Қызылорда арнайы экономикалық аймағы
04.10.2022 2224

(XX ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысы)

Әлемде ерекше немесе еркін экономикалық аймақтар ашық экономиканың көрінісі ретінде өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болып, кең тарала бастады. Бұлар, негізінен, халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталып, оған қатысушы елдер арасындағы сауда және кедендік кедергілерді жойып, инвестиция нарығын дамытуға бағытталған алғашқы қадамдар болатын. Аталмыш аймақтар жекелей әкімшілік құрылымдардың территорияларында шаруашылық қызметке ерекше жеңілдіктер беру тәртібімен құрылды. Еркін экономикалық аймақтың алғашқылары Қазақстанның егемендік жариялаған кезінен бастап-ақ Жезқазған, Талдықорған, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында құрылды. Кейіннен Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстары еркін экономикалық аймақтар болып жарияланды. Осылайша, арнайы экономикалық аймақ құрудың тәжірибесі жинақтала бастады. 


Сондықтан, тек 1996 жылғы 26 қаңтардағы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы аранайы экономикалық аймақтары туралы» Заңынан кейін ғана сол жылдың 8 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру» туралы жарлығы шықты. Қызылорда АЭА-ның қалыптасуында 1997 жыл ерекше орын алады. Қаңтар айында аталмыш арнайы аймақтың Әкімшілік кеңесінің жарғысы бекітіліп, оның басқару құрылымы анықталды. Ақпан-мамыр айлары аралығында қала-әкімі - Қызылорда арнайы экономикалық аймағы Әкімшілігі кеңесі төрағасының іс-қимыл жоспары және Қызылорда АЭА-ның 1997 жылға арналан бюджеті бекітіліп, оның даму бағдарламасы, әлеуметтік-экономикалық даму Қорының Жарғысы және Қызылорда қаласының 1997-2000 жылдарға арналған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бағдарламасы қабылданды. Дәл осы кезеңдерде Қазақстан Республикасы Президентінің «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды күшейту және дамытуды жандандыру шаралары туралы» Жарлығы шығып, Қызылорда қаласындағы шағын кәсіпкерлікті дамытудың ұйымдастырушылық, кәсіпкерліктің салалары бойынша мемлекеттік экономикалық саясатты жүргізу, шағын өндірісті дамытуға жағдай жасау, халыққа қызмет көрсету саласында шағын кәсіпкерлікті дамыту, сол сияқты шағын және орта бизнесті қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру сияқты бағыттары анықталды. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 5-6). 1997 жылы экономикалық және әлеуметтік даму қоры кіші және орта кәсіпкерліктің шаруашылық жүргізуші субъектілері жеңілдетілген негізде 97904 мың теңгеге қаржыландырды, сол сияқты 13 бизнес-жобаны жүргізуге 2480 мың теңге бөлінді. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 41). Осы жылдың маусымында Қызылорда арнайы экономикалық аймағының тұсау кесер рәсімі өткізілді. 1997 жылдың екінші жартысында ҚАЭА және кәсіпкерлік субъектілерін қолдау Қоры құрылып, оның 1998 жылға арналған бюджеті бекітілді. 

Жалпы Қызылорда арнайы экономикалық аймағы 821 шаршы километр жерді алып жатты. Бұл аумақта мұнай, газ, кварцты құм, фосфорит, тұз, тальк, қорғасын, мырыш және ванадий сияқты пайдалы қазбалар  болды. ҚАЭА-ның әкімшілік-аумақтық құрылымы 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрды. Оған Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл қыстақтары, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауыл округтері кірді. Халқының саны 1999 1 қаңтарына 190,5 мың адамды құрады, оның ішінде қала халқы  92,0%. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 4). Ол жағырафиялық орналасуы мен транспорттық қамтамасыз етілуі жағынан да қолайлы жерде орналасты. Осылардың бәрін ескере отырып және жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында ҚАЭА-ты дамытудың басымдықтары анықталды. Солардың арасында Қызылорда қаласында аэропорт пен аэровокзал кешенін, Қызылорда-Жезқазған темір жолын, Қызылорда-Жезқазған, Қызылорда-Бұхара-Нүкіс тас жолдарын салу мен қалалық көлік тасымалы паркін жаңарту және заманауи технологияны жетілдіріп, телекоммуникация жүйесін кеңейту мәселелерін қарастыруға көңіл бөлінді. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 24). 

Қызылорда АЭА-ның 1998 жылғы даму бағдарламасы мен оның 1998-2000 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары және  ҚАЭА-ның 1999-2003 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының индикатвитік жоспарының қабылдануының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Сол 1998 жылы «Жылу электр орталығы» АҚ-ның өндірістік қуатын қайта жандандыру үшін жүргізілген құрылыс-монтаждық жұмыстары қаржыландырылды, 54 орындық төрт жұлдызды қонақ үйі іске қосылды, дендрологиялық парк ашылды, облыстық көпсалалы аурухананың бірінші кезегі мен болгар технологиясы бойынша жұмыс істейтін жиһаз бен сусын шығаратын цехтары іске қосылды. 1999 жылдың басында Израиль технологиясы бойнша алкогөлсіз сусындар мен түрлі жеміс шырындарын өндіру кіші зауты мен 700 орындық «Отырар» жабық базары жұмыс істей бастады. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 12).

Қызылорда арнайы экономикалық аймағының саясаты мен оны құрудағы басты мақсатына қаланың өнеркәсібі мен басқа да салаларына шет елдік және отандық инвестицияны экономиканың басым бағыттарына тарту негізінде оның экономикалық дамуын ынталандыру болатын. Осыған сәйкес Қызылорда қаласының өндіргіш күштерін интенсивті түрде дамыту, тиімділігі жоғары өндіріс құрып, өнімдердің жаңа түрлерін шығаруды игеру, кәсіпкерлік қызметін белсендіру сияқты міндеттер тұрды. Сонымен қатар облыста кездесетін табиғи ресурстарды кешенді және тиімді игеру, аймақтың экспорттық мүмкіндіктерін арттыру, импортты алмастыратын өнімдерді шығару, қазіргі заманғы өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жасау, басқару мен шаруашыық жүргізудің заманауи тәсілдерін енгізу, әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешу жатты. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 5).         

Олай болса, АЭА территориясында тіркелген шаруашылық жүргізетін субъектілерге салық салудың жеңілдетілген түрі қолданыла бастады. Мәселен, заңды тұлғалардан 20%-дық табыс салығы алынды. Сонымен қатар өндірістік қызметпен байланысты әкелінетін шикізат пен құрал-жабдықтарды бажсыз әкелу қарастырылды. Инвесторлар үшін мемлекеттік заттай гранттар, табыс салығының ставкасын төмендету, шарт жасасқан күннен бастап 5 жылға дейінгі мерзімге табыс, жер және мүлік салықтарының ставкасын негізгі мөлшерлеменің 100%-ына дейін төмендету, жабдықтарды, шикі заттар және материалдарды әкелу кезінде кедендік баж салығынан толық және ішінара босату көзделді. Сол сияқты инвестициялар тарту мақсатында Қызылорда қаласы бойынша инвестициялық жобалардың тізбесі бекітіліп, ол бойынша аймақтың экономикалық өсуіне айтарлықтай ықпал ететін 65 бизнес-жоба жасақталды. 1997 жылы ҚАЭА-ның дамуына 35,5 млн АҚШ долларын құрайтын шет елдік инвестиция тартылып, игерілді (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 32). Осы жылы облыста 8 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеді. Олардың ішінде 4-і мұнай және газ орындарын игеру - «Қазгермұнай» БК, «Қуатамонмұнай» БК, «Құмкөл-ЛУКойл» АҚ және «Харикейн Құмкөл Мұнай» АК. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 32). Яғни, Қызылорда қаласының экономикалық әлеуетін көпсалалы өндірістік-шаруашылық құрылымына кіретін мұнай мен газ өндіру, машинақұрылысы, құрылыс кешені, орман және ағаш, ағаш және целлюлоза-қағаз, тағам, ұн және жарма, құрама жем өнеркәсіптері құрады. Мысалы, «Құмкөл-ЛУКойл» бюджетке 1491992 мың теңге бөліп, косымша 35 жұмыс орнын ашты, ал «Харикейн Құмкөл Мұнай» - тиісінше 3215933 және 89. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 20-21). 

Сондықтан ҚАЭА-ның әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіптік-экономикалық жағдайы өнеркәсіптің дамуы, негізгі капиталға инвестиция тарту, сыртқы экономикалық қатынастардың деңгейі, тұрғын үй-коммуналдық кешенді қайта құру, қаланың қаржылық, тұтынушылық нарық пен жекешелендірудің қарқыны, кәсіпкерлік пен шағын бизнесті ілгерілетумен айқындалды. 1997 жылы машина жасау және метал өңдеу кәсіпорындарының өнімінің көлемі 26,5%, мұнай өндіру 3%, жеңіл және тағам өнеркәсіптерінде - тиісінше 3,4 рет және 29,1%-ға артты. Экономиканың мемлекеттік емес секторындағы өндірілген өнімнің үлес салмағы 93,7% жетті. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 7). 

Күрделі салымның жалпы көлемінің 84,8%-ы кәсіпорындар мен ұйымдардың қорына келді, соның ішінде 45,4%-ы шет елдік инвестиция есебінен (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 8). ТМД елдеріне экспорттың жалпы көлемінің 86,7% және импорттың 32,3% келсе, ал алыс шет елдерге, тиісінше 13,3% және 67,7%  келді. Егер шет елдерге негізінен күріш (50,2%), негізгі металдар мен олардан жасалған бұйымдар (27,4%), қағаз  (4,8%), тері шикізаты мен тері (3.1%) және т.б. жіберілсе, шет мемлекеттерден машиналар, жабдықтар мен механизмдер (30,8%), химия өнеркәсібінің өнімдері (8,3%) әкелінді. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 9). 1996-1997 жылдары 12 кәсіпорын акционерлендірілді. Ал 1997 жылы жекешелендірудің 115 шағын объектілері мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттік пакеттері 75,2 млн теңгеге сатылды. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 10). 1998 жылдың 1 қаңтарындағы  мәліметтерге сәйкес Қызылорда қаласында шағын бизнестің 2376 жеке меншік кәсіпкерлік құрылымдары және 100-ден астам шағын кәсіпорындар тіркелген. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 11). 1997 жылы ҚАЭА-на кіретін өнеркәсіптің кәсіпорындары 13,65 млрд теңгеге өнім шығарды. 1996 жылға қарағанда орташа жалақы 5,6%-ға өсіп, 11919 теңгені құрады (облыс бойынша бұл көрсеткіш – 8926 теңге). Қаланың зейнеткерлері мен бюджеттік ұйымдарының алдында қарыз болмады. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 12). 1997 жылы 12666 адам жұмыссыз деп танылды, экономикалық белсенді тұрғындардың арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 6,68% жетті. Тіркелген жұмыссыздардың арасынан оқуға 195 адам, 497 адам қоғамдық жұмыстарға жіберіліп, 10698 адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алды. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 13). Қала бюджетінің кіріс жағын құруда салықтың жаңа түрлерін енгізудің рөлі зор болды.  ҚАЭА-ның құрылуымен оның бюджетіне қаладағы бюджеттік мекемелерді қаржыландыру мәселесі берілді, яғни арнайы экономикалық аймақтың 1997 жылғы бюджетінің шығынының 73,8%-ы жіберілді. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 30). 

Сонымен, Қызылорда арнайы экономикалық аймағының жұмысын сараптау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда құрылған арнайы аймақтардың алдында көптеген әкімшілік және заңнамалық кедергілердің аз болмағандығын көрсетеді. Әсіресе, тиісті заңдардың дер кезінде қабылданбай, қолданыстағыларының жетілмегендігінен жер тілімдерін алуда әуре-сарсаңға салушылық жиі орын алды. Қаржылық, салық және ұйымдық тетіктерінің жетілдірілмеуі, күнделікті туындап отырған көптеген мәселелерді шешуге қажетті деңгейдегі дербестіктің болмауы олардың қолын қысқартып, өз міндеттерін толыққанды орындауға жол бермеді. Бұған қоса Қызылорда АЭА-ның қалыптасуында облыстың экономикалық мүмкіндіктерінің қаншалықты ескерілгендігі мәселесі де сұрақ тудырары анық. Оның үстіне экспорттық-өндірістік тұрпатта құрылған ҚАЭА-на басынан бастап тек аймақтық мәселе ретінде қалыптасқан көзқарас ақыр соңында оның Қазақстан экономикасын дамытудағы рөлін жете бағаламауға әкеліп соқты. Ендеше аталмыш аймақтың экнономикалық әлеуеті баяу дамып, ол бәсекеге қабілетті тауарлар шығарып,  тиісті  қызметтер көрсетіп, экспортты өсіруге қауқарсыз болып шықты. Сондықтан болар, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылдың 31 наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтардың кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес Қызылорда арнайы экономикалық аймағы мерзімінен бұрын таратылды. (Қызылорда облысының мемлекеттік архиві: 12).

 

Қуанышев Ж.І. Мемлекет тарихы институты

 

Пайдаланылған дереккөздер:

1. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 7, П. 5-6.

2.  Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 41

3. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 7, П. 4 

4. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 24 

5. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 12

6. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 7, П. 5 

7. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 32 

8. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 32

9. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 20-21

10. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 7

11. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 8

12. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 9 

13. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 10 

14. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 11 

15. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 12 

16. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 13 

17. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 30 

18. Қызылорда облысының мемлекеттік архтві. Қ. 871, Тіз. 1, Іс. 9, П. 12

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды