Таласбек һәм Жалғыздық феномені
19.09.2022 2839

            Неше түрлі кітап бар, неше түрлі автор бар. Бірақ сол автор мен оның кітабы арасында шынайылығы сақталған жазушылар сирек...


 

Әлқисса

«Қазақ халқы ежелден сөзге берік, сол сөз арқылы сертке де берік болған» деседі көшпелі жұрттың танымынан хабардар қауым. Себебі сол кезеңдер мен дәуірлерде сөз қуаты, сөз энергиясы адамның физикалық күшінен әлдеқайда жоғары тұрғанын ірілі-ұсақты соғыстарды бір ауыз сөзбен шешкен қазақ фольклорындағы түрлі мысалдан-ақ көруге болады. Байырғы баба түсінікте құлаққа әбден сіңісті болып қалған, заман құбылып, уақыт алмасса да, өз мәнін, құндылығын жоймаған тәмсілдер жетерлік. Соның бірі – не дін арқылы, не сол кездегі салт-сана арқылы келгені белгісіз «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дейтін аталы сөз. Осы бір қарапайым ғана жалғыз ауыз сөзде нендей астар, нендей мағына жатқанын бірде ұқсам, бірде ұға да бермейтін едім. Енді міне, бүгін сол сөздің астарына шынайы үңіліп, «жалғыздық» жайлы жазуға бекініп отырмын...

Қош, сонымен әңгіменің әлқиссасын «жалғыздық» ұғымынан бастадық қой. Ендеше оған әдеби не философиялық түсініктерді жапсырмалаудан бұрын ғылыми анықтама беруді жөн санап отырмыз. Әрине, «жалғыздық» мәселесін зертеумен көбіне социология, философия, психология секілді әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар айналысып келеді. Ғылыми танымда жалғыздыққа берілетін анықтама да әр түрлі. Бірақ соның ішінде ең көп тарағаны – жалғыздықты әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде қарастыру. Өйткені бұған әсер ететін фактор психо-эмоционалдық көңіл-күй екені – бесенеден белгілі жайт. Адамның әлеуметтік оқшаулануға ұшырауы, өзі өмір сүретін қоғамнан ажырап қалуы, жақындарымен байланысын үзе бастауы – бәрі де аталмыш құбылыстың негізгі белгілері саналады. Оның позитив те, негатив те мәні бар бола тұра, ғылыми таным мұны ауқымды «мәселе» ретінде қарастырып, жағымсыз коннотацияда қолданады.

Ал жалғыздық феноменінің тарихына үңілер болсақ, «жалғыздық» жайлы жазылған антикалық дәуір әдебиетіндегі мысалдардан бір-ақ шыға келеміз. Белгілі психоаналитик, З. Фрейдтің ізін жалғаушы Карл Густав Юнгтың зерттеулерінде де жалғыздық мәселесі Прометей мен жалғыздық арасындағы тәпсірмен басталса, экзистенциал жазушы Альбер Камюдің Сизиф туралы аңызындағы мифологиялық кейіпкер де жалғыздықтың ассоциациясы ретінде көрініс табады. Бұлардан бөлек жалғыздық туралы ой-толғамдар Аристотельден бастап, Жан-Поль Сартр мен Эрих Фроммның еңбектерінде бүге-шігесіне дейін жіктеліп, көлемді шығармаларға айналып үлгерген. Әйтсе де жоғарыда «жалғыздық» мәселесінің негатив те, позитив те мағынада болуы мүмкін екенін айтқан едік. Сол себепті данышпандар арасында да бұл туралы пікір алуандығы бар екені рас. Мәселен, Аристотель «Саясат» деп аталатын трактатында адам мен мемлекет, қоғам ажырамайтын егіз ұғым екенін қорытындылай келе, адамның жалғыздығы немесе оқшаулануы мемлекет пен қоғамға төнген үлкен қауіп екенін жазады. Ал Сартр болса, жалғыздық пен еркіндік бір-бірімен тығыз байланысты ұғым екенін айтып, жалғыздықты адамның рухани жетілуіне сеп болатын маңызды ресурс ретінде қарастырады. Иә, аталған екі пікір де қай қырынан қарастырсақ та, сөзсіз орынды-ақ. Себебі жалғыздықты позитив я негатив мағынада қабылдау – әр адамның жеке шаруасы. 

 

«Талтүстегі» жалғыздық

Әр дәуірде, әр қоғамда айнымас дертке айналған бұл тақырыптың қазақ руханиятында, соның ішінде қазақ әдебиетінде сөз болмауы мүмкін емес.  Жалпы қазақ әдебиетінде жалғыздық тақырыбын қаузаған авторлар біраз болғанымен, тап жалғыздық туралы жазған жазушылар санаулы-ақ. Солардың бірі Тәкен Әлімқұлов («Көкейкесті») болса, бірі Таласбек Әсемқұлов («Талтүс») дер едік. Тәкен Әлімқұловтың аталмыш шығармасы жайлы Есенғали Раушанов өзі жазған бір мақаласында «Тәкенде жалғыздық жайлы ой басым» деуі – осы сөзіміздің айғағы. Ал Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» неге жалғыздық жайлы десеңіз, себебін тарқатып беруге тырысып көрейік...

Жалпы «Талтүс» туралы жазылған әдеби пікірлер мен мақалаларды оқи отырып, мына бір дүниеге көзім жетті. Көбінің шығарма туралы негізгі байламында «романда ұлт образын жасауға деген, дәстүр мен сабақтастықты жалғауға деген талпыныс бары анық сезіледі» деген ой тұр. Тіпті романның негізгі идеясы – сол біз жиі айтатын «дәстүр», «сабақтастық» ұғымдары болуы да мүмкін. Оған еш таласымыз да жоқ. Алайда біздіңше, романның негізгі мотиві дәстүр мен ұлт образынан бұрын жеке адамның жалғыздығы (немесе бақытсыздығы) секілді көрінеді де тұрады. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Біріншіден, басқасы басқа, Т. Әсемқұловтың мәселен, жалғыздық тақырыбындағы «Абайдың ұлы жұмбағы» деген мақаласын оқысаңыз да, дәл сол тақырыпты қалай жан-тәнімен түйсініп, асқан тереңдікпен жазатынына куә боласыз. «Талтүсте» де сол сарын қатты байқалады. Екіншіден, романда сөз болатын Әжігерей мен Гүлшат арасындағы сезімде де басты кейіпкердің «түсініксіз бір жалғыздықтан шошып оянуы», таң атқанда жападан-жалғыз қалуы – автордың шынымен, өз басынан өткерген махаббат машақатына ұқсайды. Үшіншіден, алдыңғы сөзімізде біз жалғыздық туралы жазған жазушылар деп, Тәкен Әлімқұлов пен Таласбек Әсемқұловты бірге қарастырғанбыз. Қарап тұрсаңыз, қос жазушының да жазғаны – негізінен «күй» тақырыбы. Ал күйдің табиғатында жалғыздық барын күйді бір кісідей түсінетін қазақ оқырманы білмейді емес, өте жақсы біледі. Төртіншіден, «Талтүстегі» біз көп байқай бермеген элемент, «жалғыз» деген сөздің 53 рет кездесуінің өзі – кездейсоқ дүние емес. Әрине, мұны формалды түрде айта салған аргумент деуіңіз мүмкін, бірақ зер салып, ден қойып қарасаңыз, осы жерде мәселенің екінші ұшы қылаң береді. Ол – Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсіндегі» осы бір «жалғыздық оған қалай келді?» деген заңды сауал. 

 

Фрида Фромм-Райхманн немесе «шизофреник ана» эффектісі

«Талтүс» туралы бейресми әңгімелердің көбінде романдағы Әжігерей бейнесі Таласбек Әсемқұловтың өзі екені және шығармадағы оқиғаның бәрі өмірдегі шын оқиға екені жиі айтылады. Ал бұған сенсек, автордың романды жазудағы мақсаты – түптеп келгенде, өзінің шығармасы арқылы белгілі бір «ұлттық ойды қалыптастыру» емес, бала кездегі санасында қалған «жарақаттарынан» арылуға, айығуға деген ұмтылыс іспетті. Мысалы, романдағы басты кейіпкердің бірі Күлбағиланың Әжігерейге еш жақындығы болмай шығатыны, шын анасы Қалима екені және одан ерте алыстап кеткені автордың жүрегін ауыртқан өткір мәселе екені ап-анық байқалады. Өгей шешесі Күлбағиладан көрген қорлығы һәм сол «қорлықтың» астарындағы Күлбағиланы да іштей түсінгісі келетін сезім – бұл автордың шығарманы жазудағы ең өзекті тұсы.  

Енді бір сәт атасы Сабыттың мына бір  сөзіне зер салыңызшы... «Міне, сені анаңнан тартқандай қылып алып кеткенде, асылық айтты деме, мені Құдайдың өзі жетелеген сияқты. Білем, өміріңді өксіттім. Кеш мені, қарағым. Мен енді саған ештеңе де айтпаймын. Өзің білесің. Қайтадан анаңмен табысасың ба, әлде… мына адаммен қаласың ба, менің шаңырағымды ұстайсың ба — өз еркің. Орнымды басып қал деп қолқаласам, менің кім болғаным. Бірақ қайда жүрсең де өнерімнің қара шаңырағы сенде. Есіңде болсын, құлыным, сен менің қанатымсың» делінеді романда.Естияр оқырман, мәтінге жөндеп қараңызшы, осы сөйлемдерден-ақ Әжігерейдің (дәлірек айтсақ, Таласбек Әсемқұловтың) өнерге қандай «құрбандық» арқылы келгені, қасірет пен қайғының өрті бойын ерте шарпығаны көрінбей ме?..

Иә, көрінеді. Бірақ «қайғымен» келген, «қасіретпен» келген өнер тұлғаның ішіне шер болып қана тұнған жоқ, жазуы болып сиясына жұқты, күмбірі болып домбырасында сөйледі, білімі болып санасында дабыл қақты. 

 

Енді осы жерден сәл аялдап, «жалғыздық оған қалай келді?» дейтін негізгі сұраққа жауап беріп көрейік... Біз сөз етіп отырған жалғыздық тақырыбын айтушылар көп болғанымен, оны практикалық өмірде шынайы сезінген, «жалғыздықпен» ауырған пациенттерді емдеуге бар күш-жігерін салған 20 ғасырдың орта шенінде тарихта айтулы бір адам болды, ол –  Фрида Фромм-Райхманн дейтін неміс әм американдық психоаналитик-дәрігер. Әйгілі «Бостандықтан қашу» романының авторы Эрих Фроммның әйелі әрі дәрігері болған оның психоаналитика саласында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жалғыздықтың азабын шеккен шизофреник адамдардың спецификасын терең зерттеген маманның айтуынша, «жалғыздық» феноменінің пайда болуына, яғни адамның өзін үнемі жалғыз сезінуіне оның сәби күнінде анасынан ерте ажырап қалуы немесе ананың баласымен «дұрыс емес» эмоционалды қарым-қатынаста болуы ең негізгі себеп екен. Былайша айтқанда, анасының мейіріміне, махаббатына қанбаған балада әрдайым жалғыздық синдромы болады екен. Сондықтан ғылымда бұл құбылыс «шизофреник ана» эффектісі деп аталады. Егер осы аталған болжамның рас екеніне сенсек, романдағы Әжігерейдің(шын өмірдегі Таласбек Әсемқұловтың) Күлбағиладан көрген қорлығы, анасынан ерте ажырауы – оның тек шығармашылығындағы ғана емес, кәдімгі өмірдегі де қамырықты трагедиясына айналған сияқты. Сол себепті Ф. Фромм-Райхманның өмірдегі Үлкен талант иелеріне қатысты «құрбан»(«жертва») терминін қолдануы да – осы сөзіміздің дәлелі.

 

Таласбек танымындағы «өлім»

Жалғыздық тақырыбын қаузасақ, енді Таласбек Әсемқұлов шығармашылығында жалғыздық феноменімен үндес тағы бір тақырып бар екенін айтқымыз келеді, ол – өлім мәселесі. «Өлім» мен «жалғыз» сөзінің шығармаға дендеп еніп кеткені соншалық, романда «өлім» сөзі де бірнеше рет, дәлірек айтсақ, 55 рет кездеседі. Романда өлім туралы: «Өлім — адам өзгерте алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бәрін өз ақылына бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс, пәк күйінде қалыпты. Пенденің арманы таусылған ба. Қолынан келсе өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім адам ешқашан аттай алмайтын шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған ешқашан жетпейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына ешқашан қана алмайды. Сондықтан өлім дүниедегі жалғыз ғана шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақиқат. Өлім бұрыннан белгілі, қалыпты дүниеңнің босағасын бұзып кіргенде өмір өзінің барлық мәнінен айырылады екен» деп жазылады. Жалпы әлем әдебиетінде «жалғыздық», «өлім» тақырыптарын жиі жазған әйгілі бір жазушы болды, ол – Ф. М. Достоевский еді. Сол кездегі орыс халқының атақты сыншысы В. Г. Белинский де жазушының осы бір жазу мәнеріне көңілі толмай, «өнерде ештеңе қүңгірт және түсініксіз болмауы керек» деп сынап та алған. Бірақ мұнымен Ф. М. Достоевскийдің жазушылық қабілеті де, әдебиет әлеміндегі дәрежесі де еш кеміген жоқ. Қайта әлем таныған, дүниенің әдебиетсүйер қауымы бас иген шын мәніндегі Үлкен жазушыға айналды ғой... 

Романда автор (Т. Әсемқұлов): «Біреулер ойлайды, жоқшылықта өткен адам басқаның бақытын кызғанып қорланады, сол қорланғаннан, өзіне бұйырмаған бақтан барып өлімге жүгінеді деп. Бұдан өткен қате болмас. Адам пенде қырық құлаш зынданның түбінде жатса да өмірден үмітін үзбейді. Ал өлім деген басқа, ерекше бақ. Әрбір адамға кесімді күні келетін тәни өлім емес. Пақырлықтан кемелденген, бес жасар баланы пайғамбар дәрежесіне көтеретін ерекше түйсік ретіндегі өлім» дейді. Яғни бұл таныммен қарасақ, өлім де – біздің ішкі мәдениетіміз бен сана деңгейіміздің көрсеткіші. Себебі Құдай алдында қаламына адал болған жазушыға, қоғам алдында өз арына адал болған адамға ешқашан өлім жоқ. Бұл туралы Ф. М. Достоевский де «өміршеңдік идеясы – нағыз өмірдің өзі, түпкілікті формуласы және адамзаттық шындық пен сау сананың негізгі мәні» дейді. Сонда тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін мойындап, одан қор болған өлім бір басқа да, «кемелденген» өлім бір басқа...

Ақын Еділбек Дүйсеннің бір өлеңінде «мен де есейдім, өлімім де есейді» деп жазылған жолдар бар. Т. Әсемқұлов жазатын «өлім» де сол – есейген, кемеліне жеткен тұлғаның рухани өлімі. Әйтпесе жазушы «туа сала есейген, пайғамбар тағдырлы адам, қысқа ғұмырында Құдайменен дау үстінде өткен адам өлім алдында кішіреймесе керек» деп бекер жазбаса керек.

 

Сөз соңы

Таласбек Әсемқұловтың рухани әлемі жайлы сөз болғанда ең әуелі ойға оралатын бір қасиет бар, бұл – оның сыншылығы. Жазушы, күйші, мәдениеттанушы, өнертанушы деген күллі атаудан бөлек біз үшін Т. Әсемқұловтың сыншылығы алыстан мұнартып, мен-мұндалап тұратыны жасырын емес. «Абайдың ұлы жұмбағы», «Аюп һәм Абай», «Василий Шукшиннің қырқыншы синонимі», «Талғам – эстетикалық ар-ұят», «Сұлулықта ояну», «Интертекст» сынды мақалалары естияр оқырман үшін биік талғам мен тағылымның символы іспеттес. 

Ол – өзі мысал қылып келтірген «Набоковтың поэтикалық теологиясы бойынша жаман жазу – Тәңірінің алдында кешірілмес күнә» дейтін қағидадан ауытқымаған, «құдайға ғана жарасқан жалғыздығымен» мына дүниенің есінде қалған жазушы.

Романда Сабыт шал Әжігерейге: «- Бір ғана тілек, бір ғана өсиет, құлыным. Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бірақ өнермен саудаласпа. Өнермен саудалассаң, өнердің кәріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі.» дейді ғой. Иә, Әжігерейдің (Т. Әсемқұловтың) сол сөзді бала күнінен жадына сақтап, жүрегіне жасырғаны әрі ғұмыры ата аманатына қиянат жасамаумен өткені сөзсіз...