы» деп аталатын газеттің шығуына негіз қалайды. Сонымен қатар, осы жылы Орда қаласында «Мұғалім» деп аталатын журнал шығуына ықпал етіп, оның әдеби редакторы қызметін атқарады. Бұл журнал бетінде сол заманның көкейтесті мәселелерін қамтыған ғылыми-публицистикалық мазмұнды мақалалар жариялайды.

Халық арасында беделді болған Ғ.Қараш кең түрде үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Өзінің кір жуып, кіндік кескен жерінде қазақтардан «Құрқұдық» деп аталатын ауылшаруашылық артелін ұйымдастырады. [13]

Ғұмар Қараш 1919 жылы большевиктер партиясының қатарына өтеді. Өзінің жазған мақалаларында езілген халықтың, әсіресе кедей шаруалардың жаңа өмірде алатын орнына, Кеңес өкіметінің жариялаған демократиялық идеяларына сеніммен қарайды.

1920 жылы мамыр айында Орда қаласында Бөкей губерниялық кеңестерінің IV съезі болады. Бұл съезге Ғұмар Қараш делегат болып барған еді. Съезд мәжілісінде оның хатшысы болып сайланады. Съезд жұмысы өтіп жатқан кезде мінбеден сөйлеушілер арасында ұлт мәселесі, таптық күрес туралы проблемалар көтеріліп, делегаттар арасында біршама пікірталас туып, жанжал шығу қаупі  төнеді. Дәл сол сәтте Ғұмар Қараш сөз алып: "Біз бүгін бұл жерде бір-бірімізге сын тағып, айыптауға келгеніміз жоқ. Ұлт мәселесі мемлекетімізде бір немесе бірнеше жылда шешіліп кетеді деп айту өте қиын. Біз қазір тек қана ұлт мәселесін шешуде дұрыс бағытқа бет бұрдық. Алда әлі талай асатын белдер тұр. Халықтар достығының мызғымас болуы бір ұлтты аяққа таптамауымен тікелей байланысты екенін ұмытпауға тиіспіз. Ғасырлар бойы ұлттық езгінің тепкісін көріп, отарлық саясаттың салдарынан мешеу қалған қазақ елі өзінің жарқын болашағын ынтымақпен тікелей байланыстырады"- деп, дауды дәлелді сөзбен басқан.

Жалындап жанған, өмірі үлгі-өнегеге толы асыл жанды 1921 жылы 12 сәуірде ақ гвардияшылар азаптап өлтірді. Ол небәрі 45 жыл өмір сүріп, артына мәңгі өшпейтін мұра қалдырды. Ғұмар Қараштың есімі қазақ халқының тарихында еш уақытта өшпейді. Себебі, халық үшін қызмет етіп, артына өшпес жазба мұра қалдырған ірі тұлға мәңгі жасайды.[14]

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанның тарихында ерекше зор роль атқарған саяси қайраткер, тарихта тұңғыш Қазақ Республикасын орнатушылардың бірі – Сейітқали Меңдешев.

1917 жылғы Ақпан буржуазиялық революциясын С.Меңдешев жаңа өмірдің бастауы ретінде қарсы алды. Ресеймен ежелден іргелес Бөкей Ордасында да 1917 жылғы ақпаннан кейін қос өкіметтік жағдай қалыптасты. 1917 жылдың 21 сәуірінде Бөкей Ордасының барлық болыстары өкілдерінің съезі болып, мұнда елге жаңа басқару жүйесін енгізу мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, Облыстық Атқару комитеті құрылып, төрағалығына Батырқайыр Ниязов, орынбасарлығына Сейітқали Меңдешев сайланады. 

1917 жылы Ресейде қазан төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін, Ресей империясының отарлы аймағы ретінде Бөкей өлкесінің де бұл жолмен жүру сөзсіз міндетті саналды. Сөйтіп 1917 жылдың 2 желтоқсанында Орда қаласында мың жарым адам қатысқан митингі болып, Орталық Атқару комитетін тарату жөнінде қаулы қаблданады. Бұдан кейін революциялық комитеттің басшылығымен Уақытша үкіметтің органдары жойылып, олардың басшылары тұтқындалады. Сейітқали Меңдешев те Уақытша үкіметтің атком мүшесі ретінде тұтқынға алынды. Бірақ кейін халықтың қалауымен тұтқыннан босатыған С.Меңдешев 1918 жылдың сәуір айынан бастап Бөкей даласында Кеңес өкіметін орнатуға атсалысады.

1918 жылы 31 сәуірде Бөкей облысы Кеңестерінің съезі болып, С.Меңдешев бұл съезде облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Бұл қызметті атқару барысында ол халық ағарту жұмысын, баспа ісін жолға қоюға белсене араласады. С.Меңдешевтың басшылығымен алғашқы Кеңестік Конституция халыққа таныстырылады. Сонымен қатар оның басшылығымен облыста жаңа жағдайда оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға байланысты мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсететін «Мұғалім» атты журнал шығарыла бастайды.[15]

Бастапқыда Кеңестердің Орда орталық атқару комитетінің мүшесі және ағарту комиссары болған С.Меңдешев 1919 жылдан бастап оның төрағасы болады. Сөйтіп қазақ зиялы қауымынан шыққан С.Меңдешев ел өміріндегі саяси істерге белсенді түрде араласып, Бөкей даласында Кеңес өкіметін нығайтуға бар күш-жігерін салады.

1919 жылы 24 шілдеде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі С.Меңдешевті Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери Революциялық Комитеттің мүшесі етіп тағайындайды. Революциялық Комитет сол кезде мемлекеттік жоғарғы өкімет басқару аппаратының барлық қызметтерін атқарып, Кеңес және әскери күштерді біріктіріп, олардың жұмыстарын үйлестіріп отыратын қазақ өлкесіндегі  Кеңес өкіметінің орталық органына айналған еді.

Республиканың үкіметі қызметін атқарған Қазревком қызметі сан-қырлы болды. Ол елде кеңестік жүйені қалыптастыруда, контрреволюциялық күштермен күрес жүргізуде, Құрылтай съезін дайындауда үлкен роль атқарды. Осындай қайнаған қоғамдық-саяси жұмыстар кезінде С.Меңдешев бұқараға басшылық жасаудың бай тәжірибесін жинақтап, туған халқының шексіз құрметіне бөленеді.

1920 жылы 13 қазанда қазақ елінің тарихында маңызды тарихи оқиға болды. Қазақстан Кеңестерінің Бірінші Құрылтай съезі Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын жариялады. Съезд Қазақ АКСР-нің Орталық Атқару Комитетін және Республика үкіметі – Халық Комиссарлар Кеңесін құрды. ҚазОАК-нің президиумы мен оның төрағасын сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, бұл қызметке делегаттар тарапынан Сейітқали Меңдешев ұсынылып, оның кандидатурасы бірауыздан қабылданады.

Қазақ Орталық Атқару Комитетіжәне Сейітқали Меңдешев қызметке ауыр жағдайда кірісті. Өлкенің көптеген аудандарында банда іс-әрекеттері толастамады. 1921 жылы егіннің шықпай қалуына байланысты туған жұт аштыққа әкеліп соқты. Сол кезде С.Меңдешевтің басқаруымен аштықпен күрес жүргізу үшін төтенше комиссия құрылып, ол аштыққа ұшырағандарға көмектесуге бар күш салды. Комиссия республикада екі миллионға жуық адамның аштыққа ұшырағандығын есепке алды. Ресейден келіп түскен астық, азық-түлік ең зәру болып отырған жерлерге жіберілді. Бұл ірі іс халық арасында Комиссияға  және өкіметке деген сенім туғызды.[16]

Қазақ мемлекеттілігінің негіздерін бекітетін заңдарды дайындауда да С.Меңдешевтің еңбегі зор. С.Меңдешев жер мәселесіне байланысты жиырмадан астам актіге қол қойды. Бұл актілер негізінде царизм тарапынан тартып алынған қазақ жерлері айтарылды.

Халықтың С.Меңдешевті «Қазақ жерінің жоқшысы» деп атауы тегіннен тегін емес. Ол мемлекет қайраткері ретінде қазақ елінің мемлекеттілігі мен территориялық тұтастығы үшін күресті. Басқаны айттпағанда Республиканың бүгінгі шекарасы негізінен С.Меңдешовтің кезінде, соның қатысуымен нақтыланып белгіленді.

1922 жылы Орта Азия мен Қазақстан хадықтарының ұлттық-мемлекеттік территориясын межелеу жүргізілді. Бұл күрделі іске Қазақ АКСР-і жағынан Сейітқали Меңдешев қатынасады. Межелеу нәтижесінде Қазақстанға Жетісу мен Сырдария облыстары қосылады. Сөйтіп қазақ жерлерін біріктіру аяқталады. 

С.Меңдешев республика атынан одақ көлемінде мемлекеттік органдарда өкіл болып, жоғарғы заң шығарушы органдардың қызметіне қатынасады. КСРО Конституциясын дайындауға байланысты комиссияның құрамына енеді. С.Меңдешев 1922 жылы 30 желтоқсанда Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын құру туралы келісімшартқа Қазақ АКСР-нің атынан қол қояды.[17]

Көзінің тірісінде-ақ «тұңғыш қазақ президенті», «қазақ жерінің жоқшысы» атанған С.Меңдешевтің туған халқына, республикаға сіңірген еңбегі зор. Алайда қазақ елінің мемлекеттілігін сақтап қалған, халқы үшін қызмет еткен қоғам қайраткері С.Меңдешев сталиндік құзырлы саясаттың құрбаны болды. Сөйтіп өмірдің талай-талай соқпақты сан тарау күрделі жолдарынан сүрінбей өткен, тарихта тұңғыш рет Қазақ Республикасын орнатушылардың бірі болған Сейітқали Меңдешев кенет аяқ астынан "ұлтшыл", "зиянкес", "халық жауы" атанып, 1937 жылы 24 қыркүйекте қамауға алынады, ал 1939 жылы 10 қарашада қайтыс болғандығы жөнінде анықтама қағаз келеді.

Кешегі келмеске кеткен Кеңестік қоғам тұсында халқымыздың маңдайына тек екі пайыз сауаттылық қана бұйырып келген екен. Бұл Кеңес идеологиясының қолдан жасаған жасанды жалған деректері екені белгілі. Жалпы сол тұстағы түрлі басылым беттерінен түспеген, тіпті кейбір ғылыми еңбектерге негіз болған бұл деректердің түп тамыры қайдан шыққанын ешкім дәл басып анықтап бере алмайды. Мұның өзі оның түбі ішкі шындық ауылынан алшақ жатқанын дәлелдейді. Басқаны айтпағанда тек Батыс өлкеден шыққан қазақ оқығандарының саны жаңағы екі пайыздан бірнеше есе асып түседі. Осы қазақ зиялыларының ішіндегі елеулі, ірі тұлға – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғабдолғазиз Мұсағалиев – халқымыздың жарқын болашағы мен ұлттық тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен қайраткерлеріміздің бірі. Оның әр салада атқарған қызметі мен еліміздің бостандығы үшін ат салысқан игілікті істеріне баға беретін болсақ, оның есімі қазақ халқының тарихында ірі қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тарихшысы, публицист, ағартушы-демократ, дарынды педагог, өзінің ой-өрнегі бар дарынды ойышыл және сегіз тілді жетік меңгерген, ХХ ғасырдың басындағы жалпы демократиялық ағымда болған зиялыларының бірі.

1917 жылдағы Ақпан төңкерісін Ғабдолғазиз Мұсағалиев өте қатты қуанышпен қарсы алды. Ақ патшаның тақтан құлауын қазақ халқының отарлық құрсау мен ұлттық езгіден босанудың негізі деп таниды. Білімді заңгер журналистік саланы да еркін меңгерген. Өз елінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев қоғамдық және саяси қайраткерлердің бірі саналған. Ол прогресшіл, демократияшыл пікірден аумай, берік ұстанған. 

1917 жылы буржуазиялық-демократиялық революция тұсында және Қазан социалистік революциясында Ғабдолғазиз Мұсағалиев революциялық демократтар жағына шығып, қазақ еңбеккерлерінің қызығушылығын қорғады. 1917 жылдың ақпан айында патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет құрылғанда ол шілде айынан бастап, Орал қаласында өзінің әріптестерімен қосыла отырып, «Ұран» деп аталатын жартылай ресми газет шығарады. Ұлт істері Комиссариатының қазақ бөлімшесінің Бөкей облысына көшуіне байланысты «Ұран» газеті Қазан төңкерісінің мұраттарын насихаттайды. Бұл газет беттерінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев өз мақалалары арқылы 1917 жылы желтоқсан айында Ордада революциялық комитеттің құрылуын қостаған және Уақытша үкіметтің өкілі А.С.Куликовтың Орда қаласынан қуылуын дұрыс деп, өзінің оқырмандарына пікірін хабарлаған. Алайда «Ұран» газеті революциялық Қазақстанның барлық жақтарын қамти алмады. Өйткені, Астрахань губерниясында әлі Кеңес үкіметі орнамаған болатын. Ол сол кездегі телеграфтың жоқтығын ескеріп, пошталық байланысты пайдалана ортырып, біршама оқырмандарды қоғамдық-саяси жаңалықтармен хабардар етуге тырысты.

1917 жылы желтоқсан айының басында Ғабдолғазиз Мұсағалиев Алашорданың ІІІ съезіне қатысып, ол 33 делегаттың бірі ретінде Алашорданың жетекші өкілдерінің контрреволюциялық тактикасын сынға алады. Бөкей ордасына қайтып келген соң, Ордадағы Революциялық Комитеттің құрылуын жақтайды.

1918 жылдың басынан бастап, Ғабдолғазиз Мұсағалиев Бөкей губерниясында Кеңес үкіметінің ауылдық жерлерде орнап, нығаюына барынша аянбай ат салысады. Сол Кеңестің І-съезінің 1918 жылы 13 мамырда өткен қорытынды мәжілісінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев төрағалық етеді. Бұл мәжілісте Халық Комиссарияты туралы қаулыны қабылдағанда, Бөкей губерниялық Халық ағарту комиссары болып Сейтқали Меңдешев, оның бірінші орынбасарлығына Ғабдолғазиз Мұсағалиев бекітілген болатын.

1918 жылы 2-5 қыркүйекте Орда қаласында шақырылған Бөкей губерниялық  мұғалімдердің І съезіне Ғабдолғазиз Мұсағалиев делегат болып сайланып, оның президиумының тұрақты төрағасы болады. 

1918 жылдың екінші жартысынан бастап,1919 жылдың қазан айына дейін ол РСФСР-ң Ұлт Істер жөніндегі Халық Комиссары,қазақ бөлімінің Бөкей Ордасындағы бөлімше коллегиясының мүшесі болып тағайындалды.

1918 жылдары Қазан төңкерісінен кейін ол Кеңес үкіметі жағына өтіп, Бөкей ордасында Ұлттар істері халық комиссарияты Қазақ бөлімінің мүшесі болып қызмет атқарады. 1918 жылы 17 қарашада қазақ және орыс тілдерінде «Хабар» - «Известия» газеті шыға бастады. Екі беті қазақша, екі беті орысша. Газет күнара шығатын. Ғабдолғазиз Мұсағалиев осы «Дұрыстық жолы» газеті мен «Мұғалім» журналының редколлегия мүшесі қызметін қоса атқарды.

1919 жылы 15 сәуірде РСФСР-дің Ұлт істер жөніндегі Халық комиссарияты Қазақ АКСР-ын құруға дайындық жұмысты бастауға оннан аса қайраткерлерден тұратын ынталы топтың құрамын бекіткенде, солардың ішінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев те болатын. Сол жылы Бөкей губерниялық Кеңестің атқару комитетінің және қоғамдық ұйымының ұсынуы және қаулысы бойынша Ғ.Мұсағалиев қазақ өлкесін басқару жөнінде В.И.Ленин қол қойған декретке сай құрылған қазақ әскери-революциялық комитетке кооптация ретімен мүшесі де болады. Алайда ол Абдул Бөкейханов, Шафхат Бекмұхамедовпен бірге Орынборға ауруына байланысты бара алмай қалады. Жұқпалы сүзекпен ауырып, ұзақ уақыт денсаулығы түзелмей, бұрынғыдай іске жігерлі кірісе алмады. Туған өскен елі Әбдіраш ауылына қайтады. Елінде Ғабдолғазиз кедейлер комитетінің төрағасы болады. Ағартушылық жұмыстан қол үзбейді. Ауылдық жерлерде мектептер салдырып, кедей шаруалырдың балаларын Тіленші сай, Жақсыбай, Әбдіраш ауылдарына оқытуға бар күшін жұмсайды. «Нариманбек Нариманов» атты несиелік серіктестікті ұйымдастыруға белсене қатысады. 

1919-1920 жылдары Ғабдолғазиз Мұсағалиев делегат ретінде ІІ,ІІІ,VI Бөкей облысының Кеңестік съезіне қатысады. Тарихты, филологияны, халықтың ұлттық психологиясын жақсы білген ол бұл істе асқан білгірлік, білімділік танытудың нәтижесінде жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттік органдарды нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын атап өткен жөн.

1923-1933 жылдары ол бір сыпыра естеліктер мен әдеби және ғылыми еңбектер жазған. Әсіресе қазақ мектептеріне, педагогикалық техникумдерге және жоғfры оқу орындарына арнап хрестоматиялар шығарып отырды. Бірақ, өкінішке орай,  олардың көпшілігі әртүрлі себептерге байланысты жоғалып кеткен, осы күнге дейін зерттеушілер қолына түспей отыр. [21]

Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1933 жылы Алматы қаласында дүние салды. 

Ғабдолғазиз Мұсағалиев ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы философиялық, қоғамдық-әлеуметтік, саяси-құқықтық және тарихи ой-пікірлердің жаңа сапаға көтеріліп дамуына өзінің зор үлесін қосып, айтулы еңбектерінде қолтаңбасын қалдырған ірі ойшыл, қоғам қайраткері, ағартушы-демократ.

Өлке зиялылары 1917 жылғы 27 ақпандағы буржуазиялық-демократиялық революцияны баспасөз мәліметі бойынша құптап, оның демократиялық бастамасын қолдайды. Олар Ақпан төңкерісіне үлкен үміт артып, ақ патшаның тақтан құлауын, Ресейдегі самодержавиелік монархияның күйреуін демократиялық өзгерістерге кең өріс ашар зор құбылыс ретінде қабылдайды және өз елінде Ақпан төңкерісінің мақсат, мұраттарын түсіндіріп, оның азаматтық идеяларын уағыздайды. Төңкеріс нәтижесінде билік басына келген Уақытша үкімет саясаты тұрғысында өлке зиялылары жаңа қоғам құруда, уақытша атқару комитеттер құруда көп еңбек етеді. Мысалы Теке қаласында Ғүбайдолла Әлібеков, басшылығымен ынталы топ 1917 жылдың 10 наурызында Уақытша Облыстық Қазақ Азаматтық комитетін құрып, оның құрамына Б.Қаратаев, Б.Көсепқалиев т.б. кіреді. Бүл комитет елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін сақтау, әскер мен халықққа азық дайындау жұмыстарында қолынан келгенін істейді. Бұл комитет Текедегі Уақытша үкіметтің 200 адамынан құрылған Облыстық атқару комитетін құруда біршама еңбек етіп, оның құрамына өзінің өкілдерін енгізеді. Сонымен қатар Қазақ Азаматтық Атқару комитетінің тағы бір үлкен жүмысы - ол Орал облысы қазақтарының Облыстық съезін өткізуі еді. Съез 1917 жылдың 19 сәуірінде басталып, 800-ден астам делегат қатысады. Съез ең басты - жалпы мемлекеттік, ұлттық  және жергілікті мәселелерді талқылайды. Съез сонымен қатар төрағасы болып Жаһанша Досмұхаммедов тағайындалған Қазақ Облыстық Атқару комитетін құрады.Қазақ Облыстық Атқару комитеті облысты басқарудың жаңа жүйесін құруда және түрлі салада көптеген жұмыстар атқарады.[18]

Ал сол кезде Астрахань губерниясына қараған Бөкей облысында да саяси науқан өріс алады. 1917 жылдын наурыз айынан бастап, Бөкей облысы қисымдарында Уақытша Атқару комитеттері сайланып, төрағасы Сейітхан Әжігереев болып, құрамына әртүрлі топ өкілдері сайланады. Сол кезде Жаңақалада С.Меңдешев, Дәулетқали Ертаев, Мұқтар Сәрсембиев т.б сынды өлке  зиялылары          ықпалымен "Білім.Бірлік.Жастар" үйірмесі ұйымдастырылып, түрлі қоғамдық жұмыстарға атсалысып, облыстық жиналысқа өкілдер сайлайды.

1917 жылы 11 сәуірде Бөкей Ордасындағы елді-мекендерде тұратын қазақтардың арнайы съезі болады. Съезге қазақ даласына есімдері әйгілі Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ишанғали Меңдіханов, Сейітқали Меңдешев, Батырқайыр Ниязов, Мажит Шомбалов, Шафхат Бекмұхамбетов сияқты қазақ зиялылары қатысады. Бүл съез, негізінен Ішкі Ордадағы басқару жүйесін жетілдіруге арналған еді. Съез өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің Орталық комитетін сайлайды. Сонымен қатар съез 1-ші мемлекеттік думаның депутаты Бақтыгерей Құлмановты "Қазақ халқының Астрахань өлкесіндегі комиссары"-деген лауазымға тағайындайды. Яғни оған билік жүргізуге құқық береді. Халық алдында беделі зор Б.Құлманов ел басқару ісіне белсене араласып, егемендікке жетудің іргетасын біртіндеп қалау ісіне араласады, Уақытша үкіметпен қарым-қатынас жұмыстарын жүргізе бастайды. Б.Құлманов ұлтжанды қазақ зиялыларымен бірге Алаш орда партиясы мен оның үкіметін құруға белсенді түрде атсалысады.[19]

Сонымен қатар аталмыш өлкелердегі ұлт зиялылары Б.Құлманов, Ғ.Қараш, У.Танашев, Жаһанша, Халел Досмұхаммедовтер, Ғ.Әлібеков 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен Орынбор қаласындағы Бүкілқазақтық 1-ші съезіне қатысып, қазақ халқының болашағы үшін өте қажетті мәселелерді шешуде көзге түседі. 

Уақытша үкімет құлап, өлкеде Кеңес үкіметі орнай бастағанда ел тұтастығын, амандығын сақтап қалу жолында  қазақ зиялылары аянбай қызмет етті. 1917 жылы 5-7 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық 2-ші съезінде құрылған Алаш үкіметінің өлкедегі мүшелері Кеңес өкіметімен ортақ тіл табысуға тырысады. Бірақ дүмше большевиктер ескі империя сана шырмауынан шыға алмай, Алаш басшыларына әр жерде сенімсіздік көрсете береді. Уақыт толғануды күтпейді, амал жоқ Батыс Алаш өкілдері халқын зорлық-зомбылықтан, талаудан, түрлі күш көрсетуден сақтау мақсатында Орал казак әскери үкіметімен одақтасады. Ал өлкедегі бірқатар азаматтар Кеңес өкіметін қолдайды. [20]

Орал облысында қазақ зиялылары өз халқына аянбай қызмет істеп, не бір қиын, қауіпті жұмыстардан бас тартпай, атқарып, үлкен үлес қосады. А.Әйтиев, С.Арғыншиев, М.Мырзағалиев, Б.Қаратаев т.б сынды азаматтар барлау, тыңшылық жұмыстарын және Кеңес армиясы қатарына қазақ жігіттерін үгіттеп, еркімен әкелу жолында қомақты үлес қосады. Бұлардың еңбегі зая кетпей, зиялыларымыз халқымызды сақтай, сауаттандыра, шыңдай отырып, оны саяси күрестің келесі, жоғары сатысына көтеріп, тәуелсіздікті өз қолына алмай, теңдік, бостандық, болашақ болмайтынын көрсетеді. Тек бірлік бар жерде, қазақтың тірлігі,болашағы барын меңзейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1."Гражданская война и военная интервенция в СССР" (энцеклопедия).  М.., 1987.

2.Рысбеков Т. Этюды истории родного края. Уральск, 2002 г.

3. Озғанбай Ө. Жарығы өшпейтін жұлдыз. – А., 2003 ж.

4. Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский отдел Народного комиссариата по делам национальности РСФСР. А., 1975. 

5. Орал (Батыс Қазақстан) облыстық мемлекеттік архиві. 7 қор; 1 тізбе; 29 іссапар.

6. Рысбеков Т.З., Бірімжаров Б.Қ., Құрманалин С.Б., Жақсығалиев Ж.Ж. Батыс Қазақстан облысының тарихы. Орал 2001 ж.

7. Қойшыбаев Б. Б.Қаратаев, Алматы 1993 ж.

8. Әнес Ғ., Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы. Алматы. 2002 ж.  234 б

9. Сүлейменова Д. Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов. Орал. 2010 ж. 119 б

10. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы  Алматы: 2004 ж., 1- т. -552 б

11. Қойшыбаев Б. Ұлттық партия // Орал өңірі. 2005 ж. -15,18,25,29 қазан

12. Сыдиықұлы Қ. Халқымен қайта табысқандар. Зерттеулер мен толғаныстар. Алматы . 1997 ж.

13. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. Алматы. 1998 ж. 58-б

14. Қараш Ғ. Замана. Алматы. 1994 ж. 10-б

15. Шәріпқали Т. Өлкеден шыққан қазақ оқығандары. Орал өңірі, 2000 ж. 30.

16. Қазақстан тарихы . Очерк. Алматы . 1994 ж.

17. Әнес Ғ., Тәж-Мұрат М. Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы. Алматы. 2002 ж.

18. Батыс Қазақстан тарихы. ІІ том. Ақтөбе. 2006 ж.

19. Қазақстан тарихы (көне дәуірден бүгінге дейін) ІІІ том. Алматы. 2002 ж.

20. Х.М.Абжанов. Формирование и судьбы казахской интеллегенций. Москва. 1992 ж.

21. Сәулембекова М. «Ғабдолғазиз Мұсағалиев» . Қазақ тарихы. 2001ж №1