Қазақ тарихын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісі
Бөлісу:
14.12.20221854
2022 жылғы 13 желтоқсанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититуты «Қазақ тарихын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісі» атты республикалық методологиялық семинар өткізді. Семинарға қатысуға этнология, тарих, әлеуметтік және мәдени антропология және басқа да қоғамдық және гуманитарлық пәндер саласындағы ғылыми қызметкерлер – мамандар, магистранттар мен докторанттар шақырылып, ғалымдарымыз офлайн және онлайн форматта қатысты.
2022 жылдың басынан бері Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхатова Оразгүл Хасеновнаның жетекшілігімен жүргізіліп келе жатқан методологиялық семинарлардың қорытынды семинары жас ғалымдарға арналды. Семинардың мақсаты – Қазақ тарихын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісін жас ғалымдарымыздың өз ғылыми зерттеулерінде пайдалану жолдарын айқындау.
Семинардың алғашқы баяндамашысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, докторант Морякова Малика Темірхановна «Орталық Азиядағы түркітілдес көшпелілердің түрік тарихнамасындағы мәдени дәстүрлері» диссертация тақырыбын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісін пайдалану бойынша ғылыми көзқарасымен бөлісті: «Проблемалық тарихнаманы ғылыми зерттеулерде қолдану әдістері:
1) Ретроспективті (өткенге көз жүгірту, артта қалған оқиғаларға үңілу). Бұл талдау әдісі тарихнама саласында маңызды болып есептеледі. Яғни бұл әдістің мәні тарихи оқиғаларды зерттеуде зерттеушінің ой-пікірлер қозғалысы процесінің қазіргі кезеңнен өткенге қарай жүруін зерттеу. «Көшпелілік» деген ұғымын талдау нәтижесінде тар мағынадағы уақыт пен орынға қарамастан табиғаттың өмір сүруге мүмкіндігі бар жерлерге қарай үздіксіз немесе маусымдық қозғалысы деп қорытындылауға болатын социологиялық және бұл мәселе процестің бастапқы нүктесін құрайды. Түрік зерттеушілердің пікірлері бойынша «көшпенділер» терминінің әлеуметтанулық ұғым болып табылатындығы туралы: тар мағынада бұл ұғым «уақыт пен кеңістікке тәуелді емес» дегенді білдіреді.
2) Тарихи салыстырмалы. Бұл нақты бір мәселеге қатысты фактілерді бір-бірімен салыстыра тексеру. Тарих ғылымында жинақталған білімнің тереңдігін ашып көрсетуге, даму заңдылықтарын нақты айқындауға, тарихтың зерттеу бағыттарын көрсетуге жағдай жасайды. Мәселен, Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың тарихы бойынша деректерді салыстырып қарасақ, батыс еуропалық ғалымдар көшпелі халықтарды соңғы орынға қойған. Яғни шетелдік және отандық тарихнамада көшпелілерді зерттеу кезінде туындаған пікірталастар басынан бастап нақты, «отырықшы емес» тарихты түсіндіру мәселесімен байланысты болды. Еуропалық ғалымдар номадтарды отырықшы халықтарымен салыстырғанда өркениеттің тиісті деңгейіне жетпеген «варварлар» деп атаған. Олардың еңбектеріндегі көшпелі қоғам әлемдік мәдениетке ешқандай үлес қоспай, отырықшы халықтарға қарсы тұратын жылжымайтын, тоқырау қоғамы ретінде көрсетілген. Мысалы А. Тойнби тұжырымдамасында айқын көрінетін көшпелі халықтарға, еуропоцентризмге деген теріс көзқарас XVIII – XIX ғасырлардағы көшпелілер туралы көптеген тұжырымдамаларға тән белгілерге айналды. «Постижение истории» атты әйгілі еңбегінде ол адамзат дамуының біртұтас сызықтық тарихынан бас тартады және онда қарабайыр (примитивный) қоғамдарға, соның ішінде көшпелі халықтарға қарсы тұратын бірқатар өркениеттерді табады, және солардың мәдениетімен салыстырып көрсетеді. Себебі олар көшіп қонып жүріп қалалар салмаған. Сол себептен кейбір шетелдік зерттеуші ғалымдардың көзқарастары бойынша жалпы әлемдік өркениетте көшпелі мәдениет ешқандай орын алмайды.
Ал түрік тарихшылардың еңбектерінде сүйенсек, кейбіреулері Орхон жазбаларына таянып, көшпелілердің әлеуметтік құрылымында бірнеше элемент анықтады. Соның ішінде жанұя (отбасы), ру, тайпа, будун (тайпалар одағы), мемлекет. Ибраһим Кафесоғлының айтуынша, көшпенділер мәдениеті немесе салт атты мәдениеті біздің заманымыздан бұрын IV ғасырда қалыптаса бастады. Және біздің заманымыздан бұрын ІІ ғасырдан бастап көшпенділік көшпелі тайпалардың тарихына тән мәдениетке айналды. Сонымен қатар, салт атты мәдениеті жалпы көшпелі мәдениеттің негізгі элементі болып, саяси, экономикалық, діни және басқа да жақтарға ықпал жасағанын айта кету керек. Оның мақаласын оқығанда түркі көшпелі қауымдастықтарының әлеуметтік құрылымы өте күрделі көпжақты әрі көп компонентті деген қорытынды шығаруға мүмкіндік береді. Басқа түрік зерттеушісі Салих Өзчамджа келесідей қорытындыға келген: көшпелілік әлеуметтануға байланысты бір ұғым болып табылады. Көшпенділікті отырықшылықтың баламасы деп айта алсақ да, мәдениеті жоқ деп айтуға болмайды. Өйткені, көшпелі мәдениеті болмаған жағдайда отырықшылықты сипаттау мүмкін емес.
3) Нақты талдау. Тарихнамадағы нақты талдау тарихнамалық құбылыстарды олардың пайда болуы мен өзара ықпал ету шарттарын ескеріп, теориялық фактілік материалдарды және көптүрлі элементтердің бірлігі ретінде зерттеу дегенді білдіреді. Мысалы, көшпелілік – көшпелі халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі, шаруашылық-мәдени типі. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта еуразиялық және афроазиялық аридтік аймақтарда қалыптасқан. Көшпелілік тайпалық одақтардың дамуы құрылған кезінен өнім өндіру шаруашылығы ретінде эволюциялық прогрессивті жолмен басталған. Жоғарыда аталған 4 халықты зерттеу нысаны ретінде ала отырып, олардың этникалық тарихын және шаруашылық мәдениетін бір бірімен ықпалдасу құралы ретінде талдау жасаймыз.
4) Жүйелеу. Тарихнама саласында деректерді жүйелеу мәселесі маңызды және өзекті әдіс болып табылады. Біз өзіміздің зерттеуімізде хронологиялық жүйелеу әдісін қолданамыз.
Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың мәдени дәстүрлерін зерттеу барысындағы проблемалық тарихнаманы қолдануға байланысты келесі ұсыныстар мен қорытындылар шығара аламыз:Бұл тақырып өзекті болып саналады, себебі оның отандық тарихта да, шетелдік тарихнамада да өзіндік орны бар. Түркі көшпелі халықтарының қалыптасуының этногенетикалық процесінің ежелгі және терең тарихи тамырларын ескере отырып, кейбір зерттеушілер осы ұлттар арасындағы байланысты бақылайды. Бірақ, дегенмен, сол аспектісі түрік ғалымдар толық зерттелмеген.Жалпы осы проблемалық тарихнаманы ары қарай дамыту керек. Яғни бұл проблемалық тарихнаманың қажеттілігі зерттеу нысанымен анықталады: Түркі тілдес көшпелі халықтар, атап айтқанда қазақтар, қырғыздар, түрікмендер, қарақалпақтар тарихындағы этникалық процестер сабақтастық, мәдениет, саяси және этникалық өзара байланыс мәселелерін көрсетеді» деген қорытынды пікірін білдірді.
Семинардың екінші баяндамашысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Мәдиевич Мурзаходжаев «ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. бас. Қазақстанда жәдидтердің мәдени-ағартушылық қызметі» атты диссертация тақырыбы аясында проблемалық тарихнама мен салыстырмалы деректану ғылымының әдістерін қолдану мәселесі бойынша баяндама жасап, «Қазақстан тарих ғылымында өзінің өзектілігін жоймаған, ғалымдар арасында ортақ бір пікірге тоқтай алмаған көкейтесті мәселелер көп. Соның бірі Қазақстан территориясында орын алған жәдидтік қозғалыс. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас кезінде қазақ жеріне жәдидтік идеялар мен көзқарастар ене бастады. Оның негізін қалаған қырымдық татар Исмаил Гаспринский болған. Қозғалыстың мақсаты ислам діні шеңберінде түркі-мұсылман халықтарының арасында жаңа оқыту жүйесі негізінде орта ғасырлық схоластикалық санаға жаңашылдық сәулесін түсіру, мектеп-медреселер көмегімен халықты қайта ұйыстыру, газет-журналдар мен кітаптар арқылы қоғамның интеллектуалдық әлеуетін көтеріп, жаһандық көштен кейін қалмау, оқу-ағарту жүйесіне өзгерістер енгізіп, реформалар жасау. Осы әрекеттер ең алдымен ұйықтап жатқан қалың бұқараның санасын оятуға бағытталды. Бұл тақырыпқа қатысты жарияланған еңбектер алуан түрлі. Оларды революцияға дейінгі, кеңестік және тәуелсіздік уақыттағы деп бөліп қарастырған жөн. Қазақстан аумағындағы жаңа әдісті мектептердің ерекшелігін талқылау барысында Оңтүстік Қазақстанға Орта Азиялық ислам білімі үлкен әсер еткендігін, Солтүстік Батыс Қазақстанға Татарстан арқылы келген сопылық бағыт үлкен әсер еткен» деген өзінің ғылыми көзқарасын жеткізді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Г.Т. Мусабалина, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б.Тлеубаев, PhD доктор А.М.Әбікей, докторант А.А. Оралова, магистр Б.Б. Бурханов, тарих магистрі А.А. Бекенова, магистр А.А. Доскараева өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Методологиялық семинар қазіргі уақытта еліміздің ғалымдары бірлесіп, деректану бойынша жаңа оқулық жазу қажеттігі туындап отыр деген өзекті пікірмен қорытындыланды.