Амал деген айыңыз...
19.03.2022 2189

«Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл,

Жаңбырлы ай бұл – жылаулы тағдырдай бір.

Мен риза жылаулы тағдырыма,

Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір...»

Ақын Есенғали Раушановтың осы бір жырында кездесетін Амал айы Қазақстанның батыс өңірінде кеңінен танымал. Өйткені қалың жұртшылық Наурызды тойлауды 21-інен бастаса, бұл жақта 14-інен басталып кетеді. Әрі тарихи тұрғыдан «Көрісу күні» деген атау берудің өзі – елді бірлікке, ынтымаққа шақырудың нышаны. Амал мерекесі жайлы көптің құлағы естігенімен, ол туралы толық біле бермейді. Біз сол үшін Маңғыстау өлкесіндегі музей ісінің ардагері Тамара Жұмалиевамен сөйлесіп, Амал мерекесіне қатысты бірқатар сауал жолдап, сұхбаттасқан едік. Ендеше сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз!


- 14 наурызды тегістей батыс жұртшылығы тойлайтынын бәрі біледі. Бірақ Маңғыстау халқы атап өтетін «Амал күні» немесе «Көрісу күнінің» өзге батыс өңірінен айырмашылығы бар секілді?

- Маңғыстау өңірінде біз бала күнімізден ес біліп, етек жинағалы тойланып келе жатқан Амал мерекесі қазақ халқына ғасырлар қойнауынан жеткен. Сауалыңызға байланысты «неге олай?» деген сұрақ туындайтын болса, мен айтар едім: Маңғыстау өңірі – өте бөлек оқшауланған, ассимиляцияға ұшырамаған өңір. Бұл өлкеге «бұратана халық» деп, біздің жерімізді «Барсакелмес» көріп, тіпті Тарас Шевченконың өзін де айдауға жіберген. Бірақ ештеңеге қарамастан, киелі өлкенің қаймағы бұзылмай келеді. Олай болса Маңғыстау өңірі сол өзінің ғасырлар қойнауынан келе жатқан ұлттық дәстүрін адалдықпен сақтаған өңір екенін зор сеніммен айта аламын. Біздің Маңғыстауда өтетін Амал мерекесінің ерекшелігі – меніңше, дәстүр мен салтқа адалдығында.

- Кейбір белгілі этнографтар, тарихшылар қазақ тарихында мұндай күннің жоқ екенін алға тартады. Бұл қаншалықты рас?

- Бұл – өте қате тұжырым. Амал мерекесінің қазақ тарихындағы өзіндік орны бар мереке екеніне ешкімнің күмәні болмауы керек. Білуімше, біздің Иранға көшіп кеткен қандастарымыздың өзі сол жақта 14 наурыз күні көріседі екен. Қарап тұрсаңыз, осыдан 100 жыл бұрынғы нәрселер ғой. Оны жоққа шығаруға уақыт шығындағанша, азаматтардың Амалда игі істермен айналысқаны жөн болар еді.


- Амалға дайындық қалай басталады, қалай атап өтеді?

- Амал келген уақытта негеізінен үйдің айналасын тазалап, әктеп, ерекше құлшыныспен дайындалады. Қыста соғым сойғанда «наурыздыққа» деп, арнайылап ет сақтайды. Қазы-қарта, шұжық, үлпершек секілді нәрлі де дәмді тағамдарды сол кезде дастарқаннан көруге болады. Жалпы көк жібіп, күн жылынар шаққа халқымыз қыс мезгілінен бастап дайындалған. Семіз қойдың қарынын тазалап, кептіріп, соған кесіп ет салады. Амал жақындаған кезде «наурыздық» деген ет асады. Маңғыстау малды өңір, бірақ бізде «көже» деген сөз болған жоқ. Көшпелі мал шаруашылығымен ғана айналысқан. Сол үшін де қыста ойдан ойға құлайды, жазда қырға көшеді. Тарихта ағайынды екі жігіт малдың қамымен екі жаққа кеткенде, абысындар жылап қоштасты деген әңгіме бар. Сондықтан мал жайылымы үшін миграциялық процесстер жасап, жоғарыда айтқанымдай қыста ойға құлайды, жазда қырға көшеді. Сөйтіп киіз үйін арқалап, көшіп-қонып жүрген уақытта 14 наурызда мал төлдеп, түйе туып жатады. Енді «жылдың басы 22 наурыз» деген әңгіме – бұл шығыс халықтарына ортақ дүние. Иә, тіпті бүкіл дүние жүзіне белгілі жылдың басы деген әңгіме де бар. Мен біраздан бері ЮНЕСКО-ға материалдық емес, ұлттық комитетінің мүшесімін. Сонда ЮНЕСКО-ға материалдық мұралардан бөлек, материалдық емес мұралар да енгізілді. Материалдық емес мұраның ішінде осы Наурыз мерекесі болды. Наурыз мерекесін Иран мемлекеті бірінші болып ұсынған. Оны қолдаған да шығыс халықтары, әрі Орта Азиядағы мемлекеттердің ішінде Қазақстанның да болғанын айта кеткен жөн. 22 наурыз – күн мен түннің теңесетін уақыты. Сол күн мен түннің теңескен уақытында, белгілі бір минуттарында жүзіп бара жатқан балықтың өзі сауыры жарқ етіп, аунап түседі деген әңгіме бар. Жалпы осы секілді көп естеліктер бар.

- Амал деген атаудың өзі ше? Қайдан пайда болған?

- Амал мерекесі болса, «хамал» деген парсы айының аты. Маңғыстауда «Амалдан амалға жетейік» деп, мерекені тойлап келе жатыр. Оған ешбір нәрсені қоспалаудың немесе сыналап айтудың керегі жоқ. Бұл – біздің дәстүрлі мереке. Халықтың баршасы ұйқысынан ерте оянып, көрші-қолаң өзара көмектесіп, бір-бірімен қаумалап амандасып тұрады. Бәрі бір-бірімен татуласып, достасып, ерекше бір мейірім орнайды. Жалпы қазақта көрісу көп болмайды. Адамдар күн сайын көріспейді. Көрісудің өзінде де гигиена бар. Қазақтар негізінен осы амалда жақсылап тұрып көріседі. Жылына бір келетін мерекеде төс қағыстырып, жүрегіңізбен адалдық танытып, амандасқалы жатқан адамыңызбен бауырыңызға басып тұрып амандасасыз. Тұстас, замандас адамдар кәдімгідей төс қағыстырып, арқа-жарқа болып жатады. Ал келіндер қайынағаларына көріспейді. Жасы кішілер елдің, ағайынның, үйдің үлкендеріне келіп көріседі. Сонымен қоса көріскен адам үлкен абыройға ие болады. «Жылың құтты болсын!», «Жасың құтты болсын!» дейді қазақта. Қандай әдемі сөз бұлар... Осы сөздер – Амалдың үлкен маңызға ие, ең ұлықты сөздері.


- Көрісудің қазақ үшін маңызы қандай?

- Иә, әуелі сөзімді жалғай кетейін... Сосын қазақта «ақ мол болсын» деген уақытта мен өмірімде көже деген сөзді көп айтқан жоқпын. Егемендік алған кезде Өзбекәлі Жәнібеков секілді жалынды адамдардың арқасында наурызды тойлайтын болдық қой. Сол уақыттан бері наурызда «наурыз көже» пісіріп, оған жеті түрлі тағам салынатынын біліп келеміз. Шынын айтуымыз керек, мұндай жеті түрлі дәнді дақыл салатындай Маңғыстау өңірі егістікпен айналысқан жоқ. Олар дәнді дақылдарды саудагерлердің әкелуімен ғана алды. Тағы да айтамын, Маңғыстау – малды өңір. Наурыз айы басталысымен бір апта бұрын тазаланып, жуынып-шайынып, ірімшік, құрт, бал қаймағын дайындайды. Үлкен әке-шешелеріміз таңмен еп-ерте тұрып, «жылың құтты болсын», «жасың құтты болсын» дейді. Қарап тұрсаңыз, адамның көңілін бір марқайту үшін осыдан артық ештеңенің қажеті жоқ! Сосын жасы кішілері үлкендерге барып көріседі. Тіпті өмірден өткен адамның рухын сыйлағандықтан да, үлкеннің қарашаңырағына барып, көрісетіндер бар. Бұл қандай ұлағатты нәрсе?!

- Амалды тойлау Маңғыстауда Отпантаудан бастала ма?

- Жалпы бізде көрісу Амалдан Амалға дейін жалғасады. Иә, дұрыс айтасыз. Отпантау деген жер бар. Ол өте оқашауланып, қиырда орналасқан. 500 метрдей биіктікте. Сонда барып Амал мерекесінде игі жақсылар, халқымыз барып, ұран-от жағады. Бұл – бірлік оты. Сабыр Адай секілді ел азаматтары көшті бастап, Отпантауға халықты ертіп барады. Қызығы мен шыжығы мол мерекелік көңіл-күйде халықтың дұға-тілегі қабыл болады. Жалпы біз соңғы уақытта кие ұғымын ұмыттық... Сол үшін де шығар қазір біз жай ғана тұтынушы болып отырмыз. Мен білетін шетпенің өзінде бүгінгі таңда киіз басатын адам жоқ. Бұл – өте қиын жағдай. Көршілес Қырғызстанда, мысалы, киіз басудан конкурс өтеді. Ал бізде ше? Неге ондай дүниелер дәріптелмейді? Меніңше, біз әлі қазақ бола алмай жүрміз. Қытайдың берген киім-кешегін киіп, түріктің сериалдарын көріп кеттік те, жеңіл өнеркәсіптің быт-шытын шығардық. Кезінде Алматыдағы жеңіл өнеркәсіптің ошағындай болған фабрикалар болды, қазір олар мүлдем жоқ. Тек мұнаймен ешқайда бара қоймасымыз айдан анық. Қарап тұрсаңыз, қазір қойдың жүнін өртеп, ысырап қылып жатыр. Бұл – үлкен регресс. Смартфоннан басқа үңілетін ештеңесі жоқ, жай ғана тауар қабылдаушы болып барамыз... Айтайын дегенім, осындай тарихи дағдыларды ұмытпау елді бірлікке шақырып, «өзіңді жоғалтпауға» жетелейді.


- Амал мерекесін тойлау неліктен дәл 14-і күні басталады? Бұның философиялық не басқа да мәні бар ма?

- Амал мерекесін сақ, сармат кезінен 3-5 ғасырда, сосын ортағасырдағы кезеңдерден бастап білген. Археологтардың тапқан деректеріне сүйеніп, бір кішкентай шунгит тас сияқты қара тастан жаслағна үтік секілді нәрсені көп айтып жүрдік. Соның үстінде 12 айға бөлінген кішкентай сызықшаларымен каленьдар болды. Сонда 14 дейтін сан тұр. Яғни 14 сызықша жасап қойған. Қолданыстағы Григорян каленьдары негізі қолдан жасалған каленьдар ғой. Біздіңше, сол ескі күнтізбелер ерекеше мейрам екенін дәлелдей түседі.

- Иә, уақыт бөліп, сұрағыма жауап бергеніңізге көп рақмет!

- Сізге де!


P.S. Суреттер маңғыстаулық фотограф Талант Құсайындікі