Алаш идеясы Шығыс Түркістанда қалай қанат жайды?
06.04.2022 2186

1918 жыл. Алаш жұрты үшін үмітті, бірақ сындарлы кезең. 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда ұран шақырылып, Алаш автономиясы құрылған. Елді билеуге Алашорда үкіметі сайланған. Семей Алаш қаласы деп аталған.  


Күні кеше бодан болып, езгі мен қорлық қамытында қамалған жұрт теңдік күніміз туды деп шын қуанған. Алайда әскери тірегі әлсіз, ұлт қазынасы тапшы қазақ мемлекетінің үміті қандай зор болса, қаупі де соншалық қалың еді. Ресейдің болашақ беталысын анықтайтын Құрылтай жиналысынан (Учредительное собрание) үміттенген.  Барлық үкімет-билік атаулы бас қосқан осы жиын арқылы дербес автономиямызды заңды жолмен бекітіп аламыз деп сенген. Мұндай үміт сол тұста қазақтан басқа башқұрт, татарларда да зор еді. Ал қаупі бір үкімет енді бір үкіметті мойындамай, әркім өзін билеуші жариялап, әскери күштер өзара шарпысқан, отты қарулар қақтығысқан аласапыран шақ туған. Осындай дүбір мен дігір тұтас Ресейді дүрбелеңге түсірген мезетте Алаштың көш бастаған көсемдеріне қолында көк темірдің сынығы жоқ бейқам қазақты қалай аман сақтап қаламыз, қайтсек елді талауға түсірмейміз деген сауал көлденең қойылды. Жүрген жерін тонап, зәбір көрсетіп жатқан орыс, казак әскерлерінен елді талан-тараж бен бүліншілікке ұшыратпау Алаш милициясын құруға әкеліп еді. Алаш әскерін жасақтау мен Құрылтай жиналысына тығыз дайындық, оған қоса облыс, уезд орталықтарында қазақ комитеттерін құру – бәрі қысқа уақытта қатар атқарылған қауырт жұмыстар болатын.

Саяси оқиғалар қым-қуыт қайшалысып, жағдай сәт сайын құбылған дәл осындай шақта Ахаңдар Шәуешекке аттанды. Бұл сапарда Ахаң мен Жақаңнан басқа, заңгер, алаш әскерін жасақтауда көрнекті үлес қосқан қайраткер Райымжан Мәрсекұлы мен Алашорда мүшесі, Жетісудағы ұлттық қозғалыстың жетекшісі Садық Аманжолов та бар еді. Осылайша, төрт қайраткер қазақ жерінің қиырына жол тартты.

***

1918 жылдың 24 сәуірі. Ахаң, Жақаңдар келіпті деген хабар шағын Шәуешекке тұтас тараған. «Маса» мен «Оян қазақтан» атағын ертеден жақсы білетін жұрт өз жақсыларын көрмекке ынтызар еді. «Рамазан Чаныш байдың үйіне түсіпті. Бүгін қала іргесіндегі бақта ел-жұртпен кездесу өткізіп, қошемет көрсетіледі екен» деген хабар қаладан бөлек, жақын ауылдарға да тарап үлгерген. Әліпби түзіп, жазу жайын жөнге келтірген Ахаң мен «Бақытсыз Жамалдай» жүрекке жылы шығарма жазған Міржақыптың дидарын көрмекке қазақпен бірге татар оқығандары да ықыласты еді. «Қазақ» газетін оқып, басқа да кітаптарымен таныс татар зиялылар «Андый кеше йөз елда бер тапкыр туа» десіп Ахаңдарға ынтасы ауған.

Шәуешек шағын болғанымен, бұл шақта жаңа көзқарастағы алғабасар оқығандар топтала бастаған еді. Уфа, Қазаннан саудамен келген естек, ноғай-татарлар да тұрақтап қалып жатқан. Семеймен ежелден барыс-келісі қою Шәуешекте мәдени-рухани өсудің нышаны ретінде жәдиттік үлгідегі «Ғұмария», «Намуна», «Гүландам» қатарлы медреселер шәкірттер ұстаханасына айналған. Міне, осындай себептерге байланысты Ахаңдардың бұл сапары Шәуешектің қалыпқа түскен тыныс тіршілігіне мәні зор оқиға ретінде әсер етті.

Ахаңдардың бұл сапарының мақсаты қат-қабат-тын. Шәуешектегі орыс консулдығын 1916 жылы патша жазалауынан босып кеткен халықтың жағдайымен танысу, оларды елге қайтуға үгіттеу, қолдан келгенінше Қытай ұлығын босқындарға оң жағдай жасауға көндіру деп сендірген. Алайда алаш көсемдерінің мұнан басқа да көңілге түйген өз жоспарлары бар болатын. Ол осынау елден қиыр, саясаттан қалыс жатқан жұртты ұлттық қозғалыстың мән-жайынан хабардар етіп, құрылып жатқан мемлекеттің іргетасын бекітуге атсалысуға шақыру, бұл топыраққа да алаштың азаттық рухының дәнін себу еді. Бұған қоса Шығыс Түркістанды билеп тұрған Үрімжідегі Яң Зышынмен жолығып, әскери қару-жарақ және саяси келісімдер жасау да көзделген.

Қытаймен келіссөз кездейсоқ туындаған жолүсті мақсат емес-тін. Алаш автономия алып, жеке отау болуға ұмтылғанда Жапон, Осман патшалықтарымен байланыс орнатып, халықаралық аренада ықпалын арттыруды көздеген. Тығырықтан шығар әр алуан жол іздеген. Шәймерден Қосшығұлов сияқты өкілін сол миссия үшін Османлыға арнайы аттандырған. Шығыс Түркістандағы Қытай ұлығымен жүздесу де осындай мүддеден туған болатын. Алайда сапардың түп астарын түсінген Шәуешектегі орыс консулдығы Ахаңдардың қыр соңынан қалмай, тезден шекарадан өткізіп жіберуге асықты. Қолдағы кейбір деректерге қарағанда Ахаңдар Шәуешектен кейін Үрімжіге барып, Яң Зышынмен кездескен деседі. Бұл кездесуге атақты Құсайын бай ықпал етсе керек. Алайда Өлке басшысымен болған кездесу сәтті болмағанға ұқсайды. Әйткенмен бір анық жайт – Ахаңдардың Шәуешекте кіші құрылтай өткізгені. Бұл басқосуға Тарбағатай аймағындағы төрт үкірдайдың игі жақсылары түгел қатысқан. Солардың арасында Бақтыдан Қанағат болыс келген. Сүлейменұлы бастаған бұл 7-8 адамдық топтың ортасында әйгілі ақын Әсет Найманбайұлы да бар еді. Кездесуде талай елдік мәселелер айтылып, жоба-жоспар ортаға салынғаны, болашақ беталыс талқыланғаны сөзсіз. Ахаңдар осы Шәуешек сапарында Таңғыт үкірдай ауылы, Бәйжігіт көтерілісінің ту ұстаушысы Қоңыз батыр атанған Құрманқажы ауылы, Мәмбет руының үкірдайы Шайдың ауылы, Керей үкірдайы Қызыр мен Шағантоғай зәңгісі Сейілханның ауылына тоқтаған деседі. Осы қысқа  сапарында Қытай қазағына Алаш идеясынан тамызық тастап, елдік таным, ұлтшылдық ұранын сіңіргені талассыз. Оның бір нышаны – Таңғыт үкірдайдың Алаш полкіне арнап 500 ат беруге уағда беруі. Сондықтан Ахаңдардың бұл сапары үкіметаралық келіссөз жөнінен сәтсіз болса да, тұтастай нәтижесіз деуге келмейді. Бұйығы жатқан жұрттың көкейіне тәуелсіз ел, дербес мемлекет болудың қолдан келер қайран екенін әйгілеп, сана саңлауына сәуле түсіріп кетті. Осы елшілдік мұрат ұшқынынан болашақ Шығыс Түркістан республикасы саяси қозғалысының тұтанғанын тарих көрсетті де.

Осы ретте алаштың атымтай жомарты Таңғыт үкірдай туралы бір ауыз сөз айта кету жөн деп санаймыз. Бұл бір жағы әруақ алдындағы парыз, енді бір жөннен ұлт тарихындағы тұлға рөліне оң көзқарас болар еді.


Таңғыт Еңсеұлы – шекара іргесіндегі Дөрбілжін топырағында 40 жылға жуық ел билеп, болыс болған тұлға. Әкесі Еңсе Күшікбайұлы да жұмық елінің тізгін-шылбырын қолына ұстаған дегдар жан болған. Атадан қалған бақ-дәулетті төгіп-шашпай игерген Таңғытқа он мың қой, екі мың жылқы бітіпті. Ал осы дәулеттен Таңғыт бай Алаш әскеріне 500 ат көмекке атаған екен (бұл көмектің Алашордаға жетіп-жетпегені жайында мағлұмат таба алмадық). Бірақ Ахаңдарға берілген бұл уағданың жел сөз емес екендігін біз Таңғыт үкірдайдың кейінгі Шығыс Түркістан ұлт республикасына көрсеткен қолдауымен мақұлдай аламыз. Ел ісіне сергек, ұлт болашағына бейжай қарамайтын Еңсеұлы Шығыс Түркістан үкіметіне де дәулетімен таяныш бола білді. Сол үшін 1946 жылы Шығыс Түркістан үкіметінің орденімен марапатталған. Таңғыт үкірдайдың 1933 жылдары да Қытай үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырғанын ескерсек, кейін Қытай қызыл үкіметі тарапынан «Алашордаға жақтас болу» айыбының тектен текке таңылмағанын ұққандаймыз.     

Ахаңдардың Шәуешекке жолы түскен бұл тарихи сапарының өшкіндемей, ұрпақ жадында сақталуының, анығырағы деректік сипатын жоғалтпауының бір негізгі себебі оның фотографияда таспалануында. Оны сол тұста Шәуешектегі жалғыз әуесқой фотограф Мұқаметжан Әбдікерімұлы Юсупов түсірген еді. Кейіннен фото суретшінің қызы Никар Бафина арқылы Бауыржан Момышұлы мен Гүлнәр Міржақыпқызының қолына жетіп, 90 жылдардың басында баспасөз арқылы көпке таныс болды.